Ғұндарға салынған «Бес тұзақ»

Автор:
01.12.2025
6732
Ғұндарға салынған «Бес тұзақ» - e-history.kz

Ғұндардың ұлы билеушісі Мөде тәңірқұты  «жебе мен садақ ұстай алатын барлық тайпаларды» біріктіріп бір халыққа айналдырады. Туманның құрған, Мөденің империяға айналдырған Ұлы Ғұн елі кемеліне келген кезі еді. 

Қытай императоры Хань әулетінің билеушісі Као-тидің солтүстіктегі тыныштық бермеген көшпелілер мәселесін біржола шешу мақсатында, өзі бастап үлкен жорық ұйымдастырады. Бұл жорықта ғұндар қытай әскерінің көптігін ескеріп, дала соғысы тактикасы негізінде тиіп қашып жауды өз апандарына енгізеді. Ішкерлеп енген жау әсері тылдан алыстауына байланысты әсерді қамтамасыз ету бойынша қиындыққа тап болады. Әрі далалық аймаққа қыстың ерте түсуі де үлкен рөл ойнайды. Осылайша үлкен апат алдында екенін сезген қытай императоры ғұн тәңірқұтынан кешірім сұрап, бас иіп өзін аман қалдыруды сұрайды. Бұл мүмкіндікті жақсы түсінген Ғұн көсемі Мөде тәңірқұт жағдайды өз пайдасына толық қолдануға тырысады. Кытай императорын аяғына жығылтып кешірім сұратады және қоршаудан ғұн әскерлерінің сап түсеп садақ тартып нысанаға алған дәлізінен өткізіп, зәресін алып еліне қайтарады. Бұл жағдай қытай императорының санасында мәңгі із қалдырады.

Нәтижесінде б.з.д. 198 жылы Қытайдадың Хань әулеті мен Ғұндар арасында Хо-цзинь келісіміне қол қойылады. Бұл келісім аясында 1) Қытай ханшайымы Ғұн тәңірқұтына тұрмысқа беріледі; 2) Қытай империясы Ғұндарға келісілген мөлшерде түрлі тауарлар мен бағалы заттармен салық төлейді; 3) Қытайдың Хань әулеті мен Ғұндар тең дәрежелі, ағайынды мемлекеттер болып саналады; 4) Қытайдың Ұлы Қорғаны Қытай мен Ғұндар арасындағы шекара болып белгіленеді (Yu 1967, p. 41-42; Barfield 1989, p. 46).

Бұл келісім Мөдеден кейін де бірнеше ондаған жылдарға созылып одан кейінгі тәңірқұттар тұсында қайта қуаттанып, өз күшін жоғалтпай сақталып отырды. 

Хань әулеті тұсында мемлекеттік қызмет атқарған конфуций мектебінің көрнекті өкілі Чя-Ы Хо-цзинь келісімін, Хань билеушілерінің қателіктерін сынаған «Куо Цзинь-лун» атты еңбегі, ол өлгеннен кейін Қытай империясының негізгі саясатына айналады (Малявкин А.Г. 1989, с. 215Loewe 1990a,      р. 144-148; Watson II 1993, р. 444). Чя-Ының ұсынған есебін Хань әулетінің билеушілері алғашында маңызды деп таппағанмен император У-тидің тұсында нақты қолға алынып, өз нәтижесін берді. Оның ұсынған 1) Қытай қорғанысқа негізделген саясатынан бас тартып, жаулап алу саясатына арқа сүйеу керек; 2) Қытай солтүстіктегі дала көшпелілері қорқынышын басып, Хо-цзинь келісімінің орнына «Сыйлық ұсыну» жүйесін енгізу (Yu 1990b, р. 381-383; Di Cosmo 1999, р. 29-30; Barfield 1989, s. 53). Қытай сол кездері өздерімен байланыс жасаған басқа ұсақ мемлекеттердің басшыларына сыйлықтар ұсынып, өз саясатының ықпалына көндіретін еді. 

Осы жүйені «Сыйлық ұсыну» жүйесі деп атайтын еді. 

  

Чя-Ының «Бес тұзақ» саясаты: 

1) Көзін алу. Байлығымыз бен, жібегімізбен олардың көзін қызықтыру. Жақсы өмірге үйрету. Отырықшылыққа бейімдеу; 

2) Аузын алу. Түрлі дәм келтіретін дәмдеуіштермен олардың ас дәмі түсінігін бұзып, дәмдеуіштерсіз ас жей алмайтын күйге түсіру. Дәмдеуіштер олардың жерінде жоқ, бізге тәуелді болады; 

3) Құлағын алу. Олардың даласында көп әуен жоқ. Бір сарынды әуендерін біз ұзатқан қыздарымызды түрлі әуендер орындауға үйретіп дала әуенін бұзу. Қытай қызарынан туған балаларды қытайға бейім тәрбиелеу арқылы тілін бұзу;

4) Ындынын алу. Түрлі қымбат байлықтар, сарайлар мен құлдар сыйлау арқылы ғұн ақсүйектерін байлыққа құмар қылу. Осы арқылы олар байлық үшін арларын сатуға итермелеу;

5) Санасын алу. Олардың ақсүйектерін құмарлыққа үйрету. Оларға әдемі қыздар, шараптар сыйлау. Осы арқылы санасын тұмшалап кембағал ету (Yu 1967, s. 36; Молдабай 2015, Б. 217; Gumilev 1960, s. 88);

Неміс текті америкалық тарихшы Вольфрам Эберхард айтқандай: «Қытайлықтар мен Ғұндардың арасындағы байланыста қытай ханшайымдарының қаншалықты рөл атқарғандарын білмеймін, бірақ қытай билеушілерінің Ғұн көсемдері арасына от жағу үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасағаны нақты» (Wolfram E. Çin tarihi. – Ankara: TTK, 1947. – 383 s.).   Чя-Ының әкелген бұл саясаты кейін тағыда бір қытай ойшылы Чао Цоның «Жабайыларды жабайыларға қарсы қою» тәсілі арқылы үлкен саясатқа ұласып, У-ти патша тұсында іске асырыла бастайды. Осылайша мемлекетшіл екі ойшылдың арқасында Қытай саясаты үлкен қарқын алып, көршілес елдерді бағындыруға және құлатуға үлкен ықпалын тигізеді. Б.з.д. 133 жылы император У-ти Чан Цзянды Үйсіндерге (Юэ-чи) елші ретінде жіберіп, Ғұндарға қарсы түрлі көтерлістер ұйымдастыруға ықпал еттірді. Осылайша ішкі бүліктер мен биліктегі алауыздық Ғұн империясының құлауына әкелді және Қытай саясаты өз жемісін берді. 

 Қытай әлі күнге дейін осы Конфуций ғылымының негізінде өз саясатын бағдарлап, «жұмсақ саясат» деген жымысқы саясатын іске асырып келеді. Бұл саяси ұстанымдардың тарихы терең, қаншама жылғы тәжірбиелер негізінде толысып, түрленіп келеді. 

Талғат Молдабайұлы

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-і, 

Түркітану кафедрасының доценті,

PhD доткор. 

 

 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз