Неандертальдықтардың материалдық өміріне қатысты айғақ көп. Алайда олардың рухани дүниесі туралы ақпарат әлі де аз, деп хабарлайды E-history.kz порталы El.kz интернет порталына сілтеме жасап.
Кейбір ғалымдардың пікірінше, 30 мың жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген бұл адамдардың да өздеріне сәйкес салт-дәстүрлері болған. Неандертальдықтар марқұмды жерлеген, үңгірлерге жануарлардың бас сүйектерін жинаған, сондай-ақ символикалық мақсатта жартасқа суреттер салған. Мұның бәрі олардың белгілі бір әдет-ғұрып ұстанымдары болғанын көрсетеді. Ал олардың өз діні болды ма?
Live Science басылымы бұл сұраққа қатысты ғалымдар пікірі әртүрлі екенін жазады. «Дін» ұғымының анықтамасы да әрқилы, бірақ ол көбіне құдіретті күштерге сенуді және солармен байланыс орнатуға бағытталған ұйымдасқан тәжірибені қамтиды.
Бостон университетінің (АҚШ) зерттеушісі Патрик Макнамара «егер дін деп құдіретті күштермен байланысуға бағытталған әдет-ғұрыпты айтатын болсақ, онда неандертальдықтар дінге жақын болған» дейді. Оның пікірінше, олардың сенімдері мен салт жоралары қазіргі шаманизмге ұқсас болған болуы мүмкін. Шаманизм – бақсылардың рухтармен байланыс орнатып, қауымға қызмет етеді деген сенімге негізделген көне діни жүйе.
Макнамараның айтуынша, неандертальдықтардың марқұмдарды жерлегеніне және бақсылыққа ұқсас әдет-ғұрыптар жасағанына нақты дәлелдер бар. Мысалы, олар үңгірлерде аюдың бас сүйектерінен «қасиетті орындар» жасаған, тіпті неандертальдықтар аюды құдіретті күш ретінде қадірлеген болуы да мүмкін.
Ал Оксфорд университетінің профессоры Робин Данбар неандертальдықтардың заманауи адамдар секілді күрделі діни жүйесі болмағанын айтады. Олар сенімдердің дамыған құрылымын немесе теологиялық тұжырымдамаларды қалыптастыра алмаған. Сөйте тұра, Данбардың пікірінше, неандертальдықтар белгілі бір деңгейде құпияға, тылсым күшке сенген болуы мүмкін.
Антрополог Маргарет Раппапорт та осы пікірді қолдайды: неандертальдықтар кейбір әдет-ғұрыптарды жасағанымен, олардың күрделі дінді қалыптастыруға қажет когнитивтік қабілеттері болмаған. Раппапорттың айтуынша, адам миының дінге жауапты маңызды бөліктерінің бірі – бассүйектің алдыңғы бөлігі (precuneus). Бұл аймақ өзін тану, жад және сыртқы әлемді қабылдау сияқты күрделі ойлау функцияларына жауапты. Неандертальдықтардың ми құрылымы қазіргі адамнан өзгеше болған. Алдыңғы бөліктің жеткілікті дамымауы олардың құдіретті күштерге сену қабілетінің төмен болғанын көрсетеді.
Ал Лейден университетінің (Нидерланд) зерттеушісі Карел Кейперс «неандертальдықтардың діни сенімі болды ма, ешкім нақты айта алмайды, себебі біз олардың әлемді қалай қабылдағанын түсіне алмаймыз» дейді. Ғалымның пікірінше, неандертальдықтардың іс-әрекетіне рухани мән беруде сақ болу керек. Мысалы, қазіргі адамдар үшін марқұмды жерлеу – бұл діни дәстүр, ал неандертальдықтар үшін бұл жай ғана иістеніп, шіріп бара жатқан денеден құтылудың жолы болуы мүмкін.