Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі Сабыр Қасымовтың айтуынша, 1916-1930 жылдары зорлық-зомбылық саяси науқандары мен ашаршылықтың салдарынан құрбан болғандар жайлы зерттеу жұмысын күшейту қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жайлы ол Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесі өткізген республикалық семинарда айтты. «Сталиндік режимнің кесірінен халқымыз бастан кешкен бұл зобалаң еш уақытта ұмытылмайды. Алайда осы тақырыпта Қазақстан тәуелсіздік жылдарында бірде бір үкіметтік шешім қабылдаған жоқ. Сол жылдары миллиондаған адам өз жерінен қашуға мәжбүр болды. Бүгін бұл мәселені жан-жақты зерттеуді бірінші рет бастап отырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» жарлығына сәйкес, мемлекеттік комиссия жан-жақты зерттеу мен оңалту бойынша ұсыныстар енгізу үшін арнайы топ құрды. Осындай топтар аймақтық комиссияларда да құрылды», - деді Сабыр Қасымов. Оның айтуынша, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар нақты қандай қиындық көргенін, аштықтан, суықтан және аурудан қанша адам көз жұмғанын зерттеу жұмысын күшейту қажет. «Сондай-ақ елден кетіп, қайтып оралғандарға жергілікті билік пен халықтың көзқарасы қандай болғаны, қазақ босқындарын олар қалай қарсы алғаны туралы мұқият зерттеу жүргізген жөн. Архив құжаттарынан белгілі болғандай, босқындар Новосібірде, Омбыда, Барнаулда және Ресейдің басқа қалаларында аштықтан өлмеу үшін кез келген жұмыс істеуге мәжбүр болған. Ал Қырғызстанға 100 мыңға жуық қазақ көшіп барды. Олар бұрынғы Фрунзе, қазіргі Бішкек қаласында қиын жағдайда өмір сүрді», - деді Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі.
Сабыр Қасымов: Қуғын-сүргін көрген 100 мың қазақ Қырғызстанға қашып барған
20.10.2021
2723