«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев
Бұл күн тарих бетінде

Әлиханның бір жолдасы

2657 0
Әлиханның бір жолдасы
«Әлекеңнің бір жолдасы – қарқаралық қаракесек Хасен Ақайұлы, найман Зайсан елі Қыдырмолла – байжігіт»

Профессор Сағымбай Жұмағұл құрастырған «Естеліктегі Алаш» жинағында ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның інісі Смахан төре осылай дейді. Алаштың саяси қайраткерлері ел ішінде беделді, ауқатты қазақ байларына, дала шонжарларына арқа сүйеген. Мұндағы Ақайдың Хасені – исі алашқа белгілі тұлға, меценат, бүгінгі тілмен айтқанда филантроп ретінде танымал адам. Ал Қыдырмолда Құрманқажыұлы жайлы біз не білеміз?  Ұлт көсемінің жолдасы деп бағаланған оның өмір жолы қалай қалыптасты, нендей еңбек сіңірген, тарихтағы орны қандай деген сауалдарға жауап іздейміз.

Әдетте алаш тақырыбында қалам тербегенде әркім өз жерінен, өлкесінен шыққан, ұлт-азаттық күрестің бел ортасынан табылған қайраткерлерді зерттейтіні заңдылық. Шығыс өңірде Алаш қайраткерлері ретінде Биахмет Сәрсенұлы, Райымжан Мәрсек, Адамбек Бекмұхамедұлы сияқты санаулы тұлғалар аталғанымен, әлі де белгісіз, еңбегі түгілі есімі айтыла бермейтін, нақты зерттелмеген тұлғалардың шығуы әбден мүмкін. Осы орайда біз бүгінгі кейіпкеріміздің Алаш қозғалысына қатысы бар-жоғын, бір дәуірде өмір сүрген ұлт лидері Әлиханға қалай жолдас болғанын мақала барысында шама келгенше жаза жатармыз.

Оқи отырыңыз: Алаш жолымен

Әңгімеміздің әлқиссасы Қыдырмолла Құрбанқажыұлының туған жылы мен жері, өскен ортасы мен ағайын-туыс, әке-шешесі жайынан басталады. Қыдырмолла 1860 жылы Терісайрық болысына қарасты Қызылащы өңірінде дүниеге келген. Ататегін таратсақ, найман тайпасының байжігіт-жұмық атасынан, алты жұмықтың ең бір белді руы – сайболаттан шығады. Әкесі Құрбанқажы (тарихи деректерде Құрманқажы деп те айтылады) – тарихи тұлға, өзі батыр адам, 1860 жылдардағы манжур әскеріне қарсы күресте жұмық қолын бастаған. Жас кезіндегі аты Қоңыз болған батыр бабамыз жайлы «Қоңыз батыр қалай Құрманқажы аталды?» деген мақаламыз ертеректе жарияланғанын ескереміз, сондықтан ол жайында қайталап жатпаймыз. Қыдырмолда – Құрбанқажының бәйбішесі Үкі шешемізден туған екінші ұлы.

Жас Қыдырмолда баланың зерегі болып өседі, оның көшбасшылық қасиеті ерте қалыптасқан екен. Әкеден қалған ен байлық пен дәулетке тербеліп өскен ұл бай баласына тән жастайынан еркелігі болған. Ел естелігіне қарағанда ол шапшаң мінезді, кең, қайырымды азамат дегенге саяды.

Алдымен өзінің ең жақын ағайын-туысына, отбасы мен әулетіне әрдайым ақылшы, кеңесші болуымен көзге түсіп, кейін мұнысы ауыл, аймақ арасына тарала бастайды. Өзі саналы жан заман ағымын, уақыт бедерін тап басып таниды, ел-жұрттың оқу-білімге жұмылып, сауаттануына ден қояды. Сөйтсе де қыр қазағына тән, дау-жанжалға толы стихиялық оқиғаларда Қыдырмолда есімі кездесіп қалады. Ел аузында сақталған сондай әңгімені «Ғасыр көші» кітабында қоғам қайраткері Сағынбек Ақановқа әкесі Ақан Төлендіұлы әңгімелеп берген. Бұл тосын оқиға Құрбан қажының қартайып, ел билігі Қыдырмолдаға 1893 жылдары болған деп жорамалдаймыз.

Танау батырды атқан кім?

«Сайболат жұрты мен Тәуке елі Қарақұла мырза мекен етіп келген «Қызыл қайың» деген жерге таласып, руаралық текетірестің соңы үлкен жанжалға айналады. Екі жақта қол жасақталып, қарулы қақтығысқа ұласып, бетпе-бет келген шақ туады. Әкіжан кыстауы мен Тапының шығысындағы биік төбенің Шерімбай жағынан Тәукенің жасақтаған қолы шыға келіп, көз салғанда Тайынша қорадан Жалғызталға дейінгі жалпақ дала Сайболаттың қаптаған қалың қолына толып тұр екен дейді. Махмұтхан Кенжиннің дерегіне сүйенсек, тәуке жағы мың қаралы адам болса, сайболаттар екі жүздей адам екен. «Алдын ақ топырақты биікті алқымдап, шеп құрып тұрған екен. Осыншама қарақұрым кең жатқан көп қолды көріп, Тәукенің ішінен Танау батыр «Жекеге! Жекеге!» деп атой салып шыққан екен дейді. Сайболат ішінен Танау батырға қарсы келетін адам шықпайды. Сонда Қыдырмолда жанындағы мергеніне «ат» дейді. Бірақ ол көздей беріп, «көзім бұлдырап кетті» деп көзін уқалай берген екен. Сол кезде Қыдырмолда мылтықты жұлып алып, Танауды көздеп атып жіберіпті».

Ал бұл оқиғаның тағы бір нұсқасында (М. Кенжин) «осы мергендердің ішінде есіріктеу біреуі болса керек, тәуке адамдарын ұйымдастырып ақбоз ат мініп, ары-бері ойқастап жүрген Танау батырды атып түсіреді». Қалай болғанда да Танау батыр сайболаттар жағынан атылған оқтан ауып түседі. «Осы кезде жоғарғы Мойынши тұсынан қаптаған қалың қол шаңдатып, Тәуке руының жасағы тұрған бетке лап берген екен. Қол бастаған батыры қаза болған Тәуке жағы шаңдатқан қалың қолға қарсы шықпай, шегіне беріпті. Сөйтсе Тәуке қолын сескендірген Сайболаттың жасағының алды екі жүздей атты адам екен де, соңы көзге көп етіп көрсету үшін айдаған түйе болған деседі».

Танау батырдың сүйегін алып кеткен сайболаттар жағы оны өзеннің суын басқа жаққа бұрып, арнасына жерлеген дейді. Кейінірек жағдайды естіп білген әке Құрбан қажы ұлына ақыл-кеңес айтып, Танау батырдың өлімі үшін ердің құнына тең ат-түйе айыбын толық өтеп бергізіпті. Бірақ Тәукенің сөзін ұстап жүрген басшысы Әбділдабек бұған көнбей, Семейдегі губернаторға: «Қыдырмолла адамымызды атты, ауылымызды шапты. Құнымызды алып бер!» деп ай бұрын шатыр тіктіріп, ұлықты шақыртады. Тәуке жағы пара беріп ұйымдастырған төтенше жиында Қыдырмолданы жауапқа тартпақ болады. Ресей патшасы берген оқалы погонды тағып, алтын орденін жарқыратып шатырға енген Қыдырмолданы көрген орыс ұлықтары бас шайқап, таңдай қағып қала беріпті. Сөйтсе, Қыдырмолда алған сый-сияпатқа қарап, келген басшылар оны тергей алмайтындарын ашық мойындаған ғой.

Осы оқиғадан кейін екі ру арасындағы жер дауы мен өмірлік мәселелер бейбіт шешілетін күнге жеткен.  

Қыдырмолда – халық қамқоры

Руаралық қақтығыстарда қолына қару алуға мәжбүр болған Қыдырмолда кісі қанының сұраусыз кетпейтінін артық сезінеді. Ол – өмірінде қажы сапарына әкесі секілді екі рет барған адам. Тарбағатай өңірінде қажы сапарына екі рет барған тұлғалар: Бөгіс Шаянбайұлы, Бұтабай Жондыұлы, Құрбанқажы Кенжеұлы, т.б.

«1894 жылғы сапарда Бұтабай қайтыс болғаннан кейін әкелі-балалы екеу оның қалған қаржысын Мекке Мәдинеде жеті жыл оқып жатқан Әбдрахман деген азаматқа беріпті. Кейін Әбдрахман Зайсан жеріне оралып, сол қаржыға мешіт салдырған» деген дерек 2008 жылы 17 қаңтарда облыстық «Рудный Алтай» газетінде көрсетілді.

