Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Наймандар Айда болған ба, қайда болған?

3762
Наймандар Айда болған ба, қайда болған? - e-history.kz
Қабанбай батыр қайтыс болған кездің алды-артындағы бір ғасырға таяу уақытта қаракерей ұрпақтары, тіпті наймандар Арқада да, Шығыста да болмаса, Айда жүрген бе, қайда жүрген?» деген сұрақ тууы орынды

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап Қабанбай бабамыздың қабірін таба алмай қаңырығымыз түтеп жүр. Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы Камал Әбдірахман ағамыз «Батырдың кесенесі Арқаның Сарыбел деген жерінде. Мен шырақшы болып отырған бұл зираттың Қабанбай бабамыздікі екені тарихи деректермен дәлелденген, еліміздің тарихшы ғалымдары, қоғам қайраткері азаматтарымыздың да көбі бұл пікірді құптайды» дейді.

Ал енді бір топ тарихшы ғалымдар, жазушылар, басқа да зиялы қауым Қабанбай бабамыздың зираты бүгін баба ұрпақтары мекендеп отырған шығыстағы Алакөл маңы Тоқта тауының бас жағындағы Сарыбел деген жерде дейді.

Міне, осы екі ұдай пікірдің қайсысына сенерімізді білмей, күні бүгінге дейін дал болып жүрміз. «Аңыз адам» журналының 2013 жылғы 9-санында жоғарыда атаған Камал ағамыз бен Қабанбай батыр жайлы әйгілі «Дарабоз» романын жазған Қабдеш Жұмаділов ақсақал екеуі де көлемді-көлемді мақала жариялады. Екеуі де өз пікірлеріне байланысты «қолмен қойғандай» нақты деректер келтіреді.

Мұнан соң бұл дауға тарих ғылымдарының докторы, мұрағат зерттеуші Болатбек Нәсенов араласып «Жас Алаш» газетіне тағы да көлемді мақала жазыпты (2013 жылдың 16-сәуірі, №29). Бұл мақалада автор Қабанбай бабамыздың шығыста Алакөл маңында жерленгенін мұрағатта сақталған нақты деректермен дәлелдеуге тырысқан.

Ең қызығы, Камал Әбдірахман ағамыз тарихи деректерге жүгіне отырып, 1785 жылы (Қабанбай 1770 жылы қайтыс болды) Аягөз бойында болған рулардың ру басы, түтін санымен тізіп, «бұлардың ортасында Қабанбай елі байжігіттер жоқ. 1830 жылы барлық қаракерейдің 75-80 пайызы әлі Арқада, Қабанбай батырдың Ақмоласында отырды. Дарабоз елі байжігіттер Хан батыр көз жұмған соң 80-90 жылдан соң ғана шығысқа жетті. Бұған дәлел А.Г. Андреев, Н.А. Аристов сияқты әйгілі ғалымдар сол кезде Аягөз өңірін мекендеген рулардың атын тайға таңба басқандай жазып кеткен» дейді.

Ал тарих ғылымдарының докторы Болатбек Нәсенов Омбы архивіндегі 1831 жылғы құжаттар бойынша Ақмола округінде болған рулардың (30 шақты рудың атын келтірген) арасында наймандардың жоқ екенін дәлелдей отырып, «сол архивте 1826-30 жылдары Көкпекті, Аягөз округінің 90 пайызы наймандар болғаны көрсетілген» деп жазады.

«Олай болса, Қабанбай батыр қайтыс болған кездің алды-артындағы бір ғасырға таяу уақытта қаракерей ұрпақтары, тіпті жалпы найман Арқада да, Шығыста да болмаса, Айда жүрген бе, қайда жүрген?» деген сұрақ тууы орынды.

Біздің ойымызша, жазушы Қабдеш Жұмаділов те, тарихшы Болатбек Нәсенов те шырақшы Камал Әбдірахманмен осыншама ойталқы жасап айтысып, аңыздардан, мұрағаттардан дерек іздегенімен, нақты бұлтартпас дәлелді таба алмаған сияқты. Әрине, мұрағаттағы деректерді жоққа шығаруға болмас. Бірақ, екі жақтың келтірген мұрағат жазбаларында да 1770 жылдары наймандар Ақмолада немесе Аягөз, Алакөл маңында мекендеген деген дерек жоқ.

