Ахмет Йүгнеки. «Ақиқат сыйы»

21.11.2025
5191
Ахмет Йүгнеки. «Ақиқат сыйы» - e-history.kz

Түркі халқының әдебиетіндегі дамудың алғашқы сатылары X-XII ғасырлар деп айта аламыз. Осы ғасырларда жарық көрген діни, философиялық, дидактикалық шығармалар адамзат тарихының, түркі әдебиетінің асыл да құнды мұралары болып саналады. Түркі даласына ислам дінінің келуі елдің тұрмыс-тіршілігіне, тарихына, әдебиет әлеміне де жаңа дем алып келді. Бұл жайлы ғалымдардың да ойы да ондағы өзгерістердің құнды екенін еске салып өтеді. Ғалым А. Егеубаев «Сол X-XII ғасырдың өзінде-ақ  Орта Азия, Қазақ елі аумағын мекендеген халықтардың мәдени даму биіктерінің бірі болған философиялық поэманың даналық ойлары күні бүгінге дейін аса құнды, өміршең» - деп өз пікірін айтады.

Түркі әдебиетінде ислам діні таралып, дидактикалық сарындағы әдебиет дамыды. Н. Келімбетовтың пікірі бойынша: «Дидактикалық әдебиеттің негізгі міндеті – философиялық, моральдық, этикалық және діни идеяларды көпшілік оқырман қауымға уағыздау, насихаттау, ғибрат айту арқылы жеткізу болып саналады. Көне дәуір әдебиетіндегі өзгерістер мен жаңа кезең жайлы С.Сейфуллин: «Қазіргі қазақ атаулы рулардың мұсылман діні тараған тұста, тұрмысына елеулі жаңалықтар мен біршама өзгерістер келді. Тұрмыс-тіршілігіне өзгеріс келген соң халықтың тіршілігіне де, тіліне де өзгерістер енді» – деп құнды пікірін айтады.

Қарахан дәуірінің көркем сөз шеберлері өз кезеңдеріне дейінгі кезеңдерде аз жырланған білім мен ғылым, тәртіп-тәрбие мен жақсы мінез-құлық жайлы кеңінен саралап, өз шығармаларына арқау етті. Осы дәуірге дейінгі әдебиетте дидактикалық және адамгершілік мәселелер тек көркем еңбектердің ішінде кездескенімен толықтай тәлім-тәрбиені басты нысан етіп жырлаған дастандар аз болды. Жеке адамдардың қарым-қатынастары мен адамгершілік қасиеттері, өзін-өзі ұстауы, сабырлылық пен ақылдылық, білімге құштарлық сынды тақырыптарды жырларына арқау етіп, ислам діні тұрғысынан халыққа түсіндіруге тырысты. Осындай үлкен еңбектің нәтижесінде дидактикалық бағыттағы әдебиет жарық көрді. Дидактикалық әдебиетте насихаттарды, нақыл сөздер мен өсиеттерді баяндап, тұжырымдау басым болды. Сондай-ақ дидактикалық әдебиетте көркем суретпен бейнелеу, образдар жасау бар болғанымен де, салыстырмалы түрде қарағанда аса көп кездеспейді. Адамгершілік рухын көтеріп, халықтың рухани жан тазалығын дамытуды мақсат етіп алған бағалы дидактикалық әдебиет әлі күнге өз орнынан төмендеген емес.

Осы дәуірдегі тәрбиелік-тәлімдік бағытта жырланған жырлардан Ж.Баласағұнидың «Құтты білігі» дастанын, А. Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» дастанын қазіргі таңда да өзектелігін жоймаған асыл мұраларымыздың қатарында деп айта аламыз. 

«История всемирной литературы» атты кітаптағы ақпарат бойынша «суфзммен ерте үйлескен бұл дастанда өте жоғары моральдық талаптар жайында айтылған, алайда егер А.Йүгнекидің шығармасын Ж. Баласағұнның «Құтадғу білігімен» салыстырар болсақ, мұндағы екі еңбектің біршама моральдық категориялары сәйкес келгеніне қарамай, олар әртүрлі мақсатта тұжырымдалғанын аңғарамыз. Жүсіп Баласағұнидың еңбегі мемлекеттік басқару ісінде және күнделікті өмірде бағыттаушы ретінде қамтылса, А. Йүгнекидің шығармасы өмірдің нақты бір көріністерімен байланысты емес, ол адамгершілікті жетілдіруге шақырады. 

Демек, «Ақиқат сыйында» арнайы бір сюжет жоқ, онда ақын адамгершілік қасиеттердің барлығын жырлайды.  Әдиб Ахметтің дастанындағы адамның қоғамдық орны, мінез-құлқы, жалпы айтқанда, имандылық, адамгершілікті насихаттайтын тақырыптары ежелгі үнді әдебиетінің классикалық мұрасы «Панчатантра», «Махабхарата» сынды шығармаларға ұқсас. Данышпан Вишнушарман өсиетінің шеңберінде өрбіген бұл шығарма өсиет уағызға толы. Дидакикалық сарында жазылған ақыл, тәлім-тәрбие беретін көркем туынды. Нақыл сөздер, аңыз, хикая. Мысал ертегілер яғни фольклорға тән жанрлар арқылы оқырманға үгіт-насихат айтады.

Таза дидактикалық бағытта жазылған түркі әдебиетінің жырлары X-XII ғасырлардан бастап кең құлаш жая бастады. Қарахан әдебиетінде кеңінен жарық көрген дидактикалық туындыларда көбінесе философиялық, адамгершілік пен тәрбиелік мәселелері сөз болады. Дидактикалық сарынмен жазылған туындыларда өзбек ғалымдары болмысына қарап мынадай түрлерге жіктеген: 

1. «Таза диактика» түріндегі дастандар. Мұндай туындыларда күнделікті өмір, яғни жүріп-тұрудың шарттарын үгіт-насихатпен жырлайды; 

2. "Поэтикалық дидактика». Сондай-ақ ғалымдар дидактикалық сарында жазылған көркем шығармалардағы басты тақырыптарды ашып айтса да, поэтикалық дидактиканың ара жігін толықтай жіктеп, ашып жазбаған. 

Ғалым А. Егеубаев «Құтты білікте» кездесетін адамгершілік белгілерді мазмұн жағынан бірнеше топқа мынадай етіп бөліп қарастырған: 

1.    Кісілік, имандылық, ақлиқаттық-адамшылық;

2.    Тілге, білімге, дінге беріктік;

3.    Ақыл-парасат, рухани саулық, еркіндік;

4.    Іскерлік, ұлағатты ұлылық;

5.    Ел қоғау, намысшылдық, жүректілік;

6.    Ұрпақ тәрбиелеу, ұлды – ұяға, қызды -қияға қондыру;

7.    Досқа -мейірімділік, жауға – қаталдық;

8.    Қанағат-рахым, адалдық;

9.    Ұсталық пен ұстаздық, кәсіпті білу, оны ұрпаққа мирас етіп қалдыру.

Сондай-ақ ғалым өз жіктеуінде мал бағуды, соғысудың әдіс-тәсілдері мен адамдармен байланысу жайын, денсаулық секілді өмірде кездесетін басқа да мәнді мәселелер туралы сөздерді қоспадық»-дейді. Бұл мәселелер А.Йүгнекидің шығармасында тура сол күйінде кездеспегенімен біршама ортақ дүниелері баршылық. Бұл екі шығарманың негізгі ұқсастығы – тақырып үйлесімі мен идеялық үндестігі болып саналады деп айта аламыз. Жүсіп Баласағұн да, Ахмет Йүгнеки де өз шығармаларында жақсы мен жаманды айырып, күнделікті тіршілікте қажет болатын пайдалы ақпараттарымен бөлісіп, адамдарға тура жол нұсқап, жол сілтеуді мақсат ете отырып, орта ғасырдағы білім мен ғылымды дамытуға үлесін қосты. Насихат сөздері мен өнегелі мысалдары мол осындай дастандардан-ақ сол уақытта өмір сүрген көшпелі және жартылай көшпелі түркі тайпаларының мәдени өмірінің жоғары болғандығын анықтай аламыз. 

