Алаштың Асанәлісі

22.12.2025
7556
Алаштың Асанәлісі - e-history.kz

Қазақтың театр және кино өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Қазақ киносының абызы, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, кино және театр әртісі, режиссер Асанәлі Әшімов өмірден өтті. 

"Бұл — бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің қоштасуы. Қазақ театр өнері қара жамылды. Сахна үнсіз қалғандай, залдың ауасы ауыр тартқандай. Бірақ Асанәлі Әшімұлының өнері, рухы, аманаты - мәңгі тірі. Ол халықтың жүрегінде, көрерменнің жадында, сахна төрінде өмір сүре береді. 

Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын, ұлы тұлға. Қазақ елі Сізді ешқашан ұмытпайды”, - деп жазған Асанәлі Әшімұлының өзі негізін қалаған Әшімов театрының ұжымы. 

Иә, Асанәлі Әшімов - қазақ өнерінің биігін әлемге танытқан, сахна мен экранда ұлттық рухты асқақтата білген бірегей тұлға. Әшімұлы актер, режиссер, педагог әрі сценарист ретінде талай дарынның жолын ашып, ұлттық өнердің қалыптасуына ықпал етті.

Шығармашылық жолында Асанәлі Әшімұлы ұзын саны 30-дан астам кино рөлін сомдапты. Бұл фильмдердің қатарында «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Ермак», «Транссібір экспресі» секілді көрермен тарапынан ерекше ықылысқа ие болған туындылар бар. Бүгінде бұл туындылар қазақ киносының алтын қорына енді.

Әшімов - қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі болып есептеледі. Оның кинодағы Бекежан («Қыз Жібек»), Шадияров («Атаманның ақыры), Мәмбет («Сарқырама»), Қасымханов («Транссібір экспресі»), Кемел («Нан дәмі»), Нұрғазы («Алатаудың ай мүйізі»), Қаражал («Жаушы»), Шыңғыс хан («Бұлғар даласынан ескен жылы жел») рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті.
Студент кезінде әр түрлі фильмдерде Кенжетай («Ботагөз», 1957), Жанай («Асау Ертіс жағасында», 1959), Бектасов («Бір ауданда», 1960), Болат («Ұшы қиырсыз жол», 1960) рөлдерін ойнады. 

«Қазақфильм» киностудиясында Мұрат («Менің ұлым», 1962), Ескендір («Торап», 1963), Тұрар («Тұлпардың ізі», 1964) сияқты әр алуан бейнелер жасады.

1964 жылы Қазақ академиялық драма театрына шақырылады. Театрда С.Қожамқұлов, С. Майқанова, Ш. Айманов, Х. Бөкеева, К. Қармысов сынды өнер тарландарының шеберлік мектебінен тәлім алды. 

Театрдағы тұңғыш рөлі М. Әуезов пен Л. Соболевтің «Абай» спектакліндегі — Айдар рөлі. Содан кейін Кебек, Шуақ (Әуезовтің «Еңлік — Кебегі» мен «Қарақыпшақ Қобыландысында»), Қозы, Қодар (Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында») Сәнжан (Ә. Таразидің «Күлмейтін комедиясында»), Өсіпбай (Ш. Айтматов пен Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесуінде»), Еламан (Ә. Нұрпейісовтың «Қан мен терінде», КСРО мемлекеттік сыйлығы, 1974), Жарасбай (Қ. Ысқақовтың «Таңғы жаңғырығында»), Асан (Мұхамеджановтың «Жат елдесінде»), Дон Жуан (М. Фриштің «Дон Жуанның думанында»), Виктор (Л. Зориннің «Варшава сазында») сияқты әр замандағы, әр түрлі қоғамдағы әр қилы мінезді бейнелерді сомдады. 

Бұлардың бәрі махаббат пен терең сезімнің жымдасуынан туған тосын образдар ретінде қазақ сахна өнерінің тарихында қалды.

Әшімов режиссер ретінде кең танылды. Ол сахналаған Н. Гогольдің «Ревизор» (1979, өзі Дуанбасының рөлін ойнады), Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді», И. Оразбаевтің «Мен ішпеген у бар ма?!» (екеуі де 1987), С. Ванустың «Сұлтан болсам егер мен» (1988), жылы Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» (1989) спектакльдері мен ол түсірген «Жылан жылы» (1981, Цой Гук Инмен бірге; 1982 жылы Таллинде өткен бүкілодақтық 15-кинофестивальдің дипломына ие болды), «Шоқан Уәлиханов» (1984; 4 сериялы телефильм, өзі Шыңғыстың рөлін ойнады), «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» (1995) фильмдер Әшімовтің режиссерлік шығармашылығының да кең ауқымын көрсетеді.

Әшімов өнеріне арналған «Асанәлі» деректі фильмі (1986, реж. И. А. Вовнянко) түсірілді. Әшімов — Жамбыл және Шымкент университеттерінің құрметті профессоры. 1979-1982 жылдары педагогикалық қызметпен шұғылданды. 1990 жылдан «Елім-ай» киностудиясының президенті. «Парасат» орденімен марапатталған. 

«Майраның әні», «Жан бөлек», «Менің жанрым – күнделік», «Ғұмыр-дария» кітаптарының авторы.
 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз