
Алтай мен Атыраудың арасын қаншама ғасырдан бері үш жүздің баласы мекендеп келген болса, осынау ұланғайыр алқапта соншама тұнған тарих, әлі күнге ашылмаған сыр жатыр. Әсіресе өз ауылының арғы-бергі тарихына сол жерде кіндік қаны тамып, бір уыс топырағы мен әрбір тал тасын қастерлейтін ұл мен қыз тіпті де қанық болса керек-ті. Жақында дәл сондай туған топырағының тарихын зерттеп, халқының аманатын арқалап жүрген ғалыммен сұқбаттасуды сәті түсті. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, тарихшы Бақтылы Боранбаева биыл «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ қыздары» және «Каспустин Яр» әскери полигоны: қазақ депортациясы» атты екі бірдей кітапты оқырманға ұсынып отыр.
– Бақтылы Сансызбайқызы, Астанаға қош келдіңіз! Биыл Ұлы жеңіске 80 жыл. Кеңес Үкіметі дегенмен сол заманда ел, жер ортақ болғаны ақиқат. Солайда қазақтың батыр ұл-қыздары бес қаруын сайланып майданға аттанды. Жауға жанкештілікпен төтеп берді. Сол батырлардың аты әлі күнге анықталып, қаншама архивтер ақтарылып жатыр. Әңгімеміздің әлқиссасын өзіңіз зерттеген Ұлы Отан соғысына қатысқан ақжайықтық арулар жөніндегі ғылыми-зерттеу еңбегіңізден бастайықшы. 10 жыл бұрын шыққан еңбегіңіз қайтадан тың деректермен толықтырылып, жақында ғана оқырманға жол тартқан екен...
– Майгүл, біріншіден, осы Астанаға келген сапарымызда Батыс Қазақстан өңірінен шыққан тарихшы-ғалым деп осы тарихымызды, өлкеміздің тарихын айтуға мүмкіндік жасап шақырғандарыңызға рахметімді айтамын.
Иә, сіз дұрыс айтасыз. Бұл кітапты осы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығына орайластырып қайта шығардым. Бұны 10 жыл бұрын, яғни 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына арнап алғаш рет шығарылған кітаптың жалғасы, толықтырылған екінші нұсқасы деп айтуға болады. Ол кезде Батыс Қазақстан облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан 17 қазақ қызының есімі енгізілген болатын. Ал осы жолғы кітапқа тағы да 4 жауынгер қызды тыңнан қостым.
Мен бұны зерттеу тақырыбы ретінде сонау 81-ші жылдары Атырау, қазір бұрынғы Гурьев педагогикалық институтының 1-курсын оқып жүрген кезде бастағанмын. Ол кезде маған «Ұлы Отан соғысына қатысқан Қазақстан әйелдері» деген тақырып берілді де, бес жыл бойы іздендім. Сол еңбегімнің арқасында Лениншіл комсомол жастар комитетінің мақтау грамоталарымен әлденеше рет марапатталған болатынмын. Бірақ, ол тоталитарлық жүйе, кеңестік заман ғой. Сондықтан 5-курсқа келген кезде маған бұл тақырыппен диплом жұмысын қорғауға рұқсат етілмеді.
Сөйтіп тақырыбымды өзгертіп жіберді. «Қазақстан әйелдері: Ұлы Отан соғысы жылдарында» деген тақырыппен диплом қорғай алмайсыз. «Сергей Миронович Киров Қазақстанда» деген жаңа тақырыпты алыңыз, Астраханға барып, архивті зерттеңіз» деді. Шынымен де бұл тақырыппен қорғай алмадым. Бірақ менің қызығушылығым әрмен қарай жалғаса берді.
Ұзақ жылдар мектепте мұғалім болып жұмыс жасаған кезде де оқушылармен осы жоба аясында жұмыстанып жүрдім. Осылайша ізденіс жұмысын жалғастырып, жинаған деректерімнің негізінде 2015 жылы осы 17 қазақ қызын жарыққа шығарған болатынмын. Соңғы он жылда тағы төрт қыздың есімі белгілі болды. Бұл бұрын-соңды ешбір жерде айтылмаған, жазылмаған, тіпті республика емес, облыс, аудан, ауылдағы адамдарға ашылмаған тың дерек.

Бұл кітапқа Әлия Молдағұлова білім алған Подольск мергендер мектебін бітіріп, майданға аттанып, Мәскеуден Берлинге дейін барған, Берлин операциясына қатысқан мерген Әлима Ғабдұшова жаңадан енді.
Әлима Ғабдұшова майданға барғаннан кейін 18 күннен кейін «Ерлігі үшін» медальменен, төрт айдан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған мерген қыз. Тіпті оның осындай үлкен марапаттарды алғанын, қандай ерлік көрсеткенін бүгінде Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Базартөбе ауылында тұратын өзінің ұрпақтары да білмейді екен. Себебі Әлима Ғабдұшова Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер ретінде ешбір жерде өзі туралы айта бермеген, ашық сөйлеспеген екен. Мектеп оқушыларыменен де кездесулерге бармаған. Соғыс туралы тіс жарғысы келмеген, ол жайлы киноларды да көргісі келмейді екен. Сондай тұйық адам болған. «Соғыс сендер тыңдайтын әңгіме емес, соғысты бермесін» деп айтады екен. Қазір Подольск мергендер мектебінің архиві ашық қой. Сол архивтен мерген қыздың командирінің осы «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынбасын, мінездемелерін тауып алдым. Жалпы Подольск мергендер мектебін Батыс Қазақстан облысынан 30 қыз бітірген. Соның үшеуі қазақ қызы. Осы үш мерген қыз да осы кітапқа енді енгізілді.
Сонымен бірге соңғы он жылда тағы бір тың дерек, Қиыр Шығыс майданына қатысқан байланысшы Қалампыр Ахметова туралы дерек енгізілді. Одан кейін Қиыр Шығыс майданында әскери көлік жүргізген, аэродром қызметін қамтамасыз ету батальонында әскери көлік айдаған шопыр Зұлухия Сарқұлованың жауынгерлік өмір дерегі енгізілді. Он жыл бұрын шыққан кітапқа әскери газет шығарған Нәпия Дәулетқалиева деген баспагердің суретін ғана енгізіп, ол жайлы деректі жалғасты іздейтінімді жазған едім. 10 жыл бойы іздестіре келе Орал қаласында тұрып жатқан Брянск майданында «На разгром врага» деп аталатын газет шығарған, сол әскери газеттің әріп терушісі болған Нәпия Дәулетқалиеваның ұрпақтарын таптым. Нәпия Дәулетқалиеваның ұрпақтары маған аналарының майданда түскен суреттерін, жауынгерлік құжаттарын, кейінгі бейбіт өмірдегі құжаттарын тауып, маған көмектесті. Сөйтіп, бұл шығып отырған кітапқа қазір Батыс Қазақстан облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан 21 қазақ қызының есімі енгізілді.
– Кітап деген көлемді еңбек қой. Оған 21 қыздың тек есімі енгізілмеген болар?
– Иә, олардың аты-жөндері ғана емес, майдангер қыздар туралы архив құжаттары, олардың өз қолдарымен жазған өмірбаяндары, естеліктері, майданда түскен суреттері, әскери құжаттар, т.б. тың деректер негізінде шығарылып отыр.
Біз кешегі кеңестік заманда Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан, қазақтан қатысқан тек екі-ақ қыздың есімін білдік. Ол Әлия мен Мәншүк еді. Хиуаз Доспанованың есімі 98-ші жылы Халық қаһарманы атағына ие болды. Бірақ ол шығыстан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз бола тұра көзі тірісінде бағаланбаған. Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ қыздары туралы мәселе – тың зерттеуді күтіп тұрған тақырып. Біз қазір Қазақстаннан Ұлы Отан соғысына қанша қыз қатынасты, олардың ұлттық құрамы қандай дегенді нақты айта алмаймыз.
– Ұлы отан соғысына Қазақстанның жалпы аумағынан мөлшермен қанша қыз-келіншек қатысқан болуы мүмкін?
– Тарихи сана өскен сайын деректер көбейе бастады. Бір деректерде бес мың дейді, бір деректерде тоғыз мың, ал біреуі жеті мың дейді. Қазіргі кезде әуесқой тарихшылар он бір мың деп айта бастады. Бірақ бұл әлі нақты емес. Тіпті, бес томдық Қазақстан тарихының төртінші томында бес мың қыз-келіншектің қатысқаны жазылған. Ал мен бұл сұраққа ғалым Гүлжәмила Нұрбекованың дерегімен жауап беремін, яғни ол кісі Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан алты мың қыз-келіншек қатысты деген. Біз бұл санды айтуда үстіртін жібермеуіміз керек, асықпағанымыз жөн.
Кеңес Одағы жауынгер қыз-келіншектердің саны жөнінен екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан мемлекеттердің арасында алдыңғы қатарда тұрды. Қыз-келіншектердің әскери міндеткерлігі болмағанмен 42-ші жылдың сәуір айынан бастап қыз-келіншектер жаппай мобилизациялана бастаған. Бірақ Кеңес Одағы жауынгер қыз-келіншектер үшін психологиялық, физиологиялық, психобиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, оларға арнайы әскери киім тіктірген жоқ, медициналық-гигиеналық талаптарға сай жағдай жасамады. Олардың блиндаждарда ер адамдармен бірге тұрып, бірге жүрген. Жағдай жасалмағаны, ол – соғыстың шындығы. Бірақ сол соғысқа қатысқан жауынгер әйелдер жөніндегі естеліктер тек 1965 жылдан бастап қана айтыла бастаған. Яғни Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысындағы жеңісті тойлауды 20 жылдан кейін ғана бастаған. 1965 жылға дейін жауынгер әйелдер, жалпы жауынгерлердің монографиясы, не естеліктері, не әскери қолбасшылардың естеліктерін шығармаған. Байқасаңыз, сол әскери қолбасшылардың монографиялары, манағы Хиуаз Доспанованың және оның қаруластарының еңбектері түгел осы жылдан бастап шығарылған. Жеңістің 20 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту жайлы бұйрықтар, жеделхаттар архивте көп сақталған. Арада 20 жыл өтіп кетіп тұр. Көрдіңіз бе, 20 жылда олардың бәрі адамның жадында тұрмайды ғой. Әскери бөлімдерді, жолдастарының атын шатастыруы мүмкін. Қазіргі Ұлы Отан соғысы тарихнамасындағы кейбір қиындықтар осыған да байланысты. Ал қазақ қыздарының бұйығы, тұйықтығы, қарапайымдылығы да көп нәрсенің дер кезінде айтылып, жазылып қалмауына себеп болған. Олар «мен соғысқа қатыстым, төр беріңіз, үй беріңіз, жағдайымды жасаңыз» деп ешбір есікті қағып, міндетсінбеген. Осылайша ескерусіз, елеусіз қалған.
Мен бұл тақырыпты зерттегеніме қырық жылдан астам уақыт болды. Басында қызығушылықпен бастасам, кейін келе қазақ қыздарына деген жанашырлық пен намыс сезіміне ұласты. Оқып үңілген сайын соншама ерлік жасаған қыздардың лайықты бағаланбауы намысымды одан сайын қайрады.
– Тамаша! Шынымен де біздің тарихи санамыз жаңғырып, архивтер ашылып, қолжетімді бола бастады. Соғыстың аяқталғанынан 80 жыл өтсе де, тың деректер табылып, жаңа есімдер шығып жатыр. Ал сіз сол шаң басқан архивтерді, тарихи деректерді ақтарып қана қоймай, табаныңыздан тозып ел аралап, сол жауынгер арулардың үрім-бұтағын іздеген екенсіз…
– Иә, дұрыс айтасыз. Маған олардың ұрпақтары да көп көмектесті. Себебі олардың қолында аналарының естеліктері, суреттері, әскери құжаттары сақталған. Мені іздеп келіп, қолда бар құжаттарын өздері әкеліп, сеніп тапсырып, естерінде қалғандарын айтып берген ұрпақтар да болды. Айтылған тарих бұл да тарихтың негізгі дерегі ғой.
Осы кітап шыққаннан кейін біздің Батыс Қазақстан облыстық Жұбан Молдағалиев атындағы кітапхананың ұйымдастыруыменен тұсаукесері өтті. Кітаптың тұсауын тек қана сол жауынгер қыздардың ұрпақтары кесті. Аналарының жарыққа шыққанына, кітапқа енгізілгеніне өте қуанды.
Бұл тек 21 қызбен шектелмейді. Менің есептеуім бойынша, Батыс Қазақстан облысынан 1200 қыз-келіншек шамасында қатысқан. Бірақ олардың біз ұлттық құрамын анықтап болған жоқпыз. Қаншасы орыс ұлтынан, қаншасы қазақ, қаншасы беларус ұлтынан екені әлі анықтауды, зерттеуді қажет етіп тұрған мәселе.
Жалпы Ұлы Отан соғысына қатысқан қыз-келіншектер әскери мамандықтардың қай-қайсысын да меңгере алған. Ұлы Отан соғысы тарихын зерттеуші Төлтай Балақаев ағамыздың бір мақаласында: «Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгерлерден жүз он түрлі мамандықтың түрін меңгеруді талап еткен екен», - дейді. Ал сол Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер қыздар сол мамандықтардың барлығын да меңгере алған. Олар ұшқыш, танкші, танкші, байланысшы, радиобайланысшы, әскери көлік жүргізуші, баспагер, барлаушы, десантшы қазақ қыздары болған. Бұл кітаптың ішінде Қиыр Шығыс майданына қатысқан десантшы Қаламсия Ермекованың өмір жолы бар.
Жауынгер қазақ қыздары туралы насихатымыз әлі аздау. Біз облыс көлемінде таныстырып жатырмыз ғой. Қазақ қыздары республика деңгейінде зерттелуі, олардың өмірі, жауынгерлік ерлігі айтылуы керек. Қағазға хатталып жазылуы керек. Бауыржан Момышұлының сөзі бар. Бабамыз: «газет-журналдарға жазылғандар уақыт желімен ұшады да кетеді. Ерлердің есімі кітапқа енгізілу керек», - дейді. Иә, керек. Ұлы Отан соғысы тарихнамасындағы күрделі мәселелердің бірі – осы жауынгер қазақстандық қыздар.
– Бұл кітапқа 21 жауынгер қыз кірді деп отырсыз ғой. Оның сыртында мыңнан асатын ақжайықтық арулардың бар екенін айтып отырсыз. Демек бұл еңбегіңіз жалғасын табады ғой?
– Иә, әрине, ол зерттеуді күтіп тұрған тақырып. Бұл қазақ қыздары туралы жазылып отырған екінші кітабым ғой. Мен қазақ қыздарын зерттеуде көп қиындықтарға кездестім. Себебі, қай уақытта да алғашқы қадам, алғаш із салу қиын ғой. Ол қалың орманның ішінен жол тауып шығумен бірдей. Бұл қыздарды жарыққа шығару маған оңайға соққан жоқ. Зерттеуші ретінде мен былай айтар едім. Бұл – мазасыз күндер, ұйқысыз түндер, еселеп жұмсалған уақыттың жемісі. Бұл қыздар туралы мәлімет ешбір жерде жоқ. Мен студент кезімде бастадым дедім ғой, ол кезде ақпарат құралдарының қазіргідей мүмкіндігі жоқ. Тек қана баспасөз болды. Мынау «Лениншіл жас» (қазіргі – «Жас Алаш») газетіне, «Қазақстан әйелдері» журналдарына шыққан қазақ қыздарын көрген бойда сол редакцияда хат жазатын едім. Ол кезде редакторлар да, үгіт насихат бөлімінің қызметкерлері менің хатыма жауап жазып, сол манағы шыққан жауынгер қыз туралы мәліметтер немесе солардың адресін салып жіберетін. Мен сол адрес бойынша қазақ қыздармен байланысып, хат жазып хат алысып отырдым. Нанымды болсын деп мына кітапқа сол редакцияға жазған хаттарымды, редакциядан маған келген хаттарды, тіпті конверттерді де қостым.
Мысалы, Нұрғаным Байсейітова Белоруссия партизан отрядының байланысшысы болған қазақ қызы. Он тоғыз жасында Мәскеуден Белоруссияның қалың орманына түсіріледі. Қалың орманға парашютпен түскен кезде координатынан адасып қалады. Оған бес жерде партизандар от жағып қояды. Бірақ ол оттан ауытқып кетеді. Ну орманда төрт күн бойы адасып жүреді. Сіз елестетіп көріңіз, он тоғыз жасар қыз, жападан-жалғыз... Қолында рация, құпия құжат, автомат бар. Ол байланысшы, ең қауіпті мамандық қой. Партизан отряды іздеп шығып, төрт күннен кейін қалың орман арасынан тауып алады. Сонда былай жүрсе батпақ, былай жүрсе қалың орман. Сонда сол Нұрғаным Байсейітованы атқа мінгізіп, алпыс шақырым жердегі партизан отрядын алып келеді. Ол келісіменен манағы рациясын қосып, бірден «келдім» деп Мәскеуге хабар береді ғой. Мен архивтен ол Нұрғаным Байсейітованың өз қолымен жазған естелігін оқығанмын. Қараңызшы, он тоғыз жасар қазақ қызының жазып отырған естелігінде: «мен Отрядта қазақтан жалғыз болдым. Маған қарап бүкіл қазақ халқына баға беретін сияқты болды. Мен сондықтан әр ісіме мұқият болдым», - дейді. Сол мұқияттылығы, өзінің мамандығын жете меңгерген қазақ қызы «Концерт операциясын» сәтті орындағаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болады. «Қызыл Жұлдыз» орденін тектен тек бермейді. Ал «Концерт операциясы» дегеніміз 44-ші жылы Қызыл Армия батысқа қарай шабуылын үдеткен кезде Белоруссия жеріндегі жүрген бұл партизан бригадасының міндеті рельстерді қиратуы. Ал рельсті қирату деген сөз жаудың бүкіл күшін әлсірету, шығысқа жіберіп жатқан тағам, әскери қару-жарақ, бәрін қирату деген сөз ғой. Міне, осы «Концерт операциясы» сәтті аяқталады. Ал операция қалай жүріп жатыр, дайындық қалай болды дегеннің бәрін Мәскеуге хабарлап отырған қазақ қызы Нұрғаным Байсейітова еді. Оның эфирдегі аты Нина болған. Скрипканы жақсы тартқан, сондықтан да оны «скрипачка» деп те атаға. Оның үздік байланысшы болғанына да осы өнері көмектессе керек.
Қазіргі қазақ қоғамында қыз тәрбиесінде жіберген қателігіміз өзіміздің маңдайымызға таяқ болып тиіп жатыр. Ал бұл кітап кешегі өткен заманымызда қазақ қыздары қандай болды, қазақ қызы қандай болу керек деген сұраққа жауап беретін, қыздарды тәрбиелейтін тәрбие құралы десем артық айтқан болмам едім. Ол қазақ қыздары өлім мен өмірдің ортасында жүріп те өздерінің адамгершілік қасиеттерін жоғалтпаған, мейірімді, ибалы қазақ қызы ретінде сақталған. Бұл менің автор ретінде әсірелеп айтқан сөзім емес. Сіз мына 21 қыздың өмірін оқып шыққанда өзіңіздің көзіңіз жетеді.
Жалпы қазақ текті, тәрбиелі халықпыз ғой. Тек мынау отарлау, отарлану қазақтың мінезін өзгерткен. Жоғарғы оқу орында студенттерге, жастарға дәріс оқимын ғой. Сонда байқағаным, әсіресе біздің мына Батыс Қазақстан өлкесіндегі халықтың мінезі көп өзгерген. Біз рухани отарланып қана қойған жоқпыз, мінезімізді, психологиямыз бен болмысымызды өзгеріп жіберген. XIX ғасырда қазақ даласына келген еуропалық саяхатшылардың, зерттеушілердің, этнографтардың еңбектерін, мақалаларын, естеліктерін оқысаңыз, олар неткен тәрбиелі, сөзге шебер халық, қазақ әйелдері қандай еңбекқор, олардың бала тәрбиесіне жауапкершілігі неткен жоғары деп таңғалып жазған ғой. Қазақ халқы. Неткен шешен халық. Қазақ әйелдері қандай еңбекқор. Бұл отарлану деген біздің қазақтың өмірін ғана өзгертіп, әлеуметтік-экономикалық жағынан ғана отарлап қоймаған, рухани жағынан отарланғанбыз. Енді біз қазір тәуелсіздік заманында өмір сүріп отырмыз, бөркімізді аспанға атып қуанамыз. Біз қуана отырып ойлануымыз керек. Біз неден қате жібердік? Отыз жыл аз уақыт емес. Отыз жылда әлемді аузына қаратып отырған елдерге қарап отырып ойлануымыз керек. Қазақы қалпымызды қалпына келтіруге, ұлттық болмысымызды қалпына келтіруге тырысуымыз керек.
– Ал жаңағы сіз айтып отырған жауынгер қыздардың аман-сау келгені аяулы ана, асылы жар болды ғой. Сіз солардың ұрпақтарымен кездестіңіз, тілдестіңіз. Солардың ұрпақтары қалай өніп, өрбіп жатыр екен? Қанша дегенмен сол жауынгер, қайсар ананың ақ сүтін еміп, тәрбиесін көрді ғой...
– Ұрпақтарымен әңгімелескен уақытта олардың бойындағы қазақылықты, имандылықты, ибалылықты көремін. Жауынгер анадан тәлім-тәрбие алғаны байқалып тұрады. Байқалып тұрады. Қанша дегенмен сол аналардың ақ сүтін еміп, иә, байқалып тұрады. Олардың өздері қазір жетпістің үстіне шыққан, немере-шөбере тәрбиелеп отырған ата-әжелер.
Мен тек кітап шығарып қана қойған жоқпын. Еліміздің бас басылымдары Egemen Qazaqstan, «Түркістан» газеттері, «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналына 2021 жылы осы қазақ қыздарының есімдерін түгел жарияладық. Менің осы мақалаларым шығып жатқан кезде «Ақиқат» журналынан хабарласып, журналдың әрбір санын осы қазақ қыздарына арнайтынын айтты. Сөйтіп 2021 жылғы он бір санына қазақ қыздары жарияланды ғой. Аналарының осылай республикалық деңгейдегі басылымдарда жарияланып жатқанына ұрпақтарының қуанғанын көрсеңіз ғой?!.. Олар маған: «сіз біздің анамызды екінші рет дүниеге келтірдіңіз», - деп айтады. Өткенде Әлима Ғабдұшованың келіні облыстық телеарнада сөйлеген сөзінде: «анамыз туралы мәліметіміз болмады. Енді сол анамыз қазір менің балаларыма тарих болып қалып отыр», - деді.
Біз кешегі кеңестік заманда өзіміздің тарихымызды білмедік қой. Ұлттық тарихымызға қызығушылығымыз болмады. Тарихты білмегеннен кейін, өзінің ата-бабасының хатын ата-бабасының тілінде оқымағаннан кейін, түсіне алмағаннан кейін тарихқа қызығушылығы болмады...
Басы. Жалғасы бар.