Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Он жеті жасар қаһарман

535
Он жеті жасар қаһарман - e-history.kz

Сурет: ЖИ өңдеген

Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең сұрапыл кезеңдердің бірі. Соғысқа миллиондаған жауынгерлер қатысып, үлкендермен қатар жасөспірімдер де ерен ерліктерімен танылды. Олардың ерліктері өшпес аңызға айналып, ұрпаққа өнеге болып қалды.

Совет Одағының ең жас батырларының бірі – Валентин Котик (1930-1944) еді. Ол Украинада фашистік басқыншыларға қарсы партизандық қозғалысқа небәрі 11 жасында қатысқан. 1944 жылы небәрі 14 жасында ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Ерлігі үшін қайтыс болғаннан кейін, 1958 жылы «Совет Одағының Батыры» атағы берілді.

Ал Беларусь елінің жас партизаны Марат Қазей (1929-1944) де 13 жасында соғысқа кіріп, 14 жасында ерлікпен қаза тапқан. Фашистермен шайқастарда ерекше батылдық танытып, жау қоршауында қалып, өзін гранатамен жарып жіберген. Батыр атағы оған 1965 жылы берілді.

Осы елдің тағы бір жас қаһарманы Зинаида Портнова (1926-1944) комсомол мүшесі ретінде немістерге қарсы құпия операцияларға қатысқан. 1944 жылы 17 жасында фашистердің қолына түсіп, азаптап өлтірілген. «Совет Одағының Батыры» атағын 1958 жылы алды.

Соғыста ерлікпен аты шыққан тағы бір жас партизан – Леня Голиков (1926-1943). Новгород жерінде жаумен кескілескен шайқаста ерекше батылдығымен көзге түсіп, 16 жасында қаза тапты. Леня неміс генералын жеке өзі өлтіріп, маңызды құжаттарды қолға түсірген. Ерлігі үшін қайтыс болғаннан кейін, 1944 жылы «Совет Одағының Батыры» атағына ие болды.

Саша Чекалин (1925-1941) де жас батырлардың қатарында ерекше аталады. Ресей жерінде партизандық күреске қатысқан ол 16 жасында жаудың қолына түсіп, азаппен өлтірілген. Оған 1942 жылы «Совет Одағының Батыры» атағы берілді.

Осындай батырлардың өмірі – соғыс жылдарындағы қаһармандықтың жарқын үлгісі. Олар қысқа ғұмыр кешсе де, артында өшпес даңқ пен ерлік аңыздарын қалдырды. Жас ұрпақ үшін бұл батырлардың ерлігі – отансүйгіштік рухтың өлшемі және мәңгілік өнегесі болып қалады. 

Қазақ халқының батыр ұлдары арасында ең жас батырлардың бірі – Жәнібек Елеуісов (1925-1996). Ол Днепр өзенінің жағалауындағы кескілескен шайқаста небәрі 18 жасында асқан ерлігімен көзге түсті. Жәнібек ауыр жараланып, бірнеше операцияны өткерсе де, батыр атағын госпитальда жатқанда алды. Бүгінгі мақаламыз соғыстың ең жас қаһарманына арналады.  

Жәнібек Елеуісов 1925 жылы Ойрат автономиялы облысы, Усть-Кан ауданының Турата ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Турата деп орысша аталып кеткен бұл ауылдың түпкі атауы: Тұраты. «Тұраты» топонимінің этимологиясы нақты анықталмағанымен, кейбір болжамдар бойынша, бұл атау қазақ тіліндегі «тұру» етістігіне байланысты болуы мүмкін. Мысалы, «тұратын жер» немесе «тұрақты мекен» деген мағынада қолданылған болуы ықтимал. Өйткені осы Алтай өңірінде Тұратыға ұқсас Аршаты, Қалғұты деген елді мекендер жеткілікті. Кейінгі жылдары белгілі болғандай Өскемен қаласының бастапқы атауы «Кеңгір-Тұраның» этимологиялық мағынасы «кең аңғарлы өзен бойындағы тұрақ (қоныс, мекен)» немесе «кең өзен аңғарында орналасқан елді мекен» деген мағынаны білдірсе керек. 

Тарихи-географиялық тұрғыдан алып қарасақ, бұл атаулардың пайда болуына сол жердің табиғи ландшафты әсер еткенін байқаймыз: өзеннің кең аңғары, қолайлы жайылымдары мен қонысқа ыңғайлылығы себеп болған.

Осындай аты да, тарихы да қызық ауылда Жәнібек бозбала шағынан-ақ еңбектің қадірін, қиындықтың не екенін біліп өсті. Көпбалалы шаңырақта дүниеге келген оның балалық шағы Алтайдың бөктеріндегі қарапайым қазақ ауылында өтті. Әкесі Ақат өмір бойы адал еңбектің туын биік ұстап, алдымен қой бағып, кейін сүт-тауар фермасын басқарған, одан әрі совхоз төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілген еңбекқор жан еді. Ал анасы Қанибибі ошақ отын сөндірмей, үйдің ұйытқысы болып, бес баланың бойына аналық мейірімін құйып өсірді.

Жастайынан шаруаға бейімделіп өскен бозбала Жәнібек ауылындағы қазақ мектебінен жеті сыныпты тәмамдаған соң, өз білімін орыс тілінде басқа ауылдағы мектепте жалғастырды. Бұл оның өмірге деген құштарлығы мен жаңаға ұмтылысын көрсетті. Тағдыр Жәнібекті ерте есейтіп, өмір сынағы мен білім сынағын қатар тарту етті. Ауылдағы қарапайым тіршілік оның бойына төзімділік пен қайрат, адалдық пен еңбексүйгіштік қасиеттерін сіңірді. Кейінгі батырлық пен ерліктің тамыры осы қарапайым ауылдың топырағында, ата-ананың тәлімінде жатқаны анық еді.

Жәнібектің балалық және жастық шағы өзі қатарлы құрбы-құрдастарынан өзгеше бола қойған жоқ. Ол да ел қатарлы мектеп табалдырығын аттап, білімге ұмтылды, комсомолға өтіп, ертеңгі күнге үлкен үмітпен қарап, алдағы өміріне жоспар құрды. Күнделікті тіршілікте ұжымшардың жұмысына белсене араласып, еңбек майданында шыңдалды.

Алайда ел басына ауыр күн туған 1941 жылдың жазында, соғыс басталған сол сұрапыл күні-ақ 16 жасар бозбала бірден әскери комиссариатқа барып, майданға аттануға рұқсат сұрады. Бірақ өрімдей жастығын ескерген комиссариат оған келісім бермеді. Ержүрек жастың жалыны мұнымен басыла қоймады. Ол қайтпас табандылық танытып, бірнеше мәрте әскери комиссариаттың есігін қағып, аудандық комсомол комитетіне де қайта-қайта өтініш білдіргенімен, жасына байланысты әр жолы кері қайтарыла берді.

Тек 1943 жылдың ақпанында, он сегіз жасқа толар-толмас кезінде ғана оның арманы орындалды. Усть-Кан аудандық әскери комиссариаты қайсар жігітті Қызыл армия қатарына шақырып, Барнауыл қаласындағы жас жауынгерлерді даярлайтын полк мектебіне аттандырды. Осылайша, Жәнібектің нағыз ерлік жолы басталды.

Бір ғана Усть-Кан ауданынан майдан даласына аттанған 3686 азаматтың жартысына жуығы – 1727 боздақ туған жер топырағына қайта орала алмады. Олар өз өмірлерін Отан үшін құрбан етіп, қан майданның ортасында мәңгілік сапарға аттанды. Ұлы Жеңіске жетер жолда қайталанбас ерлік үлгісін көрсеткен олардың батырлығы халық жадында өшпес даңққа айналып, тарихтың алтын парақтарына жазылды. Ауданнан шыққан 500-ден астам жауынгер майдан даласында көрсеткен көзсіз батырлығы мен жанқиярлығы үшін жоғары дәрежелі ордендермен және медальдармен марапатталып, туған жерінің мерейін асырған екен. 

Барнауылдағы алты айлық әскери даярлықтан соң, небәрі он сегізге толған қырандай жігерлі жас мерген-пулеметші Жәнібек Елеуісов от пен оқтың ортасына – майдан даласына аттанды. Ол 60-армия құрамындағы даңқты 6-гвардиялық атқыштар дивизиясының 25-гвардиялық атқыштар полкіне қосылды. Білімі мен зеректігінің арқасында жас жауынгер бірден пулеметшілер бөлімшесінің командирі болып тағайындалып, өзіне артылған жауапкершілікті абыроймен атқаруға бел буды.

Жәнібек Елеуісов – 6-гвардиялық атқыштар полкінің қатардағы жауынгері болатын. 1943 жылдың қыркүйек айының соңында полк солтүстік Украина аумағына қарай жылжыды. Бұл уақытта жауынгерлерге батпақты ормандар мен қос алып өзен – Днепр мен Припятьты кесіп өтіп, жауға қарсы шабуылға шығу міндеті жүктелді.

 Изображение выглядит как одежда, Человеческое лицо, человек, Фуражка

Контент, сгенерированный ИИ, может содержать ошибки.

Припять өзені бойындағы ұрыс – сұрапыл соғыс тарихындағы көп айтыла бермейтін, көлеңкеде қалған эпизодтардың бірі еді. Бірақ дәл осы өзеннің жағалауында, Чернобыль қаласына таяу тұста қазақтың жас пулеметшісі Жәнібек Елеуісов майдан тарихында өшпес із қалдырған ерен ерлігін танытты.

6-шы Қызыл Тулы гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамындағы 25-ші гвардиялық атқыштар полкі Днепрге жеткен соң, өзеннен жедел өтіп, жау қорғанысын бұзып-жарып, қоршауға алып, толық жою туралы қатаң бұйрық алды. Сол күні кешкі сағат 17 шамасында батальондар Плитовичи мен Опачицы елді мекендері тұсынан өзен жағасына таяп келді. Днепрден өту операциясы жаудың үздіксіз, жойқын артиллериялық соққысы астында жүзеге асты. Алғашқылардың бірі болып өзенге гвардия жауынгерлері Алексей Власов, Василий Манилов және сержант Жәнібек Елеуісов бастаған пулеметшілер қайықпен бет алды. Жау қарсы жағадан дереу оқ жаудырды. Су бетінде снаряд жарылысынан биік субұрқақтар атқылап, қайықтағы жауынгерлерді бастан-аяқ суға малшынды. Қайық қатты шайқалып, бір сәт аударыла жаздаса да, жігерлі сарбаздар ақыры өзеннің арғы жағасына аман-есен жетіп, табандылықпен бекініс құра білді.

Полк бөлімшелерінің өзеннен өтіп жатқанын аңғарып қалған жау оқты одан әрі күшейте түсті. Дәл осы шешуші мезетте сержант Жәнібек Елеуісов қас-қағым сәтті пайдаланып, қысқа кезекпен жаудың пулемет нүктесін жойып жіберді де, батальонның негізгі күштеріне өзеннен аман-есен өтуге жол ашты. Днепрдің қарсы бетіне өткен гвардияшылар асқан шыдамдылық пен қайсарлық көрсетіп, бір ай бойы күн сайын тәулігіне сегіз мәртеге дейін қайталанған дұшпанның жойқын шабуылдарына ерлікпен тойтарыс берді.

Алғашқы шайқаста-ақ ол өзінің әскери шеберлігі мен қайсарлығын танытып, жаудың 20 шақты сарбазын кері шегіндіріп, сегізін дәлдеп атып, жер жастандырды. Осы ерлігі үшін 1943 жылдың 19 қыркүйегінде Жәнібек Елеуісов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл жас жауынгердің майдандағы ең алғашқы әрі ең маңызды марапаты еді.

«Жау біздің шағын топтың қоршауға түскенін біліп, психологиялық шабуыл жасады. Олар бізден әлдеқайда көп еді, біз қиын ұрысқа кірістік. Командир мені өте қауіпті учаскеге жіберді. Сол жерде біз окоп қазып, жаудың шабуылын күттік. Неміс батальонының жүріп келе жатып, оқ жаудыра бастағанын байқадым. Мен жолдасымды ескертіп, біз бірден жауды айқас оқтың астына алдық. Фашистер шабуылды тоқтатып, кері шегінді», – деп еске алған еді Жәнібек Елеуісов.

Жауынгерлер саны барған сайын сирей түсті... Соңында шағын топтан жалғыз өзі Жәнібек қалды. Бірақ жүрегі батыл, рухы асқақ сарбаз жаудан еш қаймыққан жоқ. Ол шағын ғана плацдармды жанкештілікпен қорғауға кірісті. Бірнеше пулеметті әртүрлі орындарға орналастырып, патрондарды жылдам-жылдам оқсалғыштарға қайта салып, бір өзі тұтас бір бөлімшенің қызметін атқарды. Басты мақсаты – жау әскеріне өзінің жалғыз екендігін білдірмеу еді.

Таң қылаң бергенде дұшпан қайтадан шабуылға шықты. Осы сәтте Жәнібек оқты қарша боратты. Оның жойқын әрі дәл атылған оғы жау әскерін үлкен шығынға ұшыратты. Сырттан қараған адамға шағын плацдармды бір өзі емес, тұтас бір батальон қорғап тұрғандай көрінетін еді.

Жәнібек осылайша төрт күн бойы ас-сусыз, демалыссыз Днепрдің оң жағалауын жалғыз өзі ерлікпен қорғап қалды. Пулемет пен гранатаның көмегімен жаудың әр шабуылына тойтарыс беріп, тең емес бұл шайқастан жеңімпаз болып шықты.

Ақырында көмекке келген рота командирі бастаған жауынгерлер Жәнібекті пулеметінің жанында, ерні кезеріп, әбден әлсіреп, бірақ рухы сынбаған күйінде тапты. Ал таңға қарай 25-ші гвардиялық полктің жауынгерлері Плитовичи мен Опачицы елді мекендерін жаудан толық тазартты. 

Жәнібек сол күндерді кейін өз естеліктерінде былай деп сипаттайды:

«Фашистер бізге психологиялық шабуыл жасауға дайындалды, себебі бізді қоршауға алған еді. Біздің күшіміз олардан әлдеқайда аз болатын, бірақ біз қайсарлықпен тойтарыс бердік. Сол кезде рота командирі Жихарев мені ең ауыр учаскеге жіберді. Ол маған үнемі сенім артып қарайтын еді. Ол: «Ал, сібірлік гвардияшы Жәнібек, сен тәжірибелі пулеметшісің, ең ауыр тұсқа барасың», – деді».

Жәнібектің бөлімшесі Яновка ауылының маңында бекініс құрып, жаудың артиллериясы мен минометінің жойқын соққысына ұшырады. Көп ұзамай немістің батальоны тұтас шабуылға көшті. Алайда Жәнібек пулеметтен дәл әрі қарқынды оқ жаудырып, қарсыластың шабуылын тоқтатып, кері шегіндірді.

Бұл шайқас үш тәулік бойы жалғасты. Жау бірнеше мәрте шабуылға шықса да, Жәнібектің батырлығынан өте алмады. Үшінші түні рота командирі Жихарев Жәнібекті шақырып алып: «Жағдайымыз өте қиын, қоршауда қалдық. Алда сен жүресің, бізді осы қоршаудан алып шығасың», – деді.

Сол кескілескен шайқаста Жәнібек басынан ауыр жарақат алып, қан сорғалап тұрса да, пулеметін тастамай, үш сағат бойы жауға қарсы тоқтаусыз оқ жаудырды. Кейін бұл оқиға туралы өзі былай деген: «Қан бетімді жуып жатса да, жауға деген ашу-ыза кеудемде қайнап, жарақаттың ауырғанын сезбедім. Бұл – соғыс. Қажет болса өміріңді де қиясың. Бұл – гвардияшылардың қасиетті серті еді».

Бұл шайқас алты тәулікке созылды. Жәнібек тек өзін медициналық бөлімге жібергенше соғыса берді. Рота командирі кейінірек: «Сол бір сәтте Жәнібек тіпті өлімнің өзін қорқытардай қаһарлы еді», – деп таңырқай еске алған.

Қатардағы жауынгер Елеуісовтің көзсіз ерлігі туралы хабар дереу полк командирі подполковник Смирновқа жеткізілді. Ол жанкешті ерлігі үшін Жәнібек Елеуісовті 1943 жылдың 10 қазанында Совет Одағының Батыры атағына ұсынды.

Ұсыныста: «Қатардағы жауынгер Елеуісов Днепрдің қарсы жағалауына бірінші болып өтіп, өзеннің арғы бетінде бекініс құрып, пулеметтен оқ жаудырып, жаудың қорғаныс шебін бұзды. Жау үздіксіз оқ жаудырып, Елеуісовтің өміріне аса қатер төндірсе де, ол батальонның негізгі күштерінің өзеннен қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, асқан ерлікпен жауға тосқауыл қойды», – деп жазылған еді.

Усть-Кан ауданы бойынша 40 адам Қызыл Жұлдыз орденімен, екі адам Даңқ орденінің ІІ дәрежесімен, 16 адам осы орденнің ІІІ дәрежесімен марапатталған. Сондай-ақ тоғыз адам Қызыл Ту орденін иеленсе, 732 адам «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медаліне лайық деп танылды. 

Соғыстың кейінгі жылдарында да батыр Жәнібек Елеуісов бірнеше мәрте ауыр жарақат алып, денсаулығына үлкен зақым келді. Ерлікпен шайқасқан жауынгердің алты қабырғасы мен бір өкпесін алып тастауға тура келді. «Совет Одағының Батыры» атағы оған осы жарақатынан госпитальда емделіп жатқан кезінде тапсырылды.

Изображение выглядит как одежда, человек, на открытом воздухе, строительство

Контент, сгенерированный ИИ, может содержать ошибки.

1944 жылдың күзінде Жәнібек Елеуісов Қазан қаласына жіберіліп, Житомир әскери жаяу әскер командирлерін даярлайтын училищеге оқуға түседі. Бұл оқу орнын сәтті аяқтаған соң, Черновцы қаласында қызмет етіп, сондағы әскери училищеде соғыс тактикасынан сабақ беретін ұстаз болып еңбек етті. Кейін сырқаты сыр беріп, емделу үшін алдымен Новосибирск қаласына, одан әрі туған ауылы Тұратыға қайта оралды. Сауығып шыққан соң, Алтай өлкесіндегі Верхоний ауылындағы жетіжылдық мектепке директор болып тағайындалды. 1948 жылы жергілікті тұрғындар оны ауылдық кеңестің төрағасы және Алтай өлкелік кеңесінің депутаты етіп сайлады. Осылайша, соғыста ерлігімен көзге түскен Жәнібек бейбіт өмірде5 де елдің құрметіне бөленіп, халық игілігі үшін аянбай қызмет етті.

Нақтырақ айтқанда, Жәнібек Елеуісов 1954 жылы Шығыс Қазақстан облысына қоныс аударып, осы жерде ел жұмысына араласты. 1962 жылы тағдыр оны мұнайлы өңір – Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына жетеледі. Сол жылдың өзінде-ақ Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен ұстаздық жолын жалғастырып, жас ұрпақты әскери өнер мен отансүйгіштікке тәрбиелеуге ерекше үлес қосты. 1964 жылдың тамыз айынан бастап Гурьев облыстық ДОСААФ ұйымы спорттық атқыштар клубының бастығы қызметін атқарып, жастар арасында әскери-спорттық тәрбие жұмысын жандандыруға зор еңбек сіңірді.

Өзінің жарқын өмірін отансүйгіштік пен ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз 1991 жылы құрметті демалысқа шықты. Батырдың жүрегі 1996 жылдың 21 сәуірінде Тараз қаласында мәңгілікке тоқтады. 

 Изображение выглядит как Человеческое лицо, человек, одежда, портрет

Контент, сгенерированный ИИ, может содержать ошибки.

Батырдың есімін мәңгі есте сақтау мақсатында Тараз қаласының көшесіне, өзі туып-өскен ауылдағы мектепке және ауыл көшесіне Жәнібек Елеуісовтің аты берілді. Қазір Таразда және батырдың кіндік қаны тамған Алтай өлкесінде оның құрметіне ескерткіш-бюсттер мен мемориалдық тақталар орнатылған. Киев қаласындағы Ұлы Жеңіс мемориалындағы обеліскіге де Жәнібек Елеуісовтің есімі алтын әріптермен жазылған.

Жәнібек Елеуісов тарихқа ең жас Совет Одағының Батырларының бірі ретінде енді. Оның жанқияр ерлігі, қайсарлығы мен жауынгерлік рухы бүгінгі жас ұрпаққа нағыз патриотизмнің, батырлық пен туған жерге деген адалдықтың жарқын үлгісі болып қала бермек.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?