Арқалықта «Тобыл–Торғай күйлері» кітабының тұсаукесері өтеді

Автор:
09.12.2025
7836
Арқалықта «Тобыл–Торғай күйлері» кітабының тұсаукесері өтеді - e-history.kz

11 желтоқсан күні Қостанай облысы, Арқалық қаласындағы Мәдениет сарайында өлкетанушы, ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Батырлан Сағынтаев пен белгілі күйші Ермек Қазмұхамбетовтың «Тобыл–Торғай күйлері» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтеді

Бұл еңбек – Тобыл-Торғай өңірінде сақталған күй мұрасын жүйелеп, оның тарихи негізін, стильдік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда талдаған алғашқы жинақтардың бірі. Авторлар алғы сөзінде кітаптың негізгі мақсаты – ұмыт болған күйлерді қайта жаңғыртып, халқымыздың музыкалық мұрасын кейінгі ұрпаққа аман жеткізу екенін атап өтеді. Жинаққа өңірге тән көне күйлердің шығу тарихы, олардың орындаушылық дәстүрі, белгілі күйшілердің шығармашылық жолы жөніндегі тың мәліметтер енгізілген. Сондай-ақ нотаға түсірілген бірқатар сирек күйлер мен аудиожазбаларға жасалған талдаулар кітаптың құндылығын арттыра түседі. «Тобыл–Торғай күйлері» еңбегі – музыка зерттеушілері, өнертанушылар, күйшілер және қазақ мәдени мұрасына қызығушылық танытатын жалпы оқырман үшін маңызды дереккөз болмақ.

Оқырман қауымға кітаптың мазмұны мен маңызы жайлы авторлардың алғы сөзін ұсынамыз: 

