«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Дешті Қыпшақ даласынан шыққан Рәзия бегім

631
Дешті Қыпшақ даласынан шыққан Рәзия бегім - e-history.kz
Тарих қойнауына кеткен Рәзия бегім, яғни Джалаат ад-дин Рәзия-сұлтан бинт Илтұтмыш осындай адам еді және ол жай ғана кісі емес еді, сахарадан шыққан, мәмүліктер ұрпағы болатын

Бала кезімізде үнді фильмдеріне қызықпағанымыз кемде кем шығар, қазіргі көзқараспен қарасақ әрине кейде күлкілі жайттар да кездеседі. Дегенмен, жылына 900 фильм түсіретін Болливуд үнді мәдениеті мен музыкасын һәм тарихын айдай әлемге танытып жатыр. Тарихи фильмдері бір басқа, айтқандай олар Рәзия сұлтанға қатысты үш фильм шығарған екен. Расында, осыншама фильмге арқау болатын Рәзия кім?!

Осыдан көп жылдар бұрын Үндістанда болған едім, сонда Дели шаһарында орналасқан Құтып мұнар, Агра қаласындағы Тәж Маһал сияқты ата-бабаларымыз салып кеткен ескерткіштерді көріп таң қалған болатынмын.
Расында бағзы замандардан Үндістанға барып, оған бауыр басып, Үнді түбегінде мемлекет құрған ата-бабаларымыз мықты емес деп кім айта алады?!

Үндістан демекші, аталған елге ата-бабамыз есте жоқ бағзы заманда жеткен сияқты. Үнді-сақ байланысының нәтижесінде біздің заманымызға дейінгі 175 жылы Үндістан аумағында Үнді-сақ (скиф) патшалығы құрылған болатын. Бір қызығы біздің тарихымызбен тығыз байланысты Ауғанстан мен Иран аумағында Сақстан (қазіргі Систан) мемлекеті де болған. Әрине, Үндістанға барар жолда бабаларымыз Ауғанстанға соқпай өтпеуі мүмкін емес.

Тиісінше, олардың аң стиліндегі бай мұрасы Үндістанда да бар деседі, демек дәстүр жалғастығы болған ғой. Төрт ғасыр бойы олар өзге де халықтармен көрші отырып, кейін тарихта Құшан (Кушан) патшалығы атты мемлекеттің негізін қалады. Дегенмен кейінгі уақытты олардың жергілікті халықтармен тез сіңісіп кеткенін көреміз.

Көшпенділердің екінші толқыны Үндістанға ислам дінінің таралуы заманында жетті. Жалпы, Оңтүстік Азияға ислам діні екі жолмен келді, біріншісі, солтүстіктен құрлық арқылы, екіншісі теңіз арқылы. Сәйкесінше солтүстіктен лек-легімен келген мұсылман көшпенділер Үндістан түбегінің, тіпті одан әрі Шын-Машынға кеңірек қанат жаюына барынша еңбек сіңірген. Солардың бірі қазақ даласынан шыққан, заманында Кәшмирді билеген Мұхамед Хайдар Дулати еді. Айтқандай, Алтайдан Анадолыға жеткен өз қандастарымыз Тақла-Мақан шөлінен өтіп, Түбітті басып, Гималай асып Үндістанға 1952 жылдары жетпеп пе еді?

1-сурет. Дели қаласындағы Құтып Мұнар

Заманында Голкондада Қара қойлы түркімендер сұлтандық құрып, кейін Хайдарабад атты мемлекет те болды, бұл мемлекет Үндістан мен Пәкістан тарихында ерекше орын алады. Дәл осы Хайдарабад Үндістан мен Пәкістанның бөлінісі кезінде діндес Пәкістанға көп көмектескенмен, кейін Үндістан құрамында қалуға мәжбүр болды, дұрысы түбектің ортасындағы оларға Пәкістанмен бірігуге мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен, Үндістанда пайда болған ата-бабаларымыздың әскери тілі – орда тілінің кейін урду атымен белгілі болып Үндістанның хинди тілінен кейін сөйлеушілер саны бойынша Оңтүстік Азиядағы екінші орынға шығуы таңқаларлық жайт. 

Расында, үнді халқына түркі жұртының ықпалы қай жағынан алсақ та күшті екені бәсенеден белгілі, әрине біз Моғолдар мемлекеті туралы көбірек білеміз, ал бүгінгі тақырыбымыз Дели сұлтандығын билеген ата-баларымыз, оның ішінде, Дәшті Қыпшақ даласының ержүрек қызы – Рәзия бегім туралы болмақ.

Рәзия сұлтан Үндістанға қалай келді, жалпы көпшелі түркі жұрты Үндістанда қалай пайды болды десек, тағы да тарихқа сәл шегініс жасау қажет.

Біз мәмүліктер туралы айтқанда, әрине есімізге Шам-Мысыр жұртын билеген, Байбарыс (Бейбарыс), Айбек, Ақтай, Құтыз, Қалауын сияқы бабаларымызды еске аламыз, олардың қарапайым құлдан өзге елге сұлтан болғаны аңыз-әңгіме сияқты көрінетіні шын, дегемен, Таяу Шығыс мәмүліктердің тарихи тұлғалары екені мәлім.

Дәл сондай мәмлүктердің бір толқыны Үндістан түбегіне де жетеді.

Енді мына тағы бір қызықты қараңыз, Үндістандағы түркілердің, далалықтардың династиясының негізін қалаушының аты-жөні де Айбек екен. Айбектің балалық шағы туралы хронистер оның жаугершілік заманда кезіндегі Байбарыс сияқты құлдыққа сатылғаны, кейін жақсы білім алғаны және ержүрек, батыр болғаны туралы жазады. Алайда, адалдық пен арамдықтың қатар жүрген заманында Айбек солтүстік Үндістан мен ауған жерін билеп тұрған Мұхаммед Гури сұлтанға сатылып кете барады. Дәл Байбарыстай Айбек мұнда өзенің батылдығы, көрегендігі арқасында билікті қолға алады, әрине оған дейін жеңісті жорықтардың басы-қасында Айбектің жүргені белгілі.

Солтүстік Үндістанды (кейіннен жалпы Үндістан түбегін) иелігінде ұстаған түркілердің алғашқы басшысы, міне Айбек еді. Айбек Үндістанды билеген тұсында оның мәдениеті (үнді-мұсылман), сәулет өнері мен ғылымы одан сайын дами берді. Дәл Байбарыстың саясаты сияқты ауруханалар, мүсәпірханалар, керуен сарайлары көптеп салынды. Айтқандай атақты Құтып Мұнар Айбектің тұсында салына бастады. Кейін оның құрылысын тағы бір түркі билеушісі Илтұтмыш жүргізіп, құрылысын аяқтайды. Бабаларымыз патшалық құрған мемлекет тарихта Дели сұлтандығы деген атаумен белгілі. 

Ал, Илтұтмышқа келетін болсақ, ол да осал патша болмағанға ұқсайды. Себебі Илтұтмыш заманында Дели сұлтандығы аумағын кеңейтіп Үндістан түбегінің оңтүстігі мен шығысына қарай жылжи береді. 

Илтұтмышқа тағдыры да Айбектің тағдырымен ұқсас, бала күнінде құлдыққа сатылып, өмірдің ыстығы мен суығын көп көреді, кейін Айбектің сенімді серіктесіне айналып, содан соң Дели сұлтандығының қуатын күшейтіп, сұлтандықтың жерін ұлғайта берді.

Оның тарихта есімі ғалымдар мен өнер адамдарына жанашырлығы, мемлекет халқына жағдай жасауымен белгілі. Дели сұлтандағының атақ-даңқы дүниенің шартабына жетіп, әлсіздердің қамқоры, арамзалардың жауы болды. Илтұтмыш теңге соғатын сарай салдыртады, дәл Илтұтмыш кезінде сұлтандықтың кез келген тұрғыны әділетсіздік үшін оған шағымдана алатын болған. Мемлекет азаматы қандай да бір шағымын білдіру үшін үстіне қызыл киім киіп патша сарайының алдына немесе оның жолына шығып, арызын айтады екен. Нағыз әділеттік деген осы болар, бір патшалар, мысалы Һарун әл-Рашид жұрт сияқты киініп, елдің арасында жүретін болса, біздің бабаларымызда аталған дәстүрді ұстаныпты. Бұл біздің ханға «дат» дейтін салтымыз емес пе?! 

2-сурет. Дели қаласындағы Илтұтмыштың кесенесі

Ильтұтмыш билеген уақытта Дели сұлтандығына түркі мәмлүктері иелік еткенін жаңа айттық, ал билік тізгінін қызы – Рәзия бегімге беруі мұсылман шығысында болмаған оқиға еді.

Жалпы, мұсылман шығысында екі әйел патша болған екен, бір қызығы екеуі де түркі жұртынан және дала мәмлүктерінен шыққан. Айтқандай, аталған екі әйел патша сақтардың билеушісі - Тұмар қыздың (Томиристің) ізін жалғастырушы екен ғой.

Бірі – Мысыр патшайымы Шаджар-әд-Дүр болса, екіншісі – негізгі әңгімемізге арқау болған Рәзия бегім (Рәзия сұлтан).

Әрине, баланың жайы әкесіне белгілі, Илтұтмыштың ұлдары болғаны аян, бірақ таңдау Рәзияға түсуі тегін емес.

Біріншіден, Рәзия бинт Илтұтмыш түркі қыздарына тән батырлықта, қайсарлықта тәрбие алған.

Екіншіден, шынында патшаға лайық істерімен белгілі.

1232 жылы Илтұтмыш Рәзияны тақ мұрагері ретінде жариялайды. Алайда сарайдағы әртүрлі келіспеушіліктер нәтижесінде Илтұтмыштың Рукн-уд-дин Фируз атты ұлы Рәзияны тақтан шеттетеді. Бұл уақытта Илтұтмыш қайтыс болып, ел ішінде алауыздықтар орын алады.

Илтұтмыштың Ғийяс-уд-дин Мұхаммед атты ұлы көтеріліс жасап, аласапыран кезең орнайды. Оның үстіне Рәзияның шешесі Тұрқан қатын да сөзге еріп, қызы мен шешесінің арасында түсінбестік орын алады.

Патшалық құрамындағы сұлтандықтар да орталық билікке қарсы шығып, мемлекеттің ертеңгі күні белгісіз болады.

Жау жағадан алып, бөрі етектен тартқанда Рәзия нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Ата-баба дәстүрімен, әкесінің негізін жасап кеткен дәстүрімен елдің алдына шығып, қызыл көйлек киіп, халқынан әділдік сұрайды. 

Батыр қыздың жұрты оның соңынан ереді. Жаулары бірігіп Дели қаласын қоршаған уақыттың өзінде Рәзия қарсыластарына қарсы қолды өзі бастап шығып дала қызына тән қайсарлықпен олардың бірінен соң бірін жеңе берді. Кешегі күнгі қол астындағы, кейін жау жағына шыққан сұлтандар енді құлдық ұрып Рәзияның алдына келді. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» демекші, оларды тыныштандырған соң мемлекетті нығайту ісіне кірісіп кетеді. Алайда, қай заманда да қыз баланың тағдыры оңай болушы ма еді, әсіре діншілдерге оның еркіндігі, әйел адамға емес, патшаға тән билік жүргізуі ұнамаса керек. Оның үстіне Рәзияның Хабашстаннан құлдыққа әкелінген, зәңгі Мәлік Жамал-ад-дин Йақұт қажына әмір қылып сайлауы кейбір жауларының шымбайына батып кетеді.

Міне, сөйтіп, 1240 жылы оған бағынышты Лахор билеушісі Мәлік Изз-ад-дин Кәбір-хан Айяз көтеріліс жасады, тараптар мәмілеге келді.

Сөйтіп, ел іші тыныштала бергені сол еді, Ықтияр-уд-дин Алтунийа атты сұлтан Рәзия билігіне қарсы шығады, Рәзия әскерін жинап, Мәлік Жамал ад-дин Йақұт қажы екеуі жеткенмен, қиян-кескі ұрыста Рәзия қолға түсіп, әмір өлтіріледі.

3-сурет. Рәзия бегімнің теңгелері

Билік басына Илтұтмыштың Муизз ад-дин Бахрам атты ұлы келеді, әрине оны қолдаушылардың басты мақсаты – әйел патшадан құтылу еді.

Бхатинд билеушісі Алтунийа батыр қыздың – Дели сұлтандығының заңды тақ мұрагері Рәзия бегімнің қарапайым жан емес, патшалықтың нағыз иесі екеніне көз жеткізіп, өз істеріне адалдығы мен сенімділігі үшін Рәзияға үйленіп, енді ат басын Делиге бұрып, екеуі бірігіп ортақ жауларына қарсы шығады.

Алайда, бұл жол бақ тайып, Рәзияның қол астындағы кейбір сұлтандар сатқындық жасап, Рәзия әскерлері жеңіліс табады.

Алтунийа өлтіріледі, ал Рәзия бегім соңғы демі қалғанша соғысып, қаша ұрыс салады.

Қаншама күн ат үстінде жауларымен шайқасып тыныштық көрмеген бір сәтте үнді шаруасы оның ұйықтап қалған сәтінде ту сыртынан қару жұмсайды.

Сөйтіп, даланың ерке қызы – Рәзия бегім қапыда кетеді.

Рәзияның тағы бір айта кетер қасиеті, соғыс өнерін меңгерген жаужүрек әйел болуымен қатар ақынжанды адам болған екен. Оның Шырын Дехлауи деп аталатын бүркешік атпен өлең де шығаратыны да тарихта жазылып қалған. 

Иә, тарих қойнауына кеткен Рәзия бегім, яғни Джалаат ад-дин Рәзия-сұлтан бинт Илтұтмыш осындай адам еді және ол жай ғана кісі емес еді, сахарадан шыққан, мәмүліктер ұрпағы болатын.

 

Сауалнамалар
Қандай бұйым үйіңіздің төрінде тұр?