«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

ҚОҢЫЗ БАТЫР ҚАЛАЙ ҚҰРБАН ҚАЖЫ АТАЛДЫ?

4210 0
ҚОҢЫЗ БАТЫР ҚАЛАЙ ҚҰРБАН ҚАЖЫ АТАЛДЫ?
Бас сардарлыққа сайланған Қоңыз батыр жеке батырлық кайратымен де, кемелді қолбасшылық парасатымен де халық қаhарманына айналады

Тарбағатай жері тарихи тұлғаларға кенде емес. Туған халқының басқалқасы, жел жағына ықтасыны болып, жерін қорыған аға сұлтанға парапар Бұтабай болыс, Ұлтарақ би, Құт Шаянбай, Құрбан қажы, Уаңбай балуан,  Еңсе, Сиырбай, Шойтабан, Ақыш қажы, Зейнолла, Бөгіс, Төгіс, Әбділдабек, Нұреке секілді болыстардың қасиетті есімдері ел тәуелсіздігімен бірге қайта жаңғырды. 

Осы өңірдегі 1826 жылы орыс патшалығына бодан болмаймыз деп ашық қарсы шығып ақыры сол үшін құрбан болған Қожагелді батырдың аттарын білгенімізбен, елеулі ерліктері мен еткен қызметтері жайындағы деректер тым аз. Ұлт тарихында алдымен батыр болып, кейін қажыға барған қазақтардың тарихы да қызықты. Сондай тұлғалардың бірі – Құрбан қажы Кенжеұлы.

Баланың бастапқы аты – Байқоныс

Қоңыз батыр 1840 жылы дүниеге келген. Батырдың әкесі Кенже туралы деректер аз, десе де ол қырық бес жасында көрген тұңғыш ұлын Байқоныс деп атаған екен. Атадан балаға мирас болып әңгімеленетін айтылған тарих желісі бойынша бала Байқоныс алты айлығында еңбектеп, көпшілікті қимылының шапшаңдығымен тәнті еткен екен, содан кейін оны «кішкентай қара қоңыз» деп еркелеткен дейді. Расында да өте тынымсыз, қолды-аяққа тұрмайтын баланы ауыл адамдары да осыдан бастап «Қоңыз» деп атап кеткен екен.

Шекерхан Әзмұхамбетовтің «Біз көрмеген Орқашар» тарихи этнографиялық жазбаларында жас Қоңыздың балалық шағы, ат жалын тартып мінген азамат кезі әсерлі баяндалады. Әсіресе көнекөз қария Мұхамеден Көдеұлының айтуы бойынша жазған естелікте өң-түсі суық, мұздай қаруланған дұшпан жасағын соның алдында ғана түнгі жылқы күзетінен келген жас батыр Қоңыз ауылды басына көтерген үрейлі дауыстардан шошып оянып, қолына қару да алып үлгермей, үйден жүгіре шығып, жауға қарай беттейді. Қотан шетінде жатқан бақанды ала салып, шыр айналдыра өзіне жауды жолатпайды. Табиғатынан шапшаң, қағілез Қоңыз бақанның бір басын жерге тіреп секіргенде қотанның бір шетінен екінші шетіне түседі екен. Сөйтіп жаудың бетін өзіне қаратып, ауылдан аулақ әкетіп, өзі де қашып құтылған.

Бұдан кейін Тарбағатай және шығыс өңірі бойынша атағы да Қоңыз батыр деп аталып, даңқы жайылады. Кейін мұсылмандық парызын өтеу үшін қажылық сапарының алдында Абай ақынмен кездескенде ол «Мұсылман еліне бара жатырсың, ол жақтағылар атыңды сұрайды. Қоңыз деп айтсаң, өз тіліндеріне аударған олар күлуі мүмкін, сондықтан атыңды мен Құрбан деп өзгертейін» деп айтқан екен. Бұл туралы «Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты кітабында ақын Ырысбек Дәбейұлы анық баяндайды.

Байжігіт көтерілісі және Қоңыз батыр

Ұлы Отан соғысы деп біз тарихта қазақ-жоңғар соғыстарын айтуымыз керек деп көптеген тарихшылар тұжырым жасайды. Әмірсананың ең басты саяси қателігінің кесірінен бір кездері дүркіреген Жоңғария мемлекетін Қытай әскері біржолата құртып тынды. Белгілі қоғам қайраткері сағынбек Ақанұлы «Ғасыр көші» атты кітабында бұл жағдайды былайша сипаттайды: «Жоңғар соғысынан кейін де қазақтың айы оңынан туа қойған жоқ. Өз шекарасы нақтылы анықталмағандықтан Қытай мен Ресей сияқты алып екі империяның арасында болып, қиыншылықты көп көреді. Ресей Қытаймен 1861 жылдан бастап Шәуешекте келіссөз бастады. Осы келіссөз үш жылға созылады. Тек 1864 жылы 7 қазанда Шәуешек қаласында Қытай мен Ресей екі ел шекарасын белгілеудің шарттарына келіседі. Осы шартта жер қай мемлекетке қараса, оны мекендейтін ел де сол мемлекетке қарасын деген уағдаластық болады. Бірақ екі мемлекеттің арасындағы шекара бекігенге дейін Қытай билеушілері жергілікті халықты шауып, тонап азаптауды тоқтатпады». 

Осы кезде «Байжігіт көтерілісі» деген атпен жаңа қақтығыстар тарихта пайда болады. Бұл соғыстар Қоңыз батырдың атының шығуына тікелей әсер етті. «Байжігіт көтерілісі» деген атпен қалған осы дүрбелеңде Шығыс өңірге баса көктеген Цин империясының жасақтарымен Қоңыз батыр (Құрбанқажы Кенжеұлы) бастаған казақ сарбаздары жан аямай қарсыласады. Соғыс шиленісе келе, торғауыттарды көп қырғынға ұшыратып, жау әскерін кейін қуып тастайды.

Бұл деректерді тиянақтау үшін белгілі ғалым-жазушы Зейнолла Сәніктің еңбектеріне сүйенеміз. Онда «Қабанбай батырдың үшінші ұрпағы Әділбек батыр мен төртінші ұрпағы Сүлеймен би шығыстағы алып патша Манчың патшасының озбырлығына қарсы атақты Байжігіт көтерілісі деген көтерілісті ұйымдастырып, Қытайдың Тарбағатай аймағына билік жүргізіп тұрған Манчың ұлықтарын қаладан қуып шығып, оларды сонау Үрімжі іргесіндегі Құтыби-Манас өңіріне дейін өкшелей қуады. Сол жерде 4-5 жыл хандық құрады. Бұл кезде Қабанбай әулетінен мәмбет Отыншы би хан тағына отырып, Әділбек батырмен жұмық Қоңыз батыр бас сардарлық міндет атқарады. Бұл да Әділбек батырдың орда бұзар отыз жастар кезі еді. Кейін Әділбек батырдың ісін баласы Сүлеймен би жалғастырып, 29 жасында дала демократиясы бойынша билік басына келіп, екі патшаның алма кезек қырғынына тап болып, торғайдай тозып кеткен халқының басын құрап, сонан біртіндеп мынау шығыста жатқан қалың қазақ еліне төбе басы болып сайланады».

Осы дерек бойынша бас сардарлыққа сайланған Қоңыз батыр жеке батырлық кайратымен де, кемелді қолбасшылық парасатымен де халық қаhарманына айналады. Жаугершілік аяқталғаннан кейін өзін қуғындаған Қытай әкімшілігінен қауіптеніп, Ресей ықпалындағы аймақта, өзінің ата қонысы Барқытбел баурайында ғұмыр кешеді.

«Жаңа мизам» жарлығы мен жаңа лауазым

1868 жылы Россия патшасының «Батыс Сібір қазақтарын басқарудың уақытша Ережесі» өмірге келеді. Бұл Ережені қазақтар «Жаңа Мизам» деп атады. Осы Ереже бойынша болыстар сайланып қойылатын болды. Халық арасында ежелден-ақ атағы бар, айбыны мен беделі күшті тұлғалар болыстық қызметке тағайындалды.

ХХ ғасырдың басында совет үкіметіне дейін Жұмық елі қоныстанған Тарбағатай жері мынадай төрт болысқа бөлінген:

1.Терісайрық болысына негізінен Жұмықтың Болат, Сайболат, Қараша руларының және  Тоғас елінің ата қонысы жатады.

2. Шілікті болысына Қожан елі мен Бұрымбет рулары кіреді.

3. Маңырақ  болысына Сатының өскен елі Есенкелді, Дәулетбай және Қайқы, Төлебай елі жатады.

4. Шорға болысына негізінен Тәуке руының ата жұрты, Көнші елінің Тарбағатайды мекендеген адамдары кірген.

Билеушін Босқынбаевтың ықпалымен Хабарасу болысы құрылды.

Тарбағатай халқының болыс болған Құрбан қажы, Билеушін болыс, аға сұлтан Бұтабайқажы, Зейнолла болыс, Құт Шаянбай, Бөгіс, Төгіс болыс, Әбділдабек болыс, Нұғыман болыс, Нұреке болыс есімдері тарихтан белгілі.

Құрбан қажы атанып, Тобықты елінің билеушісі Құнанбай Өскенбайұлымен, Шілікті болысы Бұтабай Жондыұлымен бірге мұсылмандық парызын өтеп, Меккеге қажылыққа барады. Бұл 1874 жыл болатын. Екеуі замандас ретінде бір-бірінің қадірін түсініп, сыйласып өтеді. Жалпы Құрбан қажы – өз өмірінде екі рет қажылыққа сапар шеккен адам.

Бұтабаймен бірге сол жолы Құрбан қажы және оның ұлы Қыдырмолда бірге барған деген дерек бар. Меккеде Бұтабай қайтыс болғаннан кейін Құрбан қажы мен Қыдырмолда оның қалған қаржысын Мекке Мәдинеде жеті жыл оқып жатқан Әбдрахман деген азаматқа беріпті. Кейін Әбдрахман Зайсан жеріне оралып, сол қаржыға мешіт салдырған деген дерек 2008 жылы 17 қаңтарда облыстық «Рудный Алтай» газетінде көрсетілді.

«Қылмыс» романындағы Қоңыз-Құрбанның бейнесі

Тағдырлы жазушы Қажығұмар Шабданұлы «Қылмыс» атты алты томдық романында Қоңыз батыр бейнесін шынайы суреттейді және оны роман кейіпкерлерінің (Тынысқан, Арысбек, Елсадық) аузымен айтқызып шеберлік танытады. Екі адамның арасындағы диалог арқылы Қоңыз батыр заманы мен соған қатысты басқа да тұлғалар өмірінен көптеген деректерді ұғуға әбден болады.

«Шынжаңда Мәнчің хандығына қарсы көтеріліске ең күшеп қатысқан кісінің бірі Қоңыз батыр деп қана естігеніміз бар, – деді Арысбек, – сол кездегі мекені қай жер ол кісінің?» деген сұраққа Елсадық «Осы Тарбағатайдың теріскейі екен. ...Ол кезде шекара шектеуі болмаған. Ол беттен бұл бетке қазақтар ауыс-күйіс жүре береді екен. Мал ауысып, сүйек шатыс құдалығын, туысқаншылық байланыстарын қуалап, аралысып тұратын. Әкесінің туыстары түгелімен осы жақта болған соң, Құрман дерлік осы жақтың адамы сияқты жүріпті» деп жауап қатады. Ал «Көтеріліске Қоңыз батыр қашан қатысқан?» деген сауалға жауап ретінде авторы кейіпкердің аузына мынадай сөздерді салады: «Мәнчің хандығына қарсы жергілікті халықтың көтерілісі көп болған ғой, 1866 жылы осы Мойынтал төңірегінде – Еміл бойында болған бір соғысқа қатысып қалған екен. Қатысайын деп те қатысқан емес, тосын кездесіп қалған көрінеді».

Манчың әскерімен болған соғыстарда ежелгі дәстүр – жекпе-жек сайысы өткізіліпті, сонда жау жақтың қолбасшысы жекпе-жекке жауап қайтармай, алыстан садақпен атқылауға бұйырған деседі. Бұдан ары қарайғы оқиға кітапта «Қоңыз атын тебініп қалып, дәл соның өзіне найзасын кезей ұшыпты. Қарабас сайысқа дағдылы өте шапшаң ат екен. Қорғаушылары жебе іліп көзеп, садағының адырнасын тартқанша Қоңыз құйғытып барып, найзасын өндіршектен сүңгітіп үлгеріпті дейді. Қолбасшы қорқырай құлағанда, қорғаушылары тым-тырақай қашқан екен. Қоршау ыдырап, армия шегіне бастапты. Қоңыздың соңынан көтерілісшілер де шабуылға өтіп, оған сырттан көмекші қол да келіп қалған екен. Мәнчің армиясы быт-шыт болып шығысқа қарай бөліне-бөліне қашыпты» деп сипатталады.

Бір қызығы, «Қылмыс» романында Қоңыз, Құрман, Құрекең атауы кезектесіп келіп отырады.

Снымен қатар Қоңыз тек арқалы батыр ғана емес, ел қамын ерте ойлаған көрегенді адам болған. 1920 жылы қаңтар айында Құрбанқажы Нұғыман және Төгісұлы Әбділдәбек деген болыстарды шақырып алып: «Мына заманның беті жаман Қытайға көшейік, мен сондағы туыстарыма сендерге қоныс дайындап қойыңдар деп хабар жібердім» дегенді айтады. Сонда Нұғыман «жазда жайлау үстінде көшейін, қазір үдіре көшсем, халыққа зияным тиеді», – деп жауап қатыпты. 

Ақырғы дамыл және қалған ұрпақ

Осылай жас кезінде батырға тән қасиеттерімен ел көзіне ерте түсіп, қолбасшы, бас сардарлыққа дейін көтерілген дала батыры Қоңыр – кейін дін жолына біржолата бет бұрып, иманға ұйыған қажы Құрбан 1924 жылы қайтыс болады. Оның денесі Тарбағатай тауының Китіңқара деп аталған күнгейінде, Аманқара қызылында жерленген. Бұл жер халық арасында Қызылащы деп те айтылады. 

Қоңыз-Құрбанның ұрпақтары жөнінде де тамаша деректер кездеседі. Құрбан қажы Кенжеұлының байлық пен дәулетке тербеліп өскен ұлы – Қыдырмолда. Ел аузындағы кейбір деректерге қарағанда Қыдырмолданың бай баласына тән жастайынан еркелігі болғанға ұқсайды. Ел естелігі шапшаң мінезді, келте қайырымды азамат болған дегенге саяды.

«Қыдырмолданың алғашқы жары Шойтабан қажының Мәлике (еркелетіп Мәшке деп атаған) атты жалғыз қызы болыпты. Жастайынан киім кешегі, мінетін атына дейін сәнделген екен. Мәликенің ер тұрманы алтын-күмістелген, атының тұсаулығы, жал-құйрығы, өмілдірік-құйысқанға дейін көзді өріммен, шашасы оқалы сылдырмақ күмістен жасалған дейді көне көздер. Бой жеткен кезде Құрбан қажы ұлы Қыдырмолдаға айттырып, үйлендірген. Ел аузында Қыдырмолда мен Мәлике жөнінде бірқыдыру әңгіме де жоқ емес. Ол оқиға кейбір басылым беттерінде белгі беріп, жазылып та жүр», – делінген «Ғасыр көші» кітабында.

Шойтабанның қызы Мәлике қайтыс болған соң, Қыдырмолда қажы Уаңбай балуанның қызы Сарымсаққа үйленеді. Қыдырмолда қажылыққа барып мұсылмандақ парызын өтегенін жоғарыда жаздық.  Әкесі Құрбан қажы өзі екінші рет қажылық сапарынан келген соң, бар билікті баласы Қыдырмолдаға тапсырған көрінеді. Оның заманы советтік қоғамның орнығуымен тұспа-тұс келеді. Тарбағатайдың бұл бетінде өмір тыныш болмаған соң, Қыдырмолда Қытай жеріне өтіп кетуге мәжбүр болады. Осындай өмір сарсаңын кешкен Қыдырмолда ұрпақтары әкелерін Қытай жеріне жерлеп, 1955,1962 жылдары туған жерге оралды.

Қыдырмолда Құрбанқажыұлының суреті

Құрбан қажының қызының есімі – Бітіри.  Ал Бітіридің жары – Демежан – керейден шыққан белгілі оқыған азамат, батыр. Демежанның тарихи тұлға екені, оның қазақ-қытай шекарасын бекемдеген ерен еңбегі қазақтың қабырғалы жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романында шынайы суреттеледі. Мың қаралы адамның ішінде басы асып тұратын Демежан Қытайға қараған жерде жазалаушылардың қолынан мерт болады. Мұны естіген Құрбан қажы қызын төркініне алдырмақ болады, бірақ Бітіри қайтпай, ерінің отын өшірмеу үшін сонда қалады. Бұл жайында ұстазым, ақын әрі ғалым Жанат Әскербекқызы «Бітіридің елге сәлемі» деген өлең жазды.

Бір таудың екі жағындағы ел ортақ тұлға Құрбан қажыны қатты сыйлап, қадірлеген екен. Арғы бет – Шығыс Түркістандағы азаттық күреске қатысқан батыр, кейінгі жылдары дүние ісінен суынып, иманға келген қажы ел-жұртына сыйлы, қадірменді ақсақал болады. Оның атын әлі күнге дейін ел аузынан тастамай айтып жүруінің өзі осыны аңғартады.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)  

 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English