Қазақстандағы және іргелес елдердегі балалар панасыздығы мәселесі талқыланды

Автор:
21.11.2025
5267
Қазақстандағы және іргелес елдердегі балалар панасыздығы мәселесі талқыланды - e-history.kz

Алматыда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «1920–1930 жылдардағы Қазақстандағы және іргелес елдердегі балалар панасыздығы: тарихы, себептері, салдары» атты ғылыми дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан «1920–1930 жылдардағы Қазақстан мен шектес елдер аумағындағы балалар панасыздығының проблемасы» (ИРН AP23488331) жобасы аясында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанда және көршілес аймақтарда кең ауқымда белең алған балалар панасыздығы мәселесін пәнаралық тұрғыда қарастырып, оның себептері, көріну формалары, әлеуметтік және демографиялық салдарына ғылыми тұрғыдан баға беру. Сонымен бірге архивтік, статистикалық және баяндау деректерін ғылыми айналымға енгізу және осы бағыттағы болашақ зерттеу міндеттерін айқындау көзделді.

Іс-шараны институттың жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қайпбаева Айнагүл Толғанбайқызы модерациялады. 

Алқалы жиынның кіріспесін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Бас директорының кеңесшісі, жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к., Шашаев Әуезхан Қадіржанұлы ашып, аталған тақырыпта дөңгелек үстел өткізілуінің өзектілігіне тоқталды. Іс шара жұмысына сәттілік тіледі. 

Алғашқы баяндамада институттың Бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхатова Оразгүл Хасеновна балалар панасыздығы мәселесін зерттеудің теориялық және әдіснамалық қырларына тоқталды.Баяндама кезінде панасыздық феноменін зерттеуде қолданылатын ұғымдар, категориялар, дерек көздерінің ерекшелігі және зерттеу шектеулері жайында ғылыми талдау жасады.

Институт Бас директорының сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары, жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының докторы Жеңіс Жомарт Жеңісұлы ХХ ғасырдың 20–30-жылдары Тәжікстан аумағына қоныс аударған қазақ босқындары арасындағы балалар панасыздығының ауқымын ашып көрсетті. Бұл аймаққа өткен қазақ отбасыларының әлеуметтік жағдайы, балалардың қорғансыз қалу себептері және жергілікті биліктің әрекеттеріне қатысты деректер ұсынылды.

Келесі баяндамада институттың жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қайпбаева Айнагүл Толғанбаевна Қырғызстанға жеткен қазақ босқындарының тағдырын сөз етті. Ол панасыз қалған балалардың жағдайын, көршілес елдегі қабылдау жүйесін және бұл құбылыстың аймақтық ерекшеліктерін талдады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Қозыбаева Махаббат Маликовна 1931–1933 жылдардағы ашаршылық кезінде көршілес елдер аумағында қазақ көшпелілерінің балалары орналастырылған балалар үйлерінің тарихын жан-жақты қарастырды. Архив деректері негізінде балалар үйлерінің қызметі, олардың материалдық жағдайы және балаларды орналастыру тетіктері баяндалды.

Сонымен бірге, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының доценті, PhD доктор, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Нұрмұхамбетов Ардақ Амангелдіұлы 1920–1930 жылдардағы балалар панасыздығымен күрестегі қазақ зиялыларының ұстанымына тоқталды. Ұлт қайраткерлерінің қоғамдық бастамалары, газет-журналдардағы үндеулері, қайырымдылық әрекеттері туралы деректер ұсынылды.

Бұдан бөлек институттың жас ғалымдары, атап айтқанда ғылыми қызметкер, тарих магистрі Бекенова Алмагүл Арапханқызы Қазақстандағы қиын жасөспірімдерді қайта тәрбиелеу және әлеуметтік бейімдеу жүйесінің қалыптасуына талдау жасады. Ол интернаттар, еңбек колониялары, арнайы мектептердің жұмысы мен мемлекет саясатының ерекшеліктерін атап өтті. 

Соңғы баяндамада кіші ғылыми қызметкер, PhD докторант Сауырқан Елдос 1920–1930 жылдардағы Қытай мен Моңғолия аумағындағы панасыз қалған қазақ балалардың әлеуметтік мәселелерін сөз етті. Зерттеу барысында осы елдердің архив материалдары негізінде балалардың өмір сүру жағдайы, құқықтық мәртебесі және жергілікті биліктің ұстанымы қарастырылды.

Іс шараға Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының тарихшы ғалымдары, сондай-ақ жас ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында ғалымдар мен сарапшылар ХХ ғасырдың 20–30-жылдарындағы Қазақстан және көршілес өңірлердегі балалар панасыздығы мәселесін кеңінен талдап, жаңа деректер ұсынды. Іс-шара нәтижесінде зерттеудің алдағы бағыттары айқындалып, архивтік деректерді кешенді зерделеудің маңыздылығы атап өтілді.

Дайындаған: Елдос Сауырқан

PhD докторант

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз