«Қазақ» газетіндегі Әлихан бейнесі

05.03.2026
110
«Қазақ» газетіндегі Әлихан бейнесі - e-history.kz

Әлихан Бөкейхан – қазақ тарихында қайталанбас тұлға. Ол өз заманының заңғар тұлғасы, сонымен бірге көреген көсем, халыққа адал қызмет еткен. 1866 жылы 5 наурыз дүниеге келген Әлиханның туғанына 160 жыл толып отыр. Ұлт көсемінің көзінің тірісінде-ақ артынан жақсы да, жаман да сөздер ерді. Сарыарқа газетінің тілшісі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Әлиханның Семейге» келуі сықылды классикалық мақалалардан көсемге деген ұлттың махаббатын, сүйіспеншілігін айқын байқауға болады. Дегенмен, газеттегі тағы да ірілі-ұсақты детальдар арқылы Әлиханның бейнесін басқа қырынан айшықтауға мүмкіндік береді. 

Ұлтын сүйген азамат

1916–1917 жылдары «Қазақ» газеті арқылы көрініс тапқан Әлихан бейнесі – халқына адал қызмет еткен көсем ретінде көрінеді. Сол жылы Петроградтағы мұсылман фракциясының қасындағы «бюроға» қазақ атынан өкіл жіберу мәселесі қаралған кезде, қазақ зиялылары мен ел басқармасы бір ауыздан Әлиханды таңдады. Бұл жайлы «Қазақ» газетінің №177 санында «Газетіміздің 172-інші нөмірінде Қожахмед Оразбаев жолдастарымен жұрт жақсыларына жазған ашық хаттарында өз елдерінен екі мың сом беруге уағда қылып, «Бюрода» қызмет етуге Әлихан Бөкейхановты қалаған еді. Осы апрелдің басында Ақмешіт һәм Торғай уйездерінің қазақтары Әлиханға Ақмешіттен мынадай телеграм келген: «Ақмешіт һәм Торғай уйездерінің қазақтары мұсылман фракциясының қасындағы «бюрода» қазақ атынан қызмет етуіңізді өтінеді, осыған ризамысыз?» деп. Әлихан «ризамын» деп жауап (телеграм) қайырған. Онан кейін Орал, Торғай облыстарының бір сыпыра зиялылары «бюроға» кімді жіберу туралы бас қосып кеңескен жерінде Әлихан Бөкейхановты жіберуге қаулы қылысқан. Бұлардан басқа басқармаға әр жерден келген бірлі-жарымды хаттарда да ««бюроға» Әлихан барса жарар еді» деген тілектерін білдіреді. Сүйтіп, бұл уақытқа шейін «Қазақ» басқармасына жиылған мағлуматтарға қарағанда, «бюроға» жіберуге лайық көрілген кісі Әлихан болған соң, һәм онан басқа ешкімнің аты аталмаған соң, біз өз тұсымыздан Әлиханның ризалығын сұрадық. Ол «бюрода» қазақ мәселелері қаралғанда барып қызмет етіп тұруға ризалығын білдірді. «Жұрт қаласа, тартыншақтық қылмаймын. Май ортасында дума қайта ашыла барамын»дейді Бұл дерек арқылы біз Әлихан Бөкейхан тұлғасын халық сеніміне ие болған шынайы көшбасшы ретінде танимыз. Ол мансап қуып алға шыққан адам емес, жұрт жүгін арқалаудан тартынбаған азамат екені аңғарылады. Әлихан үшін лауазымнан гөрі ұлттық мүдде қымбат болғаны, ал шешім қабылдаудағы сабырлылығы мен Дума алаңында қызмет етуді көздеуі оның саяси мәдениеті жоғары, салмақты стратег екенін дәлелдейді. Ең бастысы әр өңірден келген қолдау оның қазақ қоғамын біріктіре алған тұтастырушы тұлға дәрежесіне көтерілгенін көрсетеді