Сондықтан нақты дерек іздеген кісі дәрілік өсімдіктерді зерттеуші неміс ғалымы Иоганн Сиверстің 1793 жылы Алтай, Тарбағатай тауларын аралап, Үржарға дейіп жасаған саяхатында жазған күнделігіне үңілсе, наймандардың, соның ішінде қаракерей ұрпақтарының сол кезде шығыс өңіріне әлдеқашан келіп қойғанына көз жеткізер еді.

Сиверс күнделігінің Қазақстанға қатысты тараулары «Сорос-Қазақстан» қорының демеушілігімен неміс тілінен орыс тіліне аударылып, «Письма из Сибири» деген атпен 1999 жылы Алматыда «Ғылым» баспасы басып шығарған. Осы еңбектің қазақ руларының қоныстануына, ата-текке байланысты тұстарын шежіреші Мүсәйіп Сыздықов қазақ тіліне аударып, 2010 жылы Павлодарда басылған «Тоғыз таңбалы Найман» шежіресінің 3-томына («Қаракерей шежіресі») енгізген болатын. Сиверстің бұл күнделігінде өзі басып өткен Шығыс Қазақстандағы жер-су аттары, сол кезде осы жерлерді қоныстанған рулар айқын көрсетілген.

«29-маусымда (1793 жыл – Б.Т.) күн шыға аттанып кетіп, сағат үштің кезінде, Боғас өзенінің бастауында отырған Қаракерей Қожамбет ауылына келіп жеттік...» немесе «...Бұл хатымды аяқтар алдында біз жаңа ғана барып келген, осы болыстың ақсақалына құрмет көрсеткім келіп отыр. Оның аты Зарембет (Сырымбет), жасы 87-де. Әйелі 81-де, екеуі де балғын жүзді, ширақ қарттар екен. Екі әйелінен 15 баласы бар. Балаларының да үрім-бұтағын қосқанда, бүкіл болыс осы атаның ұрпағы болса керек... Ол жанға да, малға да бай, табын-табын түйе, жылқы, ешкі, сиырлары бар адам екен» деген үзінділерді алайық. Сиверс сонымен бірге: «...Ымырт жабыла ауылға жайылымнан қайта бастады. Мыңғырған қой, сиыр, жылқыға қоса әсіресе мені таңдандырғаны 500-ден аса түйе табыны еді» деп таңдана жазады.

Осы сапарында Иоганн Сиверс 1-шілде күні Аягөз өзенінің басында отырған Қаракерей-Байжігіттің Тәуке атасының ұрпақтары ауылдарын басып өткені жайлы жазады.

«2-шілде ... Қарсы алдамызда – Тарбағатаймен бой таласқан Бор-Жекпес. (Бұл таудың қазіргі аты – Өкпеті)».

Сол күні түстен кейін Сиверс алты адаммен Тарбағатай тауының ең биік шыңына шығады. Бұл жерден Аягөздің бір шеті мен Үржар өзені, оңтүстікте осы арадан басталатын Алатау сілемі, шығыста Қытай шекарасында салынған, Тоқта тауы барып тірелетін Шәуешек қамалын көргенін айтады.

«...Біз келіп тоқтаған алқапта шыбын-шіркей жоқ, күні салқын, ауасы таза. Көк шөпке малын жайған көптеген қазақ ауылдары отыр» деп жазады. «...Осы бетпен жүре беріп, Алатау асып қырғыздарға барғым келді» дейді және.

Қырғыздар дегеннен шығады, жазушы Қабдеш Жұмаділов осы пікірталас мақаласында Қабанбай батырдың қолынан мерт болған қырғыздың Әтеке жырық деген манабының Қарабек атты ұлы Қабанбайдың елін батырдың көзі тірісінде шауып, кек қайтармақ болғаны, аурумен арпаласып жатқан батыр: «Жау келіп қалды» дегенді естіп, орнынан атып тұрып, Қубас атына ер салып, қазақ қолын бастап барып, соғысқаны, Қарабекті Қабанбай батыр найзаға шаншып өлтіргені жөніндегі ел аузындағы деректі де тілге тиек еткен.

Ал қырғыз қарақшыларын осы өлкеден Сиверс те кезіктірген.

«...3-шілде күні ...Үржар өзені бастау алатын көп бұлақтардан өттік... Орта жолда сойыл асынып, қылышпен қаруланған 10 қырғыз қарақшысына кездестік... Әңгімелесе келе бұлар осы жерден 50 верстадай болатын (1 верста 1,07 шақырым) Алатаудан келген қырғыздар екенін білдік» деп жазады.

Қабанбай батыр ғұмырының соңғы сәтінде Ақмоладан 30 шақырымдағы Сарыбелде отырса, сонау итарқасы қияндағы Алатаудың қырғыз қарақшылары қалың елді қақа жарып Арқаға келмеген болар еді ғой.

Сол сияқты М. Сыздықов Қаракерей Сырымбет, Жәлменбеттердің 1700 жылдардың соңында Аягөз өңірінде болғанын Щербина:

«Шыңғыс сұлтан (Барақ ханның тұқымы) осы жерге бұдан 104 жыл бұрын (яғни 1795 жылы) көшіп келген еді. Онымен бірге Сергиополь округінен төрт шаңырақ, төлеңгіт және басқадай наймандар келді. Бұрын бұл жерлерде (бүкіл Зайсан уезі десе де болады) Керей-Кит руы отырған. ...Шыңғыстар қыспақ салатын жерді өздері таңдап, Сырымбет, Жәлменбет ұрпақтарына да қыстақ салатын жер көрсетіп берді»

деген жолдармен растайды.

Осындай хатқа түскен бұлтартпас деректерді қойғанда өзінің ата тарихын жақсы білетін бүгіндері көзі тірі кейбір қарттарымыздың әңгімелеріне жүгінсек те, наймандардың, соның ішінде Байжігіт ұрпақтарының 1700-жылдардың соңғы ширегінде Шығыста болғанына көз жеткізуге болады.

Мысалы Байжігіттің Жұмық руынан тарайтын (Бәйжігіт ұрпағы Жұмық пен Мәмбет бірге туысады) өскемендік 82 жастағы Құрманхан ақсақал: «Біздің әулет 1915 жылы Шығыс Қазақстандағы Боғас өзенінің бойынан Қытайға қоныс аударыпты (Сол кезде әкесі Қызайбай 56 жаста болған). Сонда ұлы әкеміздің әкесі Кебеше 90 жаста екен. «Кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда қоныс аударып, жат жерге көшпеймін, туған жерімде, әкем Боғастың қасында жатамын» деп бүкіл ұрпағы көшкенде бір баласымен және одан өрбіген немерелерімен сол атамекені Боғас өзені бойында қалып қойыпты. Сөйтсе, сол жылы 90 жастағы атамыз Кебеше 1825 жылы туған болады. Ал Кебешенің әкесі – менің 4-атамның есімін Боғас өзені бойында туғандықтан Боғас деп қойыпты. Боғас малы мен басы тең өскен, ел арасында малының, ұрпағының көптігімен «Тауда да Боғас, таста да Боғас» деген тәмсіл (үлгі) сөз қалған атақты бай адам болған екен» дейді.

Басқаша айтқанда, Боғас 1793 жылы 87 жасында Иоганн Сиверске кезіккен Қаракерей Қожамбет ұрпағы Сырымбетпен замандас болып шығады (Екеуі де Қаракерей ұрпағы. Мекендеп отырған жері де бір өзеннің бойы).

Мұның барлығы Қаракерей ұрпақтарының, сонын ішінде байжігіттердің 1700 жылдардың соңында Шығыста болғанын дәлелдейді. Олай болса, «Қабанбай бабамыз қайтыс болған заманда наймандар Арқада болған, Байжігіт ұрпақтары Қабанбай батыр көз жұмған соң 80-90 жылдан кейін ғана шығысқа жетті» деп несіне таласып жүрміз? Байжігіт ұрпақтарын көзімен көріп, хатқа түсірген Иоганн Сиверс жазбасынан, аты туған жерінің атымен аталып, ұрпақтары нақты шежіресін бүгінге жеткізген Боғас бабамызға байланысты деректерден артық кандай дәлел керек?

 

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?