Осылайша 1874 жылы және 1894 жылы қажы сапарларынан аман-есен оралған Қыдырмолда әкесінің билігінен соң, сайболат елінде болыстық қызметін 1893 жылдан совет үкіметі келгенше атқарған. Шекара бойындағы ел-жұрттың хал-ахуалын, заман ағымының қайда бет алып бара жатқанын, онда да болашақ тағдыр патшалық Ресей мен Қытай елінің бірін таңдауында қаларын жақсы сезінген.  

Теріскей Тарбағатай жұртының Ресейге бағынышты ел болып, саяси сипатын терең білген, сөйте тұра орынсыз қадам, сәтсіз реформаларды бәрін тұтастай сіңіре бермеген. Текті әкеден берілген тәлім бойынша әділ, кішіпейіл, халыққа жағымды, парасатты болуды үйренген ол сол кезеңдегі орыс билеушілерінің  алман-салығына орынсыз жол бергізбейді. Қыдырмолла кажының інілері, балалары орыс тіліне жетік, патша заңынан хабары бар екен. Орыстың одыраңдаған ұлықтары сайболат руын басқа болыстықтағы елдердей басына алмапты.

«Оқу-білім бар жұрттар...»

Оқу-білім демекші, Тарбағатай еліне 1917 жылдың аласапыраны басталмай тұрған бейбіт шақта ағартушы демократ Сұлтан Махмұт келіп, бала оқытқаны тарихтан белгілі.

Ақын әрі мұғалім Сұлтан Махмұттың тарбағатай елінде болуы әлі дұрыс зерттелмей келе жатқан – тақырыптың бірі, бұл жайында іргелі зерттеулер жоқтың қасы. Осы дәуірді жазып жүрген ғалымдарымыз бен жазушыларымыз тиіп-қашты деректер келтірген болады, алайда толық жазылған, барлығы қамтылған, жөні түзу еңбек әлі жазылған жоқ. Десе де, көңіл демдейтіні, Сұлтан Махмұт шығармашылығындағы аз-кем әңгімелер, ел аузында сақталған ескі сөздер бар.

Ақын Тарбағатайда болғаны жайында «Жазықсыз тамған қан» атты очеркінде толық баяндайды, осы туындының кіріспесінде: «13 августа Тарбағатай атанған таудың арғы бетіндегі Қытайға қараған елде едім. Тарбағатай жотасынан созылып түскен әрбір салалардың арасы сайын сарқырап аққан бұлақ, жағасындағы көгал  жер, жырақтарда ақ боз үйлі қазақ ауылдары еді. Біз бұл  ауылдарды аралап, біріне қонып, біріне түстеніп жүріп, бүгін үшінші коналқаға Мәсәлім деген бидің ауылында едік.  Менің еріп жүрген кісілерім бұл елдердің сыйлайтын ағайындары болғандықтан, олар көрген сый-құрметке мен  де ортақ едім» деп жазады. Ел жақсыларына ортақ Сұлтан Махмұтты Қыдырмолданың әкесі Құрбанқажы да аттай қалап шақыртып алады.

Әке пәрменімен жаңаша ашылған мектепте Сұлтан Махмұт Қыдырмолданың бауырлары Мырзасадық, Халым, Молдасадықтарға және баласы Ғабділмәлікті де оқытады. Кейін Қыдырмолла Мырзасадықты Семейдегі орыс мектебіне, Уфа қаласынан келген оқымыстылар сабақ беретін гимназияға жібереді. Кейін Алаш қозғалысына қатысады. Бұл тұлға жайлы алдағы уақытта бөлек әңгіме қозғайтын боламыз. Соңынан Кыдырмолла өз балалары Арынтай, Халық, Әнуарбектермен бipгe немepeci Айтқазыны да Семейдегі орыс мектебінде арнайы оқытып, орта білімді маман етіп  шығады.

Қыдырмолда жастық замандас көңілмен «Махмұт» деп атаған. Біздің тараптан Сұлтанмахмұт есімін ерекшелей жазуымыздың сыры осында жатыр: қазақы аты-жөн нұсқасы бойынша «Сұлтан Махмұт» деп жазылуға тиісті. «Барқытбел байрайында» кітабының авторы Рамазан Әбілмәжінов мынадай бір қызық оқиғаны жазады: «Содан бір күні Қыдырмолда Махмұтқа Қайырбай биге хат жазып беруді сұрайды. «Менің жылқымнан ұрық алуға ұрлап алған айғырымды қайтарсын», – дейді. Сұлтан Махмұттың өзі де Қайырбай биге онша іш келмеген, бір реніші ішінде жүрсе керек:

Ассалаумағалайкум!

Би Қайырбай, қисық мұрын,

Күреңімді ұрлаған сенің ұрың.

Күреңім өзі жүйрік, өзі жорға,

Тезірек қайтарыңыз даудан бұрын.

Айғырымды арқыратып, мініп жүр сенің ұлың.

Маңырақтан көп жылқың ауса бізге,

Менен көрме, малымды қайтар бүгін, – деп жазыпты.

Қыдырмолда: «Махмұт-ау, мынау ұят болады» десе, «Мен басқадай жаза алмаймын» деп жауап беріпті Сұлтан Махмұт ағартушы».

Бұл хаттың дақпырты жасы ұлғайған Құрбанқажының құлағына тиеді. Баласына тоқтау салып, хатты жібертпеген екен.

Аласапырандағы амал

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде патша қазақ даласынан әскер алу жарлығын шығарған кезде осы кезде Зайсан уезінің аға сұлтаны Бұтабайдың қарамағындағы 29 болыс ел жиылып, соғысқа бала бере алмайтындарын, қажет болса азық-түлік, ат-көлік қосатындарын білдіріп талап қояды. Елдің арыз-арманын арқалап Қыдырмолла патшаның Орынбордағы генералына барады. Халық талабын қаймықпай жеткізеді. Генералды көндіріп, әскерге адам бермей, ат-көлік, азық-түлік беретіндей етіп көндіреді. Бұл жазалаушы жасақ шығып, қырдағы момын елге қырғидай тиюден сақтандырудың Алаш арыстары айтқан ізгі амалы болатын. Алаш қайраткерлерінің 1916 жылғы ұстанымы қазақтың өрімдей жастары окоп қазу жұмысына тартылып, майдан шебіне баруды үгіттеу, сол арқылы Шығыс Еуропа жұртын тану, тілін үйренуді жатпай-тұрмай «Қазақ» газетіне жазып жатты. Мұны сонау шығыстағы шеткі елді мекен, болыстықты басқарып отырған Қыдырмолда түсініп отыр деген сөз. Әзірге нақты архивтік дерек шықпайынша, Әлекеңе жолдас қылған Қыдырмолданың осы әрекеті дегенді тиянақ ете тұрмақпыз.

Бұтабай аға сұлтанға қарасты болыстардың ішінде өзіндік қадір-қасиетке, бет-беделге ие болғаны да осы Қыдырмолда қажы. Бір тарихи деректерде Ресей-Қытай шекарасын бөлген кезде Ресей елшілігімен бірге осы жұмысқа қатысқан, осы ісі үшін Ресей патшасынан белгілі дәрежеде марапатқа да ие болыпты.

Қызылдар қысымы

Қыдырмола қажыны совет үкіметі қолға түсіруге қанша тырысқанымен, ұстай алмаған. Ол әулетіне тиісті сексен адамдық қару-жарақты әр ұлының үйіне жасырып, сақтап жүреді екен.

1920 жылы қаңтар айында Құрбанқажы Нұғыман және Төгісұлы Әбділдәбек деген болыстарды шақырып алып: «Мына заманның беті жаман Қытайға көшейік, мен сондағы туыстарыма сендерге қоныс дайындап қойыңдар деп хабар жібердім» дегенді айтады. Сонда Нұғыман «жазда жайлау үстінде көшейін, қазір үдіре көшсем, халыққа зияным тиеді», – деп жауап қатыпты. Қыдырмолдаға арғы бетке өтуді ұсынған қажының өзі Мәке деген бәйбішесінен туған Ғалым, Мырзасадық, Молдасадық деген үш баласымен көшпей қалып қояды.

1924 жылғы тамызда Ақжар аудандық құқық қорғау орындарының Құрбанқажыны ұстау туралы бұйрығы шығады. Атақты батырды ізіне Дмитрий деген застава қызметкері әскер бастап түседі. Әрине, жасы ұлғайған қарт жауынгер қашуды мүлде ойламаған. Жасақ қажының үйін қоршағанда ол намаз оқып жатқан уақытқа сай келеді. Қажы парыз намазында «Ассалаумағалейкум!» деп алдымен оң, сосын сол жағына сәлем еткенде Дмитрий шекарашы жасақты шегіндіріп әкетеді. Өңі бозарып кеткен оның жүзі біраз уақыттан соң қалпына келіп, жүзіне қан жүгіреді. Сөйтсе, өзінен басқа ешкім көрмеген бір тосын жағдайды әскеріне баяндайды. Айтуына қарағанда, ұсталуға тиісті адам шарапатты кісі екен, ол екі жаққа сәлем бергенде сақалының арасынан жыландар ысылдап өзіне тура атылыпты. Содан бастап Құрбанқажыны ұстауға ешкімнің жүрегі дауаламаған. Ол 1925 жылдың 25 қыркүйегінде Қызылащыда өз ажалымен қайтыс болған.

Совет үкіметі шығыс өңірдің ең шеткі нүктесіне жеткенде аймақтың соңғы болыстарының бірі Зейнолла Бұтабайұлының арғы беткен еріксіз көшкенін жазғанбыз. Қытай жеріне өткен Зейноллаға баж салығын шектен тыс қосу және оның сегіз түйеге артқан қымбат бағалы жасауын Таңғыттың шауып алуы жайлы хикая ел арасына кең тараған. Ал атақты Еңсе қажы қытай ұлықтарына 300 ат, 200 өгіз беріп жүріп, ішкері көшкен қалмақтар жерін сұрап алып, елін қоныстандырған.

Арғы беттегі ахуал

Біздің кейіпкеріміз Қыдырмолда ол жақта туған-туыс ауылымен жайылымдық жерді жалға алып қарапайым күн көрген. Басы артық мал өсірмеген. 1948-1953 жылдардағы арғы беттегі аласапыранда – тап айыру кезеңінде ірі жер иесі, аса бай деген айыптардан таза құтылған. Әрине, 1951 жылғы «жоғарғы таптың өкілі, бай» деген көрсетіндімен оның үйі тінтілген, екі алтын тон мен алты орденді тәркілеп алған.

Оның саяси мансабы теріскей Тарбағатаймен тәмамдалып, оқып-білім алған ұлдары Қытай жақ бетке таныла бастайды. Ұлдары демекші, Қыдырмолланың екі бәйбішесінен сегіз ұл, төрт қыз туған. Ұрпақтары таратқан шежіреге қарағанда, Қыдырмолда атамыз бес рет үйленіп шаңырақ көтерген. Үлкен бәйбішесінен Ниязбек есімді ұл көреді. Екінші әйелінен туған Күләжан деген қызын Таңғыт үкірдайдың баласы Айдарханға ұзатқан. Сымағұл қажының (бір деректерде Шойтабан қажы) қызы Мәликеден Ғабдылмәлік, Заманбек, Әнуарбек, Талғатбек болса, төртінші әйелінен Уаңбай қажының қызы Сарымсақтан Арынтай, Халық, Шәмшөр, Шәйзат деген балалар көрген. Бесінші рет Алтайдағы Құдайберген төренің Мәкені ұнатып, одан Ұғымбек және Негізузат есімді ұл-қыз сүйген.

Қыдырмолданың әпкесінің есімі – Бітіри. Ал Бітіридің жары Демежан – керейден шыққан белгілі оқыған азамат, батыр, үкірдай. Демежанның тарихи тұлға екені, оның қазақ-қытай шекарасын бекемдеген ерен еңбегі қазақтың қабырғалы жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романында шынайы суреттеледі. Мың қаралы адамның ішінде басы асып тұратын Демежан Қытайдағы сатқын жазалаушылардың қолынан мерт болады. Мұны естіген Құрбан қажы қызын төркініне алдырмақ болады, бірақ Бітіри қайтпай, ерінің отын өшірмеу үшін сонда қалады. Бұл жайында ақын, ғалым Жанат Әскербекқызы «Бітіридің елге сәлемі» деген өлең жазды.

Қашанда халық тағдырын ойлаған кемел басшы, қажы әрі шежіреші Қыдырмолда Құрбанқажыұлы 1945 жылы Қытай жерінде Шәуешек қаласының Еміл ауылында өз туыстары ортасында құдай ажалымен дүниеден өтеді. Зираты (көрген кісілердің айтуынша, басы кертілген адам бойындай қызыл тасбелгі қойылған) Дөрбілжің қаласында тұр.

Осындай өмір сарсаңын кешкен Қыдырмолда ұрпақтары әкелерін Қытай жеріне жерлеп, 1955, 1962 жылдары туған жерге оралады. Бір әулеттің басына түскен ауыр кезең, тағдырлы жылдар – тұтас қазақ тарихының бөлшектенбес белгісіндей.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English