Бұл мақала автордың «Елдік феномен: Қазақ хандығының Цин патшалығына жолдаған бірегей дипломатиялық құжаттары туралы тарихи-деректанулық зерттеу» (Токио шетел тілдері университеті Азия және Африка тілдері мен мәдениетін зерттеу институты, 2025) атты кітабының 20-31 және 372-373-беттеріндегі тарихи пайымдаулары. Бұл жолы ішінара мазмұндық реттеулер мен толықтырулар жасалды.
Қазақ хандығы – қазақ халқының алғашқы біртұтас мемлекеті. XIV ғасырдың орталарынан бастап іргесі қаланған Қазақ хандығы талай ғасыр Орталық Еуразия даласындағы маңызды саяси күштердің бірі болды. Бұл тұста қазақ этнонимі мен ұлттық бірегейлігі нығайып, мәдениеті көркейды. Сонда-ақ, жазба тілдің қолданыс аясы кеңейіп, бірегей тарихи жазба мұралар дүниеге келді. Қазақ хандығы жазба мұраларының дені – төл әліпбилеріміздің бірі саналатын араб-парсы әліпбиімен хатқа түсіп бүгінге жеткен. Ол қазақ халқы жазу мәдениетінің жауһары, өткен тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашатын тарихи жазба материал болып есептеледі. Мақалада кездесетін күнтізбе даталары қытайдың ай күнтізбесі бойынша алынды.
1. Қазақ хандығы
Қазақтың тұтас тарихына көз жіберер болсақ, бүгінгі қазақ жері ықылым заманнан бері қазақты құраған көшпелі тайпалардың, атап айтсақ сақтар мен ғұн, үйсіндердің ата қонысы болған. Олар осы киелі топырақта көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданып, ұлы дала өркениетінің қалыптасып, дамуына өшпес үлес қосты. Кейін түркі қағанаты күшейіп, ірге кеңейткен кезде бұл аймақтар түгелдей батыс түркі қағанатының құрамында болды да, алдыңғы кезеңдермен ұқсас мал шаруашылығын негіз еткен далалық тіршілік тәсілі жалғасты.
Түркеш, қарлұқ, қарахан кезеңдерінен кейін, яғни XIII ғасырға келгенде шығыста моңғолдар күшейіп, төңірегін жаулай бастады. Көп өтпей Орталық Азия даласына шабуылдап кіріп, өзіне қаратып алды. Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін ұлдарына үлестіргенде, қазіргі қазақ жерінің көп бөлігі үлкен ұлы Жошының еншісіне тиді де, оның оңтүстігі мен шығыс-оңтүстігі екінші ұлы Шағатайдың иелігіне берілді. Шыңғыс хан жорықтарының салдарынан Орталық Еуразия даласында жасаған байырғы ру-тайпалардың халықтық құрамы едәуір өзгеріске ұшырап, қайта құрылу процесі басталды.
Жошы ұлысы ыдырап, қайта ұйысу қарсаңында Қазақ хандығы дүниеге келді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақ хандығы – Жошы ұлысының заңды мұрагері. Кеңес дәуірінде, Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» атты кітабында хатталған қазаққа қатысты деректерге сүйене отырып, Қазақ хандығының құрылған уақыты туралы бірқатар зерттеулер жасалды. Мысалы, С.К. Ибрагимов бұл мезгілді XVI ғасырдың 30-40 жылдарына жатқызса, Т.И. Сұлтанов оны XV ғасырдың 70-ші жылдары немесе одан кейінгі кезеңге жатқызады, артынан оны 873 (1468/69) жылдан кейінгі (Әбілхайыр хан қайтыс болған жыл) мезгілге тұрақтандырады [Нагаминэ 2009: 21]. Алайда бүгінгі таңда, К.А. Пищулинаның «Қазақ хандығы XV ғасырдың 60 жылдарының орталарында Жетісуда шаңырақ көтерген» дейтін көзқарасы орныққан [Нагаминэ 2009: 2]. Осыған сәйкес елімізде 2015 жылы Қазақ хандығы құрылғандығының 550 жылдығын атап өтілді.
Ескере кетер бір жайт, жақынғы жылдары Жошы ұлысы тарихын арнаулы зерттейтін бір бөлім тарихшы-ғалымдар мұндай көзқарасқа сын көзбен қарап, қайталай сараптап зерттеу жасай келе, Қазақ хандығын XIV ғасырдың екінші жартысынан басталған Жошы ұлысың ыдырауы мен қайта бірігу тұсында, Жошы ұлысы Сол қанатының мұрагері Орыс әулетін негіз етіп құрылған көшпенді билік ретінде қарамаса болмайтындығын атап көрсетті [Нагаминэ 2009: 15]. Тоқа Темірден тарайтын Орыс ханды оның алғашқы билеушісі (шамамен 1369 жылдары таққа отырған) ретінде атауға болды. Қазақ хандығы өз алдына отау тігіп, дербес ұлттық мемлекет болып қалыптасу барысында талай сындарлы кезеңдерді бастан кешірді, гүлденіп-көркейді. Дегенмен XVIII ғасырдың басына келгенде әскери күш-қуаты мығым жоңғарлардың шапқыншылығына тап болып, «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» сынды тауқыметті жағдайға түсті. Қайтарма соққы беріп, жаудың бетін қайтарғанымен, Қазақ хандығын ендігі жерде Азияға қарай сұғынып кіре бастаған патшалық Ресей иектей бастады. XVІІІ ғасырдан бастап патша үкіметі Орталық Азияның транзиттік әлеуетін қолға келтіріп, жеке-дара билеп-төстеу үшін көрші елдерге ірге кеңейтіп, отаршылдық саясатын іске асыруға барынша құлшынды. Алдымен өзімен іргелес жатқан оңтүстік қақпа – Қазақ хандығы және оның кең-байтақ территориясына көз сұғын қадады. 1730 жылы Кіші жүз ханы Әбілхайырдың көршілес башқұрттармен елдестіруді мақсат етіп жазған хатын вассалдық өтініш деп түсінген патша үкіметі келесі жылы А.И. Тевкелев бастаған елшілер тобын жасақтап, Кіші жүз хан ордасына аттандырады.[1] Қазақтардың өз тәуелсіздігінен бас тарту ниеті болмағанымен, Ресей бекіністер салу, хан әулетінің ішінде ішкі ала ауыздық тудыру және хандарды тағайындау құқығын тартып алу арқылы қазақтарды бірте-бірте бағындырды [Комацу 2018: 230].