Көшбасшы ұстанымы

1917 жылдың басында Қазақ газетінің №213 санында жарияланған «Ескерерлік іс» мақаласы 1916 жылғы көтерілістен кейінгі ең өзекті мәселелердің бірін – военный сотқа тартылған қазақтардың тағдырын көтерді. Орынбор вокзалында І Мемлекеттік Дума ағзасы, присяжный поверенный Вениамин Ахметовпен болған әңгіме арқылы әскери соттың шындығы ашылады. Ахметовтің айтуынша, военный сотта астана адвокаттары мен Дума депутаттарының сөзі ғана өтімді, ықпалды. Ал жергілікті «аламан адвокаттардың» сөзі еленбейді, олардың кәсіби салмағы жоқ. Көп жағдайда тұтқындалғандардың сыртында іс жүргізетін сауатты адам болмағандықтан, олар орынсыз шығынға ұшырап, құқықтық тұрғыдан қорғансыз қалып отыр. Осы тұста газет ерекше бір детальді еске салады. Ертерек ақыл сұраған қазақтарға Әлихан «Военный сотта қорғап ысылған белгілі адвокаттар бар. Олар мұндай істен пайда қыламын демейді. Шамалы расходтық ғана ақы алады. Алыссынбай сондай адвокаттарды алдыру керек»-дегенБұл сөз – жай кеңес емес, саяси көрегендік. Әлихан Бөкейхан жағдайдың құқықтық қырын терең түсінген. Ол эмоцияға беріліп, тек наразылық білдірумен шектелмей, нақты қорғану механизмін ұсынады. Әскери сот – империялық биліктің қатаң институты. Онда тек беделді, тәжірибелі қорғаушылар ғана сөзін өткізе алады. Ахметов пен Әлихан пікірінің бір жерден шығуы – кездейсоқ сәйкестік емес, ұлттық мүддені заң шеңберінде қорғаудың ортақ ұстанымы. Бұл дерек Әлиханның тек саяси көшбасшы емес, құқықтық мәдениетті насихаттаушы, стратег ойлайтын қайраткер екенін айқындайды. Осылайша «Ескерерлік іс» мақаласы арқылы біз сол дәуірдегі қазақ қоғамының ең ауыр мәселесінің бірі – әскери соттар жағдайында да Әлиханның сабырлы, нақты, кәсіби ұстанымда болғанын көреміз. Оның ұсынған жолы – бос шығын мен алданудан сақтану, білікті қорғау арқылы әділетке ұмтылу болды. Бұл  ұлт тағдырын тек саяси емес, құқықтық алаңда да қорғау қажеттігін ерте түсінген көшбасшының ұстанымы.

Жігіттер жолбасшысы

1916 жылдың күзінде Қазақ басқармасына Әлихан Бөкейхан тарапынан қысқа, бірақ мазмұны терең телеграм келеді: «30 сентябрьде Мәскеу жүремін». Хабардың өзі ықшам болғанымен, оның астарында ұлт ісіне қатысты үлкен жауапкершілік жатқан еді. Әлиханның Мәскеуге баруы – қазақтан кісі алу, яғни ұлт өкілдерін мемлекеттік, қоғамдық құрылымдарға тарту, қазақ мәселесін орталық деңгейде көтеру жұмысына байланысты болды. Бұл кезең 1916 жылғы маусым жарлығынан кейін ел ішінде толқу күшейген, саяси жағдай күрделенген уақыт. Осындай аласапыран шақта Әлихан оқшау қалмай, мәселені билік ортасында шешуге ұмтылды.

1917 жылдың қаңтарында Қазақ газетінің №215 санында жарияланған «Қарқаралы жігіттері» атты хат – майдан жұмысына алынған қазақ жастарының шынайы тұрмысын көрсететін құнды дерек. Хат авторы Азанбай Сәбекұлы жол азабын, көрген қорлықтарын баяндай отырып, Орша мен Замириеге жеткеннен кейінгі жағдайды салыстыра суреттейді. Жігіттер партияларға бөлініп, дружиналарға тіркеліп, ауыр еңбек жағдайында күн кешіп жатқанын айтады.

Осы ауыр тұрмыстың ортасында 11 январь күні жігіттердің арасына Әлихан Бөкейхан келеді. Автордың сөзінше, оның келуі жігіттердің көңіл күйін күрт өзгертеді, «әке-шешеміз келгендей қуанып, уайым естен шығып кетті»- дейді. Бұл теңеу Әлиханның олар үшін жай шенеунік не сырттай саясаткер емес, рухани тірек болғанын аңғартады.

Әлихан тек амандасып кетпейді. Ол жігіттердің ішкен тамағын, жатқан орнын, моншасын, киімін көріп, жазып алады. Яғни, мәселені формалды түрде емес, нақты тұрмыстық деңгейде зерттейді. Оның ұйымдастырушылық, қамқорлық қырын көрсететін осындай детальдар. 

Жігіттерге ұлт көсемі «жігіттер, сендер жұмысты жақсы істеңдер, жылдам жүріңдер, әрбір білген өнерлерің болса, жасырмай көрсетіңдер, мұнан аяған өнердің керегі жоқ. Басқалар қазақ адам болар жұрт емес екен деп жүрмесін, өнер көрсетіңдер, арттарыңа пайдасы тиеді, қазақ кем жұрт екен демесін, әйтеуір елден шыққан соң жаман атты болмаңдар» деп, ақыл да айтты дейді хат авторы. 

Бұл үндеу  жай еңбекке шақыру емес, ұлттық намысты ояту. Әлихан жігіттердің жеке бас амандығынан бөлек, олардың ұлт абыройын арқалап жүргенін еске салады. Отарлық көзқарас үстем заманда «қазақ кем жұрт емес» деген ойды еңбек арқылы дәлелдеуге шақыру – рухани қарсылықтың бір түрі еді.

Осы оқиға арқылы Әлиханның тұлғасы жаңа қырынан танылады. Ол тек саяси мінбердегі қайраткер емес, майдан даласында жүрген қарапайым жігіттердің халін біліп, рух беретін көсем. Оның сөзі жігіттердің еңсесін көтеріп, өздерін ел намысының өкілі ретінде сезінуге ықпал еткені анық.

Дәл сондай 1917 жылғы 2 ақпанда Қазақ газетінің №216 санында жарияланған «Қостанай жігіттері» хаты да майдан жұмысына алынған қазақтардың тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Қысқа ғана хабарда 7-дружина, 204-партиядағы жігіттердің амандығы айтылып, бір жігіттің қаза тапқаны, бірінің басқа партияда жүргені нақты көрсетіледі. Осындай деректер сол кезеңдегі қазақ жастарының тағдыры қалайша соғыс майданына шашырап түскенін аңғартады.

Хатта ерекше мән берілетін жайт – 15 январьда елден өкілдердің келіп, азық-түлік тапсыруы және январь басында Әлихан Бөкейханнің арнайы келіп, хал-жайларын біліп, үгіт-насихат айтып қайтуы болған. 

Бұл жолдардан біз Әлиханның майдандағы жігіттерге рухани демеу болғанын көреміз. Ол тек саяси шешім қабылдайтын тұлға емес, тікелей ел аралап, қарапайым еңбекші жігіттердің жағдайын көзбен көріп, сөзбен жігер берген қайраткер. Жігіттер үшін оның келуі – жай сапар емес, елдің аманатын жеткізген, үміт сыйлаған сәт. Осылайша, бұл дерек те Әлихан тұлғасының елмен біте қайнасқан, халық тағдырымен ортақтасқан болмысын айқындай түседі.

«Әлихан» атындағы стипендия

1917 жылғы 3 маусымда Қазақ газетінің №232 санында жарияланған «Күтілмеген көсемдік» мақаласы – қазақ қоғамындағы рухани бетбұрысты айқындайтын айрықша мәтін дер едік. 

Мақала авторы әуелі Еуропа елдеріндегі дәстүрді мысалға алады, халыққа пайдасы тиген тұлғаның атына игілікті іс арнау – шынайы құрметтің бір түрі. Ал қазақ тәжірибесінде мұндай құрмет бұрын көбіне патша әулеті мен шенеуніктерге көрсетіліп келгені сынмен айтылады. Болыстардың аты Николай II ұлы Алексейдің құрметіне «Алексеевский» атануы, Пётр Столыпин атымен «Столыпинский» волостардың қойылуы, Романовтар әулетінің 300 жылдығына болыстардың «Романовский» аталуы – бодандық психологиясының көрінісі ретінде көрсетіледі.

Ал «күтілмеген көсемдік» дегеніміз – бұл жолы бастама жоғарыдан емес, майдандағы қарапайым жігіттерден шыққандығы. 229-партияда жұмыс істеген Жетісу облысы Қапал уезінің 700 жігіті мен Торғай облысы Ақтөбе уезінің 94 жігіті бірігіп, Әлихан Бөкейхан атына медресе не стипендия ашу үшін екі мың сом қаржы жинап, оны елге қайтар жолда басқармаға тапсырады.

