Бүгін Л.Н. Гумилев Еуразия Ұлттық университетінің орталық кітапханасында «Алаш ұрпағы: мұратқа адалдық» мәдени-танымдық шара өтті. Шараның негізі мұраты Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарымен кездесу болды. Іс-шараның басты мақсаты – Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарымен кездесу, олардың тағдыры арқылы тарихи сабақтастықты жаңғырту болды.

Біз бұрындары Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары жайлы деректермен филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Сағымбай Жұмағұлдың «Естеліктегі Алаш» еңбегінен таныс едік. Алайды, осы жылы табылған Алаш офицері Рахметолла Қаржаубайүлының бір бұтағы Дана Рахметоллақызының осы іс-шараға қатысуға танымдық кездесудің мазмұнын кеңейте түсті.

Алғашқы сөзді танымдық шараның модераторы, ф.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Диқан Қамзабекұлы бастады:
«Бүгін біз Рахметтола Қаржаубайұлының ұрпағы – Дана Рахметтола қызымен кездесіп отырмыз. Шараның атауы да мәнді «Алаш ұрпағы – мұратқа адалдық». Осында Алаш арыстарының ұрпақтары, Алашқа жанашыр азаматтар жиналып отыр.
Дана апайымыз туралы жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде және өзге де басылымдарда мақалалар жарияланды. Садыр ағамыз арнайы ертіп әкелді, бұл да бір игі жобаның жемісі. Бізде ақталғанымен, халыққа кеңінен таныстырылмай, тасада қалып қойған талай қайраткер бар. Кейде мүлде күтпеген деректерге тап боламыз. Мысалы, Мағжанның бауыры, жан-жаққа тарыдай шашылған әулеттің бір мүшесі – Жамбыл облысы, Жуалы ауданының бір ауылында 1970 жылдары қайтыс болып, сол жерде жерленгені анықталды. Осындай тағдырлар аз емес.
Алаш қайраткерлерінің ішінде тірі қалғандары саусақпен санарлық – бес-алты адам ғана. Қалғандарының көбі репрессияға ұшырап, атылып кетті. Ал тірі қалғандарының өзі айдаудан оралып, 1970 жылдарға дейін Қазақстанда өмір сүрген.
Дана апамыз өз тағдырын өзі баяндап береді. Біз үшін ең маңыздысы – осы жерде отырған қарапайым азаматтың жанкешті ізденісі. Әр адамға белгілі бір жауапкершілік жүктеледі ғой. Ол кісі арнайы тапсырмасыз-ақ, өз ниетімен іздеп, деректерді бір-бірімен жалғап, ақыры ұмыт қалған тұлғаны ашты. Бір дерек екінші дерекпен ұштасып, үлкен жаңалыққа жол ашты.
Біздің тізімде мың жарымнан астам, тіпті екі мыңға жуық адамның есімі бар. Әрқайсысының тағдыры ауыр. Солардың біреуінің табылуы – өзгелеріне де жол ашады.
Осы жобаны бастап, жүйелі жұмысқа айналдырған Сабыр Ахметжанұлы Қасымов ағамызға ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Мемлекеттік деңгейде Президентіміздің бастамасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия үш жыл бойы ауқымды жұмыс атқарды. Жүздеген жұмыс топтары құрылып, қомақты зерттеулер дайындалды. Барлық материалдар Президентке таныстырылды, алғашқы жинақтар жарық көрді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Сабыр ағамыздың бұл – өмірлік миссиясы. Бұған дейін де ол Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ақтау, олардың тарихи және құқықтық мәртебесін айқындау бағытында үлкен еңбек сіңірді. Қазіргі жұмысы да – соның жалғасы. Оның командасында ғалымдар, заңгерлер бар. Өзі де заңгер болғандықтан, тарихи әділеттіліктің құқықтық негізін жасауда үлкен рөл атқарып келеді. Біз, тарихшылар, кейде заңдық тетіктерді терең біле бермейміз. Ал заңдық негізсіз көптеген еңбектеріміз толық жүзеге аспай қалуы мүмкін. Осы тұрғыда Сабыр ағамыздың еңбегі ерекше», -деді.

Арнайы іс-шараға Рахметтола Қаржаубайұлының ұрпағынан бөлек, Қошке Кемеңгер, Хайретдин Болғанбай ұрпақтары, желтоқсан көтерілісіне қатысушылар, докторанттар қатынасты. Алаш қайраткерлерін ақтау мәселесі және Дана Рахметоллақызының елге келуі жайлы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты Сабыр Қасымов баяндады.
«Менің ойымша, Алаш қайраткерлерінің қасиетін, тереңдігін, өз дәуірінде атқарған қызметін біз әлі толық танып, түбегейлі игеріп болған жоқпыз. Бүгінде оларды рухани байлығымыз, мемлекеттік және ұлттық құндылығымыз ретінде таныту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен, бұл істің әлі де тереңдей түсуі қажет сияқты. Соның ішінде Алаш ұрпақтарын жүйелі түрде бір арнаға тоғыстыратын бастама керек деп ойлаймын. Бұл бағытта кезінде Дихан Қамзабекұлы бастаған жұмыстар бар. Біз де шамамыз келгенше, Алла күш-қуат берсе, сондай бір жобаны қолға алсақ па деген ойдамыз. Егер сіздер қолдасаңыздар, болашақта арнайы жоба ретінде жүзеге асыруға болады.
Енді Дана апайымыз төрт жыл шетелде тұрып келді, әкесінің тілін толық меңгере алмадым деп отыр. Сондықтан оның айтқан ойларын қазақша жеткізе кетейін. Дана Рахметоллақызына алғыс білдіремін. Әкесінің мұрасын ұмытпай, соны мақтан тұтып, бүгінгі заманда жалғастырып отырғаны – үлкен құрметке лайық. Бұл – сирек кездесетін жағдай. Өйткені біз Алаш мұрасын әлі де толық мемлекеттік және қоғамдық өмірге енгізіп болған жоқпыз. Бұл мемлекеттік саясатта да, ғылым саласында да жіберілген үлкен олқылықтардың бірі деп есептеймін. Әлі де атқарылар жұмыс көп.
Соның ішінде Алаш ұрпақтарының нақты саны да бізге толық белгілі емес. Сондықтан Көптілеу бауырымызға ерекше алғыс айтамын. Дана апайды тауып, үлкен тарихи істі атқарды. Бұл – басқаларға үлгі болатын қадам. Дана Рахметуллақызы – Алаштың тірі жалғасы.
Алаш партиясы, Алаш үкіметі, Алашорда біртіндеп Қазақстанда өз орнын тауып келеді. Олар – сол заманның озық ойлы, халықаралық, еуропалық деңгейде ойлаған тұлғалары еді. Қазақстанды өркениетті, демократиялық жолмен дамытуды мақсат етті. Қазір комиссия аясында ғалымдармен, алаштанушылармен сөйлескен сайын олардың қандай биік рухани деңгейдегі адамдар болғанына көз жеткізіп отырмыз.
Кеше Дана апайымыз айтты: «Әкем түрме көрді, айдауда болды, азап шекті, бірақ ішімдікке салынбады, бұзақы болмады, адамгершілігін соңына дейін сақтады», – деді. Бұл – көп нәрсені аңғартады. Олардың рухани биіктігі, арманы мен мұраты қандай болғанын осыдан-ақ көруге болады. Өкінішке қарай, большевиктер билікке келген соң, бастапқыда интернационализм ұранын көтергенімен, сталиндік жүйе бәрін теріс айналдырды. Кеше ғана ел үшін қызмет еткендерді «халық жауы», «сатқын» деп жариялады. Бұл тек Алашқа ғана емес, сол кезеңдегі көптеген саяси қайраткерлерге қатысты болды. Ресейдің өзінде де демократиялық республика құруды көздеген талай тұлғалар қуғынға ұшырады. Ол идеялар жасырылды, айтылмады. Ал бүгін сол тарихи шындық қайта жаңғырып, өз орнына қойылып жатыр.
Уақытты көп алмайын. Бүгін үлкен шара өтеді, Дана Ахметуллақызы сонда сөз сөйлейді, өз әңгімесін баяндайды. Жобалық кеңсеміз осы уақыт ішінде жедел түрде шағын брошюра дайындады. Біз оны Дана апайға табыстадық. Бұл алғашқы басылым ғана. Алдағы уақытта ғалымдарды тарта отырып, зерттеуді жалғастырамыз. Мұнда отырған ғылым докторлары да бұл еңбекті құнды дүние деп бағалап отыр», - деді.

Шара барысында сөз алған Дана Рахметоллақызының әңгімесі көпшіліктің жүрегіне әсер етті. Оның сөзі жай ғана естелік емес, тұтас бір дәуірдің жанды куәлігі іспеттес. Әкесінің тағдырын баяндау арқылы ол сталиндік қуғын-сүргін жылдарындағы қорқыныш пен үміттің, қайсарлық пен үнсіздіктің қатар өрілген күрделі кезеңін көз алдымызға әкелді. Дана Рахматоллақызы әкесі жайлы былай дейді:
«Шақырып, құрмет көрсеткендеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Мен үшін бұл – үлкен қуаныш әрі зор мақтаныш. Әкемді еске алып, оның есімін құрметпен атап жатқандарыңызға ризамын. Әкем үнемі: «Бір күні заман өзгереді, саналы да білімді ұрпақ өседі, олар бәрін біледі, бәрін еске алады», – деп айтатын. Бүгін сол сөздің ақиқатына көзім жетіп отыр.
Сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы жарлық шығарғаны үшін Президентке де алғыс айтқым келеді. Бұл тек заң жүзіндегі шешім емес. Бұл – «халық жауы» деген қара таңбаның енді мәңгілікке өшкені. Әкем бұл дүниеде жоқ, бірақ сол айыптың салдары енді менің мойнымнан, балаларымның, немерелерімнің тағдырынан алынды. Біз енді «саяси қылмыскердің ұрпағы» емеспіз.
Менің әкем саяси баппен сотталған. Анам да неміс ұлтынан болғаны үшін жер аударылып, қуғын көрген. Біз «сенімсіз отбасы» ретінде алыс аймақтарға – Ухтаға, айдауға жіберілдік. Аштықты да, қорлықты да, қорқынышты да бастан өткердік. Тозақтың өзін көрдік десем, артық емес.
Сондықтан ең алдымен сіздерге рақмет айтамын – осы істі атқарғандарыңыз үшін. Сабыр Ахметжановичке ерекше алғыс білдіремін, осы кісінің арқасында мен осында келдім. Бірақ ең үлкен алғыс – Көктілеуге. Мені тауып, бүкіл осы тарихты көтерген – сол. Осындай азаматтар көп болса екен. Балаларыңыз дәл осындай болсын, елін сүйетін, тарихын қадірлейтін, әділдікті іздейтін.
Мен 1953 жылдың 5 наурызын жақсы есімде сақтадым. Бірінші сыныпта оқитынмын. Сол күні Сталин қайтыс болды. Мектептен келсем, әкем анама: « арақ әкел», – деді. Әкем жайдан-жай ішімдік ішпейтін. Анам әкеліп құйғанда, әкем жымиып: «Ақыры кетті ғой», – деді. Анам үнсіз тұрды. Біз де үндемедік. Әкем бірден: «Ешқашан бұл туралы ешкімге айтпаңдар. Әйтпесе тағы да айдап жібереді. Балаларды аяңдар», – деді.
Сол кезде бүкіл ел жылап жатты. Жыламағандар да жылаған болып көрінуге мәжбүр болды. Көбі ішінен ғана қуанды, бірақ ашық айта алмады. Қорқыныш, үнсіздік, амалсыздық заманы еді. Бүгін, міне, әділдік орнап отыр. Әкемнің аты қайта оралып жатыр. Сол үшін баршаңызға алғыс айтамын. Рақмет.»

Дана Рахметоллақызын шетелден тауып, елге әкелуге мұрындық болған Көптілеу Тәжіғалиев деген азамат. Қызығы оның кәсіби саласы әдебиет пен тарихтан тым алыс. Бірақ өзіндік зерттеушілік ізденіспен осы тақырыпты терең аршып, үлкен нәтижелерге қол жеткізген. Аталған зерттеушінің апта басында «Егемен Қазақстан» газетіне «Алаш офицерінің беймәлім тағдыры» атты мақаласы жарық көрген. Ізденімпаз азамат өзінің зерттеу барысы жайлы былайша баяндады:
«Қайырлы күн, құрметті жиналып отырған ғалымдар!
Біріншіден, бізді арнайы шақырып, осы шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген барлық ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіремін. Осында отырған Дихан ағамыз сияқты, танитын-танымайтын азаматтардың бәріне ризашылығымды айтқым келеді. Айтпай кетуге болмайды.
«Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар ғой. Сондықтан ғалымдардың, өз саласының мамандарының алдына шығып сөйлеп тұрғаным үшін алдын ала кешірім сұраймын. Маған сөз берілген соң, өз ойымды айтуды жөн көрдім. Мен өзімді тарихшымын деп те, ғалыммын деп те, журналистпін не блогермін деп те есептемеймін. Тіпті бұл бағытта арнайы білімім де жоқ. Бәрі бір кездейсоқ жағдайдан басталды.
Біздің ауылда адамгершілігі мол, ел сүйсінетін Сайынкерей деген ағамыз тұратын. Кезінде осы жиналып отырған ағаларымыздың әкелері қатты құрметтеген кісі еді. Бірде жол үстінде келе жатып, әңгіме арасында, шамасы, 1968–1969 жылдардың шамасы болуы керек, сол кезде өмір сүрген Рахметтола Қаржаубайұлы туралы сөз қозғалады. Ол кісі «Қазақ» газетін, орыс тілінде шыққан басылымдарды қалдырмай оқиды екен. Бір күні кешке келіп, «Жұлдыз» журналында Сырбай Мәуленов Лермонтовтан өте сәтті аударма жасағанын айтып, орысшасында Лермонтов қалай айтады, ал Сырбай қалай береді – соны талдап отырғанын айтады.
Сол әңгіме үстінде: «Бұл кісі – үлкен Алаш офицері болған. Кейін Бурный жақта қайтыс болды», – дейді. Сонда мен: «Аға, қашан қайтыс болды? Қайда жерленді? Барсақ, басына барып дұға етейік қой», – деп сұрадым. Бірақ ешкім нақты жауап айта алмады. «Халелді білеміз, Ахметті білеміз, Жақыпты білеміз, ал мына кісілерді неге білмейміз? Өзіміздің азамат емес пе еді?» деген ой сол кезде мазалай бастады.
Содан ізденіс басталды. Әуелі әдеби шығармаларын қайта оқыдым. «Ақ Жайық» романын, Әнес Сарайдың еңбектерін қайта парақтадым. Одан кейін мүмкіндігінше архивтерді қарадым. Қай жерде қандай дерек кетіп қалды екен деп, ғалымдардың еңбектерін түгел қарап шығуға тырыстым. Бұл іске жеті-сегіз жыл уақытым кетті. Өйткені мен бұл саланың маманы емеспін. Архивтерге кіру де оңай емес. Құжат жинау, жол жүру, күту – бәрі жүйкені қажытады. Кейде «тастай салайын» дейсің. Бірақ «мен шығармасам, кім шығарады?» деген ой қайта тұрғызады.
Біреулер уәде береді, «кездесеміз» дейді, жылдап күтесің. Соның бәрі артта қалды. Туыстық бұтағын іздедім. Қайда жерленгенін білейік, басына барып дұға етейік, мүмкін болса белгі қояйық дедім. Қазір кәсіпкерлер бар, қол ұшын берер деген үміт болды.
Ақырында әлеуметтік желіге хабарландыру бердім: «Осындай кісіні іздеймін, білетіндер болса хабарласыңыздар», – деп. WhatsApp топтарына да салдым. Бірақ еш хабар болмады.
Бір күні «Рахметтола Дана» деген атпен бір кісі жазып, оны неге іздеп жүрсің, «Мен – сол кісінің қызымын», – деді. Статусында «ақталған» деген белгі тұр. Телефонмен сөйлескенде жылап қоя берді. «Әкем: заман өзгереді, адам өзгереді, бір кезде іздейтіндер болады», – деп айтушы еді», – деді.
Содан бастап аптасына екі-үш рет хабарласып тұрдық. Бір күні «Краснодар өлкесі, Приходецкий ауданы, Новосело ауылына келе аласың ба? Көзіңмен көр, танысайық», – деді. Мен бірден келістім. «Қонақүй керек емес, өзім табамын», – дедім. Ол кісі «Қандай қонақүй? Үйге келесің», – деді.
Тихорецк қаласына түн ішінде барып, жүз шақырым жерден жолдасы күтіп алды. Жолдасы – орыс ұлтынан. Оны кінәлауға болмайды, заман сондай болды. Сол жерде танысып, әңгімелестік.
Бұл кісінің өмір жолы ғалымдардың еңбектерінде аталады. Дихан Қамзабекұлының зерттеулерінде де, Хамза Есенжановтың «Ақ Жайығында», Әнес Сарайдың еңбектерінде де деректер бар. Академик Рәбиға Сыздықованың естеліктерінде де аталады. Ол – Алашорда тарағаннан кейін, 1920 жылдан тұтқындалғанға дейін түрлі лауазымды қызмет атқарған, қазіргіше айтсақ, білім министрі деңгейіндегі қызметте болған, Ахмет Байтұрсыновпен бірге жұмыс істеген тұлға. 1970 жылы қайтыс болған.
Бірақ жерленген жері белгісіз, туыстары ұзақ уақыт нақты ақпарат білмеген. Заман ауыр болды. Депортация, қуғын-сүргін, аштық. Отбасы мүшелері жан-жаққа тарыдай шашылды. Жас келіншек аяғы ауыр күйінде босып кетті, күйеуінің қайда екенін білмеді. Балалары жан-жақта қалды.
Әкесі бірнеше рет үйленген, алғашқы жұбайы қайтыс болған, екінші жұбайы қиын заманда балаларын алып қашқан, үшінші жұбайымен кейін бас қосқан. Осындай тағдыр.
Бүгінде біз Алаш қайраткерлерінің бәрін білеміз деп айта алмаймыз. Көпшілігінің жерленген жерін де білмейміз. Сондықтан олардың есімін жаңғырту – біздің міндетіміз. Мұқағали Мақатаев: «Шетке кеткен қазақтың қайран ерін, Шеттен тауып, еліме қайтарамын», – деген еді. Мен оны дәлел ретінде емес, ниет ретінде айтып отырмын», -деді.

Шара барысында Алаш қозғалысының көрнекті өкілдерінің бірі – Хайретдин Болғанбаевтің ұрпағы Жанұзақ Тұяқов та сөз алып, өз ойын ортаға салды. Ол атасының атынан қор құрып, мұрасын насихаттап жүрген азамат. Жанұзақ Тұяқов Алаш арыстарының мұрасын бүгінгі ғылыми айналымға толық енгізу, олардың өмір жолын жас ұрпаққа жүйелі түрде таныстыру қажеттігін айтты.
«Сіздердің әңгімелеріңізді тыңдағанда бір нәрсе анық сезіледі, бұл жай ғана отбасы тарихы емес, бұл – ұлт тарихының бір бөлшегі. Осындай тағдырлар арқылы біз ХХ ғасырдың басындағы ең ауыр кезеңдерді, Алаш зиялыларының күресін, репрессия мен тәркілеудің зардабын көреміз.
Сіз айтып өткен ұлт-азаттық қозғалыстың басында тұрған тұлғалардың бірі – Әлихан Бөкейхан. Ол қазақтың саяси элитасын топтастырып, ұлттық мемлекет құру идеясын көтерді. Оның айналасында Халел Досмұхамедұлы сияқты білімді, мемлекетшіл азаматтар болды. Бұл кісілер тек саясаткер емес, дәрігер, ғалым, ағартушы ретінде де елге қызмет етті.
Сіздер айтып отырған 1928 жылғы тәркілеу, 1937–38 жылдардағы қуғын-сүргін – бұл жеке бір әулеттің емес, тұтас қазақ қоғамының қасіреті. Алашқа қатысы бар, медреседе оқыған, Қазан, Уфа, Орынбор, Петербор сияқты орталықтарда білім алған азаматтардың көбі «халық жауы» атанды. Көпшілігі атылды, айдалды, ұрпақтары қорқып, тегін жасырып өмір сүрді. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың үнсіздігі – қорқыныштан қалған тарихи жараның салдары», - деді.

Іс-шара кезінде Қошке Кемеңгердің ұрпағы ғалым, алаштанушы Қайырбек Кемеңгер де сөз алып, ендігі зерттеу негізінің толыға түсетінін айтты.
«Бүгінгі жиынға адам саны көп болмағанымен, оның мағынасы өте терең, ауқымы зор, есте қаларлықтай шара болып отыр. Қасиетті жұма күні, қасиетті Рамазан айында аруақтарды еске алып отырмыз. Ниетіміз қабыл болсын, дұғаларымыз қабыл болсын.
Осы шараны ұйымдастырған азаматтарға – Дихан Қамзабекұлына, басқа да ағаларымызға, сондай-ақ Атыраудан осы тарихи шындықты аршып, Алаш ұрпағын тауып, бізге жеткізіп отырған бауырымыз Көптілеуге шынайы алғысымды білдіремін. Бұл – үлкен еңбек.
Құрметті Дана Рахметуллақызы!
Бұған дейін біз тек тізімдерден ғана әкеңіздің есімін білетінбіз. Енді, бүгіннен бастап, оның өмір жолын, тағдырын терең зерттей бастаймыз. Сіздің сөзіңіз өте әсерлі болды. Шынында да, ХХ ғасыр қазақ халқы үшін ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Ел ретінде не жойылып кету, не тірі қалып, бәрін төзу деген таңдау алдында тұрдық. Қазақ халқы шыдады, төзді, аман қалды.
Сіз – Алаш қозғалысының тікелей мұрагерісіз. Әкеңіз Алаш құрамында болған, кейін КСРО кезеңін бастан өткерген, Ресейде туып-өсіп, орысша білім алғанымен, жүз пайыз қазақ болып қалған тұлға. Біз қазір сол тарихты қайта жазып жатырмыз.
Біздің докторанттар «Қазақ әдебиетіндегі Алаш қайраткерлерінің көркем бейнесі» деген тақырыптарда докторлық диссертациялар жазып жатыр. Енді сол еңбектерде әкеңіздің тұлғасы міндетті түрде қамтылады. Мысалы, Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романында, Әнес Сарайдың шығармаларында әкеңіздің есімі аталады. Естеліктерде де бар. Енді біз тарихи дерек пен көркем туындыдағы бейненің арақатынасын салыстыра зерттейміз. Себебі идеологиялық себептермен көп шындық бұрмаланды, көп дүние айтылмады.
Бұл жұмыс жалғаса береді. Біздің жетекшіміз Дихан Қамзабекұлы осы бағытта көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Биыл мерейтой жылы екенін де түсіндік, сізді мерейтойыңызбен құттықтаймыз.
Біз кезінде Гүлнар Міржақыпқызымен де кездескенбіз. Ол кісі 98 жасқа жуық өмір сүрді. Әкесі туралы барлық деректі, суреттерді, құжаттарды сақтап, кейінгі ұрпаққа табыстады. Соның арқасында біз Алаш тарихын тереңірек таныдық. Сіз де Қазақстанда жүрген уақытыңызда естеліктеріңізді жазып қалдырсаңыз, зерттеушілерге үлкен көмек болар еді.
Көптілеу бауырымызға тағы да рақмет айтамыз. Атына заты сай – көп тілеуді көздеген азамат екен. Осындай азаматтар көбейе берсін.
Бүгінгі іс-шара құтты болсын! Алдағы уақытта да бірлесіп зерттеп, Алаш мұрасын терең зерделейік», -деді.

Соңғы сөзді Беркінғали Атшыбаевтың ұрпағы Айгүл Ермекова алды. Беркінғали Атшыбаевтың қазір есімі ескерусіз келеді. Ол Батыс Алашорданың белгілі қайраткері, 1897 жылы бұрынғы Гурьев уезі Қазыбек болысының Миялы ауылында туған. Қазақтың тұңғыш мұнай барлаушы геологі. Қайраткер өз зерттеушісін күтіп жатыр. Қайраткер ұрпағы Айгүл Ермекова өз әулеті жайлы:
«Бүгін – ерекше күн. Менің атым – Айгүл Ермекова. ҚазҰУ-дың филология факультетін бітіргенмін, филология ғылымдарының кандидатымын.
Менің атам жүз жасқа таяп қайтыс болды. Соғысқа бармаған, жалғыз ұлы соғысқа кетіп, хабарсыз жоғалды. Содан кейін атам өз еркімен еңбек майданына сұранып, бір жыл ауыр жұмыс істейді. Діндар адам болған, шошқа етін жемеген. Аштық пен жоқшылықты бастан өткерген. Кейін Ақтөбеге келгенде белгілі әулеттермен араласқан.
Ал енді арғы аталарымызға келсек, олар 1917 жылдан кейінгі кезеңде Оспанов, Домаланов, Павлов, Бауырбаев, Қажыбаев, Түкешев сынды зиялылармен қатар тұрған, мұғалімдер семинариясын бітірген, төрт тіл меңгерген, қазақ съездеріне қатысқан, Шымкентте ашылған алты айлық юнкерлер мектебінде оқыған. Алашорданың Батыс бөлімінде басқару ісінде, интеллигенттік қызмет атқарған.
Біздің атамыз – алғашқы биологтардың бірі. Атырау өңіріндегі мұнай кен орындарын ашуға қатысқан. Бірақ оның тікелей ұрпағы қалмады. Бірінші әйелінен туған баласы Мәскеуде журналист болып қайтыс болған, одан ұрпақ жоқ. Екінші әйелінен туған екі баланың да ұрпағы қалмаған. Бірі кезінде көлік министрі болған.
Үйде бұл тақырып ашық айтылмайтын. «Білмейміз» деп өстік. Бірақ үйімізде жасыл мақпалға оралған Құран, көне кітаптар, құжаттар сақтаулы тұрды. Атам ешқашан өзін «молдамын» деп айтпаған, бірақ намазын оқитын.
Әкем қазір тоқсанға келді. Кейде сыр шертіп, көп әңгіме айтады. Бірақ диктофон қойсаң, үндемей қалады
Мен өзім ұзақ жыл Ауған соғысына қатысты мәселелермен айналыстым. Қазақстанда психологиялық орталықтар ашуға, ауған соғысына қатысқандардың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалыстым. Бірақ өз әулетімнің тарихына тереңдеп бармаппын.
Біздің атамыз туралы марқұм Мақсат Тәжмұрат зерттеу жүргізген. Бірақ бізде жүйелі жұмыс болмады. Кішкентай кезімізден «сендер сол әулеттің тұқымысыңдар» дегенді еститінбіз..
Жуырда Орал қаласындағы музейге атамыздың Парижден 1909 жылы алынған сағатын, кейбір құжаттарын тапсырдық. Оны беру де оңай болмады. Үйде үлкен талқылау болды. «Не керек, тыныш жүріңдер» деген сөздер айтылды. Бірақ енді жасымыз елуге келді, тарихты жасырып отыра беруге болмайды деп шештік.
Біздің атамыз Алашорданы азық-түлікпен, қаражатпен қамтамасыз етуге атсалысқан. Халел Досмұхамедовтің қарауында жұмыс істеген. Үлкен болыс әулетінен шыққан. Соғыс басталғанда, жалғыз ұлы жоғалған соң, әдейі күдікке ілікпес үшін өзі де майдан жұмысына сұранып кеткен деген дерек бар.
Біздің әулет хан тұқымымен де Жәңгір хан әулетімен де құдандалы болған. Бірақ сол үшін де талай күдікке ілінген. 1953 жылдары да қысым көрген.
Бүгін Дана апайды көріп отырып, бір ой келді, тірі адам кейде тұтас бір ғасырды өзімен бірге алып келеді. Оның бойынан сол заманның иісі, сол дәуірдің рухы сезіледі. Біз де сондай жәдігерлерімізді жоғалтпауымыз керек», - деді.

Осы мәдени-танымдық шараның қорытындысында айқын көрінгені – Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары өздерінің аталарының мұрасын құрметтеп, оны ұрпаққа жеткізуге жауапкершілікпен қарауда. Дана Рахметоллақызы, Қайырбек Кемеңгер, Жанұзақ Тұяқов сияқты ұрпақтар өз әулеттерінің тарихын еске алып, ел тарихының бір бөлшегі ретінде Алаш қозғалысының маңызын жария түрде көрсетіп отыр. Қайраткер ұрпақтары мұратқа адалдық танытқан жандар.

Шара барысында тарихты зерттеу, архив деректерін жинау, ұмыт қалған тұлғалардың есімін жаңғырту мәселесі кеңінен талқыланды. Ғалымдар мен қонақтар пікірлері тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, Алаш мұрасын мемлекеттік және қоғамдық өмірге енгізу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын көрсетті.
Осындай кездесулер тек өткенді еске алу емес, қазіргі ұрпаққа сабақ беру, ұлттық сананы нығайту, Алаш зиялыларының рухани және мәдени құндылықтарын сақтап, жалғастыру міндетін көрсететін маңызды шара болып табылады. Шара қатысушылары тарих пен отбасы естеліктерін үйлестіре отырып, Алаш мұрасын тереңірек зерделеуге, оны қоғамға кеңінен жеткізуге атсалысып отыр.