Сөйтіп Орталық Еуразия даласында бес ғасырға жуық (Орыс ханнан бастап есептелінсе мөлшермен 495 жыл) өмір сүрген Қазақ хандығы 1864 жылғы «Шәуешек келісімінен» кейін біржолата жойылды да, ел тізгіні патшалық Ресейдің қолына өтіп, халық бодандықтың қамытын киді. Осылайша Алаш Орда, Кеңес Одағы құрамындағы Қазақ кеңестік социалистік республикасы кезеңі сынды 127 жылды араға салып 1991 жылы ресми түрде тәуелсіздікке қайтадан қол жеткізді.
Қазақ хандығының түбегейлі жойылу кезеңін бұлайша тұжырымдауымыздың өзіндік себебі бар. Шын мәнінде Цин патшалығы мойындаған қазақтың соңғы ханы Шотан, 1863 жылы оған “жарлық” қағазы берілген, қазір Қытайдың бірінші тарихи мұрағат қорында сақтаулы. Автор аталмыш “жарлық” хатқа араб графикасындағы транслитерация, латын графикасындағы транскрипция және қазіргі қазақ тіліне аудару сынды іргелі ғылыми зерттеулер жасап, осы реткі кітабында алғаш жариялап отыр. “Жарлық” XIX ғасырдың орталарында қазақ сұлтаны Шотанға түсірілген. Шотан Батыс қанат Тұрсын ханның немересі Санияздың ұлы Қамбардан тарайды. «Патша бекіткен Шыңжаң туралы қысқаша шолуда» Қамбардың 5 баласының аты аталғанымен, арасында Шотан кездеспейді [ШТҚШ: 1181-1182]. Оның өзіндік себептері бар: бұл кітап Цзяцин патшаның соңғы жылы яғни 1819 жылы жазылып болған, ал Шотан 1859 жылы 41 жаста екені айтылады [ЦШМТ 276: 78-79], бұдан ол 1818 жылы туған болады. Сондықтан Шотанның жоғарыдағы қытай тілді деректе аты аталмай қалуы заңды құбылыс. Алайда Қытай қазақ шежірелері Шотанды Қамбардың 2-ұлы ретінде қарастырады [ЧҚТШ: 533]. Ендеше, Шотан хандық мәртебеге қалай қол жеткізген? Бұл тарихи уақиға ел есінен ертерек көтеріліп кеткеннен болар, бүгінгі таңда негізінен ауызға алынбайды. Бірақ, жазба деректе хатталып қалған. Шын мәнінде Шотанға хандық шенді Цин үкіметі тікелей емес, Әбілмәмбет ханның тұңғышы Болат ханның немересі Алтынсары хан өз еркімен ұсынған. Бұл мәліметтер 1855 жылдардан бастап қағазға түскен. Сол жылдары Цин үкіметінің жергілікті ұлықтары осы іске байланысты мәнжуша мәлімдемелер жазып, патшаға жолдағаннан кейін қытай тіліне аударылып, ресми тарихи кітаптарға енген. Жапон тарихшысы Сагучи Тору осы қытай тілді материалдардан ұтымды пайдаланып, алғаш рет Шотанның қалай хан сайланғанына ғылыми талдау жасап, көлемді зерттеу еңбектерінде жазып қалдырған [Сагучи 1963: 341-343; Сагучи 1986: 423-424]. Осыған жүгінсек, Алтынсарының «қартайдым, хандық шенімді немере інім Шотанға беремін» дегені айтылады әрі артынан шағым түсіп тексергенде, Шотанның Цин патшалығының жергілікті ұлықтарымен ымыраласып, хан мәртебесін қолға келтіргені анықталады. Шынын қуғанда, Шотан Алтынсарының немере інісі емес, жиені болған, бұны сол кездегі Шотанның өз сөзімен дәлелдеуге болады, онда мәнжуша былай делінеді: «cotan bi yargiyan i taiji hambar i jui altan šara i ina umai ini jalahi waka» (мен, Шотан шынымен Қамбар тәйжінің баласы, Алтынсарының жиенімін, немере інісі емеспін) [ЦШМТ 276: 384]. 1864 жылы 7 қазанда патшалық Ресей мен Цин империясы бірлесіп қол қойған «Шәуешек келісімінен» («Қытай-Ресей солтүстік-батыс шекараны белгілеу келісімі» деп те аталады) кейін, Шотанның хандық мәртебесі біржолата күшін жойған тәрізді.
«Қазақ хандығы» терминін алғаш рет қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, зерттеушісі Мұхаметжан Тынышбаев қолданған [Нода 2007: 18; Атығаев 2023: 90]. Ол 1925 жылы жазған «Қазақ[2] халқының тарихы туралы материалдар» атты еңбегінің 2-тарауында осы терминді пайдаланған [Тынышбаев 1925: 31, 41] әрі биыл (2025 ж.) аталмыш терминнің ғылыми айналымға енгеніне 100 жыл толды.
2. Қазақ хандығы жазба мұралары
Патшалық Ресей жоғарыдағыдай отарлау саясатының аяқ алысын тездету үшін алдымен қазақ ру-тайпаларының құрамына, оның жүздік жүйесіне қатысты бұрынғыдан да жүйелі тексеріп зерттеулер жасап, мәліметтер жинақтады, әрі оны саяси мақсаттарына “ұтымды” пайдаланды.[3] Сөйтіп олар бір жағынан, қазақтардың тамырын басып, ұрымтал тұстарын іздесе, енді бір жағынан, қазақтың солтүстік аймақтарын бойлата әскери бекіністер салып, онда көшіп-қонып жүрген қазақтарды шырғалап қысым көрсетті.
Қазаққа қатысты бұндай әлеуметтік зерттеулер мен тарихи, этнографиялық зерттеулер, қазақтар мен Цин патшалығы арасындағы қарым-қатынас жөніндегі ізденістерді қоспағанда, түгелдей патшалық Ресей тұсында жүргізілді. Бұдан сырт, ХІХ ғасырдың соңғы жарымынан кейін кейбір батыс тарихшылары да бұл салаға ден қойып, қазақтар жөнінде бірсыпыра ғылыми зерттеулер жасады. Бұлармен салыстырғанда, Қазақ хандығы аумағында жазылған төл жазба мұраларымыздың зерттелу жағдайы сын көтермейді. Осының салдарынан аталмыш зерттеу бағыты күні бүгінге дейін жөнді дамымай, кенжелеп келеді. Бұл, әрине, отандық тарих зерттеу мен деректану саласының нығайуына қол байлау болуда.
Ұланғайыр қыпшақ даласын мекендеген байырғы халықтардың бірі – қазақтар Жошы ұлысының ыдырап, қайта бірігу қарсаңында ұлттық мемлекет – Қазақ хандығын құрып, ХІХ ғасырдың орталарынан бастап патшалық Ресейдің әкімшілік басқаруына өткенге дейінгі 5 ғасырға жуық уақыт хандық ел мәртебесінен айырылмаған. Қазақ халқы тарих толқынында өзінің жазба әдеби тілінде әлденені хатқа түсіріп, кейінгілерге қалдырған болуы мүмкін деп жорамалдағанымызбен, қазірге дейін мардымды деректер табылып, оны растаған емес. Ұлттық тарихымыздың жазбаша түрде бүгінге жетпеуінің басты себебі, бір жағынан, қазақ халқының дені сонау ерте заманнан бастап судың тұнығы мен шөптің шүйгінін қуалап, көшпелі мал шаруашылық кәсіппен шұғылданғандығынан болса, енді бір жағынан, олар ұзақ уақыт жаугершілік заманды бастан кешіріп, бір жерде тұрақтап отыра алмағандықтарынан туындаған. Сонымен қатар оған тіршілік еткен ортаның климаттық шарт-жағдайы да тікелей ықпал жасағандығы шүбәсіз. Осындай объективтік себептерге байланысты, әсіресе Қазақ хандығы кезінде жазылған тарихи материалдар, қазақ хан, сұлтандарының көршілес патшалықтарға жазған немесе олардан тапсырып алған ресми іс қағаздары сынды құнды жазбалар арнаулы сақтайтын кітапхана, мұрағат қоры болмағандықтан, уақыт өте келе тозып, жыртылып жоғалған. Сондықтан болар, мұндай жазба материалдар бүгінгі таңда көзге түспейді. Осы тұрғыдан алғанда, көршілес елдер мен өңірлерден байқалған қазаққа қатысты жазбаша тарихи дереккөздер біздің осы зерттеу жұмыстарын сапалы, тыңғылықты істеуімізде шешуші рөл атқаратындығы бесенеден белгілі [Әбділәшімұлы 2012: 26].
Отандық ғалымдарының пікіріне жүгінсек, қазақтың төл жазба әдеби тілінің алғашқы нұсқалары ХVІ ғасырда жазылған Қадырғали Қосым ұлы Жалайыр бидің «Жами ат-Тауарих» («Jāmi‘ al-Tawārīḫ», «Жылнамалар жинағы») атты еңбегінен бастау алады [Сыздықова 1993: 22]. Сондай-ақ, оған аса көп болмаса да, ХVІ–ХVІІ ғасырларға тан бірен-саран құжаттар мен іс қағаздарды да жатқызуға болады. Мысалы, хандар мен дінбасыларының Сығанақ әкімдері мен шейхтарына жазған бір топ хаттары ХVІ ғасырға жатса, Әбілғазы баһадүрдің хаттары ХVІІ ғасырдың туындысы [Юдин 1992: 10]. Мұндай қазақтың төл жазбаларына тағы «Әділ сұлтан» эпикалық жыры, Өтеміс хажының «Шыңғыснамасы», Әбілғазы баһадүрдің «Түрік шежіресі», Әбдрахман Өзкендидің «Қисса-дастан Шыңғыс ханы» және сұлтан Ахмет Кенесарыұлының «Кенесары хан және сұлтан Сыдық» атты шығармасын жатқызуға болады.
ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап қазақ жазба әдеби тілінің ресми іс қағаз нұсқалары молая бастады. Мысалы, қазақ хан, сұлтандары жағынан жазылып, патшалық Ресей, Цин үкіметіне жіберілген дипломатиялық хаттары мен құжаттары – солардың айқын дәлелі. Дегенмен, бұндай ресми іс қағаздардың жазылуына кімдердің ат салысқаны жөнінде мәліметтер тапшы. Әрине, іс қағаздардың қазақ хан, сұлтандарының атынан жазылып, көрші патшалықтар мен олардың жергілікті әкімшіліктеріне жөнелтілгендігі дау тудырмайды. Алайда, барлық хат-құжаттарды хан, сұлтандар ғана жазып-сызған деп қарау да ақылға қонымды пікір болмаса керек. Қайта хан ордасында медресе ашып, бала оқытқан молдалар бұл іске белсене араласқан болуы мүмкін. Себебі олардың көп сандысы отырықшы аймақтардан келген, медреседе оқып, білім алған, сондай-ақ сол дәуірдің өңірлік жазба әдеби тілінен белгілі дәрежеде мағлұматы бар сауатты адамдар еді [Әбділәшімұлы 2010: 27].
М.П. Вяткин ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап Кіші жүз қазақтары және олардың билеушілері тарапынан жазылған құжаттардың стилі мен тілі жайында сөз қозғап, бұл құжаттардың мазмұны жағынан біркелкі болып келетіндігін, олардың түгелдей қазақ билеушілерінің ресми хаттары мен оларға жазылған хаттар екендігін айта келіп, соңында бұл хаттардың қазақ билеушілері емес, татар молдаларының қолынан шыққандығын баса дәріптейді [Әбділәшімұлы 2010: 27].
Жоғарыдағы көзқарастан біз, ең алдымен, «Кіші жүз жерлерін билеген хан, сұлтандардың ордаларында татар молдалары қызмет ететіндіктен, хаттар дерліктей солардың қолынан шыққан» деген қорытынды пікірді ұға аламыз. Хат-қағаздарды жазу ісіне татар молдаларының атсалысқанын теріске шығара алатын пәлендей негіз болмаса да, жоғарыдағы қорытындыны ғылыми түрде дәлелдеп бермегендіктен, бұның да жол-жөнекей айтылған пікір екенін аңғару қиынға түспейді. Осылай бола тұра Кіші жүз хан, сұлтандарының хаттары көп жағдайда орда молдаларын өз ішіне қамтыған сауатты адамдардың қолынан шыққан деп жорамалдауға болады.
Елімізде тарихи жазба мұраларды зерттеу мектебі әлі қалыптаса қойған жоқ. Бірақ жақынғы жылдардан бері ғалымдардың ден қоюының нәтижесінде бірсыпыра тарихи жазбалар, құжаттар жарияланып, ғылыми айналымға түсті, бұлардың қазақ тарихын зерттеудегі рөлі орасан зор. Жоңғарлар жойылғаннан кейін Абылай, Әбілпейіз бастаған қазақтың шығыс бөлегі Цин патшалығымен тікелей қарым-қатынас жасай бастады. Алғашында «жылқыға жібек саудасы» жанданса, көп өтпей ұсақ мал, күнделікті тұрмысқа қажетті күріш, ұн қатарлы азық-түлік бұйымдары да біртіндеп айырбасқа түсе бастаған. Бұдан қала берсе, мәдениет, оқу-ағарту жақтарында да белгілі деңгейде байланыс орнап, қазақ хан, сұлтандарының ордасына келіп медресе ашып, олардың бала-шағасын оқытатын молдалар да болған.
Қазірге дейінгі зерттеулерде Кіші жүз хан ордасында қызмет еткен молдалардың көбісі татарлар екені ортаға қойылса да, Абылай, Әбілпейіз ордаларында қызмет өтеген молдалардың қай өңірден келгені туралы ешбір тұшымды ой-пікір айтылмаған. Ал біздің ойымызша, қазақтың шығыс аймақтарында билік құрған хан, сұлтандардың ордаларында қызмет атқарған молдалардың бірсыпырасы барыс-келіске қолайлы көршілес түстік қалалардан шақырылған іспетті.[4] Бұдан Қазақ хандығы мен Цин патшалығының арасындағы қарым-қатынас тек сауда-саттық төңірегінде ғана болып қалмастан, оның үстіне мәдениет, ағарту жақтарында да мәлім дәрежеде өзара селбестік орнатқанын көруге болады. Мысалы, 1780 жылы Әбілпейіз сұлтанның Іле генералы – Илэтуға жіберген хатында былай делінеді:
«Жоғары Боғда Еженнің[5] көп жылдар, көп айлар бойы аман-сау болуын тілейміз. Еженге қызмет етіп, Іле жерлерін билеп тұрған генерал, амбандарға Әбілпейіз ваннан[6] дұғай сәлем. Соңында айтпақшы сөзім мынау: {ол} көп жылдан бері бізге қызмет етіп, ұлдарымыз Жошы, Бопы сұлтандарға мұсылмандық жолын үйретуші молдамыз еді. Өзі – қашқарлық, Артұш[7] деген жерден екен...».[8]
Бұл үзіндіден ұзақ жыл Әбілпейіз сұлтанның ордасында қызмет етіп, бала-шағасын оқытқан молданың болғандығы; оның Қашқардың Артұш деген жерінен келгендігі; 1780 жылы, Әбілпейіз оны өз жеріне қайтарғандығы сынды тарихи мәліметтерден хабар табуға болады. Хатта молданың қай жылдары Әбілпейіздің ордасына келгендігі туралы ашық жазылмағанымен, 1780 жылға дейін ұзақ жыл тұрғаны мәлім. Бұл барыста ол қазақтың ауызекі сөйлеу тілімен қоса жазба тілін де қосымша меңгеріп, қазақ дипломатиялық хаттарын жазуға белсене араласқан болуы бек мүмкін. Тағы бір мысал, 1788 жылы Ханқожа сұлтан Іле генералына жолдаған хатында былай дейді:
«...Және айтпақшы сөзім мынау: Ұлы Боғда хан, нағыз баһадүр генералдың есендігінде бір молдамыз бар еді, {оның аты} – Аламан ақұн, {ол} жеті жылдан бері балаларымызды оқытқан. Бұрт[9] жолы жаман болып, Аламан ақұнды ұзатып сала алмадық. Аламан ақұнның туғандары – Ақсудың тұрғыны. Бұрт жолы жаман сенбейміз, сіздерге сенеміз...».[10]
Бұдан Әбілпейіз сұлтанның мұрагері – Ханқожа да ордасына Аламан атты молда шақыртып, жеті жылдай бала-шағасын оқыттырғаны; оның қазіргі ҚХР Шыңжаң Ақсу деген жерден келгендігі туралы тарихи мәліметтер тайға таңба басқандай анық хатталған. Аламан молда кемінде жеті жыл ордада қызмет еткендіктен, ондағы хат-қағаздарды жазу ісіне тікелей атсалысқан деп жорамалдауға болады.
1818 жылы Көгедай гуннің Іле генералына жолдаған хатында былай делінеді:
«...Өзім бес кісім өліп, жарым көңіл болып тұрғанымда, атамнан қалған кәрі молда хатты дұрыс жазбапты...».[11]
Жоғарыдағы хат жолдарынан Көгедайдың ауылында қызмет ететін молданың Көгедайдың атынан хат жазғандығын әрі оның Көгедайдың жанында ұзақ жыл бірге болғанын ұғынуға болады. Көгедайдың «атамнан қалған кәрі молда» дегеніне қарағанда, оның Әбілпейіз сұлтан қайтыс болмай тұрып, көрші қалалардан шақыртылғандығын жанамалай аңғаруға болады.
Бұл мысалдардан, әсіресе Оң қанат қазақ сұлтандарының, айталық, Әбілпейіз, Ханқожа және Көгедай сынды ел көсемдерінің ордаларында, көрші патшалықтардан, соның ішінде Шыңжаңның Қашқар, Ақсу қатарлы жерлерінен келіп, ұзақ жыл бала оқытып, қызмет өтеген орда молдаларының болғандығын анық көре аламыз. Сондай-ақ олар қазақ арасында ұзақ уақыт тұрғандықтан, қазақшадан да едәуір сауаты бар деп жорамалдауға болады. Енді, бір жағынан, қазақтың шығыс өңірлері мен Цин патшалығының арасындағы қарым-қатынас сауда-саттық төңірегінде ғана дамып қалмай, мәдениет саласында да өзара селбестік орнағанын аңғаруға болады.
Осындай тарихи жағдайда хатталып, көрші патшалықтарға жіберілген дипломатиялық хаттардың, әсіресе орыс, мәнжу тілдеріне аударылу процесінің қалай жүзеге асқандығы жөнді талқыланбай келеді. Әдетте, патшалық Ресей тарапына жөнелтілген хаттарды аудару ісіне көбінде татарлар немесе татар тілін білетін басқа ұлт өкілдері белсенді араласқан делінеді. Хамамото Мамидың жаңа зерттеуінде осы мәселе ғылыми тұрғыдан дәлелдене түскен [Хамамото 2024: 97-117]. Алайда, кейбір хаттың аудармасынан байқағанымыздай әуелгі мазмұн біршама бұрмаланып, айтпақшы ой толық аударылмай қалған [Исин 2001: 41-44; Нода 2011: 47; Әбділәшімұлы 2018: 12-20]. Ал Цин патшалығына жолданған хаттарға келсек, бұнда да жағдай мәз емес. Деректерде аудармаға қатысқандардан 3, 4 адамның аты хатқа түскен және олардың барлығы да кейінгі кезеңдерге (Цзяцин, Даогуан патша) тән. Цяньлун патша тұсындағы аудармашыларға қатысты әлі ешқандай мәлімет табылған жоқ. Тарихи деректерден көріп отырғанымыздай, аудармамен айналысқан адамдардың барлығы (оның ішінде тот-ойрат жазуымен жазғандар да қамтылады) ойрат немесе хойсылар (көбінде «ұйғырлар» меңзеледі) болған, қазақтар бұл бағытта белсенділік танытпаған сыңайлы. Дегенмен, қандай да бір жолмен қатысқан болуы мүмкін деген болжам бар. Шоқан Уәлихановтың айтуынша, Уәли ханның үлкен ұлы Ғаббас жас кезінде ұзақ уақыт Цин патшалығының аумағында тұрып, мәнжу, қытай тілдерін, сондай-ақ конфуций ілімін меңгерген [Хафизова 2022: 169].[12] Демек, қазақтар да құры алақан емес, сол кезде белгілі деңгейде білім игерген деуге болады.
Басқа да түркі халықтарының тілдерімен ұқсас, ескі қазақ жазба тілінің де Орталық Еуразиядағы түркі жазба әдеби тілінің дәстүрін жалғастырып қана қоймай, өзіне тән ұлттық болмысын сақтай отырып, қазіргі қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуына айырықша ықпал етті. Бірақ мұндай дәуірлік сабақтастықты ғылыми түрде дәлелдеп көрсету ісі аяқсыз қалмауы қажет. Кезінде Кеңес Одағы ғалымы – Самойлович Жошы ұлысы қолданған түркі жазба әдеби тілін, кейінгі Ақсақ Темір дәуіріндегі «шағатай тілінен» (тар мағынадағы) ажырата білу керектігін баса дәріптеген. Ол тағы Жошы ұлысының жазба әдеби тіліндегі кейбір элементтердің Хорезмнен басталатын аймақтарда хатталған түркі тіліндегі жазбаларда ХХ ғасырға дейін сақталып келгендігін ортаға қойған [Кавагучи 2008: viii]. Қазақ тілі (ауызша-жазбаша нұсқалары), жинақтап айтқанда, Жошы ұлысы аумағында жаппай қолданысқа түскен байырғы түркілік жазба тілдің заңды жалғасы.
Дегенмен, жақынғы жылдардан бергі қазақ жазбаларына жасалған салыстырмалы зерттеулерден қазақтың мұрағат құжаттарының, солардың ішінде ресми іс қағаздары тілінің біршама күрделі екендігін байқай аламыз. Хаттар, әдетте хан, сұлтандар немесе ордадағы өзге де сауатты адамдар жағынан жазылған. Алайда көршілес батыс, яки оңтүстік аймақтардағы отырықшы қалалардан қазақ даласына медресе ашып, бала оқыту мақсатында келген молдалардың хан қағаздарын жазысуға атсалысқан, тіпті белсенділік танытқан болуы да мүмкін. Мысалы, Қазақ хандығы тұсында патшалық Ресейге жазылған хаттар мен Цин патшалығына жазылған хаттардың тіл қолданысында менмұндалап тұратын кейбір айырмашылықтар аталмыш хаттардың кімдер тарапынан жазылғандығына әрі олардың білім деңгейлеріне байланысты туындаса керек.
Ескі қазақ жазба тілімен жазылған ресми іс қағаздарда Орталық Азиядағы басқа да түркі халықтарының жазба тіліндегідей «ma‘lūm» (мәлім), «‘arż» (арыз), «‘ālam» (ғалам), «dušman» (дұшпан) қатарлы араб-парсы тілдерінен енген сөздер жиі кездессе, «yurt» (жұрт), «aqsaqal» (ақсақал), «töre» (төре), «üč alač» (үш алаш), «elči» (елші), «kezek» (кезек), «ötürükči» (өтірікші), «yosun» (жосын), «tülki» (түлкі), «tartuw» (тарту), «yaḫšïmïzdï asïrïp, yamanïmïzdï yašïrïp» (жақсымызды асырып, жаманымызды жасырып) сынды қазақтың төл сөздері де көптеп ұшырайды. «Еrdi» (еді), «erdim» (едім), «oldï» (болды) сынды етістіктер, кейде «edi» (еді), «boldï» (болды) болып, қазіргі қазақ тіліндегімен ұқсас қолданылады. Дегенмен, бұндай тілдік ерекшелік Захир әд-Дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама» атты еңбегінде де кездесетіндіктен, қатысты зерттеулерде бұл жағына баса назар аударған жөн.
Бұдан сырт, Жоңғар хандығын түбегейлі жойғаннан кейін Цин патшалығы өз қол астына қараған жерлер мен көрші елдерге қарата әр түрлі мақсатта зерттеу жүргізіп, көптеген құнды тарихи материалдарды жазып қалдырды. Солардың бірі – «Патша бекіткен Батыс өңір топонимдері және кісі аттары». Аталмыш тарихи жазбада Тарым ойпатының жағалауларында қоныстанған халық тілі мен қазақ тілінің айырмашылығы ескерілген. Бұдан Цин патшалығының бері болғанда, ХVІІІ ғасырдың орталарынан кейін, Тәңір тауының (Тянь-Шань) оңтүстігі мен солтүстігінде қолданыста болған түркі тілдерінің айырмашылығына айырықша көңіл бөлгендігін аңғара аламыз. Мысалы, осы тарихи жазбада «Аягөз» өзені туралы тоқталғанда: «Аягөз қазақша сөз, өзен атауы», – деп түсінік берілген [БТК: 20].[13] 1790 жылы Іле генералы Баониннің патшаға жолдаған бір мәлімдемесінде Іледе ауырып қайтыс болған тілмаш туралы: «hasak gisun hafumbuhū sirmet ere aniya juwe biyai orin emu de nimeme akū oho» (қазақ тілі дүңшесі Ширмыт биыл 21 ақпан ауырып қайтыс болды) деп хатталған [ЦШМТ 188: 52].[14] Ал 1809 жылы жазылған «Батыс шекара өңірлерін басқару істеріне шолуда» Бөкен өзені туралы: «Бөкүн, қазақ мұсылманшасында масаның жалпы атауы», – деп түсіндірілген [БШБШ: 608].[15] Мұнда «қазақ мұсылманшасы» деп қазақ тілін меңзеп тұр.
Жоғарыдағы көзқарастардан мынаны байқауға болады: қазақтың төл жазба әдеби тілі – қазақ халқының бағзы заманнан бері қолданыста келе жатқан көне түркі тілінен, көне ұйғыр тілінен, Жошы ұлысы мен Қазақ хандығы жазба әдеби тілінен нәр алып, өркен жайған. Әсіресе, соңғы кезеңдегі жазба әдеби тілдің ықпалын айырықша атап өтуге болады. Яғни, Қазақ хандығы жазба әдеби тілі – Орталық Еуразия кеңістігіндегі түркі халықтары жағынан кеңінен қолданылған араб-парсы әліпбиіндегі түркі жазба әдеби тілінің бір нұсқасы болып есептеледі. Бұл түрдегі жазба тіл географиялық жағынан қазақ халқы қоныстанған барлық аймақтарға біршама кең таралып, ХХ ғасырдың бас шеніне дейін қаймағы бұзылмай қолданылып келген. Ал осы жазба тілді «Ескі қазақ жазба тілі» деп атауға болатындығын алдыңғы монографиялық еңбегімізде ашалап айтқан болатынбыз [Әбділәшімұлы 2015: 5-8].
Ескі қазақ жазба тілі Қазақ хандығы тұсында, одан кейін де қазақ халқының саяси-әлеуметтік өмірінде аса маңызды тарихи рөл атқарды. Ол да басқа жазба әдеби тілдер секілді тарихтың бойлық және өңірдің ендік координатасында қалыптасып, дамып толықты. О баста Орталық Еуразия түркі халықтарына ортақ жазба әдеби тілге бейім болғанымен, бертін келе қазақ халқының өз алдына саяси дербестік алып, хандық-мемлекет құруына орай, оған халықтық ауызекі сөйлеу тілінің элементтері біртіндеп ене бастады. Сөйтіп, қазақ қоғамында халықтық жазба әдеби тіл – ескі қазақ жазба тілі қалыптасып, буыны бекіді [Әбділәшімұлы 2015: 8]. Дегенмен, бұл түрдегі қазақ жазба тіл және онымен хатталған тарихи жазба мұралар жөнінде бұдан кейін де үздіксіз ізденістер жалғасуы қажет.
Библиография
Тарихи және ұжымдық құрастырылымдар:
БТК: Фухэн қатарлылар құраст., Батыс өңір топонимдері және кісі аттары (1), Сыку цюаньшу сирек кітаптарының үш бөлімі/Төрағалық еткен Ван Юнву/Үш бөлім/118-120, Бейжің: Шанву иншугуань баспасы(傅恆等奉敕撰『欽定西域同文志』(1)四庫全書珍本三集/王雲五主持/三集/118-120,北京: 商務印書館).
БШБШ: Сун Юнь құраст., Батыс шекара өңірлерін басқару істерінен шолу, Қытай шекаралары сериясы 1 (12). Тайбэй: Вэньхай баспасы, 1965 (松筠撰『西陲總統事略』12卷, 中國邊疆叢書(第1輯:12),台北: 文海出版社,1965).
ҚТ: Қазақстан тарихы, 2-том, Алматы: Атамұра, 1998.
ТІ: Синчжао құраст., Тарбағатай істері, Қытайдың жергілікті шежірелер сериясы (Батыс аймақ: 15), Тайбэй: Чэнвэнь баспасы, 1969 (興肇等輯『塔爾巴哈台事宜』,中國方志叢書(西部地方:15),台北: 成文出版社,1969).
ЦШМТ: Қытай шекара аймақтарының тарихы мен географиясын зерттеу орталығы мен Қытайдың бірінші тарихи мұрағаты бірлесіп құраст., Цин дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжуша мұрағат құжаттарының топтамасы, 188, 276-том, Гуйлин: Гуанси педагогикалық университеті баспасы, 2012 (中國邊疆史地研究中心與中國第一歷史檔案館合編『清代新疆滿文檔案彙編』(全283冊),桂林: 廣西師範大學出版社,2012).
ЧҚТШ: Чжунго қазақ төрелер шежіресі, Санжы облысы «Үйрену және ғылым» журналы, 2012.
ШТҚШ: Сун Юнь құраст., Патша бекіткен Шыңжаң туралы қысқаша шолу (2), Қытай шекаралары сериясы 1 (11), Тайбэй: Вэньхай баспасы, 1965 (松筠纂修『欽定新疆識略』(2),中國邊疆叢書(第1輯: 11),台北: 文海出版社,1965).
Монографиялар мен мақалалар:
Атығаев Н. 2023. “Қазақ хандығы: дерек көздердегі терминология.” Museum.kz, 2 (2): 85-96.
Әбділәшімұлы Д. 2010. “Тарбағатай амбанына жіберілген қазақша құжаттардан бір нұсқа.” Жапония Киото университеті Батыс түстік Азия туралы зерттеулер, 72: 65-78 (デュセンアイル・アブディラシム「タルバガタイ参賛大臣宛文語カザフ語文書1種」『西南アジア研究』72: 65-78,2010).
Әбділәшімұлы Д. 2012. “Көгедай гуннің өліміне байланысты жазылған қазақша арыз хат.” Шыңжаң қоғамдық ғылымы, 1: 26-34.
Әбділәшімұлы Д. 2015. Ескі қазақ жазба тілі, Бейжің: Ұлттар баспасы (Алматы: Елтаным баспасы, 2016).
Әбділәшімұлы Д., Нода Джин 2018. “Уәли хан хаттарының тілдік сипаты.” Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Хабаршысы, Филология сериясы, 4 (172): 12-20.
Әбділәшімұлы Д. 2025. Елдік феномен: Қазақ хандығының Цин патшалығына жолдаған бірегей дипломатиялық құжаттары туралы тарихи-деректанулық зерттеу, Токио шетел тілдері университеті Азия және Африка тілдері мен мәдениетін зерттеу институты.
Жалилов А., Кавахара Яёй, Сауада Минору, Шинмен Ясуши, Хори Сунао 2008. Тарихи Рашиди түркі тілі аудармасының қосымшасына зерттеу, NIHU бағдарламасы «Ислам аймағын зерттеу» бойынша Токио университеті филиалы, Токио: Токио Пресс (ジャリロフ・アマンベク,河原弥生・澤田稔・新免康・堀直『ターリーヒ・ラシーディーテュルク語訳附編の研究』NIHUプログラム「イスラーム地域研究」東京大学拠点,東京: 東京プレス,2008).
Исин А. 2001. “Әбілхайырдың хатын қалай оқыған дұрыс?” Абай журналы. 2: 41-44.
Кавагучи Такуши, Нагаминэ Хироюки құраст., Муцуми Сугахара өңдеген 2008. Шыңғыс Нама, Токио шетел тілдері университеті Азия және Африка тілдері мен мәдениетін зерттеу институты (川口琢司・長峰博之編,菅原睦校閲『チンギズ・ナーマ(áingz-n±ma)』,東京: 東京外語大学アジア・アフリカ言語文化研究所,2008).
Комацу Хисао қатарлылар құраст., 2018. Орталық Еуразия тарихын зерттеуге кіріспе, Токио: Ямакава (小松久男ほか編『中央ユーラシア史研究入門』,東京:山川出版社,2018).
Нагаминэ Хироюки 2009. “‘Қазақ хандығының’ құрылу тарихына қайта үңілгенде: Жошы ұлысы Сол қанатынан ‘Қазақ хандығына’ дейін.” Тойо Гакухо. 90 (4): 1-26 (長峰博之「カザク・ハン国」形成史の再考―ジョチ・ウルス左翼から「カザク・ハン国」へ―」『東洋学報』90(4): 1-26,2009).
Нода Джин 2007. “Қазақ хандығы және Түркістан: Көшпенділер билеушілерінің жерленуі мен кесенеге табыну тұрғысынан.” Ислам әлемі, 68: 1-24 (野田仁「カザフ・ハン国とトルキスタン―遊牧民の君主埋葬と墓廟崇拝からの考察―」『イスラム世界』68: 1-24,2007).
Нода Джин 2008. “Ресей-Цин қарым-қатынасы және қазақ даласы: империялық билік пен дипломатиядағы аймақтық таным.” Уяма Томохико құраст., Славян және еуразиялық зерттеулер бойынша лекция, 2: 231-257, Токио: Қоданша (野田仁「露清関係とカザフ草原:帝国支配と外交の中の地域認識」『講座スラブ・ユーラシア学』2: 231-257,東京:講談社,2009).
Нода Джин 2011. Ресей-Цин империясы және Қазақ хандығы, Токио: Токио университеті баспасы (野田仁『露清帝国とカザフ=ハン国』東京:東京大学出版会,2011).
Нурахмет Е. 2021. “«Қазақ» атауы қайтарылған күн” Қазақстан тарихы (https://e-history.kz/kz/news/show/32570), 15 сәуір.
Сагучи Тору 1963. XVIII-XIX ғасырлардағы Шығыс Түркістан қоғамдық тарихы, Токио: Ёшикава Кобункан (佐口透『18-19世紀新疆社会史研究』東京:吉川弘文館,1963).
Сагучи Тору 1986. Шыңжаң ұлттар тарихы туралы зерттеулер, Токио: Ёшикава Кобункан (佐口透『新疆民族史研究』東京:吉川弘文館,1986).
Сыздықова Р. 1993. Қазақ әдеби тілінің тарихы, Алматы: Ана тілі.
Тынышпаев М. Материалы к истории Киргиз-Казакского народа, Ташкент, 1925.
Уәлиханов Ш.Ш. 2010: Шоқан Уәлиханов (көп томдық шығармалар жинағы), 2, 3, 4-том (2-басылым), Алматы: Толағай групп.
Хамамото Мами 2024. “XV ғасырдың соңынан XIX ғасырға дейінгі Ресейдің шығыс тілдері тілмаштары.” Нода Джин құраст., Аударманың көмбесі: сенім (Исламның дәнекерлігімен 3). 97-117, Токио: Токио университеті баспасы (濱本真実「15世紀末-19世紀ロシアの東方言語の通訳官」野田仁編『翻訳される信頼』(イスラームからつなぐ3),97-117,東京:東京大学出版会,2024).
Хафизова К. 2022. XVIII-XIX ғасырдағы дала билеушілері және олардың дипломатиясы, Астана: ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ.
Шілдебай С. 2020. “Қазақ атауы қалай қалпына келтірілді?” Егемен қазақстан (https://egemen.kz/article/230707-qazaq-atauy-qalay-qalpyna-keltirildi), 21 сәуір.
Юдин В.П. 1992. Утемиш-хаджи Чингиз-наме, Факсимиле, перевод, транскрипция, текстологические исследования В.П. Юдина. Подготовила к изданию Ю. Г. Баранова. Комментарии и указатели М.Х. Абусеитовой. Алма-Ата.
[1] Мұндай жағдайдың туындауына түпнұсқа құжаттың орысшаға дұрыс аударылмауы тікелей себепші болғанға ұқсайды. Хат аудармасындағы ағаттықтар жөнінде толығырақ қараңыз: Исин 2001: 41-44; Нода 2008: 234-235; Нода 2011: 47.
[2] Түпнұсқа кітапта «киргиз-казак» болып жазылған. Қазақ халқы ұзақ уақыт патшалық Ресей тарапынан осылай аталып келгені мәлім. Алайда қазақ зиялылары бұндай теріс атаудан бас тарту жөнінде өз қөзқарастарын жариялап отырды. Соның алғашқыларының бірі – Міржақып Дулатұлы, ол 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Қазақтың тарихы» атты мақаласында, барлық мекемеде «киргиз» деген атаудың орнына «қазақ» деп жазуды ұсынады [Нурахмет 2021]. Бұдан басқа Сәкен Сейфуллин, Мұхамеджан Тынышбаев сынды ұлт зиялылары да бұған атсалысты. Кеңестік қазақ автономиясы тұсында, «қазақ» атауын қайтару жөнінде Сәкен Сейфуллин алғашқы болып 1923 жылы 15 ақпанда үндеу мақаласын жариялады. 1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Ақмешітте өткен Қырғыз АССР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақтық съезінде РК(б)П Қырөлкекомының екінші хатшысы С. Қожанов бұл мәселені қайта көтеріп делегаттардың жаппай қолдауына ие болады. 1925 жылы 19 сәуірде қазақ атауын қайтару туралы нақты шешім қабылданып, Бүкілресейлік ОАК оны 1925 жылы 15 маусымда ресми түрде бекітеді [Шілдебай 2020]. Осылайша орыс тілінде теріс аталып келген «қазақ» атауы өз тұғырына қайта қонады. Бұған биыл (2025 ж.) 100 жыл толып отыр. Ескере кетер бір жайт, «қазақ» атауы сол тұстағы ойрат, мәнжу және қытай тілді ресми жазбаларда еш өзгеріссіз жеке-жеке «qasaġ», «hasak», «hasake» (哈薩克) болып хатқа түскен. Бұндағы мәнжуша аталуы ойрат тілінен, ал қытайшаға мәнжу тілінен дыбыстық аударма жолымен енген.
[3] Мұнда бірсыпыра зерттеушілер қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, үш жүздің рулық-тайпалық құрамы және олардың аймақтарға бөлініп орналасуы сынды әлеуметтік жағдайына назар аударып, нақты мәліметтер жинап, зерттеулер жүргізді. Бұл жөнінде отандық тарихи еңбектерден толығырақ мағлұмат алуға болады [ҚТ: 31-33].
[4] Бұл арада Абылай хан және оның ұрпақтарының ордаларында қызметте болған молдалар туралы үзілді-кесілді пікір айту қазірше қиын. Абылай хан хаттарының жазылу стилі Әбілпейіз әулеті ордаларында жазылған хаттармен ұқсастау, ал Уәли ханның тұсындағы хаттардың өзіне тән тілдік ерекшеліктері бар. Осыған қарағанда Абылай хан ұрпақтарының ордаларында қызметте болған молдалардың қайдан шақырылғандығы жөнінде әлі де жалғасты ізденістер жасалуы қажет.
[5] Boġda ezen ḫān – Цин патшалығына жіберілген хаттарда үнемі кездесетін тұрақты тіркес. Цин патшалығының патшасы. Бұл арада Цяньлун меңзеліп тұр. Мұндағы «boġda» (қасиетті, ең жоғарғы), «ezen (sic.< ejen)» (ие, патша) – моңғол тілінен енген сөздер.
[6] Waŋ – шен аты. Қытай иероглифі «王» (wang)-ның дыбыстық аудармасы. Қазақтың ұлы ханы – Әбілмәмбеттің екінші ұлы – Әбілпейіз және Ханқожа мен оның ұлы Жанқожаға Цин патшалығының тағайындаған лауазымы. Цин патшалығы қазақтың хан, сұлтандарына тағайындаған шен дәрежесі үлкен жақтан 4-ке бөлінеді. Олар: хан (汗 han), ван (王 wang), гун (公 gong) және тәйжі (台吉 tai ji). «Тарбағатай істерінде» хатталған деректерге жүгінсек, 1764 жылы Цин патшалығы алғаш рет Әбілпейізге «ван» атағын сыйлаған [ТІ: 219].
[7] «Artuš» – Қашқардың солтүстігіндегі жер аты. Қазіргі Қызылсу қырғыз автономиялы облысының орталығы – Атұш қаласының бір бөлегі. Шоқан Уәлихановтың зерттеуіне қарағанда, ХІХ ғасырдағы Артұш Қашқардан солтүстігіне қарай 25 шақырым жердегі «Үстін-Артұш» пен солтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым жердегі «Астын-Артұш» болып екіге бөлініп айтылған [Уәлиханов 2010: 119 (3-том)]. Осындағы «Üstün-Artuš» ХІХ ғасырдың алғашқы жарымында Қожа Мұхаммед Шәріп аударған «Тарихи Рашидида» (түркі тіліндегі аудармасы мен аудармашының толықтаған бөлегі) кездесетіндіктен [Жалилов 2008: 239], Шоқан Уәлихановтың зерттеуін толықтай түседі. Алайда, Әбілпейіздің хатында кездесетін «Артұш» сөзінің жоғарыдағы Астын-Артұш пен Үстін-Артұштың қайсысын меңзеп тұрғандығы – белгісіз.
[8] Толығырақ № 25 (О. Ж.) құжатқа қараңыз [Әбділәшімұлы 2025: 194-196].
[9] Burt. Мұнда қырғыздар меңзеліп тұр. Цин патшалығы тұсындағы мәнжуша дереккөздерде «burut», қытайшада «布魯特» (bu lu te), ал сол тұстағы қазақша хаттарда көбінде «qïrġïz» болып жазылған.
[10] Толығырақ № 59 (О. Ж.) құжатқа қараңыз [Әбділәшімұлы 2025: 252-254].
[11] Толығырақ № 95 (О. Ж.) құжатқа қараңыз [Әбділәшімұлы 2025: 323-325].
[12] Өкінішке қарай, Шоқан Уәлихановтың бұл айтқандары қазірше нақты жазба деректермен дәлелденген жоқ.
[13] Бұл өзен аты қытайша «愛呼斯» (ai hu si), мәнжу тілінде «aihūs», араб графикасындағы жазуда мәнжуша аталуына сәйкес «آی خوڛ» (Ayḫus) болып хатталған.
[14] Мұндағы «дүңше» сөзі мәнжушада «hafumbuhū», қытай тілінде «通事» (tong shi), «тілмаш», «аудармашы» мағынасында қолданылады. Бұл сөз XVIII ғасырдың орталарынан кейін қытайша дыбысталуы негізінде тілімізге еніп орныққан болуы ықтимал. Қазақ әдеби тілінің сөздік қорында аймақтық сөз ретінде сақталған.
[15] Бөкен – қазіргі Абай облысындағы Қалба жотасынан бастау алып, Көкпекті ауданы жерімен ағып, Бұқтырма бөгеніне құятын өзен аты. Толығырақ № 21 (О. Ж.) құжаттағы түсіндірмеге қараңыз [Әбділәшімұлы 2025: 188-190].
Дүйсенәлі Әбділәшімұлы,
т.ғ.д., Токио шетел тілдері университетінің
визитинг-профессоры