Жалпы қазақ-қырғыз сиезі ашылған күн

Автор:
05.12.2025
6808
Жалпы қазақ-қырғыз сиезі ашылған күн - e-history.kz

Желтоқсан— қазақ тарихында терең ізі қалдырған, тарихи оқиғаға толы ай.  Осыдан тура бір ғасырдан астам уақыт бұрын, дәл осы  5 желтоқсан күні Орынбор қаласында бүкіл қазақ-қырғыздың тағдырын талқыға салған тарихи кеңес – екінші жалпы қазақ-қырғыз сиезі ашылған еді. 

1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынборда жиналған бұл сиез қазақ-қырғыз аймағының саяси келешегі, автономия мәселесі және елдік ұйымдасу жолдары жөнінде шешімдер қабылдаған болатын

1918 жылы «Сарыарқа» газетінде жарық көрген Міржақып Дулатұлының (Мадияр) «Жалпы қазақ-қырғыз сиезі»  мақаласы толық күйінде беріліп отыр, оқырманға сол уақыттағы саяси ахуал мен сиез шешімдерінің түпнұсқалық баянын ұсынамыз: 

Екінші жалпы қазақ-қырғыз сиезі Орынборда 5-13 декабрде болып өтті. Қазіргі заманның күйіне қарай бұл сиезде қаралған мәселелер зор болды. Мұнда қазақ, қырғыз өз тізгіні өзінде айбынды халық болуы үшін автономия алу мәселесі қаралды. Сиезде мұнан соңғы қаралған зор мәселе бүліншіліктен халықты қорғау үшін милитсия құру жайы болды. Бүкіл Алаштан сиезге 81 уәкіл келді, сиезде қаралатын мәселелер зор болғандықтан, уәкіл емес кісілер де көп келді, барлығы 200 ден аса адам жиналды. Алаш баласының тілегі, мұңы тоғыз күндей кеңес болып, ерсілі-қарсылы армансыз тексерілді. Ардақты ақсақалдар, ұлтшыл жастар, діндар моллалар, қазылар, атақты зиялылардан пәленше келмей қалды дерлік болған жоқ. Сиездің толық қаулысын келер нөмірде басуға қалдырып, қазірге байланған сөздің әуелі жобасын ғана айтып өтеміз. Уақыттың көбін автономия мәселесі алды. Бұл туралы уәкілдердің пікірі екіге айырылды. Бір жағы автономияны күні бүгін рәсмән (жұрт атынан бүкіл дүниеге) жария қылуды қуаттады. Екінші жағы милитсиямызды құрып қамданғанша һәм арамыздағы көрші орыстармен сөйлесіп келіскенше рәсмән иғлән айтуды тоқтата тұралық деді. Ақырында екі жақ келісіп, қазір өзара автономия алдық делік. Ал рәсмән жария қылуды сиез атынан сайлап қалдырған қазақ-қырғыз ісін басқарушы 15 кісіге тапсыралық дегенге тоқтады. Қазір Русия жүгенсіз кетіп, хакімшілік жығылғандықтан бұл 15 кісі біздің уақытша хүкіметіміз есебінде болсын, «Алаш ордасы» аталсын деді. Алаш ордасына сайланған кісілер, Уәлидхан Танашов, Халил Досмухаммедов, Айдархан Тұрлыбаев, Ахмет Брмжанов, Халил Аббасов, Садық Аманжолов, Мұстафа Шоқаев, Әлихан Бөкейханов, Жәһәнша Досмухаммедов, Яқуб Ақбаев, Алимхан Ермеков, Мухамеджан Тынышбаев, Базарбай Мамытов, Отыншы Алжанов, һәм Бахыткерей Құлманов. Алаш ордасына председателдікке Алихан сайланды. Алаш ордасы уақытша Семейде тұратын болды. Алаш ордасы бір айдың ішінде Түркістан автономиясына қосылған қазақтармен сөйлесіп, оларды Алашқа қосып алмақ болды. Егер Түркістан қазағы Түркістаннан шықпаймыз десе, Алаш ордасы қалған қазақ-қырғызға өз алдына автономия иғлән етуге міндетті болды. Қазақ облыстары хазірден 15 мың милитсия құрмақ болды. Мұның шығыны 70 милион сом шамасында болмақ. Милитсия құруға, оған керекті пұлды жинауға тоқтаусыз кірісуге қаулы қылынды. Жұрттың жұрттығы, қара қазан сары баланың қамы үшін милитсия құрып, бас қорғау керектігіне қарсы келген жан болмады. Автономия мәселесі қаралғанда, бүкіл Алаш баласы өлсек бір шұқырда, тірі болсақ бір төбеде болалық, бөлінбелік-жарылмалық деп сиез бір ауыздан қаулы қылды. Сөйтіп Алаш ордасы құрылды, Алаш туы көтерілді, Алаш ұраны шақырылды, ұранға намысқа қызбайтын Алаш баласы болмас, Түркістан қазағы да, Инша Алла алтын бесік Ақ ордаға келіп кірер деген үміттеміз. Автономия иғлән айтуы мемлекет болды дегенмен бірдей. Біз енді өз алдымызға мемлекет боламыз тұрмыз. «Бірақ боламыз» пен «Болу»-дың екі арасы жер мен көктей. Сондықтан боламыз деген соң болуға аянбай қам қылу керек. Боламыз деп бола алмай қалсақ, дүниеде онан артық қорлық жоқ, кез келгеннің қолында кеткеніміз. Қолдан келмейтін іске арам тер болудың қажеті жоқ. Қолымыздан келеді деп тәуекелге бел байлаған соң, сол жолда йә өлу керек йә көздеген мақсатқа жету керек. Егер біз осыны ойлап, бүгіннен бастап кәріміз, жасымыз, молламыз, қарамыз, байымыз, жарлымыз Алаш туының астына жиналсақ. Инша Алла дегенімізге жетерміз, жұрт қатарына қосылармыз. Жоқ, һәр қайсымыз өз басымыз қамын ойлап бетімізбен жабылып кетсек, Алаш ордасы ойран болғаны, Алаш туы құлағаны. Онан соң бізге жұрттық жоқ, азып тозып кеткеніміз. Жасасын Алаш! Құтты болсын Алаш автономиясы!

Мадияр

 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз