Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шығыс Қазақстандағы  жер мекемелерінің  қалыптасуы мен қызметі

29121
Шығыс Қазақстандағы  жер мекемелерінің  қалыптасуы мен қызметі - e-history.kz

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ жерінде белең алған ұлт-азаттық қозғалыстың басты дәлелдерінің бірін құраған жер қатынастары мәселелері болды. Уақытша үкімет және кеңестік Қазақстан тұсындағы жер қатынастарын реттейтін мекемелердің тарихын зерттеуді жан-жақты, әрі терең ғылыми тұрғыда жалғастыру міндеті тәуелсіз Қазақстан тарихшыларының еншісіне тиіп отыр. Осы аспектіні қамтитын зерттеулер легі де бүгінгі күні біршама қомақты тарихи қорымызды құрауда және бұл бағыттағы ізденістер жалғасуда. Ал, сол тарихи кезеңде Ресейдің қазақ халқын отарлау саясаты кезіндегі жер қатынастарының үдерісі, ұлт-азаттық қозғалыс басшыларының жер мәселесін шешуде ұстанған позициясы мен аталған мәселенің ұлттық мүдде тұрғысынан шешуде атқарған қызметтерін, кеңестік жер мекемелерінің атқарған іс-шаралары мен қызмет аясын анықтау жұмысы әлі де тереңдей зерттеуді қажет етеді. Отан тарихының қай кезеңінде болмасын өзекті болған жер мәселесін, өз дәрежесінде объективті түрде зерттеп, соның негізінде шынайы тарихи құбылыстар барысын тарихи-философиялық санатта халықтың санасына жеткізу бүгінгі қоғамтанушылардың басты міндеттерінің бірі болып табылады. Шығыс Қазақстандағы жер мекемелері қызметінің тарихын және жер мәселелерін шешу жолында қызмет еткен жергілікті органдардың атқарған іс-шараларын ғылыми зерттеулер мен мұрағат құжаттары арқылы саралап баяндауға талпыныс жасау мақаланың өзегі болмақ. Сондықтан Шығыс Қазақстанда жер мәселелерін шешуде қомақты әрекет еткен Жер комитеттерінің, кейіннен Земство құрамындағы Жер бөлімінің  және де кеңестік жер мекемелерінің атқарған іс-шаралары мен қызметі тарихын бүгінгі ұлттық мүдде тұрғысынан тарихи ой елегінен өткізу қажеттілігі бар.

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Ресейдегі қоғамдық-саяси өмірдің тарихы, оның ішінде Қазақстан сияқты ұлттық аймақта жер мәселесінің жалпы барысы және оның әр кезеңде (төңкерістер, Уақытша үкімет, ресейлік азаматтық соғысы, кеңестік Қазақстан тұстары) шешілу жолдарына жер мекемелерінің қызметінің ықпалы негізінде орын алған үдерістер тарихына лайықты бағасын беру – бүгінде өзекті мәселелердің біріне саналады. Сол кезеңдегі Қазақстанда, сонының ішінде Шығыс Қазақстанда орын алған жер қатынастары барысы және Жер мекемелерінің атқарған тарихи қызметінің ғылыми зерттеу объектісіне айналуы заңды құбылыс, әрі тарихи қажеттілік деп санаймыз. Жер мекемелерінің атқарған іс-шараларын ғылыми тұрғыда талдау, жер мәселелерін шешуде өз алдына қойған мақсат-міндеттерін қаншалықты орындай алғанын деректік негізде бағалау, сонымен қатар мекеме құрамына енген қазақ зиялыларының жер мәселесін шешуде ұстанған саяси позицияларын айқындап, олардың өлкеде мәселенің оңынан шешілуіне қосқан үлестерін көрсету және жер мекемелерінің басқа да саяси ұйымдармен біріге отырып атқарған қызметтерінің тарихы тақырыптың өзектілігін тағы да айқындай түсетіні сөзсіз.

ХХ ғасырдың басында ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы, ұлт-азаттық қозғалыстың өрбуі, саяси өмірдің жандануы елде үлкен өзгерістерге алып келді. Осы тұста жоғары билік жүйесіне басшылыққа келген Уақытша үкімет басшылары аймақтық, облыстық жерлерде түрлі деңгейдегі комитеттер мен мекемелер құруға нұсқау, жарлықтар (1917 ж. көктем) беруін, сол жарлықтарға байланысты Уақытша үкіметтің түрлі деңгейде қалыптастыра бастаған мекемелерімен қатар Семей өлкесінде Жер комитетінің (1917 ж. 21 сәуір) құрылуын және кейіннен шығыс өлкеде билік басына келген Уақытша Сібір үкіметінің (1918 ж. 25 шілде) жарлығымен аталған органның Земство құрамында Жер бөлімі болып қайта құрылғанын және де кеңестік билік тұсындағы Семей губерниялық жер басқармасы, Семей округтік жер басқармасы және Семей облыстық ауыл шаруашылық басқармалары сияқты жер мекемелерінің тарихын обьективті тұрғыда баяндау отан тарихының мазмұнын толықтыруға қызмет етпек.

ХХ ғ.басында ұлт-азаттық күрес идеяларының қалыптастырған қазақ демократиялық интеллигенциясының бағдарламалық мақсаттарында ең басты мәселелердің бірі – жер мәселесін шешу болды. Сол кездегі қазақ зиялылары жерге қатысты өзгерістерді халықтың дәстүрлі қоғамдық, экономикалық қатынастардың негізін шайқалтпай оларды заманауи даму үдерісіне сай жалғастыруды көздеді. Мәселен, 1917 жылы  Минскідегі майдан шебіндегі тыл жұмыстарына алынған қазақтар бөлімінде әлеуметтік-рухани санатта көмекте жүрген Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, М. Есболов,Н.Төреқұлов бастаған 15 қазақ интеллигенті Қазақстанның барлық негізгі орталықтарындағы ұлттық элита өкілдеріне, соның ішінде Семейдегі Райымжан Мәрсековтың атына жеделхат жолдайды. Жеделхатта: «Ресейдегі барша халыққа ағайындық, теңдік, бостандық күні туды. Жаңа құрылған үкімет дүкенін сүйеу үшін қазаққа ұйымдасу керек. Учредительное Собрание сайлауларына қазақ болып қамдану керек. Жер мәселесінде қозғап, тезірек қолға ала беріңдер. Біз қалайтын патшалық түрі – демократическая республика яғни мал өсіріп, егін салып, жерге ие боларлық түрі» деп жазылған[1, 232-233-бб.]. Бұл жедел хаттың көлемі шағын болғанымен, оның ұлт-азаттық күрестің бағдарламалық міндеттерін нақтылаудағы ықпалы өте үлкен болды.

Сібірде және Семей губерниясында ескі және ұлттық билікті алмастырған Кеңестік өкіметтің бірте-бірте нығаюы, шаруашылықты басқарудың жаңа экономикалық органдарын құру міндеттерін алға тартты. Соған сай 1919 жылы 10 мамырда Жер істері халкомы бұйрығымен губерниялық, уездік және болыстық атқару комитеттері жанынан жер бөлімдерін құру қолға алынды. Аталған бұйрық бойынша ол мекемелер жер қатынастарын бекіту, социалистік ауыл шаруашылығын ұйымдастыру және жерге орналастыру мәселелерін өз бақылауына алатын болды [2].

Жалпы, жер мәселесін түпкілікті социалистік негізге көшіргенге дейінгі кеңестік биліктің атқарған шараларын сипаты мен мазмұнына қарай кезеңдерге бөліп қарастыру жөнінде қалыптасқан тұжырымның негізділігін қуаттай отырып, бұндай кезеңдеудің Шығыс Қазақстан өңіріндегі жер мекемелерінің қалыптасуы мен қызметін таңдауда басшылыққа алынғандығын атап көрсетуге болады [3]. Әйтсе де, Бүкілресейлік ауқымда көрініс тапқан бұл құбылыстың қазақ жерінде, соның ішінде Шығыс Қазақстан өңірінде іске асуында бірқатар ерекшеліктер болды.  Қазақ үшін жер мәселесі патшалық және кеңестік билік тұсында өткір ұлттық мазмұн мен сипатқа ие болғаны ақиқат.Ресейлік ресми биліктердің жер мәселесіне қатысты ұстанған шовинистік саясаты болғандығын атап көрсетеміз. Өйткені, бұл фактор отарлық биліктің тұсында қалыптасып, кеңестік биліктің саясатында одан әрі жалғасын тапты. Осы тұжырымдарды негізге алып, Шығыс Қазақстан өңірінде жер мекемелерінің қалыптасуы мен қызметі өте күрделі сипат алғандығына көз жеткіземіз. Осыған байланысты мынадай деректерге назар аударайық : сол кезеңде Семей губерниясының тұрғындары қазақ, орыс және казактардан тұрды. Ал экономикалық сипатына қарай тұрғындар көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы болып, ал отырықшы тұрғындарды бұрыннан қоныстанғандар және жаңадан қоныстанушылар деп жіктеген. Соңғы мәселеде айқындық берер болсақ 1890 жылы басталған қоныс аударушылар легі ХХ ғ. 20 жылдары одан әрі жалғасып жатты [4, 115 п.]. Бұл демографиялық фактор қазақ қоғамындағы жер мәселесінің шешілуіне елеулі қысым жасады.

1917 жылы 10 наурызында облыс, уез, болыс және ауылдарда құлаған үкіметтің орнына Уақытша үкіметтің басқару органдары қалыптаса бастады. Бүкіл Ресей сияқты Қазақстанда да ол билік орындары алғашқы кезеңде Азаматтық комитеттер есебінен пайда болды. Бұл комитеттерді құрудың бастамашылығы облыс және уез орталықтарындағы орыс жұртының қолында еді және комитеттердегі басшы орындар да патшалық әкімшілік көзқарастағы орыс ұлт өкілдерінің қолында болатын. Міне, осындай жағдайда қазақтарға әділетсіз патшалық билік жойылып, оның орнына жаңа билік келгенімен, тағы да сол ұлттық мүддені қорғап, талап-тілекті білдіретін мемлекеттік мекемелерсіз қалу қаупі төнген болатын. Сондықтан да Азаматтық комитеттермен бір мезгілде стихиялы түрде облыстық, уездік және болыстық деңгейде Қазақ Азаматтық комитеттері қалыптаса бастайды [5, 11 п.].

Қазақ жерінде облыстық және уездік Қазақ комитеттерінің қалыптаса бастағандығы туралы «Қазақ» газеті 1917 жылы наурызда «Жаңа үкімет жұрт билігін жұрттың өзіне беріп отыр. Жұрт өзін-өзі қалай билемек? Мұны былай түсіну керек. Жұрт болып ортасынан бірнеше сенімді, адал адамдарды шығарады. Мұны – комитет деп атайды. Жаңа үкімет әр түрлі комитет жасап, жағдайдың реттелуін тілеп отыр. Сол комитеттерді қазақтарда жасап, жұрт ісінің билігін халық қолына алар керек» деген мәтінде мақала жариялады [6, 330-б.].

1917 жылы 11 наурызда Семейде облыстық Қазақ комитеті құрылып, Р.Марсеков төрағалығымен жұмыс жасай бастайды. Ел басқару ісіне араласа бастаған ұлт зиялылары қазақ халқы үшін маңызды болып келген мәселелерді, соның ішінде жер мәселесін талқыға салып, соған сәйкес бағдарламалық тұжырымдарға келу үшін болыстық, уездік, облыстық және жалпықазақтық съездерін шақыруды қажет деп тапқан болатын [7,210 п.].

Тұңғыш Жалпықазақ съезі 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өтті. Съезд жұмысына Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан барлығы 200-ден астам өкіл қатынасты. Оның күн тәртібіне барлығы 14 мәселе қойылып, олардың арасында мемлекет билеу түрі, қазақ автономиясы, қазақ облыстарындағы жер жағдайы, әскер құру, земство, әйел теңдігі және басқа да мәселелер бар еді.

Съезд шешімдерінің отаршылыққа қарсы сипаты, оның жер мәселесіне байланысты қабылдаған қаулысынан анық көрінді. «Қазақ халқы өзіне еншілі жерге орнығып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін» деп көрсетілді оның бірінші тармағында. «Қазақ даласында жарамды жер аз болғандықтан, қазақ пайдасынан алынып кеткен мынадай учаскелер қазақтың өзіне тоқтаусыз қайтарылсын: дворяндық, мал өсіру, сауда-өнеркәсіп, курорт, монастырь үшін деп алынған жерлер, переселендер орнықпаған отрубтар, оброктік статьялар жай адамдарға «показательные поля» деп берген, бірақ расында жоқ нәрселер һәм гарнизонға беріліп, бұл күнде олар кеткеннен кейін, яки саны азайғаннан кейін босанған жерлер» деген деректерден жерді тартып алудың түрлерін аңғарамыз. Бұдан басқа қаулыда «Қазақ халқы жермен ортақ пайдалансын (ру, ауыл, болыс болып), яғни земельний община болсын», «жер мәселесі туралы басқа саяси партиялармен келісу еркі Учредительное собраниеде қазақ депутаттарына берілсін», «жер хақында қазақ өз алдына жер жобасын жасасын» деп іс жүзінде қазақ жеріне иелік құқығын қазақ халқының өзіне қайтару туралы талаптар қойылған еді.

Уақытша үкімет 1917 жылғы 19 наурыздағы қаулысында тез арада жер мәселесіне байланысты шаралар қабылдау, атап айтсақ жер комитеттерін құру керектігін түсініп, бұл істі Егіншілік министрлігіне тапсырды және де «Жер туралы тиянақты да, сапалы дұрыс заң қабылдау үшін аса үлкен дайындық, сонымен қатар бос жерлер санағының есебі, жерге жекеменшікті анықтап, жер пайдалану түрлері мен жағдайлары жайлы деректер жинау қажет» деп тауып, Уақытша үкімет жер мәселесін шешуді Құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін тоқтата тұруды жөн деп санайды [8, с. 330]. Сонымен, Уақытша үкімет жер мәселесін түпкілікті шешкенге дейін, қазақ өлкесінде уақытша Жер комитеттері құрыла бастайды. 1917 жылы көктемде Уақытша үкіметтің «Жер комитеттерін құру жөніндегі» қаулысында жер комитеттерін құру тәртібі және қызмет аясының негізгі бағыттары көрсетілген.

Жер комитеттерін құруға талпынған Уақытша үкімет өз алдына мынадай екі мақсат қойған болатын: Жергілікті жерлерде жалпы мемлекеттік жер саясатын жүргізетін өзіне қарасты жер органдарын құру арқылы, өзін-өзі басқару әрекетіне басқа да қоғамдық ұйымдар мен Кеңестерді араластырмау. Жер комитеттері арқылы әділетті жер саясатын жүргізе отырып, шаруалардың қоғамдық санасының толқуын бәсеңдету болды [8, с. 304]. Қоғамдық келісімді орнықтыруы тиіс бұл аталған шаралар өз жемісін бере алған жоқ. Көп жағдайда Жер комитеттері уақытша құрылған мекеме ретінде көрінді. Өйткені, оның көптеген мүшелері жергілікті өзін-өзі басқару Земство органының өкілдерінен тұру керек болатын. Ал Семей Облыстық Земство басқармасы өз жұмысын 1918 жылдың 17 қаңтарынан бастаған болатын. Бұдан шығатын қорытынды, Семей Облыстық Жер комитеті құрылған кезде жергілікті жерде Земстволық басқару жүйесі жоқ болатын [9,195 п.].

Қазақстандағы облыстық Жер комитеттерінің қызметін бақылап отыру үшін облыстық Жер комитетінде Егіншілік министрлігінің бір өкілі тағайындалды. Қазақстанда Жер комитеттерінің құрылуы столыпиндік аграрлық реформа кезінде құрылған переселен органдарының қызметімен тығыз байланысты болды. Аталған жағдайда Жер комитеттері мен татуластыру камералары жер мәселелерін шешуде біршама толыққанды қызметтер атқаруы күмәнсіз еді. Алайда аталған органдардың қазақ өлкелерінде өте кеш, нақтырақ айтсақ күз айларында құрылғанша қомақты жер даулары туындағаны белгілі. Осындай жер дауларын шешуге жергілікті жерлердегі Қазақ комитеттері, Азаматтық комитеттер белсенді түрде араласа бастады.

Семей өңірінде 1918 жылы 11 шілдеде адмирал Колчактың басқаруындағы казак әскерлері контрреволюция жасап, билікті өз қолдарына алады. Барлық Кеңес мекемелері жойылып, Облыстық Кеңсе Басқармасының орнына Колчак үкіметі тағайындаған Облыстық комиссар аппараты құрылды. Өлкеде Кеңес билігі толық жойылғаннан кейін, қазақ зиялылары Алашорда үкіметінің уездік-облыстық бөлімдерін құру және оның қызметін дұрыс жолға қою ісін ұйымдастыруға жұмылды. Большевиктер таратып жіберген Земство мекемелерін қайта қалпына келтіріп, халық игілігі жолында жаңа қадамдар жасай бастады [10,31 п.]. Мұрағат құжаттарының мәліметтеріне жүгінсек, облыстар мен уездегі Земство басқармаларында қазақ жұртының өкілдері белсенді қызмет атқарғаны байқалады. 1918 жылы жаз айларында қайта қапына келтірілген Земство мекемелеріндегі бұрынғы мүшелері қайта сайланып қойылады [11,17,23 п.].

Семей облысында Земство ісін, яғни өзін-өзі басқару мекемелерінің тізгінін қазақ зиялылары өз қолдарына алды деуге толық негіз бар. 1918 жылғы  17 қаңтардағы Семей облыстық Земство Жиылысының төтенше мәжілісінде облыстық Земство  Басқармасының төрағасы болып Р.Мәрсеков және мүшелері ретінде Х. Ғаббасов пен Ә. Сатпаевтың сайлануы үлкен жетістіктердің бірі. Cонымен бірге архив деректерінен Семей облысының уездерінде де Земство басқармаларының жұмысын қазақ зиялылары өз қолдарына алғандығын көреміз [12,438, 440-441 пп.]. Мәселен, Семей Уездік Земствосының Басқарма төрағасына А. Қозбағаров, мүшелері болып А. Болатов, С. Дүйсенбин сайланады.

Қазақ  үшін өзекті болған жер мәселесін қазақ мүддесі үшін шешуде аса белсенділік танытқан А.Қозбағаровтың сіңірген еңбегі зор. Ол Уақытша Сібір үкіметінің 1918 жылы 25 шілдедегі Жер комитеттерін жою туралы қаулысы шықпай тұрып-ақ, шілде айының 15-інде Семей облыстық Жер комитетіне қатынас хат жолдап, жер мәселелерін шешуді Земство үкіміне беруді сұраған [13,18 п.]. Семей өңірінде жер қатынастарындағы маңызды кезең болған Уақытша Сібір үкіметінің аталған қаулысында барлық жер мәселелері Земство мекемелеріне берілуі және Земство құрамында Жер бөлімі ашылуы жайлы айтылған. Қаулыға сәйкесінше аталған бөлім ісін ұйымдастыру негізінде облыстық және уездік жер ісі Кеңесін құру туралы мәлімделген [14,112 п.].

Жер бөлімі құрылғанға дейін азаматтардың жер мәселесіне байланысты туған тартыстарына сәйкес 1918 жылы тамыз айында Земство мекемесінен Жер ісі столы (Земельный стол) ұйымдастырылды. Жер тартыстары әсіресе шөп шабу уақытында өте өткір сипат алды. Уақытша Сібір үкіметінің Министрлер Кеңесі 1918 жылы 29 тамызда Облыстық, уездік Жер ісі Кеңестері мен переселен аудандарының басшыларына арнап қаулы қабылдайды.

Уақытшы Сібір үкіметінің 1918 жылғы 25 шілде заңына сәйкес Жер комитетінің орнына Земство құрамында Жер бөлімінің ашылуы жер қатынастарында жаңа кезеңнің басталғандығын көрсетсе, Жер бөлімінде жергілікті оқыған азаматтардың санының өсуі жер мәселесінде бұрыннан талаптары ескерілмей келген қазақтардың ұлттық мүддесі тұрғысынан алғанда алғашқы ірі жеңістерінің, сәтті қадамдарының бірі еді.

1919жылдан жер-жерде билік Кеңестердің қолына көшкенде жағдай тағы да өзгерді. Кеңестер жер мәселелерін қарастыру мен шешу үшін Халық депутаттар кеңесінің атқару комитетінде Жер бөлімін ашады. Жер бөлімінің қызметі (төраға) комиссарға және Уездік атқару комитетінен сайланған төрт мүшеге тапсырылды. Жер мәселесіне қатысты 1925 жылы Қазақ автономиялық республикасының үкіметі қазақ халқын жерге орналастыруды толық шешіп алмайынша басқа республикалардан қоныс аударуға тыйым салды. Осылайша қарапайым ғана экономикалық мәселе тоталитарлық билік жағдайында шиеленіскен ұлтаралық сипатқа ие болды. Үкіметтің шешімімен жер бөлігіне иеліктің мынадай реті белгіленді: қазақ халқынан кейін 1918 жылға дейін Қазақстанға келген келімсектер; Келесі кезекте 1922 жылдың 31 тамызына дейін өз бетімен көшіп келгендерге; одан кейін қалғандары [15, 79 б.]. Қазақ халқының мүддесін көздеген бұндай үкіметтік шешімнің қабылдануы бір сәтте іске аса қойған жоқ. Ол ұлттық элитаның қажырлы саясаты арқылы іске асты. Атап айқанда, кеңес үкіметінің «Жер туралы» декретінде мәлімделген демократиялық ұстанымдарды ұлттық мүддемен ұштастырған қазақ зиялыларының табанды түрде талап етуімен 1921 жылғы 19 сәуірде Қырғыз автономиялы облысы Орталық Атқару Комитетінің «Қырғыз еңбекші халқына патша үкіметі тартып алған жерлерді қайтару туралы» декреті қабылданған болатын. Осы декретке сай Сібір және Орал казак әскерлері үшін қазақтардың иелігінен тартып алынған жерлер қазақтарға қайтарылып, «Социалистік жерге орналастыру жүргенге дейін аталған аудандардағы ауыл шаруашылық негіздегі жерлер  (шабындық жерлер, егістік, жайылым және су қоймалары) жергілікті жерлердегі, уездік жер бөлімі мен болыстық жер бөлімдерінің бақылауында болады» [16, 4 п.].

Аталған декреттің негізінде 1921 жылдың 20 желтоқсанында Жер істері халкомының Алқасы «Қырғыз еңбекші халқына 1917 жылғы ақпан революциясына дейін Ақмола, Семей, бұрынғы Торғай және Орал губернияларындағы бос жатқан жерлері қайтару туралы» ережені бекітті. Осы ережеде «1917 ж. ақпан революциясынан кейін бос қалған немесе тартып алынған жерлер 1922 ж. бастап Қырғыз халқына қайтарылсын» деген талап бекітілді [17, 167 п.].

Шығыс Қазақстан өңірінде жер мәселесіне қатысты осы талаптарды іске асыруда жер мекемелерінің құрамына енген ұлт зиялылары белсенді әрекет етті. Оларды бұл іске мәселенің ұлттық мүддеге сай атқарылуы ынталандырылғандығы белгілі. Дегенмен, кеңестік билік нығайған сайын жер мәселесін реттеудегі жоғарыда аталған ұлттық сипат таптық мүддемен алмастырыла бастады. Биліктің осы бағыттағы ең алғашқы ірі қадамы қазақ АКСР үкіметі мен өкіметінің 1926 жылғы 20 мамырда қабылдаған «Ауыл шаруашылықтары мен жекелеген шаруашылықтар арасында шабындық және егістік жерлерді бөлу туралы» қаулысы болды. Бұл қаулының талаптары 1926 жылы  іске баяу аса бастады. Республикалық деңгейде ең жақсы нәтиже көрсетті деген Семей және Өскемен уездері туралы жалпы мәліметтер бойынша бөлінген шабындықтың көлемі 37571 десятинаны құраған. Губерниялық жер бөлімі 1926 жылы шабындық және егістік жерлерді бөлудің қорытындысына талдау жасап «келесі жылға» ұсыныстар дайындаған [18, 44 п.].Шабындық және егістік жерлерді қайта бөлуді іске асырғанда кеңестік биліктің көздеген басты мақсаты – Қазақ қоғамындағы жерге қауымдық меншік институтын жойып, тұтас халықты таптық тұрғыда жіктеу арқылы тап күресін өрістету болды. Қазақ қоғамындағы дәстүрлі әлеметтік-экономикалық қатынастарды жойып, оны социалистік қатынастарға көшіру арқылы бай және ауқатты топтарды ең басты өндіріс құралы – жерден айыру болатын.

Мұрағат мәліметтері көрсеткендей Семей губерниялық жер басқармасының 1927 жылғы жоспары бойынша бөлу шарасын 762 қоныс орындары бар 323 ауыл кеңестерінде, немесе 533 мың адам тұратын губернияның қазақ тұрғындарының 76 пайыз қамтуды көздеген. Осы жылдың көктемінде қар кетісімен губерния жерінде ауылдарда шабындық жерлерді бөлу науқаны (біреудің жерін тартып алды, екіншісіне алып берді, қысқаша айтқанда ауылда күштеу модернизациясы «жұмыс істеді») басталып кетті. Сонымен 1927 жылдың жазына қарай Семей губерниясында шабындық жерлерді бөлу негізінен аяқталды. Қайта бөлу науқаны 200 мың десятинадан астам жерді, 70 мың шаруашылықты қамтыды, «байлар 17 мың десятина құнарлы жайылымдарынан айрылса, жері аз және жері жоқ шаруашылықтар 37 мың десятина жерге ие болды». Шабындық жерлерді бөлу кезінде жіберген «қателіктерге» көз жүгіртсек, факт бойынша науқан кезінде орташалардан алынған «құнарлы жерлер» мың десятинаға дейін жеткен [3]. Шығыс өңірінде егістік жерлерді бөлу 1927 жылы күзде өтті, бірақ кейбір жерлердегі жайсыздықтарға байланысты 1928 жылдың көктемі мен күзіне дейін созылды. Егістік жерлерді бөлу аса үлкен аумақты қамти қойған жоқ, өйткені ол негізінен тек отырықшы ауылдарды ғана қамтыған болатын.

Сонымен 1917-1928 жылдары аралығында Семей өңіріндегі жер қатынастарында қандай өзгерістер орын алғанын жер мекемелерінің қызмет бағыттары көрсетіп берді. Кеңестік биліктің жер қатынастарында тиісті мекемелер атқарған іс-шаралар мазмұнының күрделілігі, ондағы таптық және ұлттық мүдделердің арақатынасынан туындаған қайшылықтарды шешу сияқты саяси - әлеуметтік үдерісті айғақтайтын деректік құжаттарды талдау осындай қорытынды жасауға негіз болды. 

Әдебиеттер

1 Бөкейханов Ә. Шығармалар. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 384 б.

2 Положение о земельных отделах Губернских,Уездных и Волостных исполкомов. Центральное Издательство Народного Комиссириата Земледелия. – М.: 1919. – 24 с.

3 Қазақ қоғамындағы әкімшілік-шаруашылық жүйелерінің эволюциясы. – Алматы: Экономика, 1999. – 361 б.

4 Қазақстан Республикасы Шығыс Қазақстан облысы Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы (Семей қаласы). 152-қ. 1-т. 50-іс.

5 ҚР ШҚО ҚЗТҚО. 48-қ. 1-т. 4-іс.

6 «Қазақ» газеті. Құраст: Субханбердина Ү, Дәуітов С. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. – 560 б.

7 ҚР ШҚО. ҚЗТҚО. 48 қ. 2-т. 1-іс.

8 Жиренчин К.А. Политическое развитие Казахстана в ХІХ – ХХ веках. – Алматы: Жеті Жарғы, 1996. – 352 с.

9 ҚР ШҚО ҚЗТҚО. 72-қ. 1-т. 90-іс.

10 ҚР ШҚО ҚЗТҚО. 72-қ. 3-т. 2-іс.

11 ҚР ШҚО ҚЗТҚО. 48-қ. 1-т. 63-іс.

12 ҚР ШҚО ҚЗТҚО. 37-қ. 1-т. 127-іс.

13 ҚР ШҚО ҚЗТҚО. 37-қ. 1-т. 6-іс.

14 ҚР ШҚО ҚЗТҚО. 37-қ. 1-т. 1-іс.

15 Қойгелдиев.М., Омарбеков Т.Тарих тағылымs не дейді? – Алматы: Ана тілі, 1993. – 208 б.

16 ҚР ШҚО ҚЗТҚО.139-қ. 1 т. 26-іс.

17 ҚР ШҚО ҚЗТҚО. 152-қ. 2-т. 95-іс.

18 ҚР ШҚО ҚЗТҚО.583-қ. 1-т. 17-іс.

Аннотация

Бұл мақалада Қазақстанның шығыс өңірінде орын алған жер мәселесін реттеумен айналысқан мекемелердің әр түрлі саяси биліктер тұсындағы құрылуы мен айналысқан  қызметі тың деректер арқылы баяндалған.

Түйін сөздер: қазақ, жер, жер мәселесі, комитет, земство,билік, мекеме.

References

1 Bokeikhanov Ә. Shygarmalar. – Almaty: Қazaқstan, 1994. – 384 b.

2 Polozhenie o zemel'nykh otdelakh Gubernskikh,Uezdnykh i Volostnykh ispolkomov. Tsentral'noe Izdatel'stvo Narodnogo Komissiriata Zemledeliia. – M.: 1919. – 24 s.

3 Qazaq qogamyndagy akіmshіlіk-sharuashylyq zhuielerіnіn evoliutsiiasy. – Almaty: Ekonomika, 1999. – 361 b.

4 Qazaqstan Respublikasy Shygys Qazaqstan oblysy Qazіrgі zaman tarikhyn quzhattandyru ortalygy (Semei qalasy). 152-q. 1-t. 50-іs.

5 QR ShQO QZTQO. 48-q. 1-t. 4-іs.

6 «Qazaq» gazetі. Qurast: Subkhanberdina U, Dauіtov S. – Almaty: Qazaq entsiklopediiasy, 1998. – 560 b.

7 QR ShҚQO. QZTQO. 48 q. 2-t. 1-іs.

8 Zhirenchin K.A. Politicheskoe razvitie Kazakhstana v XIX - XX vekakh. – Almaty: Zhetі Zhargy, 1996. – 352 s.

9 QR ShQO QZTQO. 72-q. 1-t. 90-іs.

10 QR ShQO QZTQO. 72-q. 3-t. 2-іs.

11 QR ShQO QZTQO. 48-q. 1-t. 63-іs.

12 QR ShQO QZTQO. 37-q. 1-t. 127-іs.

13 QR ShQO QZTQO. 37-q. 1-t. 6-іs.

14 QR ShQO QZTQO. 37-q. 1-t. 1-іs.

15 Қoigeldiev.M., Omarbekov T.Tarikh tagylyms ne deidі? – Almaty: Ana tіlі, 1993. – 208 b.

16 QR ShQO QZTQO.139-q. 1 t. 26-іs.

17 QR ShQO QZTQO. 152-q. 2-t. 95-іs.

18 QR ShQO QZTQO. 583-q. 1-t. 17-іs.

Е.Е САЙЛАУБАЙ

(Семипалатинский ГПУ, к.и.н.)

ИСТОРИЯ СТАНОВЛЕНИЯ И ДЕЯТЕЛЬНОСТИ ЗЕМЕЛЬНЫХ УЧРЕЖДЕНИЙ ВОСТОЧНОГО КАЗАХСТАНА

Резюме

В данной статье рассматривается история становления и деятельности земельных учреждений на примере Восточного Казахстана. Анализируется деятельность национальной элиты по формированию этих организаций.

Ключевые слова: казах,  земля, земельный вопрос, комитет, земство, власть, учреждение...

E.E.SAYLAUBAY

(Semipalatinsk State Pedagogical University,

 PhD in History)

THE HISTORY OF FORMATION AND ACTIVITY

OF LAND INSTITUTIONS IN THE EAST KAZAKHSTAN

Summary

This article is devoted to the history of formation and activity of land bodies by the example of East Kazakhstan.  The activity of national elite on the formation of these bodies was also analyzed in this paper.

Keywords: Kazakh, land, land issues, committee, district council, power, institutions.

                                                                                                       Е.Е. САЙЛАУБАЙ

                                                                                         Семей мемлекеттік педагогикалық институты, т.ғ.
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?