Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстанның тарих ғылымының іргелі негіздерінің жартысы бар да, жартысы жоқтың қасында.

28911

ҚАМБАР АТАБАЕВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Әлем тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, деректанушы:

– Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин кеңейтілгген отырыста жасаған баяндамасында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеудің арнайы бағдарламасын жасауды ұсынғанын айта келе: «Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты мынау:Қазақстанның тарих ғылымының алдыңғы қатарлы әдіснама мен әдістеме арқауында сапалық секірісті жүзеге асыруына жағдай жасау» деп атап айтты. Қалай ойлайсыз? Қазақстанның тарих ғылымы сапалық секіріс жасауға дайын ба?

– Қазіргі Қазақстанның тарих ғылымы деректерді іздеп табу, жинау және жариялау сияқты негізінен қарапайым жұмыстарды атқаруға, әдеттегідей фактілерді тізбектеп, оқиғалардың тек сыртқы көріністерін ғана суреттеуге қабілетті эмпирикалық деңгейде қалып қойған ғылым. Сондықтан да, оның сапалық секіріс жасап, құбылыстың ішкі мәні мен мазмұнын ашып көрсете алатындай теориялық деңгейге көтерілуі уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік. Елбасы тапсырмасына сай қабылдануға тиіс «Тарих толқынындағы халық» атты бағдарламаға қатысты әртүрлі пікірталастар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, көптеген істердің атқарылып жатқаны рас. Мысалы, орталықтар, кафедралар, факультеттер ашылып жатыр. Бірақ менің байқауымша, дәл осы, келешек бағдарламаның ең басты мақсаты – Қазақстанның тарих ғылымының сапалық секіріс жасап, жаңа деңгейге көтерілуіне жағдай жасау мәселесі назардан тыс қалып отыр. Қазақстанның тарих ғылымын түбегейлі қайта құру арқылы жаңа сапалық деңгейге көтермей баяндамада айтылған: «қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру; Қазақстанның жаңа тарихының жиырма жылдығының мәнін пайымдау» сияқты мақсаттарға жету мүмкін емес. 

– Сонда біздегі тарих ғылымының сапалық секіріс жасауы үшін не істеу керек?

– Қарапайым ғана секіріс жасау үшін алдымен қайда табан тіреп, қайдан секіретініңді, қалай қарай секіретініңдi білуің қажет емес пе? Ғылымда да солай. Алдымен қай жерден секіретініңді, не үшін секіретініңді анықтап алуың қажет. Демек, тарих ғылымында сапалық секіріс жасау үшін, біріншіден, Қазақстанның тарих ғылымының пайда болуы мен қалыптасу тарихына, оның бүгінгі реальды жағдайына жан-жақты ғылыми талдау жасалынып, оның келешек даму бағыты мен мақсаты айқындалуы қажет. Екіншіден, баяндамада айтылғандай: «...сапалық секірісті жүзеге асыруына жағдай жасау» үшін, мемлекеттік деңгейде батыл да, шешімді шаралар қабылдануы тиіс. Онсыз бірнеше ондаған жылдар бойы қалыптасып, әбден сіресіп қалған тарих ғылымын да, тарихшы ғалымдарды да, кәсіби тарихшылар даярлау ісін де жаңа сапалық деңгейге көтеру мүмкін емес. 

– Сіздің ойыңызша Қазақстанның тарих ғылымының қазіргі шынайы жағдайы қандай?

– Қандай да ғылым саласы болмасын, жалпы ғылыми таным теорияларымен қатар, өздеріне ғана тән іргелі ғылыми негіздері арқылы үнемі дамуда болады. Ол тарих ғылымына да тән заңдылық. Менің пайымдауымша, бүгінгі Қазақстанның тарих ғылымының іргелі негіздерінің жартысы бар да, жартысы жоқтың қасында. Мысалы, тарих ғылымының іргелі негіздері: археология, этнология, тарихнама және деректану. Осылар бір-бірімен үйлесімді, қатар дамығанда ғана тарих ғылымынан дұрыс нәтиже күтуге болады. Бізде тарих ғылымының археология, этнология сияқты қолданбалы сипаттағы негіздері біршама дамыған. Ә. Марғұлан атындағы археология иниституты, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты бар. Тіптен кәсіби тарихшылар даярлайтын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бұрынғы тарих факультеті қазір «Тарих, археология және этнология факультеті» деп аталдады. Басқа да көптеген археология және этнология орталықтары жұмыс істейді. Ал тарих ғылымының теориялық-методологиялық негізін құрайтын, тарих ғылымының тарихын зерттеу ісімен, жалпы теориялық-методологиялық проблемаларымен және зерттеу методтарымен айналысып, тарих ғылымын ғылыми-теориялық деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін – тарихнама мен деректануға арналған бірде-бір арнайы ғылыми-зерттеу ұжымы жоқ.

Тарих институттарындағы «Тарихнама және деректану» бөлімдерінің аты бар да заты жоқ. 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тарихнамашылар мен деректанушылар дайындау мақсатында арнайы ашылған еліміздегі жалғыз «Деректану және тарихнама кафедрасы», «Әлем тарихы кафедрасымен» біріктіріліп, өзінің басты міндетін орындау мүмкіндігінен айырылып қалды. Ал менің ұсынысыммен және сол кездегі мемлекет хатшысы Н.Тасмағанбетовтың тікелей қолдау көрсетуімен 2005 жылы ашылған «Ұлттық археография және деректану орталығында» бірде-бір деректанушы маман жоқ. Болған да емес. Бүгінде орталық шалажансар күй кешуде.

Егер тарихнама мен кәсіпқой тарихнамашылардың жетіспеуі біздің дәстүрлі ұлттық тарихи білім беру ісін терең зерттеп, оның ғасырлар бойы ұлттың тарихи санасын қалыптастырудағы орны мен ерекшеліктерін көрсетуге, қазіргі тарих ғылымының пайда болуы мен қалыптасу тарихына және бүгінгі жағдайына жан-жақты талдау жасап, оның келешегін айқындауға мүмкіндік бермей отырса, деректану мен кәсіпқой деректанушылардың болмауы, біздің ұшан-теңіз тума төл деректеріміз бен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жинақталған деректер мен дереккөздерін деректанулық талдаудан өткізу арқылы, олардағы ақпараттардың шынайылық деңгейі мен ғылыми құндылықтарын анықтап, ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік бермей отыр.

Міне, дәл осы екі фактор, Қазақстанның тарих ғылымын бүгінгідей жағдайға алып келді. Мен ол туралы өзімнің ондаған мақалаларым мен сұхбаттарымда айттым. Бірақ әзірге, оған көңіл аударған ешкім болған жоқ. Мұндай жағдайдың одан әрі жалғасуы біздегі тарих ғылымын толық тоқырауға алып келері анық. Сондықтанда біздегі тарих ғылымын да, кәсіби тарихшы мамандар даярлау ісін де реформаландыру арқылы түбегейлі қайта құратын уақыт жетті деп ойлаймын. Бұл – тікелей мемлекеттің ісі. «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасында бұл мәселелер дұрыс шешімін табар деп үміттенемін.

– Жақында «Ел арнадан» көрсетілген тарихшылардың пікіралмасуында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы С. Садуақасова: «Атабаев мырзаның біздегі тарих ғылымы жартыкеш ғылым» деген пікірі дұрыс емес» деді. Сіз оған не айтар едіңіз?

– Ең алдымен, мен өзімнің бұрынғы студентім Светланаға өз ойын ашық айтқаны үшін үлкен рақмет айтар едім. Менің деректану туралы айта бастағаныма 20 жыл, Қазақстанның тарих ғылымын реформаландыру арқылы түбегейлі қайта құру қажеттігі туралы айтқаныма 12 жыл болыпты. Міне, осы уақыт аралығында тек Света ғана менің пікіріммен келіспейтіндігін айтты. Мен оған өте қуаныштымын. Ғылыми пікірталас нәтижесінде ғана шындық айқындалады. Бұл жерде: «мен үлкенмін, сен кішісің, мен ұстазбын, сен шәкіртсің» деген түсінік жүрмейді. Ұстаздан шәкірт озып жатса оған тек қуану керек. Дегенмен Света менің пікірімді тек дұрыс емес деп қана қоймай, сонымен қатар оны ғылыми тұрғыдан негіздеп, нақты мысалдармен дәлелдеп бергенде өте жақсы болған болар еді. Егер алдағы уақытта Света біздегі тарихнаманың да, деректанудың да өз дәрежесінде дамуда екендігін дәлелдеп жатса, мен өз қатемді қуана-қуана мойындауға дайынмын.

– Деректанудың маңызы мен қажеттілігі туралы Сіз үнемі айтып та, жазып та жүрсіз. Мүмкін деректанудың бізде өз деңгейінде емес екендігі рас та болар. Өйткені мен деректану туралы айтып жүрген Сізден басқа тарихшыны көргенім жоқ. Бірақ бізде тарихнама да, тарихнамашылыр да бар емес пе?

– Иә, өте дұрыс айтасың. Сырттай қарағанда бұл салада бізде бәрі де жақсы сияқты. Мысалы, қандайда болмасын тарихи зерттеу жұмысының тақырыбына сай тарихнамалық шолу жасалынбай бірде-бір жұмыс жазылмайды. Нақты тарихи тақырыптарға қатысты пайда болған тарихнамалық еңбектер мен 07.00.09 – тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері бойынша қорғалған кандидаттық және докторлық диссертациялар да баршылық. Сондықтанда менің оппоненттерім негізінен осыларды дәлел ретінде алға тартады. Ал бірақ солардың деңгейлері қай дәрежеде? Олар бүгінгі күннің сұранысына жауап бере ала ма? Мысалы, бізде жалпы тарих ғылымының замануи теориялық-методологиялық проблемалары мен Қазақстанның тарих ғылымының жалпы жағдай мен макропроблемаларына арналған бірде-бір тарихнамалық зерттеу жұмысы жоқ. 1969 жылы 30 жылдай Қазақстанның тарих ғылымын басқарған менің ғылыми жетекшім Г. Ф. Дахшлейгер, сол кездегі тарих ғылымының жағдайына талдау жасаған «Историография Советского Казахстана» деген еңбегін жариялады. Әрине, еңбектің өз уақытының туындысы екендігі, онда республикадағы тарих ғылымының жағдайына марксизм-ленинизм тұрғысынан талдау жасалынғандығы түсінікті. Дегенмен еңбек өз уақытында тарих ғылымының дамуына оңды ықпал етті.

Одан бері қоғамда түбегейлі өзгерістердің орын алғандығы белгілі. Тарих ғылымында да біршама өзгерістердің болғандығы рас. Бірақ Мемлекттік хатшының сөзімен айтсақ: «Кең байтақ жеріміздің иесі де, киесі... мемлекет құрушы ұлт» қазақтың ұлттық тарихы әлі күнге дейін жүйелі түрде зерделенген де жоқ, жазылған да жоқ. Міне, осы жағдайға жан-жақты талдау жасап, ұлттық тарихты ғылыми негізде қалай жазу керектігімен айналысатын тарихнама да, тарихнамашылар бізде болмай шықты. Сондықтанда Мемлекеттік хатшы ұлттық тарихты зерделеу жөнінде арнайы ведомствоаралық кеңейтілген отырыс өткізіп, қазіргі тарих ғылымына талдау жасады және оның келешек даму бағытын айқындады. Демек, М.Тәжин Мемлекеттік хатшы қызметімен қатар, тарихнамашы міндетін де атқарып отыр.

– Иә, тарихнама шынында да тарих ғылымының маңызды саласы ғой. Дегенмен, Сіз сол тарихнаманың айналысатын нақты бір проблемасын мысал ретінде келтірсеңіз жақсы болар еді.

– Әрине, ондай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Дегенмен мен соның ең бастысы, жалпы тарих ғылымының пайда болу және қалыптасу тарихына тарихнамалық талдау жасаудың маңызы туралы айтайын. Мысалы, ағылшын, француз, неміс және орыс халықтары сияқты, тарих ғылымы өзінің табиғи негізінде дамыған өркениетті елдердің тәжірибесіне тарихнамалық талдау жасау, ұлттың объективті де танымды тарихын ғылыми негізде жазуға мүмкіндік беретін шынайы тарих ғылымының пайда болып, қалыптасуының және дамуының өзіндік алғышарттары мен ортақ заңдылықтарының болатындығын және бұл істе субъективті факторлардың да маңызды рөл атқаратындығын көрсетіп отыр.

Шынайы тарих ғылымының қалыптасуына алып келетін объективті алғышарттар мен ортақ заңдылықтарды анықтау және субъективті факторлардың рөлін ашып көрсету, бір жағынан, аталған елдердегі тарих ғылымының қалыптасу үдерісін сырттай да болса бақылауға көмектессе, екінші жағынан, салыстырмалы түрде өзіміздегі тарих ғылымының қазіргі жағдайын айқындап, келешек даму бағытына болжам жасауға мүмкіндік беріп отыр. Өйткені басқаларда бұдан 200-250 жылдай бұрын шынайы тарих ғылымының қалыптасуына алып келген объективті және субъективті факторлар ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында, бізде де айқын көріне бастады. Бұл кеш те болса, бізде де шынайы тарих ғылымының табиғи негізде даму мүмкіндігінің пайда болғандығын көрсетеді. Дегенмен ондай мүмкіндікті біздің өзгелерден басты ерекшеліктерімізді ескере отырып қана тиімді пайдалануға болады.

– Сонда ол қандай ерекшеліктер?

– Ол біріншіден, біздің тарихи тағдырымыздан туындаған ерекшеліктер болса, екіншіден, уақыт айырмашылығына сай туындаған ерекшеліктер. Егер аталған елдерде әңгіме тарих ғылымының пайда болуы және қалыпасуы туралы болса, бізде әңгіме өзімізде бар тарих ғылымын түбегейлі қайта құру туралы болып отыр. Аталған елдерде қазіргі тарих ғылымының негізі сол елдердің тарихи даму барысында ХІХ-ХХ ғасырларда табиғи жолдармен қалыптасса, біздегі тарих ғылымы негізі өткен ғасырдың 30-40– жылдары үстем большевиктік саяси жүйенің қойнауында және сол жүйенің мүддесіне сай пайда болып, қолдан қалыптастырылған ғылым. Сондықтанда аталған елдерде тарих ғылымы ұлттың төл деректерінің негізінде және сол деректерді танып білу арқылы, яғни деректанудың тарих ғылымының негіздерінің бірі және маңызды құрамдас бөлігі ретінде пайда болып, қалыптасуы арқылы жүрсе, біздегі тарих ғылымы КСРО деп аталған алып империяға адал қызмет еткен, кеңестік тарих ғылымының құрамдас бөлігі ретінде, белгілі бір саяси күштердің мүддесіне сай, ұлттың төл деректерінсіз және деректану ғылымынсыз қалыптасты. Бұл фактор біріншіден, Қазақстанның тарих ғылымының өзіндік ерекшеліктерін қалыптастырса, екіншіден, қызыл империяның күйреуіне байланысты Қазақстанның тарих ғылымын терең теориялық-методологиялық дағдарыс жағдайына алып келді.