Сан ғасырлық тарихы, қалыптасқан дәстүрі мен мектептері бар қазақтың дәстүрлі музыка өнері – ерекше этномәдени құбылыс. Ерте замандардағы фольклорлық музыка, оғыз дәуіріндегі сарындар, ноғайлы кезеңі мен қазақ хандығы тұсындағы жыраулар өнері, ХІХ ғасырда қарқынды дамыған әншілік пен күйшілік дәстүрлер ұлт тарихының көркем бейнесін жасап отыр. Қазақ даласының ұлан-ғайыр кеңдігі дәстүрлі музыкада біріне бірі ұқсамас алуан түрлі мектептердің, дәстүрлердің қалыптасуына мүмкіншілік берді. Ежелден ән мен күйдің, сауық-салтанаттың ордасындай болған Тобыл-Торғай топырағы да асыл өнеріміздің жауһар қазыналарынан кенде емес. Тобыл-Торғай өңіріндегі ән мен күй, жыршылар мақамы мен бақсы сарындары секілді музыка үлгілері ең алғаш ХІХ ғасырдың соңымен ХХ ғасырдың басында жазып алына бастаған. Бұл ретте белгілі этнограф С.Г. Рыбаковтың есімі алдымен еске түседі. Этнограф ғалым ретінде бірнеше экспедицияға қатысқан Рыбаков 1897 жылы орыс география қоғамында «Музыкальное и поэтическое творчество киргизов (из наблюдений летом 1896 г. в Тургайской области)» атты баяндама жасаған. Баяндама кезінде экспедиция кезінде нотаға түсірген 9 қазақ әні айтылып, бірнеше күй тартылған. С.Г. Рыбаковтың 1902-1908 жылдары Торғай облысында әкімшілік қызмет атқаруы, оның қазақтың саз өнерімен жете танысуына мүмкіндік берген. Ол осы жылдар ішінде жүзден аса музыка туындысын нотаға түсіреді. Өзі жинаған музыка үлгілерін зерттеу негізінде 1909 жылы жасаған «Киргизы Тургайской области и их песенное и музыкальное творчество» атты баяндамасында Рыбаков ән мен күйден басқа, бақсы сарындары, эпикалық жыр мақамдары, айтыс әуендері жайлы қызықты деректер беріп, қазақ халқының музыкалық өнерін зерттеу Европа халықтарының музыкасының дамуына да жақсы ықпал жасайтынын айтқан. Өкінішке қарай С.Г. Рыбаков нотаға түсірген ән-күйлер әлі күнге табылған жоқ. Қазақ халқының музыка мұрасының жинақталып, зерттелуіне үлкен үлес қосқан А.В. Затаевичтің «1000 песен казахского народа» атты еңбегінде де Тобыл-Торғай өңірінің музыкалық мұрасы біршама жақсы қамтылған. Кітаптың «Кустанайская губерния» бөлімінде 130, «Тургайский уезд» бөлімінде 63 ән мен күй берілген. Қазақ зерттеушілерінен Т.Бекхожинаның «Қазақтың 200 әні» кітабында Тобыл-Торғай аймағынан жазып алынған оннан аса музыкалық шығарма басылып шықты. Н.Наушабаев, Қ.Қанжығалин секілді өнерпаздардың әуендері жеке жинақтарда жарық көрді. Дегенмен осы мұраларды зерттеу жағы кемшін түсіп жатыр. Мерзімді баспасөз беттеріндегі танымдық мақалалардан басқа, өлкетанушы Б. Әлмағамбетовтің «Торғай әуендері», өнертанушы Қ. Мақановтың «Өнерлі әулет» атты кітаптарында ғана бірлі-жарым әнші-күйшілеріміздің өнері жайлы сөз қозғалады. Бірақ аталған еңбектерде де Қазбек, Құтжан, Мұхамеджан секілді өнерпаздар жайлы танымдық деректер көп айтылып, толыққанды ғылыми зерттеу жасалмаған. Мұндай мәселе Тобыл-Торғай өңіріндегі дәстүрлі музыка өкілдерінің зерттелмей, елеусіз қалғандығынан, оларды алдымен көпшілік қауымға насихаттап, өмірі мен өнерін таныстыру қажет болғандықтан туындап жатқан болса керек. Осынау олқылықтың орынын толтырып, өңіріміздің музыка мұраларын зерттеп-зерделеу тек жергілікті аймақтың мәдениеті ғана емес, жалпы ұлт руханияты үшін жасаған қызметіміз болар еді. Арқалық қаласы әкімі Ә.Асановтың тікелей қолдауымен, біздердің құрастыруымызбен жарық көріп отырған «Тобыл-Торғай күйлері» атты бұл жинаққа Қостанай облысы көлемінен әр жылдары жиналып, әртүрлі мұрағаттарда сақталған, бірен-саран жинақтар мен кітаптарда, мерзімді басылымдарда жарық көрген күйші-домбырашылардың туындылары еніп отыр. Өңіріміздегі күйші-домбырашылардың мұрасын барынша толық жинақтаған кітап болғандықтан – Тобыл-Торғай күйлері» жинағы өңіріміздің өткен ғасырлардағы рухани өмірін, музыкалық мәдениетін саралап, бағалауға мүмкіндік беретін еңбек болар деп ойлаймыз.

 Тобыл–Торғай өңірінің домбыра музыкасына арналған бұл антология бірнеше жылға созылған ізденіс пен жинақтау жұмыстарының нәтижесі. Жоба барысында архивтік материалдармен жұмыс жүргізіліп, фольклорлық-этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылды, сондай-ақ өңірдегі материалдық емес мәдени мұраның тасымалдаушыларымен сұхбаттар мен кездесулер өткізілді. Аталған еңбек – аймақтың аспаптық музыкасына арналған алғашқы іргелі жобалардың бірі. Жұмыс барысында жалпы саны 150-ден астам күй анықталды, олардың ішінен авторлық талғам мен ғылыми сараптама негізінде таңдалып алынған туындылар осы жинаққа енгізілді. Жинаққа барлығы 80 күй енген, оның ішінде 11 халық күйі, 69 авторлық туынды. Бұл күй мұрасының ХІХ-ХХІ ғасырлар аралығын қамтуы – дәстүрлі домбыра музыкасының бірнеше тарихи кезеңдердегі дамуын жүйелі түрде анықтауға мүмкіндік береді. Жинақта негізінен XIX-ХХ ғасырда өмір сүрген тұлғалардың шығармалары қамтылған. Олардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлының «Арман» күйі, Міржақып Дулатұлының «Әуез» күйі, Нұрхан Ахметбековтің «Жеңіс» (1, 2 нұсқасы), «Июнь жарлығы» сияқты күйлері сиректе болса сахнаға шығып, орындалып жүр. Сонымен қатар, бұған дейін ешбір жинақта жарияланбаған, алғаш рет ғылыми айналымға енгізіліп отырған авторлық күйлерге, оларды шығарған дәулескер домбырашыларға ерекше назар аудару қажет. Қазбек Әбенов, Қапақ сал, Жұман Шалбаев, Қасымхан Алдабергенов, Назар Қапақов, Тоқтарбай Тұрсынов, Қажығали Омаров, Айтан Сейдахметов, Қасым Тортаев, Кенжеболат Ахметов, Бекзат Газезов т.б. күйшілердің шығармалары көпшілік қауымның назарына алғаш рет ұсынылып отыр. Бұл күйші-домбырашылардың шығармалары Тобыл–Торғай домбыра дәстүрінің стильдік ерекшеліктерін, жанрлық-тақырыптық бағыттарын және орындаушылық дәстүрін әр қырынан көрсетеді. «Тобыл–Торғай күйлері» жинағы тек ноталық жарияланым ретінде ғана емес, сонымен бірге ғылыми-зерттеу нысаны ретінде де маңызды. Кітаптың алғашқы бөлімінде осы бағыттағы зерттеушілердің мақалалары мен сілтемелік материалдары ұсынылған. Соңғы қосымша бөлімде күйлері сақталмаса да, есімдері есінде жүрген өнерпаздарға қатысты деректер берілді. Әрине, өлкемізден шыққан көптеген күйшілер жайлы нақты деректер жеткіліксіз болғандықтан, олардың барлығын толық қамтыдық деп айта алмаймыз. Дегенмен қолымыздағы бар деректердің басын біріктіріп «Тобыл-Торғай күйлері» атты осынау жинағымызға топтап, сіздерге ұсынып отырған жайымыз бар. Ендігі мәселе осы аталған мұраларымызды пайдалану, көпшілікке насихаттау болу керек. Өкініштісі, өлкеміздегі дәстүрлі музыка өнерінің асыл мұраларын ел игілігіне жаратып, кәдеге асыруға әлі толық көңіл бөлінбей келеді. Тереңдеп бармай-ақ қолымыздағы бар дүниелерді әр концерт сайын бірлі-екіліден шығарып отырсақта, Тобыл-Торғай өңірінің рухани қазынасына қосқан үлесіміз аз болмас еді. Сонымен қатар туған топырағымызда дүниеге келген музыка мұраларын жинақтап, зерттеу, оларды жарыққа шығаруды да қолға алуымыз керек. Баба дәстүрін үзбей келе жатқан талантты өнер иелері әлі де болса бар. Қазіргі технологияның дамыған заманында олардың шығарған ән-күйлерін басып алып, ғылыми орта мен көпшілік қауымға жеткізу еш қиындық туғызбайды. Осы ретте мұндай игілікті іске облыстағы мәдениет ошақтары мұрындық болып, ел пайдасына жарар жұмысты қолға алып жатса тіпті жақсы болар еді. Бүгінгі күні қолдарыңызға тиіп отырған «Тобыл-Торғай күйлері» атты жинағымыз осынау үлкен істің бастамасы болса біз атқарған аз еңбектің ақталғаны деп білеміз. 

Құрметпен кітап авторлары 

Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы 

Қазмұхамбет Ермек Бақытұлы

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз