Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚР Президентінің Архиві майдангерлер жайлы бірегей басылымды таныстырды

513
ҚР Президентінің Архиві майдангерлер жайлы бірегей басылымды таныстырды - e-history.kz

Бүгін, 5 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлікке тағзым» кітабының тұсаукесері өтті. 1941–1945 жылдары болған екінші дүниежүзілік соғыстың қатпары қанша уақыт өтсе де толық ашылған жоқ. Сондықтан Президент Архиві бұрын-соңды жарық көрмеген құжаттар мен фотосуреттерді жинақтап «Ерлікке тағзым» кітабын жарыққа шығарды.

Іс-шараның шымылдығын ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина ашты. Ол соғыс жылдарындағы майдангерлердің ерлігі туралы тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар басылымды дайындаған архившілер мен серіктес ұйымдарға алғысын білдірді. 

«Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев: «Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз» деп атап өткен болатын. «Ерлікке тағзым» кітабы архивтік фотосуреттер мен материалдар негізінде әзірленген ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесі. Басылым Президент Архивінің қорларын көпшілікке таныстыруға және насихаттауға мүмкіндік береді деп сенемін. 2 Кітапқа отандық және шетелдік архивтер мен кітапханалар қорынан фотосуреттер мен құжаттар да енген. Осы ретте, басылымға материалдарды іздестіру және іріктеуде қолдау білдірген әріптес мекемелерге, атап айтқанда – Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі, Павлодар облысының мемлекеттік архиві және Ресей мемлекеттік қоғамдықсаяси тарих архивінің басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымызды жеткіземін» - деді директор.

Кітапта Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова және басқа да батырлардың естеліктері қамтылған. Шынайы оқиғалар мен нақты адамдарды, олардың тағдыры мен жүрек тербеген сезімдері туралы сыр шертеді. Олар Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақстандық әскери құрамалардың майдандағы ерлік жолын, ел экономикасының соғыс жағдайына бейімделуін, қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің құрылуын және республиканың майданның қуатты арсеналына айналу тарихын баяндайды.

«Бірінші бөлімде Ұлы Отан соғысының шайқастарына Қазақстанның әскери құрамаларының қатысуы туралы айтылды. Соғыс уақытындағы мерзімді баспасөзге назар аударылды. Сонымен қатар Қазақстан әйелдерінің Жеңіске қосқан үлесін атап өткім келеді. Ұлы Отан соғысы кезінде олар батылдық пен төзімділіктің бейнесін көрсетті. Жарияланған зерттеулерге қарағанда, Қазақстаннан соғысқа кемінде 9,5 мың әйел қатысқан. Кітаптың екінші бөлімінде Қазақстанға эвакуацияланған өнеркәсіп кәсіпорындары, ауыл шаруашылығының үлесі, зауыттар, шахталар, егістіктер еңбеккерлерінің жанқиярлығы туралы айтылады. Үшінші бөлім қарапайым адамдардың соғыс кезіндегі өміріне арналды. Майдан шебінде болмаса да, тылдағы миллиондаған қазақстандықтардың еңбегін бағаламасақ болмайды. Олардың күші, батылдығы мен Отанға деген сүйіспеншілігі біздің жадымызда мәңгі қалады. Тыл ардагерлерінің жеңіске қосқан үлесін ұмытпауымыз керек», – деді кітап құрастырушыларының бірі Е.В. Чиликова.

Айта кетейік, кітапты дайындауға екі жылға жуық уақыт кетті. ҚР Президенті Архивінің мамандары Архив қорларындағы материалдарды пайдаланумен қатар, еліміздің өңірлік архивтері мен ұлттық кітапханаларынан, Өзбекстан мен Ресей архивтерінен де ақпарат жинақтаған.  Кітаптың жалпы көлемі  253 бетті құрайды. Басылымға соғыс жылдарынан алынған 30-дан астам газет қиындысы, 170-тен астам фотосурет және 130 тарихи құжат енді. Осы бірегей архивтік материалдар арқылы оқырмандар соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың өмірін тереңірек түсініп, олардың Жеңіске қосқан үлесін сезіне алады деп сенеміз. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?