Қазақ халқының аңшылық өнері – байырғы дәстүрлердің бірі, ол көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Қазақ халқы үшін аңшылық тек күнкөріс құралы ғана емес, сонымен қатар мәдени мұра, ұлттық өнер ретінде дамыды.
Қазақ халқы ежелден аң аулаудың әртүрлі әдістерін дамытып, саятшылық және аңшылық дәстүрін дамытып, қолына қыран құс қондырып, алғыр тазы жетектеп, тұлпар тақымдап табиғатпен үйлесімде өмір сүрген.
Аң ату дәстүрі
Қазақтардың аңшылық дәстүрі көшпелі өмірдің қажеттілігінен туған. Аңшылықтың негізгі түрлері – жеке және топтық аң аулау болды. Топтық аңшылық көбіне болатын саят түрі. Алғашқы қар жауған күні қансонарға шығып, салбурын өткізген. Онда аңшылар бірігіп, түлкі, қоян немесе қасқыр аулаған. Кейде аю аулау дәстүрі болды.
Балаларды жас кезінен аңшылыққа баулыды. Бастапқыда қоян немесе тышқан атып, кейін түлкі аулап, тәжірибе жинайды.
Ең танымал дәстүр – бүркітпен аң аулау (құсбегілік немесе саятшылық) болды. Халқымыз бүркітті қолға үйретіп, түлкі, қоян немесе қасқыр аулаған. Бүркітті ұстау үшін тұзақ құрылады. Оған тор, бірнеше таяқ, қоян немесе қарға қолданылды.
Бүркітті үйрету – ұзақ процесс: алдымен балапанын ұясынан алып, адамға үйретеді, қолмен тамақтандырады және дауыстап шақыруға баулиды. Қолға үйретілген бүркітті 5-7 жылдан кейін жабайы табиғатқа жіберу дәстүрі болған.
Халқымыз бүркітті кие тұтып, көктегі хабаршы ретінде санады.
Басында айтып өткеніміздей, аңшылар топтасып, аю аулаған. Аңшылар тұзақ құрып, мылтықпен немесе сойылмен соғып алатын алатын болған. Мәселен, халық арасында– аюдың қимылына еліктеп билейтін «аю биі» биі бар.
Халқымыздың аңшылық дәстүрі белгілі бір тыйымдарға негізделді. Қазақ аңшылығында ырым-тығымдар көп, олар табиғатпен байланысты болып келеді Қажетсіз аң атпау, ашкөздікпен қырмау секілді ұғымдар болды. Мәселен, көктемде ұрпақ өсіру кезінде ауламайды, күзде майлы аң, қыста жүні бар аңды алған. Буаз немесе төлі бар жануарға қару кезену ұят саналды.

Сол секілді жетімеген аң аулауға тыйым салынды. Бұл сәтсіздік әкеледі немесе табиғаттың тепе-теңдігін бұзады деп есептелді.
Олжаны бөлісу де маңызды дәстүр болды. Алғашқы олжа ешкімге сыйланбайды, ал қалғаны жұртпен бөлісілді.
Аңға шығар алдында «Қанжығаң майлансын!» деп тілек айтылады, бұл олжаның мол болуын білдіреді.
Атып алған аңның көзін жауып қоятын дәстүр болған. Бұл аңның жанын тыныштандырып, келесі аңшылықтың табысты болуы үшін жасалады.
Мұндай ырымдар мен тыйымдар халқымыздың аңшылыққа қатысты айрықша этика ұстанғанын және табиғатқа құрметін көрсетеді.
Аңшылық құралдары
Қазақтың аңшылық құралдары табиғатқа бейімделген және қолдан жасалған.
Негізгі құралдар:
Жүйрік ат, құмай тазы және қыран бүркіт. Бұл үштік – аңшылықтың негізі болды.
Берен мылтық (мылтық), өткір кездік (пышақ), садақ (жақ) және жебе. Садақ – ертедегі негізгі қару, ағаш, сүйек және жануар терісінен жасалады.

Тұзақтар мен қақпандар
Құмқақпан, тасқақпан, ау-жылым (тор), қандауыз қақпан. Серпер деп аталатын аюға арналған арнайы қақпан түрі болды.
Айбалта (балта), аба (шапан), белқанжыға (олжа салатын қалта) секілді аңшылық құралдарын қолданған. Құралдардың әрқайсысы экологиялық ерекшелікке сай жасалған.
Этнографтар қазақ халқының аңшылық пен саятшылыққа қатысты 60-тан астам құрал-жабдық түрін пайдаланғанын айтады. Олардың кейбірі қазір қолданыстан шығып барады немесе мүлдем қолданылмайды.
1. Ұрып-соғу, ату құралдары: мылтық, садақ, шоқпар, сойыл, қамшы, қанжар, атқы, сақпан, айбалта, қатыр, саржа, семсер, сембе, таяқ, сүңгіт.б.
2. Жүннен, матадан, қылдан жасалатындар: арқан, арқамшы, тор, ау, сүзужіп, шыжым, құсбау, бау (балақ бау, аяқ бау, шыжым бау, ірге бау/ бау/ желі бау) т.б.
3. Аң-құстарды үркіту үшін қолданылатындар: дабыл, сақпан, шың, дауылпаз, дудыға, қоңырау, т.б.
4. Арнайы жасалатын құрал-саймандар: қақпан, түтік, бүркіт құндақ, биялай, тұзақ, бүркіт балдақ/қолдық, аяққап, ырғақ, жезтұяқ/мыстұяқ, жем қалта, жемсауыт, тұғыр/құсағаш, томаға, құсқода, шырға, шәңгек, қанжыға, қыранүйі/талүйшік/құсхана, иыққап, таңдай ағаш т.б.
Қазақ аңшылық өнері – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мұра. Ол тек өнер емес, сонымен қатар табиғатпен байланыс және рухани тәрбие көзі болып саналды.