«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қалыңмал – үйлі болудың төте жолы

1705 0
Қалыңмал – үйлі болудың төте жолы
Қыздың төрт қанат ақ отауы қазіргі 1 бөлмелі пәтермен пара-пар. Әне, көрдіңіз бе?! Қалыңмал жоралғысы – үйленудің де, үй алудың да мәселесін бірден шешіп тастаудың жолы!

Қазір ғой, қалыңмалды ұл үйленем дегенде апыр-топыр жинаймыз. Бірер айда тапқанымыз қайдан оңсын? Бірақ еш қымсынбай, «барымен базар» деп барамыз. Ана жақ әкелген ақшаңды санап тұрып, қабағы түксиеді. Іле жігіт жақтың сампылдаған әйелдері сөйлейді: «– Не қызыңды сатпақсың ба? Бергенімді ал, әйтпесе...» деп дөң-айбат кетеді...

Дәл осындай диалог бұрынғы заманда болса еді, қалыңдық жақ қызын бермек түгілі, ит қосып, қуып шығатын еді.

Бұрын деп қалдық қой. Иә, бұрынғы қазақ қазіргідей ұлы үйленем деген кезде бір-ақ қыбырламаған. Керісінше, еркек кіндік дүниеге келгеннен оның қалыңмалын жинаған. Ал қыз жақ қарлығашының жасауын реттеген. Үйленер уақыт келгенде, қалыңдық жақ 4 қанатты киіз үйін сайлап, ішіне жасау толтырып қызын береді. Ал жігіт жақ ақ отаудың және ішіндегі жасаудың құнына пара-пар «қалыңмал» төлейді. Абайдың заманында «стандарт» қалыңмал 47 жылқы болған. Ол заманда жылқы қазіргідей қымбат болмағанын ескерте кетейік.  

Сонымен қызды алып келеді. Бұрынғының келіндері қазіргідей үлкен шаңыраққа, атаның үйіне түспеген. Өзімен алып келе жатқан ақ отауын сол қара шаңырақтың жанына құрып, сонда түсетін болған. Қыздың төрт қанат ақ отауы қазіргі 1 бөлмелі пәтермен пара-пар. Әне, көрдіңіз бе?! Қалыңмал жоралғысы – үйленудің де, үй алудың да мәселесін бірден шешіп тастаудың жолы!

Ал, қалыңмал жинай алмағандар не істейді? Қазақ ондай ата-ананы ұрпағына жаны ашымайтын, далақтаумен күн өткерген безбүйрек деп айыптайтын болған. Ондайларға қызын ешкім бермейтін болған. Бұл да сұрыптаудың бір түрі ғой. Ұлы есейгенше тағдырына алаңдамаған кісілермен кім құда болғысы келеді? Оларды ата-ана деп айтуға бола ма өзі?!

                  

Қалыңмалды неге жатсынамыз?

«Қалыңмал» десе осы Арқаның қазағы «қыз сатасыңдар ма?» деп жақтырмай қалатыны бар. Сондай кездерде ойлайтынмын: «Сонда бұ дәстүр тек оңтүстікте ғана болған ба?» деп. Дұрысы, оңтүстікте ғана сақталған! Иә, күні кешеге дейін, қалыңмал күллі қазаққа ортақ болған. Бірақ, коммунистер 1920 жылы «Қалыңмалға тыйым» деген декрет шығарыпты. Сонда қалыңмалды жақтырмайтындар, ондай дәстүр жоқ дейтіндер Лениннің 20-ншы жылғы декретімен әлі жүр деген сөз ғой.

Жә, дәл осы декрет қазіргі қазақтың үйсіз-күйсіз сандалуына себепкер. Ол қалай?! Бұрының саналы қазақтары екі жақта балаларына жан ашып, далада қаңғырып қалмауын ойлайды. Ол кезде той бірінші міндет емес еді. Той «некелестім» дегенді жариялайтын іс-шара ғана болатын.

Елбасымыз «ұлан-асыр той жасағанша ұл-қызға үйдің ақшасын шығарып беріңдер» деп айтып қалды. Дұрыс идея! Үйлі болудың қазақы жолы деп, біз осы қалыңмалды да ұсынған түріміз ғой.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English