Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бақытбек Смағұл. Тарихи тәуекелден өткел табудың қамы

2277
Бақытбек Смағұл. Тарихи тәуекелден өткел табудың қамы - e-history.kz

Мәселен, биылғы 24 қыркүйекте «Қазақстанда туристік саланы дамыту туралы» тақырыбында өткен Үкімет сағатында мен Мәжіліс депутаты ретінде мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының және Үкімет мүшелерінің назарын бірнеше жайтқа аударған болатынмын. Мәселен, әртүрлі зерттеулер көрсеткеніндей, Қазақстанға, соның ішінде әсіресе, Астанаға сапарлайтын туристердің көбі конференцияларға, форумдарға қатысуға, мәміле жүргізуге, яғни «іскерлік мақсатта» келеді. Ондай адамдар, егер инвесторымызға айналмаса, отбасымен келетін саяхатшыларға қарағанда елімізде аз қаржы қалдырады, себебі көрнекті орындарды аралауға уақыттары болмайды.

«Ал отбасылы саяхатшыларды тарту үшін балаларға қызықты орындар көп болуға тиіс. Бұл үшін бай тарихи мұраны пайдаланғанымыз жөн. Мәселен, Тараз – қызғалдақтың Отаны, Алматы – алманың Отаны, Ботай – жылқы алғаш рет қолға үйретілген жер екенін әлем мойындады. Бұл туристердің ынта-ықыласын тудырады. Бірақ бұл мекендерде осы деректерді қызықты түрде ұсынатын музейлер, интерактивті экспозициялар керек. Мысалы, Таразда қызғалдақ музейі, Алматыда алма музейі болғаны жөн. Бұл мәселені ішкі туризм саласындағы кәсіпкерлер көтерген. Осы бағытта да ұтымды жұмыс жүргізілуі керек», – дедім.

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа бағдарламалық мақаласында «Атқа міну мәдениеті», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деп, оларды «Ұлы даланың жеті қыры» қатарында айрықша атап көрсеткенін, осы құндылықтарымызға биліктегі жауапты тұлғалардың, жалпы қоғамның ерекше назарын аудартқанын оқып, сүйсіндім. Демек, аталған музейлердің ашыларына деген сенім бар. Елбасымыз өз мақаласында «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуды ұсынды. Онда озық өнер мен технология үлгілері – аң стилінде жасалған бұйымдар, «Алтын адамның» жарақтары, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттар және басқа да жәдігерлер жинақталмақ.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізу бастамасын көтерді. Бұл шынында да ұлт үшін өте маңызды. Халық өзінің төл жетістіктерімен мақтана алуымен рухтанды. Үлгіге жапон елін алуға болады. Сарапшылардың айтуынша, «Күншығыс елі» 1868–1912 жылдар аралығында «Мейдзи дәуірін» бастан кешкен екен. Ұзақ ғасырлар бойы өз аралдарында қамалып, жаһан жұртшылығынан жабық жатқан жапондар осы дәуірде, яғни кейін Жапонияны ұлы державаға айналдырған император Муцухито тұсында өзіндік оқшауланудан бас тартып, әлемге ашылды.

Мәдениеттанушылардың куәлік етуінше, сонда оларға батыс мәдениеті қатты әсер етіп, жапондардың көбі өз мәдениетін менсінбей, төл құндылықтарын тәрк ете бастайды. Жапон қоғамы сол тұста «тек батыс мәдениеті ғана елді алға оздырады» деп санайды. Дәл осы кезде халықтың бағына орай бір италиялық ойшыл «Күншығыс елін» терең зерттеуге кіріседі, жапондардың салт-дәстүрлеріне жіті зер салып, «жапондардың шәй ішу дәстүрі», «табиғатқа табыну дәстүрі», «бабалар аруағын ұлықтау дәстүрі» секілді дәстүр-құндылықтарын батысқа дәріптейді. Ақыры Еуропаны елең еткізген төл құндылықтарына деген мақтаныш сезімі оянған жапондар құлдық санаға апарар құрдымнан құтылған. Осылайша, бүгінде жапондар өздерінің қалпын сақтап қалғандары үшін еуропалық зиялыға риза.

«Күншығыс елі» өз жетістіктерін, мәдениеті мен өнерін паш ету үшін Еуропа және АҚШ-тағы саналуан дүниежүзілік көрмелерге белсенді қатысқан, нәтижесінде еуропалықтар жапон халқы ұсынған шығыстық экзотикаға елікті. Жапония сөйтіп, еуропалық мәдениетке, әсіресе, «арт нувоға» қатты әсер етті (фр. art nouveau, «жаңа өнер», оны «модерн» деп те атайды, бұл ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында ең кең таралған декоративтік-қолданбалы, сәулет және бейнелеу өнерінің көркем бағыты). Қазіргі кезде де Батыста жапон мәдениетіне деген қызығушылық зор, мысалға, «самурайлар мектептері», «гейшалар мектептері» жұмыс жасайды. Соңғысы Батыс үшін «ибалы қалыңдықтар институты» рөлін атқарады. Жер-жаһанды аузына қаратқан жапондар дәстүрлі дүниетанымын заман талабымен ұштастырды.

Біз әлемдік мәдениеттен де қалыспауымыз керек, өз дәстүрімізді бек ұлықтауымыз керек. Тек тіл ғана емес, ұлттың рухы, оның қайталанбас, дара мәдениеті, терең тарихи жады мен рухани болмысы жойылған күні ұлт та жойылады. Қазақ жері – алтын адамдар өмір сүрген өңір! Елбасы осыған назар аудартып отыр. Бүкіл әлемдік қоғамдастықты таң-тамаша қалдырған, баршасын қызыға да қызғана қаратқан, бірақ тылсым сырларын адамзатқа әлі ашпаған «Алтын адам» бүкіл дүниежүзінде тек Қазақстанда ғана табылды! Және біреу емес, олардың саны бірнешеу болғаны анықталуда. Алтын адамдардың белгілері табылған сайын, жаһан жұртшылығы жалт қарап, құлағын түріп, қазақ жерінің «алтын адамдар мекені» екендігін мойындай түсуде.

Қазіргі ұрпақ өркениеттің бастауы, мәдениеттің мәйегі болған Ұлы даланы ен жайлаған, мыңғыртып мал айдаған, мәрттігі мен уәдесінен таймаған, алты Алаш ханын сайлаған, шаршы топқа түскенде, шешен болып сайраған, қылышын тасқа қайраған, найзасына үкі байлаған ұлы бабалардың ұрпағы екенін ұмытпағаны жөн. Бұл ұмытылса, тарихи жад өшсе, келер ұрпақ «өзінде бармен көзге ұра» (Абай) алмайтын мүшкіл халге жетіп, өзгеге табынып, тамсанумен өтпек. Елбасы осы тарихи тәуекелден болашақ қазақстандықтарды да аман өткізудің қамына кіріскенін аңғарамыз.

Бақытбек СМАҒҰЛ,

«Qazaqstan ardagerleri» Қауымдастығының Төрағасы, Мәжіліс депутаты

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?