Тарихтағы ең үлкен 5 қателік

04.03.2026
182
Тарихтағы ең үлкен 5 қателік - e-history.kz

Сурет: ЖИ

Тарих бұл тек өткен күндердің тізбегі ғана емес, ол адамзат баласының жеңістері мен жеңілістерінен өрілген ұлы сабақ. Кейде бір ғана жаңсақ басылған қадам, паңдыққа толы шешім немесе ашумен айтылған сөз тұтас империялардың күлін көкке ұшырып, өркениеттердің бағытын мүлдем басқа арнаға бұрып жібереді. Біз «тарихтың қателігі» деп атаған бұл оқиғалардың артында мыңдаған адамның тағдыры, жоғалған қазыналар мен қираған өркениеттер тұр. Әрине, тарихтың қателігін айтып тауысу мүмкін емес, Алайды, әлі күнге дейін адамзат ауызынан түспейтін оқиғаларды уақыт безбеніне салып, адамзат жадында «әттеген-ай» дегізген ең ірі бес стратегиялық қателікке тоқталамыз.

Өркениеттің өртенуі

Александрия кітапханасы көне дәуірдегі ең ірі ғылыми орталықтардың бірі болды. Ол қазіргі түсінікпен айтқанда, антикалық әлемнің білім хабы қызметін атқардыматематика, астрономия, медицина, филология, география сияқты салалардағы еңбектер осында шоғырланды. Кітапхана Птолемей I Сотер билігі тұсында негізделіп, кейінгі Птолемейлер дәуірінде кеңейтілді. Александрия айлағына тоқтаған кемелерден қолжазбалар уақытша алынып, көшірмесі жасалып, түпнұсқасы қорда сақталатын деген деректер бар. Осы саясаттың арқасында жүздеген мың папирус шиыршықтары жиналғаны айтылады (дәстүрлі есеп бойынша шамамен 400–700 мың аралығы, нақты сан белгісіз).

Кітапхананың жойылуы бір сәтте болған оқиға емес. Ол бірнеше ғасыр бойы саяси тұрақсыздықтың, соғыстардың және діни қақтығыстардың салдарынан әлсіреп, біртіндеп жоғалды. Б.з.б. 48 жылы Юлий Цезарь Александриядағы әскери қақтығыс кезінде кемелерді өртегенде, жалын порт маңындағы қоймаларға тарағаны туралы дерек бар, кей зерттеушілер бұл кезде қордың бір бөлігі жойылған деп есептейді. Кейін б.з. 391 жылы Феодосий I пұтқа табынушылық нысандарын жою туралы жарлық шығарған соң, Серапеум ғибадатханасы қиратылдыол кітапханамен байланысты кешеннің бір бөлігі саналған. VII ғасырдағы араб жорықтарына қатысты кітапхананы түбегейлі жою туралы әңгімелер бар, бірақ бұл нұсқа тарихи тұрғыдан даулы, көптеген ғалымдар негізгі қор одан бұрын-ақ жоғалған деп санайды.

Нақты қандай еңбектердің жойылғанын толық білу мүмкін емес. Дегенмен, антикалық авторлар сілтеме жасаған, бірақ бізге жетпеген шығармалар аз емес. Мысалы, Самос Аристархы Күнді орталыққа қоятын модель ұсынғаны белгіліоның түпнұсқа еңбегі сақталмаған, тек кейінгі авторлардың сілтемелері арқылы белгілі. Бұл идея ортағасырлық Еуропада үстем болған геоцентрлік жүйеге балама ұсынған ерте гипотеза ретінде бағаланады, алайда оның жоғалуы ғылым «бірден 15 ғасыр артқа кетті» дегенді дәлелдемейді, ғылыми даму күрделі әлеуметтік-мәдени факторларға тәуелді. Сол сияқты Александриялық Герон бу күшімен қозғалатын қарапайым құрылғы (эолипил) сипаттағанбұл техникалық принциптің өндірістік төңкеріске бірден әкелмегені белгілі, себебі технологиялық база мен экономикалық сұраныс ол кезде қалыптаспаған еді. Медициналық трактаттар мен анатомиялық жазбалардың да бір бөлігі бізге жетпеді, бірақ антикалық медицинаның белгілі арнасы Гале неңбектері арқылы жалғасты.

Сондықтан Александрия кітапханасының жоғалуы «адамзат дамуын бірнеше ғасырға тежеді» деген тұжырымды тікелей әрі дәл есеппен айту қиын. Алайда оның символдық және институционалдық маңызы зор болды. Ол білімді жүйелі жинақтау мен сақтаудың үлгісін көрсеттікөптілді ғылыми орта қалыптастырдымәтіндерді салыстырып, редакциялау мәдениетін дамытты. Мұндай орталықтың әлсіреуі Жерорта теңізі аймағындағы ғылыми инфрақұрылымның үзілуіне әсер етті. Антикалық мұра толық жоғалып кеткен жоқ. Оның едәуір бөлігі кейін Бағдат қаласындағы «Даналық үйі» сияқты орталықтарда араб тіліне аударылып, сақталды, одан әрі ортағасырлық Еуропаға қайта оралды. Яғни өркениеттік сабақтастық үзілді деуге келмейді, бірақ ол күрделі жолмен, үзілістер арқылы жалғасты.

«Троя тұлпарының» тағдыры

Троя соғысы туралы сюжет  адамзат мәдениетінің ең көне әрі ең ықпалды мифтерінің бірі. Аңыз бойынша, соғыс он жылға созылып, екі тарапты да титықтатты. Ахилл мен Гектор сияқты батырлардың қазасы қақтығыстың қаншалықты ауыр болғанын көрсетеді. Алайда шешуші сәт майдан даласында емес, стратегиялық ойлау деңгейінде туды. Бұл оқиға әскери тарихтағы маңызды қағиданы айқындайды, ұзаққа созылған текетіресте кейде күш емес, айла үстем түседі.

Грек әскері Трояны тікелей шабуылмен ала алмады. Қала қабырғалары берік, қорғаныс жүйесі тиімді болды. Он жылдық қоршаудан кейін соғыстың логикасы өзгерді: қарсыласын физикалық тұрғыдан емес, психологиялық тұрғыдан жеңу жолы қарастырылды. Осы тұста грек көсемдерінің бірі – Одиссей – ағаш тұлпар жоспарын ұсынды. Әскер шегінгендей көрініп, жағалауда алып ағаш ат қалдырылады.

Аңыз желісінде абыз Лаокоон бұл «сыйлықтың» қауіпті екенін ескерткенмен, шешім көпшіліктің көңіл күйімен қабылданды. Ұзақ соғыстан шаршаған, жеңіске сенгісі келген қоғам психологиялық тұрғыдан сақтықтан гөрі үмітке бейім болды. Нәтижесінде ағаш тұлпар қала ішіне енгізілді. Түнде оның ішінен шыққан жауынгерлер қақпаны ашып, Троя құлады.

Бұл оқиға  мифологиялық сипатта болғанымен, стратегиялық ойлау тұрғысынан аса танымдық. Біріншіден, ұзақ соғыс жағдайында эмоциялық шаршау қателікке итермелеуі мүмкін. Екіншіден, қауіп әрдайым ашық шабуыл түрінде келмейді, кейде ол сенім мен бейқамдық арқылы енеді. Үшіншіден, қоғам шешім қабылдағанда тек рационалды дәлелге емес, көңіл күй мен символға да сүйенеді.

Сондықтан «Троя тұлпары» бүгінгі тілде метафораға айналды. Киберқауіпсіздік саласында «троян» деп аталатын бағдарламалар да дәл осы принциппен жұмыс істейді. Олар зиянды әрекетін жасырып, пайдалы өнім ретінде қабылданады. 

«Жеңілмейтін» армиялар жеңілісі

Тарих – қатал ұстаз. Ол өз сабағын ұмытқандарды дәл сол қатемен қайта сынайды. Арасына 129 жыл салып, Еуропаның екі «жеңілмейтін» қолбасшысы – Наполеон Бонапарт пен Адольф Гитлер  бір кеңістікте, бір психологиялық қателікпен сүрінді. 1812 жылғы Ресей жорығы мен 1941 жылғы Барбаросса жоспары аясындағы шабуыл бұл жай ғана әскери науқан емес, менмендік пен табиғаттың, стратегиялық есеп пен ұлттық рухтың арасындағы қақтығыс еді.

1812 жылдың жазында Наполеон 600 мыңнан астам сарбаздан құралған «Ұлы армиясымен» Ресей шекарасын кесіп өтті. Ол Еуропаны тізе бүктірген тәжірибесіне сүйеніп, бұл соғысты да қысқа мерзімде аяқтайтынына сенді. Дәл осы сенім 1941 жылы Гитлердің санасында да үстем болды. Германия 3 миллионнан астам әскерін шығысқа аттандырып, «найзағай соғысымен» бірнеше айдың ішінде шешуші жеңіске жетеміз деп есептеді. Екі жағдайда да басқыншылар логистиканы, қашықтықты және уақыт факторын менсінбеді. Олар алғашқы аяз түскенше соғысты аяқтаймыз деп ойлады. 

Екі жорықта да қарсы тарап шешуші шайқастан қашып, шегіне отырып құрту тактикасын таңдады. Наполеон әскері алға жылжыған сайын, ауылдар мен қоймалар өртеліп, егістіктер жойылып отырды. Француздар Мәскеуге жеткенде, қала бос әрі өртеніп жатқан еді. Бұл символдық жеңіс стратегиялық тұзаққа айналды: әскер азық-түліксіз, панасыз қалды. 1941–1942 жылдары да ұқсас көрініс қайталанды. Кеңес әскері өндіріс орындарын шығысқа көшіріп, инфрақұрылымды жойып, партизандық соғыс ұйымдастырды. Немістің «блицкригі» орыс даласының шексіздігіне жұтылып кетті. Кеңістік қарсы шабуылдың құралына айналды.

1812 жылдың қарашасында Наполеон әскері қысқа дайындықсыз қатты аязға тап болды. Аштық, үсік, індет  бәрі қосылып, армияны күйретті. 600 мыңдық қолдан Францияға санаулы ғана сарбаз оралды. Бұл әскери жеңіліс қана емес, империялық аңыздың күйреуі еді. 1941 жылдың қысында да дәл осындай көрініс орын алды. Неміс техникасының майы қатып, сарбаздар қысқы киімсіз қалды, ал Мәскеу түбіндегі қарсылық вермахттың «жеңілмейтін» мифін талқандады. Бұл кезең Мәскеу шайқасы арқылы айқын көрініс таптысоғыс енді қысқа науқан емес, ұзаққа созылатын қажыту майданына айналды.

Наполеон да, Гитлер де бір ғана стратегиялық емес, ең алдымен психологиялық қателік жіберді: олар қарсылас халықтың рухын, кеңістіктің қуатын және табиғаттың қаталдығын есепке алмады. Өз тәжірибесіне шектен тыс сеніп, қарсыласын менсінбеу –  олардың ортақ әлсіздігі болды. Екі жорықтың тағдыры бір түйінге тоғысады.  

Титаник түйіні

RMS Titanic 1912 жылдың сәуірінде Атлант мұхитына жол тартқанда, ол тек жолаушылар кемесі емес, индустриялық дәуірдің символы ретінде қабылданды. Оны «жүзетін сарай», «техникалық ғажайып», тіпті «батырылмайтын кеме» деп атады. Бұл атаулар жарнамалық ұран ғана емес, қоғамның техникаға деген шексіз сенімінің көрінісі еді. Алайда дәл осы сенім табиғат заңын менсінбеуге ұласқан қайғылы апаттың алғышартына айналды.

Кемені салған White Star Line және жобалаушылар оның корпусын 16 су өткізбейтін бөлікке бөліп, қауіпсіздік жүйесін сол дәуір үшін озық деңгейде жасады. Теория бойынша, бірнеше бөлікке су кірсе де, кеме жүзіп тұра алуы тиіс еді. Бірақ инженерлік есептеулер қоғамдық санада абсолюттік кепілдікке айналып кетті. «Батырылмайтын» деген сипаттама техникалық шарттылықтан мифке айналды. Бұл психологиялық әсер экипаждың да, компания басшылығының да қауіп-қатерге салмақты қарамауына ықпал етті.

Сол кезеңдегі капитан Эдвард Смит тәжірибелі теңізші болғанымен, Атлантикадағы мұзтаулар жөніндегі бірнеше ескертуді елеусіз қалдырды. Кеме жылдамдығын төмендету туралы шешім қабылданбады. Себебі «Титаник» тек жолаушыларды емес, бедел мен бәсекені де алып келе жатқан еді. Нью-Йоркке қысқа мерзімде жету компанияның имидждік мақсаты болатын.

Қауіпсіздік мәселесіндегі ең үлкен олқылық  құтқару қайықтарының саны. Кемеде 2200-ден астам адам болса да, бар болғаны 20 қайық орнатылды. Бұл шамамен жарты жолаушыға ғана жететін. Мұндай шешімге екі фактор әсер етті. Біріншіден, сол кездегі теңіз ережелері қайық санын кеме сыйымдылығына емес, тоннасына қарай есептейтін, яғни заң ескірген еді. Екіншіден, палубада қайықтардың көп болуы кеменің эстетикалық келбетіне нұқсан келтіреді деген пікір болды. Қауіпсіздік екінші орынға ысырылды.

Апат түнінде бірнеше ұсақ көрінетін салғырттық бір мезетте шешуші рөл атқарды. Бақылаушыларда дүрбі болмадықажетті кілт кемеге отырғызылмаған қызметкерде қалып қойған. Мұзтау дер кезінде анықталмады. Мұзды аймақта қозғалып келе жатқанына қарамастан, жылдамдық төмендетілмеді. Нәтижесінде 1912 жылғы 14 сәуірден 15-іне қараған түні кеме айсбергке соғылып, екі сағаттан астам уақытта Атлант мұхитының түбіне кетті. 1500-ден астам адам суық судың және құтқару құралдарының жетіспеушілігінің құрбаны болды.

Бұл апат  тек теңіз трагедиясы емес, индустриялық өркениеттің өзіне тым сеніп кетуінің символы. «Титаник» апатынан кейін халықаралық теңіз қауіпсіздігі стандарттары түбегейлі өзгердіқұтқару қайықтарының саны көбейтілді, тәулік бойғы радиобайланыс міндеттелді, мұзды аймақтарды бақылау жүйесі құрылды. Яғни адамзат табиғаттан жеңілген соң ғана сақтықты күшейтті.

XX ғасырдағы ең ауыр тарихи қателіктердің бірі — Қазақстандағы ашаршылық. Бұл нәубет табиғи апаттың емес, қате саяси шешімдердің, экономикалық эксперименттердің және жергілікті ерекшеліктерді ескермеудің салдары болды. 1931–1933 жылдардағы аштық қазақ қоғамының демографиялық, әлеуметтік және мәдени құрылымына орны толмас соққы жасады.

Ашаршылық апаты

Қазақстандағы ашаршылықтың алғышарттары 1920-жылдардың соңы мен 1930-жылдардың басындағы күштеп ұжымдастыру саясатына байланысты қалыптасты. Кеңес билігі көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықты қысқа мерзім ішінде отырықшыландыруды мақсат етті. Мал  қазақ қоғамының негізгі тіршілік көзі әрі экономикалық тірегі еді. Алайда малды тәркілеу, байларды «тап жауы» ретінде қудалау, ет дайындау науқандарындағы шектен тыс жоспарлар шаруашылықтың табиғи тепе-теңдігін бұзды. Нәтижесінде бірнеше жылдың ішінде мал басы күрт азайып, халық азық-түліксіз қалды.

Сол кезеңде Қазақстан өлкелік партия комитетін басқарған Филипп Голощекин «Кіші Қазан» саясатын жүзеге асырып, ауылды түбегейлі қайта құруды жеделдетті. Бірақ орталықтың нұсқауларын механикалық орындау, жергілікті жағдайды ескермеу және әкімшілік қысым апатты үдетті. 1931–1933 жылдары жаппай аштық басталып, миллиондаған адам босқынға айналды. Зерттеушілердің бағалауынша, 1,5–2 миллионға жуық қазақ қаза тапты немесе шетелге көшіп кетуге мәжбүр болды. Бұл сол кездегі қазақ халқының шамамен үштен біріне тең еді.

Аштық тек демографиялық апат қана емес, дәстүрлі әлеуметтік құрылымның күйреуі болды. Рулық-қауымдық байланыстар әлсіреді, көшпелі мәдениет түбегейлі өзгерді, халықтың этникалық үлесі азайды. Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналу шегіне жетті. Бұл жағдай ұзақ мерзімді тарихи салдарға алып келдіурбанизация үдерісі жеделдеді, тілдік және мәдени орта трансформацияға ұшырады.

Қазақстандағы ашаршылық  жоспарлы экономикадағы қатаң идеологиялық көзқарастың нақты өмір шындығымен үйлеспегенінің мысалы. Экономикалық саясат адам факторын, табиғи орта мен дәстүрлі шаруашылық жүйесін ескермегенде, оның салдары гуманитарлық апатқа ұласуы мүмкін екенін көрсетті. Бұл оқиға мемлекеттің кез келген реформасы ғылыми негізделіп, кезең-кезеңімен, қоғамның нақты ерекшеліктерін есепке ала отырып жүргізілуі тиіс деген тарихи сабақ береді.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз