
Орал мен Астраханның арасы бір кездері қазақ хандығының рухани-мәдени астанасы, Жәңгір хан сарай тіккен Бөкей Ордасы болған қасиетті мекен еді. Ол тұңғыштардың мекені болған. Қазақтың тұңғыш мектебі, тұңғыш баспасы, банкы сол жерден бастау алған. Ал Капустин Яр әскери полигоны дәл осы өңірден көп алыс емес. Оны Кеңес Одағы қаншама жыл бойы сынақ алаңына айналдырды. Ашық ақпараттарға сүйенсек, 1957-1962 жылдары осы жерде қуаты Хиросимадағы атом бомбасынан 65 есе күшті 11 әуе жарылысы болған. 300 шақырымға шейін жеткен радиациялық бұлт тек көк аспанды ғана емес, сондағы қазақтың тағдырын да тұманға айналдырған. Сол тұңғыштар шыққан топырақтың халқы полигонның кесірінен қашан, қалай, қайда көшірілді дегенді де біреу білсе біреу білмес. Ол жай көш емес, депортация еді. 1952 жылы батыстағы бес колхоздың халқы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Жетісай аймағына күштеп көшіріледі. Оңтүстікке барған қазақтың көрген қасіретін естудің өзі ауыр. Ақын Қайрат Жұмағалиев, жазушы Кәкен Көбейсінов сынды қаламгерлер бұл трагедияны шығармаларына арқау етіп, үні жеткенше айтқанымен ғылыми негізде жүйеленген, ұлттық санаға серпін беретін зерттеу жоқтың қасы болды. Дегенмен тыңнан түрен салған ғалым бар екен. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, тарихшы Бақтылы Боранбаева дәл осы тақырыпқа тереңірек үңілген. Ол он неше жылдық еңбегінің жемісі ретінде биыл «Каспустин Яр» әскери полигоны: қазақ депортациясы» кітабын толықтырып екінші рет қайталай оқырманға ұсынып отыр. Ендеше ғалыммен болған сұқбатымыздың екінші бөлімін ұсынамыз.
... – Мысалы, менің әкем 1952 жылы Капустин Яр полигоны құрылып, Орда ауданын таратып, халқы республикалық ішкі депортацияға ұшыраған кезде 12 жаста болған. Оларды Орда ауданынан көрші Чапаев ауданы Киров колхозына көшіріп әкелген. Мен ес білгелі әкем «Ордам! Қайран, Ордам! Орданың құмаршығы, сағызы!..» деп айта беретін еді. Баламын ғой. «Айта бермеші Ордаңды» дейді екенмін. Есейген кезімде де, институт қабырғасында оқып жүрген кезде де әкемнің әңгімесін зейін қойып тыңдамаппын. Бір кездері әкем мені ауылдың шетіндегі қорымға апарып: «Қызым, мына жатқан менің әкем, мына жатқан атам. Жетпіс жасқа жақындап қалған атам сол бес жүз шақырым жерден көшіп келгенше «Құдайым, маған өзге жердің топырағын бастырмашы!..» деп жылап келген еді. Сол тілегі орындалды ма? Үлкен әскери машинадан түсіп жатқан кезде атам құлап, аяғын сындырып алды да, бір айдан кейін қайтыс болды», - деп айтқаны бар.

– Әңгіменің ауаны дәл осы тақырыпқа қарай ауысып жатыр. Яғни, сіздің екінші кітабыңыз – «Капустин Яр» әскери полигоны: Қазақ депортациясы». Әңгімені осы төңіректе жалғастырсақ. Жаңа сіз енді Орда туралы айтып қалдыңыз. Орданы тарихтан бәріміз білеміз. Бөкей ордасы кезде қандай үлкен аумақтарды алып жатқанынан хабардармыз. Онда қазақтың мықты-мықты тұлғалары шыққан. Ең алғашқы баспа, ең алғашқы банк, ең алғашқы мектеп сонда болған тұңғыштардың мекені. Қазіргі Хан ордасы ауыл болғанмен, кезінде қала мәртебесінде болған екен...
– Бұл Бөкей ордасы Еділ мен Жайықтың, яғни қос өзен аралығында жатқан қазақтың ежелгі мекені. Бұл мекен ежелден қазаққа шөбі шүйгін, жер асты суы мол, мал шаруашылығына қолайлы атамекені болған. 1872 жылы Бөкей ордасы Астрахан губерниясына қаратылған. Одан 1917 жылы өз алдына Бөкей губерниясы болып бөлініп шығады. Мен сізге халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсы болғандығын көрсететін бір сандарды айтайын. Мысалы, XIX ғасырдың бірінші ширегінде бұл жердегі қазақ халқының 110 мыңға жуық түйе, 500 мың жылқы, 4 миллиондай қой-ешкі болған. Жалпы 6 миллиондай малдың болғандығы жөнінде деректер жазылып жүр. Яғни құм қыста қар аз түседі, көктем ерте шығады, шөп ерте көктейді.
Сөзден сөз шығады ғой. 1952 жылы Орда және оған іргелес жатқан Жаңақала ауданының бірқатар колхоздарын көшірген. Әуелі Батыс Қазақстан облысының ішкі аудандарына көшірген. Одан кейін Орда ауданының үш колхозын, Жаңақала ауданының екі колхозын Оңтүстік Қазақстан облысына көшірген. Көшірер кезде колхоздардың үлкен жиналысын өткізген. Сонда жиналған колхоз жиналына: «Бұл жерге шөп шықпайды. Мал өсімі жоқ. Сендерді бақытты өмір сүруге қолайлы жерге көшіріп жатырмыз. Біз сендердің жағдайларыңды ойлап отырмыз. Біздің жақсы тұрмыс кешуімізге қолайлы жерге көшіріп жатқан Сталинге, Коммунистік партияға рахмет. Рахмет айтамыз», - деген. Енді бұл хаттамаларды оқып отырып мен де ойға қалдым. Шын мәнінде құм, шөлейт дала, өмір сүруге қолайсыз деп қараймыз ғой. 86 жасқа келген нағашы апам бар. Қазір көзі тірі, ойы сергек, жады мықты. Сол апамнан: «Сіз құмда тұрдыңыз ғой. Қалай? Шын мәнінде манағы көшіріп жібергенде солай деп жазыпты ғой», - деп сұраймын ғой. Сонда апам: «Айналайын-ау, біз ол жерде қарбыз ектік қой, қауын ектік қой. Қандай дәмді болатын еді. Қысы-жазы адамға да, малға да өте қолайлы, жайлы жер болды. Ал адамдарды күштеп көшірді ғой», - дегенде мен түсіндім.
Енді архив деректеріне үңілсек, Кеңес үкіметі Капустин Яр полигонын ашуды екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін қолға алған. АҚШ пен КСРО мемлекетінің арасындағы жарыса қарулану сол екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін басталды ғой. Сөйтіп полигон 1946 жылы құрылған. Капустин Яр полигонының басшысы етіп Украина жерінде дүниеге келген Владимир Иванович Вознюк деген адамды тағайындаған. Ол 27 жыл сол полигонды басқарған адам. 1947 жылдан бастап Капустин Яр іске қосылады. Капустин Ярға Волгоград, Астрахан, Қазақстан территориясынан жер бөлініп беріледі. Ал 1951 жылы 14 желтоқсанда КСРО мемлекетінің Орда ауданының бір миллион үш жүз мыңнан астам гектар жерін полигонға беру жөнінде бұйрық шығарылды. Архив деректерін қарап отырсам, осы 1951 жылдан бастап Орда ауданында дайындық жүргізілген. Сол жылы Орда ауданының халқынаа, малына санақ жүргізу жөнінде бұйрық келген. Сол бұйрық бойынша Орда ауданының халқы малдың, мал-жанның санағы жүргізілген. 1951 жылы 14 желтоқсанда Орда ауданын тарату жөнінде КСРО Министрлік Кеңесінің бұйрығы шығарылады. Сол бұйрықтың негізінде 21 желтоқсанда Орда ауданының үшленин колхозын таратып, Оңтүстік Қазақстан облысына көшіру керек деген Батыс Қазақстан облыстық Атқару комитетінің шешімі шығарылады. Сөйтіп 1952 шілде айында аудан жұртшылығын көшіреді.
– Марқұм ақын Қайрат Жұмағалиев бір сұхбатында сол кезде Айғырқұм ауылында тұратынын, 1952 жылы Азғыр мектебінде 8-сынып оқып жүрген кезі екенін, жаздың шіліңгір ыстығында ауылындағы 250-дей отбасын оңтүстікке көшіргенін айтады. Аптап ыстықта 17 күн жүріп сонда жеткенін еске алады. Барған елдің жартысынан көбі жерсінбей ауырып қайтыс болғанын, тіпті бір үйдің 15 баласы түгел қырылып қалғанын айтады...
– 1952 жылдың маусым, шілде айында Орда ауданы және оған іргелес жатқан Жанқала ауданының жерін полигонға босатып беру жөніндегі қаулылар, архив құжаттары сақталған. Сол құжаттар негізінде жазылды. Енді бұл депортация мәселесі кешегі Кеңес заманында жабық тақырып болды. Құпия архив құжаттары, ғалымдарға қолжетімді болмады. Кеңестік заманда полигондар өте құпия деген гриппен белгіленіп, бірде-бір картада полигондар көрсетілмеген. Ал сол полигонға байланысты Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының таратылуы, халқының көшірілуі архивте сақталып, айтылмады.
Біздер Қазақстанға сырттан көшіріліп келген халықтардың – шешендердің, ингуштердің, қарашай-балқарлардың, кәрістердің мұңын айтып келдік. Олар туралы том-том кітаптар жазылды да, қазақтың депортацияға ұшырағаны айтылмады.
Жалпы бұл тақырыпқа қалай келдім? Мана мен сізге сөз басында айтып кеттім ғой. Менің әкем Сансызбай Қадешұлы он екі жасында көшіп келген бала. Бірақ мен мынаған таңғаламын, мен есейіп, өзінің көзі жұмылып кеткенше әкем Орданы айтумен болды. Қазіргі урбанизация заманы, он екі жасар балаға да, зейнет жасындағы ата-әжелерге де көшіп кету оңай ғой. Әкеме қарап сол кездегі балалардың туған жердің қадір-қасиетін сезінуіне таңғаламын. Халықтың туған жердің топырағын қастерлеу деген қасиеті жоғары болып тұр ғой.
2006 жылы атқа мініп, шауып жүрген әкем аяқ астынан жүрек аурунынан қайтыс болып кетті. Әкем мал баққан, қойшы болған адам. II, III дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері болған, Мәскеудегі үлкен партконференцияларға қатысқан кісі. Кітапты көп оқитын, өте зерек көзі ашық еді. Менің осындай тарихшы болып қалыптасуыма да әкемнің үлкен ықпалы болды. Ол кітап оқып, кітапты дастархан басында бізге әңгімелеп отыратын еді. Әкем шай ішіп болып демалып жатқанда, көпшігінің астынан оқыған кітабын суырып алып, мен оқитын едім. Әкемнің бір қобдиы бар еді. Сол қобдиында сақталған кітаптардың арасынан қалың көк дәптерге көзім түсті. Ашып қарасам, әкемнің жездесі Қадеш Иманғалиевтың қазақтың «Елім-ай» әнімен үндес жазылған елу шумақ өлеңі бар екен. Ол кісі соғысқа қатысқан, қара сөздің шебері болған. Өлең «Ордадан көшкендегі көңілдің шері» деп жазылған. Анау елу шумақ өлеңді оқып шықтым да, әкемнің ішкі жан дүниесін мен сол кезде түсіндім, әкемнің әңгімесін зейін қойып тыңдамағаныма өкіндім... Түсіндім де архивке бардым. Қазақтың депортацияға ұшырауын жарыққа шығаруыма, тынымсыз еңбек етіп, аяғына дейін жеткізуіме осы өлең себепші болды.
Біз өзіміздің тарихымызды оқып үйренген сайын ата-бабаның басынан өткен қасіретті оқиғаларға деген қызығушылығымыз артады. Отанға деген, ұлтқа деген жанашырлық сезіміміз артады. Міне, тарих ғылымының құдіретті күші осында болса керек. Адам баласының бойына ұлтжандылық сезім қалыптастырады. Міне, біз қазақ халқының депортацияға ұшырағанын айта алмай келдік. Ал енді депортацияға ұшырады деген пікірге келу де маған оңай болған жоқ. Себебі, қазақ депортацияға ұшырады деп жазылған бірде-бір мақала көрген жоқпын. Сондықтан бұл ғылыми тұжырымға келу үшін, осы контексті жазу үшін Қазақстанға депортацияланып келген халықтардың өмірін оқыдым. Монографиялармен, ғылыми мақалалармен таныстым. Оқып отырып, Қазақстанға депортацияланып келген кәрістерменен немесе қарашай-балғалармен қазақтардың тағдыры, көрген бейнеті ұқсас екенін байқадым. Тіпті біздің қазақ одан бетер қасірет көрген десем қазақ болғаннан кейін асыра айтып отырғам жоқ. Бұл дәлел. әкемнің әңгімесін зейін қойып тыңдамағаныма өкіндім. Мына кәрістер Сібірден бері қарай қырғыншылыққа ұшыраған. Вагонның ішінде қырылған. Ал біздің қазақ та вагонның ішінде қырылған.
Батыс Қазақстан облыстық архив деректерінің және Батыс Қазақстан облысында өмір сүріп жатқан көз көргендердің естелігі негізінде бірінші кітапты 2022 жылы жазып шыққанмын. Сол көз көргендердің айтуынша, Орданың бес колхоздың адамын Сайқын стансасына жеткізген. Шілденің ыстығында Сайқынның басында пойыз күтіп екі апта жатқан, білесіз бе? Жалпы Қазақстанның батысы Сталинград майданының жақын тылы болды ғой. Неміс ұшқыштарының бомбалауына ұшыраған аймақ. Екінші дүниежүзілік соғыста сол Сайқынды да бомбылаған. Сол Сайқында соғыста құлаған қора бар екен. Соның төбесіне киіз, алаша жауып көлеңкелеп отырған. Сол кезде сегіз, он, он екі жаста болған кісілерден естелік алдым. Олар қазір жетпіс, сексеннің үстіндегі қарттар. Солардың ішіндегі ең үлкені 86 жастағы Ақылима Баянтасова апай. Қазір Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауылында тұрып жатыр. Сол кезде ол қырқынан жаңа шыққан баласын қолтықтап, үш жасар қызы Нұржиянды жетектеп елмен бірге көшкен жас келіншек болған. Оралдан 500 шақырым жерде тұратын сол апамызды іздеп барып, әңгімені өз аузынан естідім. Сонда айтады: –Айналайын, мен аштықты да, соғысты да көрдім. Бірақ соның ішінде 1952 жылы туған жерден көшкенде көрген қасірет әлі санамнан кетпейді. Бір вагонның ішіне бес отбасын кіргізді, қызып тұрған темірдің ыстығы менің санамда әлі сақталып қалған, – дейді. – Жолда пойыз тоқтайды, түсе қалып самаурын қайнатып, шоқ сала бастаймыз. Самаурын қайнай бастаған кезде пойыз қозғалып үлгереді. Суды төгіп тастап, қайта мініп, шайымызды іше алмай қаламыз. Сөйтіп шай, су ішеміз деп жүргенде бір кемпір жерге түсіп кеткен галошын алам деп пойыздың астына түсті, – дейді. Ол кісінің аты-жөніне дейін айтып отыр. – Әлі көз алдымда. Біз орамалымызды желпілдетіп жүріп бара жатқан пойызды тоқтаттық. Бәріміз түсе қалып жүгіріп барсақ, айтуға да ауыр, екі аяғы рельстің мына жағында қан жоса болып жатыр. Жаны шықпаған екен. Қасымызда келіні бар еді. Соған қарап кеуде тұсын ымдады. Сөйтсек төсқалтасына салған ақшасы бар екен. Ымдап үлгерді де, жан тапсырып кетті, – дейді. Білесіз бе, міне, осындай қасірет көріп барады.
Осылайша Батыс Қазақстан облысы Орда ауданына қарасты Калинин, Интернационал және Каганович деп аталатын үш колхоздан, Жаңақала ауданының Сарыөзен және Ленин сынды екі колхозынан барлығы 336 отбасы, яғни 1805 адамды Оңтүстік Қазақстан облысы, Ильичёв ауданы, Жетісай аймағына жеткізген. Орда ауданы үш колхозының адамдарын Сайқын станциясынан жөнелткен. Ал Жаңақала ауданының адамдарын Алғай стансасынан жөнелткен. Олар адамдарды машинамен тікелей апарып, пойызға мінгізе қоймаған. Халық пойызды ашық аспанда екі апта күткен.
– Ал барғаннан кейінгі күйлері қандай болған?
– Бағана «Каспустин Яр» әскери полигоны: қазақ депортациясы» кітабымның бірінші нұсқасын Батыс Қазақстан облыстық архив деректері негізінде жазғанымды айттым ғой. Ендігі мәселе Оңтүстік Қазақстанға көшіп кеткен халық болды. Сөйтіп, жетпіс бір жылдан кейін 2023 жылы шілде айында депортацияланған қазақтың ізіменен мен де жолға шықтым. Бірақ мен заманауи пойызбен күн жарымда Шымкентке жетіп бардым. Одан кейін Шымкенттен 250 шақырым жердегі Жетісайға жеттім.
Бұл Жетісай Патша өкіметінің назарында болған кең жатқан батпақты аймақ. Ана батпақты кептіріп, игілікке айналдыру керек еді. Бірақ Патша өкіметі қаржы бөлгенмен жеткілікті дәрежеде игере алмаған. Өйткені Бірінші дүниежүзілік соғыс болады. 1916 жылы Ұлт-азаттық көтеріліс басталып кетеді. Бұл жерге АҚШ мемлекетіндегі үлкен қаржыгердің де көзі түскен екен. Қаржыгер мақталы алқапқа айналдырайық деп сұраған. Бірақ Патша үкіметі бермеген. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін 1918 жылы бұл аймақты игеру үшін 50 млн сом ақша аудару жөнінде Ленин Владимир Ильич Лениннің декреті шыққан екен. Көрдіңіз бе, 1918 жылдан бастап Кеңес үкіметі бұл жерді игеруге қайтадан көңіл аударған. Қайтадан жиырмасыншы жылдардан кейінгі жағдайдың қиындауы, саяси жағдайлар бұл жерге тағы мүмкіндік бермеген сияқты. Одан кейін Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Енді Екінші дүниежүзі соғыс аяқталғаннан кейін 1950 жылдан бастап Кеңес үкіметі қайтадан Жетісай аймағын игеруге ден қояды. Деректерде «Жетісайский массив» дейді. Соғыстың алдында қазақтар салған Киров каналының жанындағы жатқан даланы игеріп, мақталы алқапқа айналдыру керек. Мақта өндірісінде Кеңес үкіметі шетелге тәуелді болмау керек. 1950 жылдардан бастап Жетісай аймағына Қазақстанның он екі облысынан түрлі ұлт өкілдерін жаппай көшірген. 1958 жылға дейін созылған. Ол – Талдықорған, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, т.б. Мен бұл деректі қайдан алып отырмын? 2023 жылы барғанда Түркістан облыстық архивте отырдым, анау Жетісай аудандық архивін ақтарып, сол жерден мәліметтер таптым.
Енді 1952 жылға келгенде Батыс Қазақстаннан бес колхоздың екі мыңға жуық адамын апарып тұр. Ал Жетісай аймағы бұл кезде бұндай адамды қабылдауға дайын болмаған. Инфрақұрылымы, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жол, электр энергиясы, барған адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету жағынан мүлдем дайын болмаған. Міне, Батыс Қазақстан облысынан шілде айында барған халық арықтың жағасына ашық далаға түсірілген. Арықтан мал да су ішкен, адамдар да су ішкен, кір де жуылған. Жаппай эпидемиялық аурулар тараған. Сол эпидемиялық аурудан Батыс Қазақстан облысынан барған отбасылардың балалары жаппай қырылған. Жетісай аудандық архивте отырған кезде Батыс Қазақстан облысынан көшіріліп барған бес колхоздың адамдарының қоныстанған жерлерін таптым. Қайрат Жұмағалиев ағамыз да сұқатында Тельман ауылына бардық деп айтады. Ол кісінің «Тельман ауылына көшіп барған ауыл қайтадан қорым молаға айналды» деген сөзі бар. Ол қазір Жаңа ауыл деп аталады екен. Мен архивтен тапқаннан кейін ондағы ардагерлер маған көмектесті. Олар мені сол ауылға апарды. Міне, сол Тельман ауылының жанында «Сапаралы ата» деген қорым бар екен. Сол қорымның шырақшысынан сұрап едім, бейіттің арасыменен жүріп үлкен қорымға алып барды. Қорымның солтүстік батысында созылып жатқан үлкен зират. Төбе-төбе болып жатқан сәбилердің зиратын көру әйел заты болған маған өте ауыр болды. Мына кітаптың ішіне сол зираттардың суретін түгел енгіздім. Бір шұңқырда төрт төбешік жатыр. Басына ағаш қойып кеткен, бірақ кейіннен өртенген. Кейін таспен қоршаған. Түркістан облысының архивінен табылған деректе балаларды қызылша ауруынан қайтыс болды деп жазған. Бұл Алматыға, сол кездегі Орталық комитеттің бас хатшысы Жұмабай Шаяхметовке жеткен. Өйткені 1952 жылдың желтоқсанында көшіп келген елді мекендерді аралау үшін мемлекеттік комиссия жіберілген. Олар Жетісай аймағындағы он жеті колхозды аралап, тексеріс жұмысын жүргізген. Содан кейін анықтама жазған. Тексеру комиссиясының сол анықтамасын оқыдым. Оны да кітапқа енгіздім. Былай деп жазған: «Жетісай аймағына көшіріліп келген 4880 отбасында 18 мың адам өмір сүріп жатыр. Солардың 1500-і жертөледе өмір сүріп отыр. Қалғандары жергілікті адамдардың отбасымен бірге тұрып жатыр. 17 колхоздың 15-інде медициналық пункт жоқ дейді. 17 колхоздың 2 колхозында ғана мектеп бар. Қалған он бес колхоздағы мектеп үйлерде, лашықтарда орналасқан. Жол жоқ. Жол болмағаннан кейін азық-түлік жеткізе алмайды. Электр жоқ, монша жоқ, әйелдер босанатын үй жоқ. 20 елді мекенде 12 мың жарым адам тұрып жатыр. Сол 12 мың жарым адамға қызмет көрсететін аудандық дәрежедегі аурухана жертөледе орналасқан. Оған он-ақ кереует қойылған...». Енді түсіне беріңіз.
Ал көз көргендер қалай дейді? Манағы Ақылыима Баянтасова апай айтады. – Күйеуіміз Ордада қалды, бала-шаға, шал-кемпірлерді көшіріп жіберді. Ер азаматтардың бәрін алып қалды да, ауылдың малын тапсыруға Жиекқұмға айдап кетті. Олар артымыздан бір айдан кейін келді. Ал мен екі жас баламен, енеммен лашықтың көлеңкесінде тұрдық. Сөйтіп екі айдан кейін мен омыраудағы қызымнан айырылдым, – дейді. Қайрат Жұмағалиев аға да жазады ғой. Өлім-жітімнің көптігі сонша адамдарды жұмысқа алып кеткенде қайтыс болғандарды жерлейтін ешкім шықпайды екен. Көз көргендердің айтуынша, 4-5 балалы отбасылардың балалары түгелдей қырылып қалған. Көп балалы отбасылардан ғана бірен-саран бала қалған.
Ал архивтегі анықтамада балалардың қызылшадан, іш сүзек ауруынан қырылғанын айтқан. Бірақ 38 баланың ғана санын көрсеткен. Ал анау мен көрген зираттың көлемі, көз көргендердің естелігі балалар өлімінің ол саннан көп болғанын айғақтайды. Бірақ мен архивтерден адам өлімі бойынша ресми статистикалық дерек таппадым.
Осы жағдайды, көрген-білгенімді мен облыстық Ішкі саясат басқармасы, қазіргі Қоғамдық даму басқармасына айтып келдім. Кеше қасірет шеккен қазақты еске алу мақсатында ескерткіш тұрғызу керек деген ұсынысымды олар қолдады. Соған қоса «Нарын қасіреті» деген қоғамдық қор құрылды. Қордың төрағасы Сабыров Қайролла Сабырұлы үлкен белсенділік танытып, осы кісілердің қолдауыменен 2024 жылы қараша айында, өткен жылы қараша айында сол қорымның басына ескерткіш тақта тұрғызып келдік.
– Сөзіміздің басында да айттық. Бұл күнде көшу оңай. Бірақ сол тар заманда жер аудартып, ата-бабасының басы жатқан, әбден үйренген туған топырағынан күшпен көшіру кім-кімге де оңай соқпағаны анық. Қаншама қайғылы, қасіретті болғанын, міне, өз аузыңыздан да естіп отырмыз.
– Және бір дерек айтайын... Сіз де бұл қасіретті қабылдадыңыз ғой деймін. Бұны оқып шығу, құжаттармен танысу өте ауыр. Иә, дұрыс айтасыз. Халық өз еркімен көшпеген. Анау архивте ағаммен бірге көрші ауылға көшкім келеді, ата-анаммен бірге көшкім келеді, баламмен бірге көшкім келеді деген жалынышты арыздар, өтініштер өте көп. Ауылдан көшкісі келмей пойызға алып бара жатқан кезде қашқан адамдар болған. Машинамен қашқан сол кісілердің дөңгелегінен атып тоқтатып, күшпен пайызға алып кеткен. Енді ана жаққа барғаннан кейін қасіретке ұшырап, балаларынан айырылған қазақтардың құжаттарын жинап алғанына қарамастан бері қарай қашқан, кейі Өзбекстан арқылы кері қашқан. Кері келгенде құжат жоқ. Туысқандарының үйін жасырын паналап жүрген. Міне, қазақтың қасіреті...
– Әңгімеміз өзіңіздің екі кітабыңыз төңірегінде өрбіп жатыр. Қай еңбекті алмасақ та тыңнан түрен салып, ешкім ашпаған деректерді халыққа ұсынып отырсыз. Ең бастысы, болашақ ұрпаққа ұсынып отырсыз. Бұл өте құнды құжат деп есептеймін. Осы бағыттағы жұмысыңыздың, зерттеуіңіздің жалғаса беретіне сенеміз. Соған құдай күш-қуат берсін сізге! Алдағы істеріңізге тек қана сәттілік тілейміз!
– Рахмет. Бұл тақырып, әсіресе анау Оңтүстік Қазақстанға Қазақстанның 12 облысынан депортацияланған халық өз еркімен барды ма әлде күштеп көшірілді ме дегенді зерттеу керек. Бұл жалғасу керек, зерттелу керек, жазылу керек. Қазақтың тарихын қазақ өзі ғана жаза алады!
Соңы. Басы бар.