«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Қазақфильм» қазақ батырлары туралы неше фильм түсірген?

2939
«Қазақфильм» қазақ батырлары туралы неше фильм түсірген?
Тарих беттерін қайта ашып, өткеннен өнеге алу – ұлт парызы. Тарихта өзінің атын алтын әріппен жазып кеткен тұлғалар аз емес

Солардың ішінде міндетті түрде есімін ұлықтап, атын асқақтату керек деген тұлғаларда жетерлік. Еліміздің тұңғыш құрылған киностудиясы «Қазақфильм» 2000 жылдан бері қарай хандар мен батырлар туралы біршама кинотуындыны жарыққа шығарды. Жетісудағы Қозыбасы жерінде Керей мен Жәнібектен бастап, қай кезеңде болсын өздерінің ақкөз ерліктерін көрсеткен ұлы батырларды дәріптеп келеді. Енді үлкен экранға жол тартқан, көрерменнің көңілінен шығып жүрген тарихи туындылар туралы жинақты оқи отырыңыздар.

«Көшпенділер»

2005 жылы жарық көрген бұл туынды отандық «Казахфильм» мен «Ибрус», «True Story Production» киностудиялары бірлесіп түсірген кино лента. Үш елдің бірлесіп түсірілген бұл фильм қазақ тарихына негізделген монументалды эпос. Фильмді түсіру барысында бірнеше режиссер, оператор және басқа да түсірілім тобы ауысып тұрды. Соның арқасында фильмді түсірілу сатысында ұзақ жолмен жүрді.

Фильм Ілияс Есенберлиннің Шыңғыс хан дәуірінен бастап Кенесарымен аяқталатын қазақ мемлекетінің құрылы мен халықты қиын қыстау кезінде басқарған хандар тізбегі, елдің мұңын жырлаған ақын-жыраулар, халқы мен жерінің тыныштығын күзетіп, жау келген жағдайларда қолдарына найзасын алып, бастарын бәйгеге тіккен батырлар туралы жазылған үлкен алты томдық трилогиясы «Көшпенділер» кітабының желісі бойынша түсірілген.

Фильмнің желісі бойынша XVIII ғасырда жиі болған жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақтардың азаттық соғысы алынған. Тарихи туындының негізгі тұлғалары ретінде – Әбілқайыр хан, Абылай хан, Төле би, жоңғарлардың қолбасшысы Қалдан Серен. Фильмнің басты кейіпкері ретінде Мансұр есімді халықты артынан ерткен сарбаз барлық қиыншылықтардан өтіп, кейін Абылай хан атанады. Сол батыл Мансұрдың сүйген қызы ретінде Гаухар есімді қыздың арқасында басты кейіпкердің адами қасиеттерін жоғалтпайды.

Фильмді көгілдір экранға шығу үшін аянбай Қазақстанның мамандары мен АҚШ және Еуропаның танымал кинобілгіштері еңбек етті. Түсіру тобының құрамында 500 адам бар, олардың 100-і шетелдік мамандар. Фильмнің режиссерлері: Иван Пассер, Сергей Бодров, Талғат Теменов. Әбілмансұрдың образын сомдаған Голливудтың атақты актері Куно Бекер. Одан да бөлек Голливуд кино өнерінінің түлектері Марк Дакаскос Джей Эрнандес сияқты актерлері ойнаған.

«Жаужүрек мың бала»

Көпшіліктің көңілінен шыққан бұл фильм 2012 жылы жарық көрді. Фильмнің режиссері елімізге белгілі Ақан Сатаев. Кино картинада XVIII ғасырда қазақ даласында билік құрған билер, батырлар және хандар Әбілқайыр, Бөгенбай сынды елге белгілі есімдер де елеусіз қалмаған.

Жастайларынан жетім қалған Сартай, Таймас, Құралай үшеуінің жауға деген өшпенділіктері артып, кек алудың қамын ойлайды. Олар кезінде ата-анасынан айырылғанда, өздеріне пана болған ақсақалдан тәлім алып, соғыс тәсілдерін үйреніп, әрдайым шынығумен болды. Сәті түскенде өздеріше алаңсыз жатқан жоңғарлардың мазасын алып, соғысып жүрді. Өздері сияқты жас ұл-қыздарды жасақ құрамына алып отырды. «Сартай жасақ жинап жатыр» дегенді естіген жастар өз еріктерімен келіп Сартайға қосылып отырды.

Түсірілім топтың көркемдік шешімі мен идеясы бойынша «Аңырақай» шайқасында жоңғарлардың туын төңкерген Сартай есімді басты кейіпкер мен оның жасағы туралы бейнеленеді. Мың бала атанған Сартайдың жасағы өздерінен әлдеқайда көп жауға азғана жасағымен қарсы тұрып, өздерінің пайдасына шешкен.

Қазақ тарихын бейнелейтін бұл кино небәрі 90 күнде түсірілген екен. Түсірілім көбіне Алматы облысында өтті. Алғашында Қапшағай аумағында, кейіннен Шарын шатқалы, Қапал арасан өлкесі, Таңбалы тас сияқты киелі жерлерді қамтыды.

Кино тарихында өтетін ауқымды жоба үшін сауыт-сайман, қару-жарақтар, әшекейлерді отандық шеберлермен қатар Қытай, Ұндістан, Беларусь компаниялары арнайы жасаған. Картина барынша шынайы шығу үшін барлық реквизиттер көне үлгеде жасалған. Фильмнің басталуына дейін кастингтен өткен актерлар атқа міну, қару-жарақты ұстау, садақ ату сияқты өнерлерден арнайы мамандардан дәріс алған екен.

Фильмнің басты кейіпкерлері ретінде Асылхан Төлепов, Аян Өтепбергенов, Әлия Әнуарбек сомдады. Екінші пландағы рөлдерді елімізге белгілі актерлар Тұңғышбай Жаманқұлов, Досқан Жолжақсынов және де Ерік Жолжақсыновтар сомдады.

Ұлыбританияның кинопродюсері, киносыншы Пьер Спенглер:

– Фильмнің сапасы, актерлердің шеберлігі үлкен әсер қалдырды. Барлығы, эпикалық аясы, трюктері және басқа элементтері де жоғары деңгейде. Бұның барлығы көрерменді қызықтыруы керек. «Мың баланы» көрген сайын Қазақстанға баруға себеп іздеп, сонда бір фильм түсірсем деймін. Осындай сапалы кино мен үлкен әлеуетке ие қазақстандық кинематография саласы бағындырар биік әлі алда. Сәттілік тілеймін.

«Алмас қылыш»

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, «CentaurusRustemAbdrashevproduction» ЖШС жүзеге асырған бұл кино туынды 2016 жылы қазақ қалың көрерменге жол тартты. «Алмас қылы» фильмі сценарий авторлары Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов және осы фильм режиссері болған Рүстем Әбдірашевтар ақылдаса келе кеңестік заманда шыққан «Алмас қылыш» романына қазіргі заман тұрғысынан қарап, өзгерістер енгізген.

ХV ғасырдың орта тұсы. Қара теңіз жағалауынан Моңғолияға дейінгі Еуразия кеңістігінде бір кезде зор қуатты империя болған Алтын Орда құлағаннан кейін бірнеше жеке хандықтар құрылды. Олардың ішінен қазіргі Қазақстанның аумағын жайлап жатқан Ақ орда ерекшеленді. Ақ орда билігі Шыңғысханның немересі, Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің әулетіне тиесілі болды. Арада уақыт өте келе Шайбаниттердің кіші тармағынан шығатын Әбілқайыр өз билігін күшейтіп, жеке хандық құрды. Ол көшпенділерге қатыгез, аяусыз саясат ұстанған болатын.

Оқи отырыңыздар: «Қазақ хандығы. Алтын тақ» картинасы көрерменге жол тартты

1460 жыл. Орда Еженнің ұрпақтары Керей мен Жәнібектің айналасына біріккен ондаған мың көшпенді ақсақалдар кеңесінде шешім қабылдап, Әбілқайырдан бөлініп шығады. Сұлтандар Моғолстанның шекарасына дейін жеткенде, жергілікті билеуші Есен-бұға оларға қоныс беруге келіседі. Есімі аңызға айналған абыз Асанқайғы да көшке ілесіп, бөлініп шығуға себеп болған оқиғаларды жырына қосады.

Жәнібек пен Керей Әбілқайырдың хандығынан бөлініп, өз ұлыстарын құруға бекінді. Керей мен Жәнібекке қосылған рулардың басшы-билері құрылтай өткізеді. Ең алдымен, жұдырықтай жұмылған ынтымақ керек екенін ескерген олар Керейді хан сайлап, Қазақ хандығының құрылғанын паш етеді.

Миллиардтаған сомма жұмсаған ауқымды жобаға жалпы алғанда 500-ден астам адам қатысып, 100-ден астам астам актер түскен. Фильмнің басты кейікерлерінің рөлін–театр және кино актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов, ал Жәнібекті жас актер Еркебұлан Дайыров сомдады.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасының: «Керей мен Жәнібек 550 жыл бұрын Шудың бойында Қазақ хандығын құрды. Соның бәрі біздің жастарға, біздің ұрпағымызға тамырымыздың терең екенін көрсетеді. «Тамыры терең қара емен, қасқая күтер дауылды» деген нақыл бар. Тамырың терең болса, қандай дауыл болса да қас­қая көтересің. Тарихымызды зерттеп, халқымыздың тарихымыз туралы білімін арттыру қажет» деген сөзін келтіріп, «Алмас қылышты» түсірудегі мақсатын айқындап бергендей болды. Сондай-ақ, аталмыш туынды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына тамаша тарту болғанын атап өтті.

Қорыта келе, алдағы уақытта «Қазақфильм» киностудиясы сақ патшайымы «Томирис» туралы жаңа туындыны көрермендерге ұсынады. Бұл – тарихи тұлғалар ұлықталып, тарихымыз түгелденіп, келер ұрпақтың өз ата-бабаларының ерліктерін үйретеді деген сөз.