Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Парижде Қорқыт мұрасы дәріптелді

1191
Парижде Қорқыт мұрасы дәріптелді - e-history.kz
Түбі бір түркі халықтарының ортақ ойшылы саналатын атақты ақын, дәулескер күйші, философиялық мазмұны аса терең аңыздардың кейіпкері Қорқыт баба баршамыздың рухани болмысымыздың алтын арқауы.

Егемендікке қол жетіп, өзінің өткеніне көз жібере бастаған қазақ халқы үшін Қорқыт бабамыз қалдырған мұралардың маңызы өзгеше зор дер едім. Өйткені оның осыдан он ғасырдан астам уақыт бұрын айтқан өсиет-қағидалары қоғамымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігімен де жақсы үйлесім тауып отыр деген сөздерінде үлкен мән бар. 

Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылып, бүгінде түркі әлеміндегі білім және ғылым жөніндегі халықаралық ұйымға айналған Түркі академиясы «Қорқыт ата» кітабының жарық көргеніне 200 жыл толуына орай Парижде, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ауқымды шара өткізді. Түркі елдерінің ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияларымен бірге өткізген форумға әлемдегі 200-ге тарта елдің басын біріктіріп отырған іргелі ұйымның басшылары үлкен қолдау көрсетті. Тамырлас елдер үшін айтулы шараға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан сияқты бауырлас елдерден мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, әйгілі өнерпаздар қатысты. 

dc9e2241a58cc5b552c22f23ce546a2e.jpg

«Қорқыт мұрасы және түркі әлемі» атты халықаралық жиынның беташар сөзінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қорқыт қалдырған «Мәңгілік өмір» идеясының Президент Н.Назарбаев тұжырымдаған «Мәңгілік ел» концепциясымен сабақтасып жатқандығына назар аударды. Ол адамзаттық мәдени мұраларды ықпалдастырудың басты дәнекері ретінде ЮНЕСКО-ның қызметіне ыстық ілтипатын білдіріп, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы аясында бұл халықаралық шараның ерекше мазмұн иеленіп отырғандығына көңіл бөлді. Қазақстанның Мемлекет басшысы ұсынып, БҰҰ Бас ассамблеясы қолдаған мәдениеттер жақындасуының Халықаралық онжылдығы идеясының маңызын ортаға салды. Сондай-ақ «Қорқыт ата кітабының» тек түркі ұлыстарының ғана қазынасы емес, бүкіл адамзатқа тиесілі асыл мұра екенін айтқан Мемлекеттік хатшы, Қорқыт мұраларының ЮНЕСКО-деңгейінде қорғалып, насихатталуы қажет екендігіне тоқталды. 

Әзербайжан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары, Халық жазушысы Элчин Эфендиев Қорқыт мұрасына арналған шараның айырықша маңызына тоқталып, ұлы шынарға ұқсас алып тұлғаның ғасырлар өткен сайын биіктей түсетінін айтты. Ал Түркіменстан Ғылым академиясының академигі Аннагурбан Аширов «Қорқыт ата кітабы» эпосының Дрезден және Ватикан нұсқаларынан басқа тағы бір варианты туралы сөз етті. 

«Сөз жеткізеді, сөз жеткізе алма¬ғанды саз жеткізеді!». Қорқыттан осындай лепес қалған деседі түркімен, ағайындар. Баба мирасына ықыласты жұрт лық толған ЮНЕСКО-ның залындағы мәдени кештегі ресми сөздер мен ғылыми мәнді баян¬дамалардың соңы концертке ұласты. 

Осыдан 90 жыл бұрын атақты Әміре Қашаубаев қазақ әнін әуелеткен Парижде Әзербайжаннан, Қазақстаннан, Түркиядан, Түркіменстаннан, Өзбекстаннан келген дүлдүл өнерпаздар — Рамин Гараев, Мүрсел Синан, Жәнібек Пиязов, Эльмира Жаңабергенова, Ирфан Гүрдал, Максут Коджа, Алмагүл Назарова, Айгүл Яхшиева, Ташмурад Ковусов, Дәулеткелді Овезов Қорқыт дәстүріндегі сарындарды қосыла асқақтатты. Түркі халықтарының қобыз, канун, кеманше, тар, нағара, даңғыра, домбыра, жетіген, саз, адырна, сыбызғы, т.б. көне музыкалық аспаптары өзара үйлесе үн қатты. Камералық оркестр, халық аспаптар оркестрі, этнографиялық ансамбль, жеке орындаушылар — бәрі бір әдемі тұтастықты сезіндіріп, сыңғырлаған өңкей келісімді құрады. Қорқыт рухы жайлаған түркі елдерінің көзге жылы ұшырайтын табиғат көріністерін, тарихи ескерткіштерін сыйдырған түрлі-түсті бейнеқатарлар ұлттық музыка бояуларымен үндестік тапты. Сөйтіп, сахна төрінде жарыса жарасқан түркі өнерінің бекзат болмысы, алуан айшығы еуропалық талғампаз көрерменің таңдайын қақтырды. 

c26f150ce4b78d32f409c684e4aac65c.jpg

Қазақстанның Еңбек ері, даңқты скрипкашы Айман Мұсақожаеваның белгілі музыка шебері, композитор Әлқуат Қазақбаев шығарған «Тілеп сарыны» күйін қобызшылармен қосыла орындауы кештің кульминациясы болып қана қойған жоқ, өнер әлеміндегі тосын да тамаша оқиғаға айналды. 

Біздіңше, Қорқыт пен қобыз біртұтас құбылысқа айналған. Алаштың алдаспан, ақыны Мағжан Жұмабайұлы қарағайдан қобыз шауып, түркінің алғашқы музыкалық аспабын өмірге келтірген Қорқыт туралы: Бір күні шошып тұрып көргендей түс, Кесіп ап қарағайдан қылды қобыз. Қыл тағып қобызына сөйлетіп ед, Алтайды күңірентіп шықты лебіз, — деп жырлады. Ақынның нәзік интуициясы Қорқытты түркі өркениетінің алтын бесігі Алтайда туған, жер бетіндегі бірінші қобызАлтайда жасалған деп болжайды. Бұл поэтикалық көркемдік үшін ғана кәдеге жаратылған пайым болмаса керек. Себебі, Халықаралық Түркі академиясының ғылыми жобасы аясында белгілі археолог ғалым З.Самашев жетекшілік еткен экспедицияның Алтайдағы Қарақабадан жауынгер жыраумен бірге көмілген көне қобыз аспабын табуы Мағжан сөзінің ар жағында, ақиқат жатқанын көрсеткендей. Мамандар бұл олжаның ҮІІІ ғасырдағы көне түркі мемлекетінің дәуіріне тиесілі екендігін тұжырымдап, көне аспаптың жұрнағын қайта жаңғыртты. «Қорқыт» поэмасында сәуегей, ақынның: «Шеше алмай жан жұмбағын шерлі Қорқыт, Көрге-де қобызымен кірді Қорқыт» деп айтуы — Қорқыт дәстүріндегі абыздардың моласына қобызы да бірге қойылатынын тұспалдап тұр. 

Қорқыт туралы, аңыз-әпсаналарда теңіз толқынындай жосыла жөңкіген оғыз-қыпшақ тайпаларының қилы тағдыр-тәлейі, Алтайдан Сыр бойына, одан Кавказға, әрі қарай Анадолыға дейін жайылған көші-қонының ұзын-ырғасы, соқпақ сораптары заманалар көкжиегінен елес береді. Қорқыттың қазыналы мұрасын бағзы кезеңдерден сан құрамалы жұрт өзіне тәбәрік еткен, сондықтан оның әр ұлыста өзіндік ерекшелікке ие хикаяттары сақталған. Тіпті үш бірдей өлкеде: Қармақшыда, Дербентте, Масатта (Түркияның Байбурт ауданы) мазары бар. Осылайша Қорқыттың ізі тұтас түркінің табаны тиген жерлерді түгел қамтып жатыр. Осының өзі-ақ Қорқыттың еншісі бөлінбейтін елдерге бірдей тиесілі екендігін айғақтайды. Мысалы, Ставрополь өлкесін мекендеген, ноғайлардың Қорқыт атты аулы болған. Башқұрттардың бір тайпасы өзінің жұрағаттық тегін Қорқыт атадан таратады екен. 

Жалпы, «Қорқыт ата кітабы» эпосында түркі тайпаларының әр мезгілде, әр мекенде туған жыр сюжеттері, нақыл сөздері тізерлене топтасып, бір қазыққа бұйдалана байланған. Сөйтіп, көк тастың өзін мүжіп жоқ қылатын уақыт пен кеңістіктің қатал талқысына дес бермей, ширыға шыңдалған мәңгілік мұра барша түркінің баға жетпес ортақ жауһарына айналды. Ол қазір бүкіл адамзаттың ақыл-ой қазынасына қосылған мәдени інжу-маржан санатына кіреді. Сондықтан Қорқыт мұрасына арналып ЮНЕСКО-деңгейінде өткен халықаралық шараның маңызы зор деп білеміз. 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Халықаралық Түркі академиясының президенті

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?