Мақалада бұл әрекеттің мәні ерекше айқындалады, бұл патшаға, министрге, жандаралға жасалған құрмет емес, қазақ жұртын халық қатарына сүйреп, дүние бәйге тіккен тіршілік жарысынан қазақ та жүлдесіз қалмауына өмір бойы өнерін сарып етіп келе жатқан Алаш көсеміне деген алғыс дейді. 

Жігіттер екі мың сом медресе ашуға жеткіліксіз болуы мүмкін екендігін айтады. Бірақ мәселе сомада емес, сананың өзгеруінде. Майдан даласында, өлімнің қасында жүрген жігіттердің ұлттық игілікке мұрындық болуы – нағыз азаматтық кемелдіктің белгісі деуге болады. Олар осы істі бастап, жалғасын Алаш жұртына ұсынады.

Бұл мақала арқылы біз екі маңызды құбылысты көреміз: біріншісі – Әлихан еңбегінің халық жүрегінде танылғаныекіншісі – қазақ қоғамында бодандық құрметтен ұлттық құрметке өту үдерісі басталғаны.

«Күтілмеген көсемдік» – шын мәнінде, халықтың рухани есейгенінің дәлелі. Ал Әлихан бейнесі бұл мәтінде тек саяси қайраткер ретінде емес, ұлт санасын жаңғыртқан тарихи тұлға ретінде көрінеді.

«Күтілмеген көсемдік» деп аталған мақаладан басталған бастама алғашында 229-партиядағы 794 жігіттің 2000 сом жинап, оны қазақ басқармасына тапсыруымен көрінді. Бұл сома медресе не стипендия ашуға толық жетпесе де, істің мәні қаржы көлемінде емес, рухани мағынасында болатын. Жұмысқа айдалып, майдан шебінде жүрген жігіттердің өзі ұлт болашағын ойлап, игілікті істі бір адамның – бірақ жай адам емес, халықтың «Әлиханының» – атымен байланыстыруды жөн көруі олардың саяси санасының өскенін аңғартты.

Осы игі үрдіс кейін де жалғасты. Қарқаралы уезінің Ақсары, Қукент, Дегелең болыстарынан соғыстан қайтқан 640 жігіт 207 сом жинаса, Ырғыз уезі Қабырға болысының азаматтары 103 сом 70 тиын, тағы 97 сом және 66 сом 80 тиын қосып, барлығы 474 сом 50 тиын тапсырған. Бұрынғы жиналған қаржымен қосқанда жалпы сома 2474 сом 50 тиынға жеткен. Бұл әр ауыл, әр уезд деңгейінде саналы түрде ұйымдастырылған, азаматтық жауапкершілікке негізделген әрекет.

Мұнда ең маңыздысы – қаржының өзі емес, оның символдық мазмұны. Бұрын қазақ арасында патша әулетінің, министрлер мен жандаралдардың атына болыс, мектеп, стипендия беру үрдісі болса, енді ел тағдырына шын жаны ашыған ұлттық қайраткердің атына игілік арнау дәстүрі қалыптаса бастады. Ел тарихындағы бодандық психологиядан ұлттық өзіндік санаға қарай жасалған қадам.

Әлихан атына жиналған стипендия қаржысы бір жағынан білімге, медресе мен оқуға жол ашу ниетін білдірсе, екінші жағынан қазақ қоғамының ішкі бірігуінің, ұлттық көсемді мойындауының айқын айғағына айналды. Бұл бастама – Алаш идеясының ел ішінде терең тамыр жайғанының, халық пен зиялы арасындағы сенім көпірінің берік болғанын көрсетеді. 

Тарих талқысы

«Қазақ» газетінде Алаш партиясын құру, оған төраға сайлау мәселесі күн тәртібіне тұрғанда, газет редакциясы партияға кіретін азаматтардың әрқайсысына жеке мінездеме, бұрынға іс-әрекеттеріне анықтама береді. Газет Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси қызметіне, қайраткерлік болмысына төмендегідей анықтама берген: «Әлихан Бөкейханов – 1-государственный дума ағзасы. Сол пікірлі кадет һәм кадет партиясының центранльный комитетінің ағзасы. Жасынан саясат ісімен шұғылданып, орысша оқыған. Қазақта орын, дәреже қумаған. Оқу бітіргеннен кейін де түйме тақпай, халық қызметіне кірісіп кеткен бір һәм бірінші қазақ. Бірінші Г. Думаға осы депутат болып кетеді деп, сақ хүкімет абақтыға жауып қойып, дәл сайлау алдында ғана азат етілген. Бірінші Г.Дума қуылғаннан кейін, Россияның ығай мен сығай 180 депутаттарының бірі болып, Финландияға барып, машһұр Виборгский взванияға ??? қол қойғаны үшін 3 ай абақтыға отырып шықты. Виборгский взванияның ??? сөзі: «Қашан хүкімет думаны қайта жинағанша халық қазына бір тиін алым, бір кісі әскер бермесін» деп хүкіметке бел көрсеткен еді. Саясат ісіне Әлиханнан артық қазақ баласы жоқтығы анықталған. Кешегі қаһарлы хүкіметтің заманында талай қысылғанда көзге көрінген. Ескі хүкімет заманында қазақ облыстарында тұра алмайтын болған. Өзгеріс болардың алдында Әлихан күнбатыс майданында бұратана бөлімін ашып, өзіне пікірлес оқыған қазақ жастарын жолдастыққа алып, 25 июнь жарлығы бойынша қан жылап майдан қызметіне алынған қазақ жігіттерін тәрбиелеп тұр еді. Өзгеріс болған соң, хүкімет Торғай облысына комиссар қылып сайлады. Ғұмырын туған жұртына бағыштаған ақжүрек, ер, білгіш, көсем, шешен қазақтың бір ұлы.

Тұлға бағасы

«Қазақ» газетіндегі Әлихан Бөкейхан бейнесі – жай ғана саяси қайраткердің портреті емес, ұлт санасының жаңғыру дәуіріндегі моральдық-идеялық көшбасшының көркем-публицистикалық тұлғалануы.

Газет материалдарында Әлихан ең алдымен билікке ұмтылған саясаткер емес, халық жүгін арқалаған жауапкершілік иесі ретінде көрінеді. Оның аты төңірегіндегі мақалаларда мансапқорлық, даңғойлық сипат мүлде жоқкерісінше, ұлт мүддесін жеке басынан жоғары қоятын принципшілдік, сабырлы стратегиялық ойлау, ұйымдастырушылық қабілет айқын танылады.

«Қазақ» бетіндегі деректерден байқалатыны – Әлиханның беделі жоғарыдан таңылған ресми мәртебеден емес, төменнен, халық сенімінен туындағаны. Майдандағы жігіттердің оның атына қаржы жинауы, ел ішіндегі азаматтардың стипендия, медресе ашуды ұсынуы – баспасөз арқылы қалыптасқан жасанды культ емес, шынайы құрметтің көрінісі. Бұл отарлық кезеңдегі патша шенеуніктерінің атына көрсетілетін дәстүрлі «құрметтен» сапалық тұрғыдан бөлек құбылыс. Мұнда ұлт алғаш рет өз көсемін өзі танып, өзі бағалап отыр.

Сондықтан «Қазақ» газетіндегі Әлихан бейнесі – ағартушы, саясаткер, ұйымдастырушы сипаттарын тоғыстырған синкретті тұлға. Ол бір мезетте идея авторы, қоғамдық пікір қалыптастырушы және практикалық іске ұйытқы бола алған қайраткер ретінде суреттеледі. Газет мәтіндері оны қасаң мадақтаудан гөрі, нақты іс үстіндегі, ел тағдырына алаңдаған, қиын кезеңде бағыт-бағдар көрсеткен интеллектуал ретінде көрсетеді.

Түптеп келгенде, «Қазақтағы» Әлихан бейнесі – ұлттық лидерлік моделінің қалыптасу сәтін айғақтайтын тарихи-мәтіндік феномен. Бұл бейне арқылы қазақ қоғамы өзіне жаңа типтегі көсемді – халықпен тең сөйлесетін, бірақ халықты алға бастай алатын зиялы жетекшіні таныды. Осы тұрғыдан алғанда, газеттегі Әлихан образы – Алаш дәуіріндегі ұлттық саяси мәдениеттің ең айқын символдарының бірі.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз