Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қобыланды батыр жыры (толық нұсқа) - Марабай жырау (Ә.Диваев)

60319
Қобыланды батыр жыры (толық нұсқа) - Марабай жырау (Ә.Диваев) - e-history.kz

Қобыланды батыр — қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі. Жыр көп замандар бойы өмір сүріп, ірі- ірі эпос айтушыларының қолынан өткен. Қобыланды жырының 29 нұсқасы бар, «Қобыланды батырды» Марабай, Мергенбай, Біржан Жасымбаев, А. Айтабанов, К. Еламанов, Сыр бойындағы белгілі айтушысы Тұяқбайлар жырлаған.  Айтушылардың осыншама көп болуы жыр сюжетінің халыққа кең тарағандығын көрсетеді.«Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасы бар.

Төмендегі сілтемеде:  Қобыланды батырдың өмірбаяны 

«Қобыланды батыр» жырының алғашқы нұсқасын Ы. Алтынсарин Марабай жыраудың аузынан жазып алып, «Тайбурылдың шабысы» деген саласын өзінің «Хрестоматиясында» пайдаланған. Жырдың басқа да үзінділері революцияға дейін «Дала уалаяты» (1899), «Туркестанские ведомости» (1899), «Тургайская газета» (1901), «Труды Оренбургской научной комиссии» (1910) сияқты басылымдарда сөз бола бастайды. 1914 жылы Қазанда Тұяқбай нұсқасы, 1922 жылы Ташкентте Ә.Диваев жинаған нұсқалар басылған.

Ә.Диваев нұсқасы көптеген жинақтар мен оқулықтарға еніп келді. Ұлы Отан соғысынан соңғы жылдары М.Ғабдуллин «Қобыланды батыр» тақырыбынан докторлық диссертация қорғап, монографиясын жарыққа шығарды.Жырдың 15 түрлі нұсқасын ашқан да М.Ғабдуллин еді. Бүгінде жырдың 29 түрлі нұсқасы белгілі болып, ғылыми оралымға еніп отыр. 

Төмендегі сілтемеге өтіңіз: Қара қыпшақ Қобыланды қай заманның қаһарманы

Қият рулық Қараманның жауға аттанып бара жатып, құрдасы қара қыпшақ Қобыланды батырға айтқаны:

Қараман айтты: — Құрдасжан,

Мен — Сейілдің ұлы Қараман

Қазанға кетіп барамын,

Жүрмейсің бе, құрдасжан,

Көп қолқалық қыламын

Замандасым, мұңдасым,

Заманы бірге сырласым.

Жасы бірге құрдасым,

Қазан деген шәріге

Сапар тартып, жол шектім,

Жүрмейсің бе, жолбарысым?

Жасыңнан артық талайың,

Қобыланды сынды батыр ең

Жұлдызы туған жоғары,

Жүрмейсің бе, құрдасым?

Дұға тиген ер едің,

Кезіне келген дұшпанның

Білемін, Қобылан, оңбасын.

Қазандағы кәпірге

Сапар қылып жол шектім,

Жүрмейсің бе, жолбарысым?!

Қобыланды сонда сөйледі:

—Бағымды бастан алмасын,

Алды-артымнан шалмасын,

Ақыреттік жолдасым—

Ителгі құстай іледі,

Сүйкімді назбен күледі.

Менің барар-бармасым

Хабар салып алайын,

Үйдегі Құртқам біледі.

Мұны естіп Естеміс,

Сұрағалы Құртқадан

Сол арада жөнелді.

Құртқадан хабар алмаққа

Қобыландының жанынан

Естемес шықты ел жата.

Базарда бар ақ мата,

Бұл сөзімде жоқ қата.

Ойнақтайды жас бота,

Тоқтарбайдың қасында

Құртқа тіккен отауға,

Қыз Құртқаның жанынан

Естеміс тыстан сөз қата,

Күн шыққан соң, таң ата.

Естемес келіп сөйлейді:

—Үйдемісің, қыз Құртқа,

[Түздемісің, қыз Құртқа]

Әйел болдың амал жоқ,

Егерде еркек болғанда,

Болар ең тұтқа бір жұртқа.

Мінген аты қызыл-ды,

Іс тағдырға сызылды.

Жолда жатқан дұшпанға

Арыстанның көңілі бұзылды.

Мінбекке керек қазанат,

Белге керек шар болат.

Денеге керек жалаң қат,

Жан—Жаббарға аманат.

Жалғыз емес Қобылекем,

Қияттан шықты қолқанат.

Батырың мініп шабуға,

Асыл туған қыз Құртқа,

Жазымен баққан бурыл ат

Жарамай ма, жарай ма?

Құртқаның сонда шыққаны:

Қылаң етіп, қылт етіп,

Сылаң етіп, сылт етіп,

Саулы інгендей ыңқылдап,

Күшігендей сыңқылдап,

Сөйлеген сөзі сымпылдап.

Алтын иек ақ Құртқа

Көтеріп жаулық сөйлейді,

Естеміс құлға былқылдап:

—Дүниеде көп адамзат,

Бенде тоймас іңкәрға

Екі тоқты, бір саулық

Берер едім қырқарға.

Жұмсады ма сізді

Үйдегі бурыл тұлпарға?

Дұғай сәлем дегейсің

Тұлпарыңа жұмсаған

Жұрт иесі сұңқарға.

Жана да сәлем дегейсің

Құрбы менен құрдасқа—

Заманы бірге сырласқа,

Жылы бірге жолдасқа,

Жасы бірге мұңдасқа.

Мінем көшке көк қасқа,

Саламын қамшы жамбасқа.

Бірі қастық қылмайды

Жанына ерген жолдасқа.

Мереке менен той басқа,

Ешкі менен қой басқа.

Шайтан менен жын басқа,

Бәйбіше менен күң басқа.

Туған ұл мен құл басқа,

Жұмсады ма сіздерді

Біздей нашар жолдасқа?!

Жолдасына жұмсаған

Көп құлдық бас дегейсің,

Қараспан тауын жайлаған

Жұрт иесі жолбарысқа.

Әуелі Құдай алмасын,

Алды-артымнан шалмасын.

Тілімді алса, сұлтаным,

Бұл сапарға бармасын,

Бұл олжадан алмасын.

Көп жылайды дегейсің

Үйдегі нашар жолдасың.

Асқар тауда белдік бар,

Жасағанда кеңдік бар,

Азда қанша теңдік бар,

Құрдаста қанша елдік бар,

Тілімді алып, бармасын.

Сұлтаныма сәлем де,

Біз байлаған Бурылда

Қырық үш күндік кемдік бар.

Мұны естіп Естеміс,

Қобыландыға келеді.

«Құртқа солай айтад» деп,

Естеміс барды Қобыланға.

Қобыланды келді құрдасқа,

Жүремін деген жолдасқа.

Сонда Қобылан сөйледі:

—Көлден ұшқан қалбаймын,

Жаманның тілін алмаймын.

Хақ бұйырған сапардан,

Арыстаным, қалмаймын.

Асыл достым, сөкпесең,

Бұл сапарға бармаймын,

Бұл олжадан алмаймын.

Асқар таулы бел деген,

Ақ бармақпен жемдеген,

Ауырса жеммен емдеген,

Өзінен басқа көрмеген,

Өзінен басқа білмеген.

Бағып тұрған баласы,

Күтіп тұрған анасы—

Өзі әйелдің данасы

Тұлпар туған Бурылдың

Қырық үш күні кем деген.

Қараман сонда сөйледі:

—Бұл барғаннан барсақ біз,

Ер Қазанды өлтіріп,

Қаласын бұзып алсақ біз.

Еркек болып не етеміз,

Әр сапарға шығарда

Қатынға ақыл салсақ біз.

Есіктің алды ебене,

Ерлер киер кебене.

Наздар киер кебе ме,

Кеткен кісі келе ме,

Алған Тәңірім бере ме?!

Әр тарапқа шығарда

Қатынға ақыл салған соң,

Асыл туған Қобыланды,

Қатынның тілін алған соң,

Неше батыр болса да,

Басында билік жоқ адам,

Асыл туған Қобыланды,

Ол қатын емей немене?

Әлқисса, сонда құрдасы Қараманның аузынан мынадай сөз шыққаннан кейін, Қобыланды батыр қатыны Құртқаға ашуланып, басын кесіп келуге атына мініп, жөнелген жері.

Сонда Қобыланды батырдың

Тері тамып иектен,

Үш ай тоқсан болғанда,

Құтылар қошқар күйектен.

Ордалы құлан орғыттым

Миялы қия үйектен.

Неше батыр болса да,

Қараман айтқан бұл сөзі

Өтіп кетті сүйектен.

Тобыршақ атқа зор салды,

Қамшы басты сауырға.

Екпіні ұқсап дауылға,

Тобығы меңді тор атпен

Қобыланды шапты ауылға.

Қатуланып, қаттанып,

Буырқанып, бұрсанып,

Мұздай темір құрсанып,

Қабағынан қар жауып,

Кірпігінен мұз тамып,

Ар жақ пенен бер жаққа

Найзасын ұстап бармаққа.

Аттанбаққа қалмаққа,

Құдай жолын алмаққа.

Еш кінәсі жоқ еді,

Сөзге сынық қылды деп,

Егер шықса алдынан,

Батыр кейіп келеді

Бұлаңдаған Құртқаның

Басын кесіп алмаққа.

Дарбазалы есікті,

Пайғамбардай несіпті

Үйде отырған қыз Құртқа

Дүбірін аттың есітті.

«Ағыны қатты кім болсын,

Сұлтаным дағы» десіпті.

Түрегеліп бұлаңдап,

Қарады да қамықты.

Құстың жүні мамық-ты,

Арпа-бидай қабық-ты.

Көтере алмас кедейлер

Жылында бір қой салықты.

Тастай беріп қыз Құртқа

Және ашады жабықты.

Жабықтан көзін салыпты,

Қараса ерді таныпты.

Түсі суық көрінді,

Ерге болған секілді

Бір сөзбенен жазықты.

Құртқадайын сұлуың

Өксіп жылап қамықты.

Енді Құртқа сасады,

Бетінен қаны қашады,

Оң етегін басады.

Сасқаны емей немене,

Аш күзендей бүгілді.

Шыдай алмай қорыққаннан,

Есік пенен төріне

Неше қайта жүгірді.

Сасып жүріп, жөн тауып,

Ақылменен ой тауып,

Түтікпенен су ішкен,

Түндікпенен күн көрген,

Төрде тұрған Бурылдың

Басын шешіп алады.

Тайбурыл атты жетектеп,

Қобыландыдай бөрінің

Бұлаңдаған қыз Құртқа

Алдынан кетіп барады.

Бурыл емес, көк дөнен

Туғаннан жеміс, жеді өлең.

Туғалы торды көрмеген

Түнектен шыққан Тайбурыл

Ай далаға шыққан соң,

Түлкідей көзі жайнады,

Қазандай болып қайнады,

Көлденең жатқан көк тасты

Сулығы деп шайнады.

Он екі құлаш арқанмен

Атылып Бурыл ойнады.

Қыз Құртқаны көтеріп,

Бурыл көкке екі ұшты.

Салмағыменен қыз Құртқа

Алып жерге бұл түсті.

Анасы әйел демесең,

Сол Құртқадан кім күшті?!

Қамығып Құртқа сөйлейді:

 

—Асқар таудың белдігі,

Аздың бар ма теңдігі.

Құрдастың жоқ-ты елдігі,

Жалғыздарға жар болған

Алланың көп-дүр кеңдігі.

Үш ұшар ең аспанға,

Бір ұшуың кем болды.

Мен қайтейін, Тайбурыл,

Қырық үш күннің кемдігі.

Кентті жерді жайласа,

Үзілмейді базары.

Қайда қалмас жігіттер,

Өлген сордың мазары.

Қобыландыдай бөрінің

Тайбурылды көрген соң,

Құртқадан қайтып қаһары,

Бурылға түсті назары.

Қобыланды сонда сөйледі:

—Көлден ұшқан қаздаймын,

Қаз жайлайтын саздаймын.

Наурыздан соңғы жаздаймын,

Ақылы жоқ мен байғұс

Бүйтіп жүрген Құртқаны

Шауып тастай жаздаймын.

Сарайда, сарай, сарай бар,

Сарайға қолын жеткізген

Қос өркешті қызыл нар.

Әр бәндеге ылайық

Өзіне Тәңірім қосқан жар.

Малы кемнің зары бар,

Әр адамның өзінің

Ылайықты жары бар.

Атымды бағып баптауға,

Текшедегі найзамды

Қарағайға саптауға,

Құртқадайын майысар

Жар тапқанымша талай бар.

Сонда Құртқа жабықты,

Құс төсекті мамық-ты,

Арпа-бидай қабық-ты.

Батыр Қобылан келгенде,

Наз етсе де, қорықса да,

Құртқадайын сұлуың

Өксіп жылап қамықты.

Сонда Қобылан сөйледі:

—Қызыл тілім шешен-ді,

Қатардан басым көсем-ді.

Артықша туған қыз Құртқа,

Атасы әйел демесе,

Басқа әйел болғанда,

Қауіпсіз болып тұрғанда,

Кеудеден басың кетеді.

Ердің құнын өз басың

Жүктесең де, Құртқажан,

Неге мұнша қамықтың?

Алдыңдағы мендей бір

Арыстаның есенде?!

Құстың жүні мамық-ты,

Арпа-бидай қабық-ты.

Асыл туған қыз Құртқа,

Мені көріп қамықпа.

Қараңғы түнек ішінен

Шығарамын жарыққа.

Осы кеткен сапардан

Есен барып, сау келсем,

Әйел де болсаң басыңды

Хан қылармын халыққа.

Сонда Құртқа сөйлейді:

—Айдын көлден қу аттым,

Дертке дәрі өтіне.

Жазғы балық ойнайды

Айдын көлдің шетіне.

Кисең киім жарасар

Ақ қағаздай етіңе.

Талап етіп, ойға алсаң,

Жеткізсін Тәңірі ниетіңе.

Сіздер сұңқар, біз қарға,

Сіз алыстан келгенде,

Ажырайып қарауға

Қарамаймын бетіңе.

Қобыланды сонда сөйлейді:

—Жылқы ішінде аламын

Қылшаң жүнді қарамын.

Алды-артымда ешкім жоқ,

Жеке туған дарамын.

Тоқтарбай мен Аналық

Дүние кезіп малынан,

Тірі безіп жанынан,

Тілеп алған баламын.

Өкпелеме, Құртқажан,

Ұзақ жолға жүрмеуші ем,

Жатпады деп бір күнше.

Кемпір-шалдың қойнына

Жатайын деп барамын.

Қамшы салды Қобыланды

Тобығы меңді жорғаға.

Дөңгеленіп жөнелді

Тоқтарбай тіккен ордаға.

«Көше біткен шекер деп,

Бүршігі жоқ тікен» деп,

Үйде отырған кемпір-шал

«Қобыланды қозым екен» деп,

Жүгіре шықты далаға,

Көзі түсті балаға.

Бірден жылап екеуі,

Баладан болды садаға.

Бірден келіп екеуі

Шылауына шырмалды.

Шылбырына оралды,

Оң тізгінін қолға алды.

Қобыландыны жетелеп,

Әкеліп үйге түсірді.

Өлгенде көрген жалғызға

Шәрбаттың суын ішірді.

Жалғызға жаны айланып,

Екеуі де толғанып,

Кезек-кезек қолға алып,

Қобыландыны күн батпай,

Алып жатты кемпір-шал.

Жатқызды көрпе-төсекке,

Кезек-кезек сөз қатты.

Үндемей Қобылан тек жатты—

Тілеп алған жалғыз ұл

Кемпір-шалға тым тәтті.

—Өзіме қара, қозым,—деп,

От жақтан кемпір бұл тартты.

—Маған келші, қалқам,—деп,

Ірге жақтан шал тартты.

Ол уақытта бәнде жоқ

Қобыландай сымбатты.

Екеуінің ортасында

Алма кезек домалап,

Шал-кемпірдің қойнында

Артық туған Қобыланды

Кірпік қақпай таң атты.

Таң сарғайып атқанда,

Таң шолпаны батқанда

Шал-кемпірдің қойнында

Арда Қобылан жатқанда,

Тайбурыл атқа ер салып,

Аз ғана азық, жем салып,

Бәйгеден келген көк дөнен

Түнімен ұйқы көрмеген,

Ұйқы көрмей ақ үйдің

Алдынан сонда өткізді

Құртқа сұлу көлденең.

Құртқа сұлу Қобыланды батырдың атын есік алдында көлденең ұстап тұрып:—Жолдасыңыз жолға шықсын деп жатыр,—деді. Қобыландыны тоқсандағы атасы Тоқтарбай, алпыстағы анасы Аналық, қарындасы Қарлығаш және жар қосағы қыз Құртқа аттандырып, көздері қимай, еріп кетудің де, қалудың да жөнін таба алмай артынан шулап ілесе берді.

Қобыланды сынды батырың

Тайбурыл атты мінеді,

Ақ сауытын киеді.

Қараспан тауды бөктерлеп,

Көп қосынның соңынан

Батыр Қобылан жөнеді.

Тоқсандағы Тоқтарбай,

Алпыстағы Аналық,

Қарындасы Қарлығаш,

Жар қосағы қыз Құртқа—

Төртеуі қалмай соңынан,

«Кесіп кет» деп қолыңнан,

Қобыландының ізінен

Бұлар да еріп келеді.

Түстік жерге келгенде,

Сол уақытта сөйлейді

Қарындасы Қарлығаш:

—Халық ұйғарса, бармасын,

Көңілің сүйсе, қалмасын

Жұрт ойлаған талапқа.

Сыбанып білек бір алдық

Балдағы алтын болатқа.

Ақсұңқар сеніп ұшады

Құйрығы менен қанатқа.

Жалғыз ағам, жан көкем

Сапарланды талапқа.

Сайға біткен қоқтымын,

Бөрік ішінде шоқтымын.

Осы кеткен сапардан

Жан көкем есен келгенше,

Елі-жұртын көргенше,

Айтып кеткен Құдайға

Қоңыр шұнақ тоқтымын.

Мен ұқсаймын айалға,

Нешік айла болады

Көзінің жасын қоярға?!

Көкежан, өзің келгенше,

Елі-жұртың көргенше,

Артыңда қалған мен нашар

Етіңіз енді ниязға.

Көк есекке тас артып,

Аумасын деп баса арттық.

Жан көкем есен келгенше,

Елі-жұртын көргенше

Артыңда қалған мен нашар

Болайын сізге тасадтық.

Басымда бар-ды алтын шоқ,

Жан көкем барда көңілім тоқ.

Көкежан, сені көрмесем,

Басымнан кетер дүние боқ.

Сізге деген Құдайдың

Маған тисін ажал оқ.

Ақ маңдайда тұлымым,

Бірге туған құлыным.

Керекке біткен тірегім,

Бірге туған бауырым.

Қос қанатым құйрығым,

Сізге деген Құдайдың

Қабыл еттім бұйрығын.

Қозыдай Қобылан егіздім,

Қобыланды менің бастасым,

Бірге туып, бірге өскен,

Кіндігімді бір кескен

Қарғаның жүні—қаттасым,

Үйректің жүні—оттасым,

Бірге туған теңдесім,

Қысылған жерде түптесім,

Желі толған түйең нар,

Оны кімге тапсырдың?!

Тоғай толы жылқың бар,

Мұны кімге тапсырдың?!

Тоқсанда атаң Тоқтарбай,

Жан көке, кімге тапсырдың?!

Алпыста анаң Аналық

Ал, көке, кімге тапсырдың?!

Өзіңмен бірге туысқан,

Бірге туып, бірге өскен,

Кіндігімді бір кескен,

«Көкежан» деп жылаған

Мен сорды кімге тапсырдың?!

Бұл дүниеде мұңдасың,

Төсекте жатқан сырласың.

Ақыреттік жолдасың

Жұбайың қыз Құртқаны—

Құдай қосқан жолдасың

Мұны кімге тапсырдың?!

Қобыланды сонда торықты,

Ақ найзаға сүйеніп,

Өксіп жылап қамықты.

Сонда Қобылан сөйлейді:

—Қаз айналып қонады

Ұя салған жеріне.

Әркім ойнап күледі

Өз қатары теңіне.

Көзден аққан қанды жас—

Қаны, жасы аралас.

Қарлығашқа көрсетпей,

Қобыланды сүртті жеңіне.

Жана Қобылан сөйледі:

—Тауда болар тарғыл тас,

Тарықса шығар көзден жас.

Тар қолтықтан оқ тисе,

Шығады сүйеп қарындас.

Қарындасың болмаса,

Жауда қалар жалғыз бас.

Арқаңды жапқан қолаң шаш,

Шырағым, сөзге құлақ ас,

Мен кешігіп келмесем,

Сіздер де бол тілеулес.

Қараспан тауын жайлаған

Қалың қыпшақ—қарындас.

Қарлыжан, мен айналсам,

Ағызба, қалқам, көзден жас.

Жас шығарма көзіңнен,

Сай сүйегім сырқырар,

Жан көке деген сөзіңнен.

Атадан тақ баламын,

Жауға кетіп барамын.

Жасым үлкен ағамын,

Әлдеқандай боламын.

Армансыз болып кетейін,

Әйел де болсаң, бір тудың

Нашар деп сені не етейін.

Қарлығаш, бұршы мойныңды,

Бетіңнен сүйіп кетейін.

Қарындасым Қарлыжан,

Желі толған түйеңді

Сары суға тапсырдым.

Тоғай толған жылқыңды

Жасанған жауға тапсырдым.

Қора толған қойыңды

Аш бөріге тапсырдым.

Азу тісі балғадай

Жас бөріге тапсырдым.

Тоқсанда атаң Тоқтарбай

Құдіретіне тапсырдым.

Алпыста анаң Аналық

Бибі Бәтимаға тапсырдым.

Қарындасым Қарлығаш

Қарашаш ханымға тапсырдым.

Жар қосағым қыз Құртқа

Палуан қызға тапсырдым!

Сендер төртеу, мен жалғыз,

Орман ағаш ортаңда.

Құдіреттей жас бота—

Мен сорды кімге тапсырдың?

Қарлығаш сонда сөйлейді:

—Мал сатамын базардың

Бояғы мен бөзіне.

Салса жылқы тоқтайды

Арқаның бөрі көзіне.

Құлақ сал, көке, сөзіме,

Осы кеткен сапардан

Жан көкем есен келгенше,

Елі-жұртын көргенше,

Он сегіз мың ғаламның,

Патшасы, тапсырдым

Мен көкемді өзіңе!

Көп кәпірдің қияуы

Жапанда қонды қыбайға.

Жан көкем есен келгенше,

Елі-жұртын көргенше,

Қобыланымды тапсырдым

Бір жаратқан Құдайға!

Қарлығаш және сөйледі:

—Басымнан дүние өткендей

Көрінбестен көзіме.

Құлақ сал, көке, сөзіме,

Көкем есен келгенше,

Ата-анашым көргенше,

Қалқамбысың дегенше,

Мен көкемді тапсырдым

Он сегіз мың ғаламның,

Падишасы, өзіңе!

Қараспан тауын жайлаған

Біздің қият, көп қыпшақ

Көкемнің оңдар сапарын,

Жасаған Құдай беріп бақ.

Алды-артыңда сүйеу жоқ,

Атадан, көке, тудың тақ.

Сіз бар болсаң, көңілім шат,

Сапарыңнан қайтқанша,

Аман-есен келгенше,

Мен көкемді тапсырдым

Он сегіз мың ғаламның

Падишасы—Жаппар хақ!

Көп қайырың тиеді

Жаныңда қоңсы сыбайға.

Көз салмадың, жан көке,

Бірге туған жұбайға.

Адалдан жиған малыңды

Залымдарға тапсырып,

Осының, көке, ұнай ма?

Көкем есен келгенше,

Ата-анаңды көргенше

Шыбыныңды тапсырдым

Бір Жаратқан Құдайға!

Әлқисса, бұдан кейін қыз Құртқаның Қобыланды батырға айтқаны:

Ел жайлаған Түп еді,

Зарлы-мұңды көп еді.

Жалғыз ұлдан айрылып,

Кемпір мен шал жүдеді.

Бұлаңдап келіп жанасып,

Енді Қобылан сұлтанға,

Сұлу Құртқа сөйледі:

—Жүрдіңіз бе сым кесіп,

Болсаң еді екеу сен.

Ерусіз менің күмісім,

Ойыным менен күлісім.

Сұлтаным, сізге бас қосып,

Кеңейіп еді өрісім.

Алтыннан соққан кебісім,

Сегіз ұжмақ қуысым,

Қауыз-кәусар суындай

Бейіштен шыққан жемісім.

Арыстаным, аман бол,

Осы кеткен сапардан

Қиын болар келісің.

Жылқы ішінде аласың,

Қылшық жүнді қарасың.

Алды-артыңда ешкім жоқ,

Жеке туған дарасың.

Атам менен енемнің

Дүние кезіп малынан,

Тірілей безіп жанынан,

Тілеп алған баласың.

Сөйткен бала тастай ма,

Атасы менен анасын?

Тоқтамасқа меңзеймін

Жалғызымның шамасын.

Кетер болсаң, сұлтаным,

Енекемнің еміп кет

Төсіндегі екі мамасын.

Сабындаса ағармас,

Іштен туған қарасын.

Өз қиялың болмаса,

Жөнге түспес баласың.

Тіл білмеген дұшпанға

Сұлтаным, жалғыз барасың!

Қош, сұлтаным, аман бол,

Әлде қандай боласың?!

Асқар төбе билерсің,

Тайбурылмен желерсің,

Жақсы-жаман Құртқаңның

Қадірін сонда білерсің

Тоқсанда атаң Тоқтарбай

Бұтында жоқ ыштаны,

Тізесіне тон жетпей,

Ақ табан болып кәпірге,

Қой баққанда келерсің!

Алпыстағы анаң Аналық

Арқан есіп, жүн түтіп,

Қайғыменен қан жұтып,

Құрт қайнатып жүргенде,

Сұлтаным, сонда келерсің!

Қарындасың Қарлығаш

Әбдәстесі қолында,

Дастарқаны белінде,

Пиаласы қарында,

Бөтен жаудың елінде,

Қызылбастың шетінде

Шай қайнатып жүргенде

Сұлтаным, сонда келерсің!

Көп кәпірдің мықтысы,

Күзгі жердің шықтысы,

Сенен қалған мен сорды

Бір дұшпанның мықтысы

Аламын деп тұрғанда,

Қараңғы үйге салғанда,

Көңілге қайғы толғанда,

Сұлтаным, сонда келерсің!

Мінуші едің ақтабан,

Айтулы едің мақтаған.

Құдайдың ісі көп шығар

Өлмегенге сақтаған.

Алла қосып, сұлтаным,

Сапарланып жол шектің,

Хош, Алла жар, аман бол!

Мерген байлап оқ атар

Ұшқан көлдің қуына.

Иманды құл жолығар

Қауыз-кәусар суына.

Бұ дүниеде көрмесең,

Құртқамбысың демесең,

Қазаң жетіп бұл жолдан,

Хаққа түзеп бетіңді,

Арыстаным, жөнелсең,

Жұбайым бар деп еске алсаң,

Сұлтаным, сонда мені ізде.

Табысайық махшарда—

Пайғамбардың туында.

Құртқа мұны айтып болғаннан кейін Қобыланды батырға қарап:—Мен сізге бір сөз айтайын, егер сол айтқаным тура келсе, айтқаным болады. Келмесе, айтқаным болмайды,—деп, мына сөзді айтты:

—Кешегі кеткен көп қосын Сыңсыма деген байдың Сергелдең деген тауында жатқанда сен барарсың. Сен бармастан бұрын Қараман құрдасың Қазанға он сегіз жансыз жіберген болар. Кеткен жансыздың айтып келер сөзі мынау болар:

«Қазанның Сырлы қаласының олжасы мол екен, атысар адамы жоқ екен. Қазанның өзі жатқан Қара қаланың бір жағы аққан су екен, бір жағы жеті қабат ор екен, қайрат қылып алса, онда да олжа мол екен, Қазан одан қырық күншілік жол екен»,—дер.

Егер сол айтқандарым болса, менің әдепкі айтқанымның бәрі де келер, біз арып-талып, кемшілік көргенде келерсің.

Жана да айтатыным: «Қараман құрдасыңыз он сегіз адамы келгеннен кейін батасын оқып, малтасын жеп, ат құйрығын сүзіп кімде-кім озып, барып қала бұзып олжа салса, сол адам қосынға басшы болсын деп, жар қылар, бірақ сіз олармен бірге

шаппаңыз, ол күні жатыңыз, келесі күні жатыңыз, оның келесі күні түсте шабыңыз, сонда да олардан бұрын барарсыз. Ол қосында Тайбурылдан озатұғын ат жоқ. Қараман құрдасыңның бір қара жалсыз құла аты бар екен, атбазы жоқ екен. Қара қарын екен, әрі-бері шапқан соң, көзіне тері тығылып шаба алмас, енді хош-сау болыңыз, біз кемшілікті көп көргенде келер-

сіз,—деп қала берді.

Жалғасы төмендегі сілтемеде: Қобыланды батыр жыры (толық нұсқа) - Марабай жырау ІІ бөлім

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?