Қазіргі Қазақстанның тарих ғылымының басты ерекшелігі сонда, бір жағынан қарағанда, бізде ғылыми-зерттеу институттары, ЖОО тарих факультеттері, түрлі зертханалар мен орталықтар, ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер сияқты, тарих ғылымының дамыған мемлекеттік жүйесі тоқтаусыз жұмыс істеуде, оның үстіне әртүрлі деңгейдегі ғылыми атақ-дәрежелер мен лауазымдарға ие болған тарихшы ғалымдар да жетіп артылады. Жыл сайын тарих мәселесіне арналған ондаған республикалық және халықаралық ғылыми конференциялар өткізіліп, тарихи еңбектер жазылуда. Соңғы уақытқа дейін жүздеген ғылыми диссертациялар қорғалса, бүгінде магистрлік және PhD диссертациялар қорғалуда.

Демек, сырттай бәрі де жақсы, бәрі де ойдағыдай. Менің тарихшы-әріптестерім тәуелсіздік жылдары тарих ғылымы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда деп, оған ондаған, жүздеген дәлелдер келтіре алады. Ал екінші жағынан қарағанда, яғни ішкі мәні мен мазмұны жағынан шығар болсақ, Қазақстанның тарих ғылымын өзінің тікелей міндеті болып табылатын, сол Қазақстан деп аталатын мемлекетті құрушы негізгі ұлт – қазақ ұлтының тарихын терең де жан-жақты зерттеп-зерделеу үстінде деп айта аламыз ба? Тарих бұрын қалай «Қазақстан тарихы» деп, қазақтың төл деректерінсіз және деректанусыз жазылса, қазір де солай жазылуда. Нәтижесінде шынайы да жүйелі жазылған қазақ тарихы бұрын қалай болмаса, сол болмаған күйінде қалуда. Осылай, бізде әлем тарихында сирек кездесетін ахуал қалыптасты. Дамыған, ресми мемлекеттік тарих ғылымының жүйесі бар да, сол мемлекетті құрушы ұлттың ғылыми тарихы жоқ. Сондықтанда, Мемлекеттік хатшы ҚР ұлттық тарихын зерделеу жөнінде арнай кеңейтілген отырыс өткізсе, Елбасы «Тарих толқынындағы халық» атты арнайы бағдарлама дайындауды талап етіп отыр.

– Иә, тарихнамалық талдау өте бір қызықты жәйттің бетін ашып отыр. Өзіңіз айтқандай, бір жағынан қарағанда, бізде тарих ғылымы тәуелсіздік жылдары өте тез қарқынмен дамыған сияқты, сонымен қатар, жүйелі қазақ тарихының жоқтығы да рас. Сіздің ойыңызша біздегі мұндай ахуал қалай қалыптасты?

– Әрине, мұндай адам айтса сенгісіз ахуал кездейсоқ қалыптасып отырған жоқ. Оның да өз себептері бар. Ондаған жылдар бойы қалыптасып, бәрімізге етене жақын үйреншікті болған дәстүрлі жолдан шығу, ғылымды ескі тәсілмен басқаруға әбден дағдыланған билікке де, тарихты зерттеудің ескі тәсілдерімен ғана қаруланған тарихшыларға да оңай емес. Егер, тарих ғылымын реформаландыру ісі мемлекет тарапынан аса күрделі проблемаларды шешуді талап етсе, тарихшылардан тарих ғылымының теориялық-методологиялық негіздері мен тарихи деректерді, бірінші кезекте төл деректерімізді, ғылыми мақсатта пайдалана білуге мүмкіндік беретін деректану сияқты аса күрделі ғылыми таным методын меңгеруді талап етеді. Министрлік те, тарихшылар да ондай түбегейлі өзгерістерге бара ала ма? Дегенмен, мемлекет құрушы ұлттың сұранысына сай келмейтін ғылымының, сол мемлекетте өміршең болмайтындығы белгілі. Сондықтанда, мемлекет атынан Білім және ғылым министірлігі реформаландыру сияқты ауыр да, азапты іске баруы тиіс. Тек ұлттық мүддеге сай реформаландыру ғана Қазақстанның тарих ғылымын сақтап қалумен қатар, оны жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Тарихшылар болса, тарих ғылымының теориялық-методологиялық негіздерімен қатар, деректану ғылымын да терең меңгерулері қажет. Онсыз олар ешуақытта да кәсіпқой тарихшы деңгейіне көтеріле алмайды. Бұл заңдылық.

Тәуелсіз үлттың талабы мен талғамына сай Қазақстанның тарих ғылымын реформаландырудың негізгі міндеттерінің бірі, ұлттық тарихнама мен деректану мектебін қалыптастарып, олардың Қазақстанның тарих ғылымындағы өз орнын алуына мүмкіндік жасау. Оның үстіне, тарихнама мен деректанудың тарих ғылымының негіздерінің бірі ретінде пайда болып, қалыптасуының объективті алғышарттары бізде де толық пісіп жетіліп, оның ортақ заңдылықтары мен субъективті факторлары көрініс бере бастады.

– Сонда ол қандай алғышарттар, қандай ортақ заңдылықтар? Солар туралы толығырақ айтсаңыз.

– Деректанудың ғылым ретінде пайда болуының басты алғышарты, ол қоғамда түбегейлі өзгерістің жүргізілуі, яғни қоғамның бір сапалық деңгейден, екінші бір сапалық деңгейге өтуі және соның салдарында ұлттық сананың оянып, ұлттың өзін-өзі тануға деген ұмтылысының пайда болуы. Мысалы, Англия мен Францияда болып өткен буржуазиялық революциялар, Германияда неміс жерлерінің бірігуі, Ресейдегі реформалар, сол елдерді тек экономикалық жағынан ғана дамытып қойған жоқ, сонымен қатар сол елдердің байрығы халықтарының ұлттық санасының оянуына да үлкен әсер етті. Аталған елдердегі ұлттық санасының оянуының айқын көріністерінің бірі, ағылшындар мен француздардың, немістер мен орыстардың, яғни мемлекет құрушы ұлттардың өзін-өзі тануға ұмтылысы. Ұлттың өзін-өзі тануға деген ұмтылысы, сол ұлттың өз тарихына табиғи қызығушылығын арттырды. Міне, осылай, бірінен-бірі туындаған қоғамдық құбылыстар ұлттық сұранысқа сай объективті тарихты жазудың қажеттілігін тудырды. Ұлттың объективті тарихын жазу ісі, сол ұлттың төл деректерін іздестіру, табу, жинау, жүйелеу және жариялаудан басталды. Тарихтың шикізаты ретінде мол көлемде жиналған деректерді тарих жазуға пайдалана білу, оларды «өңдеуден», яғни деректанулық талдаудан өткізу арқылы ғана мүмкін екендігіне терең түсінушілік тудырды. Міне, осылай, Батыс Еуропа мен Ресейде болып өткен түбегейлі қоғамдық өзгерістер салдарында ұлттық сананың оянуы, сол елдерде тарих ғылымының негіздерінің бірі, деректанудың пайда болып қалыптасуына алып келді. Ал тарихнаманың тарих ғылымының негіздерінің бірі ретінде пайда болуы, тарих ғылымының дамуымен тікелей байланысты. Тарих ғылымының пайда болып, қалыптасуы және дами бастауы, сол ғылымның өзінің тарихын зерттеудің қажеттігін туғызды.

Бұл біріншіден, қоғамдық түбегейлі өзгерістердің әртүрлі формада көрініс тапқанымен, мәні жағынан ұқсас екендігін көрсетсе, екіншіден, олардың бәріне де бірдей ортақ заңдылықтардың барлығын көрсетеді. Үшіншіден, басқа уақытта және басқа жағдайда болса да, сол заңдылықтар бізде де қайталануда. Егер басқа елдерде түбегейлі өзгерістер буржуазиялық революция, реформа немесе елдің бірігуі арқылы іске асса, бізде елдің өз тәуелсіздігін алуы арқылы іске асып отыр. Тәуелсіздік салдарында ұлттық сананың оянып, ұлттың өз тілін, өз тарихын іздей бастағандығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылысы, яғни шынайы тарихқа деген ұлттық сұраныстың пайда болуы тарихи деректерді іздестіру, табу, жинау, жүйелеу және жариялау қажеттілігін тудырды. Ол бәріміздің көз алдымызда, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы іске асты. Ендігі мәселе, сол жиналған мәдени мұраларымызды, яғни тарихи деректерімізді ғылыми айналымға тарта білу. Ал ол тек деректану ғылымы арқылы ғана іске асуы мүмкін. Ұлттың объективті жазылған шынайы тарихына деген қажеттіліктің тарихшыларды, басқа да зерттеушілерді деректану ғылымын меңгеруге алып келері күмәнсіз. Демек, бізде деректану ғылымының пайда болуының объективті алғышарттары толық пісіп жетілді деп айта аламыз. Ол енді «Тарих толқынындағы халық» атты бағдарлама аясында іске асырылады деп сенемін.

– Олай болса, бұл істе субъективті факторлардың рөлі қандай?

– Әрине, тарихнама мен деректанудың қалыптасып, тарих ғылымындағы өз орнын алуы субъективті факторларға, яғни нақты субъектердің еңбегіне, дәлірек айтқанда, ондаған, жүздеген жеке адамдардың саналы да, мақсатты іс әрекеттеріне де байланысты. Мысалы, қазіргі Германияда ұлттық сананың қалыптасуында неміс халқының тарихи құжаттарын жинап жариялаудың да рөлі өте үлкен болды. Бұл істің бастауында белгілі мемлекет қайраткері, либерал-реформатор Г.Ф. Штейн тұрды. Соның ұйымдастыруымен 1819 жылы «Ежелгі тарихи деректерді зерттеу қоғамы» атты ғылыми ұйым құрылды. 1830 жылы неміс тарихшысы Г.Вайцтің жетекшілігімен «Герман тарихының деректануы» атты библиографиялық еңбек жарық көрді. Еңбекте «деректану» деген термин бірінші рет қолданылды. Мұндай мысалдарды жоғарыда аталған басқа елдердің тарихынан да көптеп келтіруге болады. Мысалы, Ресейде І Александар патша тарихшы Н. Карамзинге 23 жыл бойы барлық жағдайын жасап 12 томнан тұратын «Истроия государства Российского» атты іргелі еңбек жаздырды. Ал, егер, өзімізге келер болсақ, Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың ұлттың тарихи санасын қалыптастырудың маңызына үнемі көңіл бөліп, «Тарих толқынында» атты арнайы кітап жариялауы, «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылдануына бастамашылдық танытып, сол бағдарламаның логикалық жалғасы ретінде «Тарих толқынындағы халық» атты бағдарлама дайындауға тапсырыс беруі, Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің ұлттық тарихты зерделеуге қатысты арнайы кеңейтілген отырыс өткізіп, Қазақстанның тарих ғылымының келешек даму бағытын айқындауы жәнеде басқа көптеген қоғам қайраткерлері мен тарихшыларымыздың осы бағытта көптеген істер атқарулары, бізде де субъективті факторлардың айқын көріне бастағандығын көрсетеді.

«Тарих толқынындағы халық» атты бағдарламаның қабылдануы, бұл үдерістің одан әрі дамуына әсер етері күмәнсіз. Демек, бізде де толық қанды тарих ғылымының қалыптасып, шынайы қазақ тарихының жазылары заңдылық.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Берік БЕЙСЕНҰЛЫ


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?