Дидактикалық бағытта жазылған «Ақиқат сыйы» дастаны бір сюжетке құрылмаған, әр тарауы арнайы тақырыптарға бөлінген. Зерттеуші ғалымдар өз жұмыстарында дастанның көлемі әр түрлі кездеседі. Атап өтсек, Е. Бертельсте 11 тарауға бөлініп, 235 бәйіттен тұрады десе, өзбек ғалымдарының әдебеттерінде 254 бәйіттен, ал еліміздің ғалымдары Ә.Құрышжанов пен Б. Сағындықовтың еңбектерінде 20 тақырыпқа бөлінген 466 жол және соңында жазған ақындардың 28 жол өлеңдерін де қоса есептеуді жөн санайды. 

Сондай-ақ осы тұста дастандағы белгісіз ақын жырлаған мынадай жолдарға назар аударсақ: «Бітірді бұл он төрт баппен сөзін», - деп дастанның көлемін айтып отыр. Алайда Е. Бертельс бізге жеткен қолтаңбаның он бір баптан тұратынын айтады, және мұндағы екі-үш бөлімінің түсіп қалған болуы мүмкін дейді. Абдурразақ келтірген қолжазба кішкентай тақырыпшаларға бөлінгендіктен, осындағы бірнеше баптың саны кеміп қалған деп талдаған. Осы пікірді өзбек елінің ғалымдары да қолдаған. Өзбек зерттеушілерінің деректері бойынша «араб алфавитіндегі көшірілген үлгісінде кейбір баптарын көрсететін беттер түсіп қалған. Нәтижесінде бұл дастанның соңындағы баптар кеміп кеткен. Түрік ғалымы Н. Әсим дастанның жоғалған беттері бар деген тұжырыммен келіспейді. Ғалымның айтуы бойынша дастанның барлық беттері бізге толықтай жеткен. Мұның айғағы ретінде дастанды оқу кезеңінде алғашқы тармақ өзінен кейінгі жолдағы өлең шумақтарымен байланысып, ұйқасып тұрады, мұнда ойдың орынсыз үзік тұстары кездеспейді деп мәлімет береді. 

Сонымен «Ақиқат сыйы» шығармасын төмендегідей тарауларға бөліп қарастыруға болады: 
Алғашқы тарауы (1-10 бәйіттер) – Алланы мадақтау; 
Екінші тарауын (11-20 бәйіттер) – пайғамбарларға салауат айту;
Үшінші тарауында (21-34 бәйіттер) – Ыспахсалар бекті мақтау;
Төртінші тарауы (35-40 бәйіттер) – кітаптың жазылуы жайында;
Бесінші тарауында – білімнің пайдасы мен надандықтың зияны туралы;
Алтыншы тарауы – тілді тыйып ұстау әдебі туралы;
Жетінші тарауында – дүниенің өзгеруі жайында;
Сегізінші тарауы – Жомарттық пен сараңдық жайында;
Тоғызыншы тарауында – игі мінез бен жарамсыз қылық жайында;
Оныншы тарауы – әр алуан мағына беретін өлеңдер.
Соңғы таруында автор өз дастанын аяқтаған. Мұндағы жіктелген тараулар 

Ә.Құрышжанов пен Б. Сағындықұлының шығарған кітабында да және Г.Құрманғалидың еңбегінде де осындай негізде бөлінген. Ал татар ғалымдарының зерттеулерінде білімнің артықшылықтарынан бастап, әр түрлі жіктеліп бөлінген тарауларды ғана ескеріп, алғашқы мадақ, пайғамбарларға арналған тарау, бекті мақтау деп бөліп бұл дастан жеті тараудан тұрады деп бағыттайды. 

А. Байтұрсынов жазба әдебиетті діндар дәуірі және ділмар дәуірі деп екіге бөліп зерттеген. Алғашқысын мынадай түрлерге бөлген: «Діндар жағының басымдығымен айырылатын түрлері мынау: қиссалар мен хикаят, мысал түрлері мен насихат (үгіт), мінажаттар, мақтау, даттау, айтыс, толғау, терме»-дейді. Осы зерттеу бойынша «Ақиқат сыйы» дастанын қарастырсақ, бұл еңбекті діндар дәуіріндегі насихат(үгіт) түріне жатқыза аламыз. 

«Хибат ул-хақайиқ» дастанына Құран Кәрімнің тигізген әсерінің молдығы, ақынның ислам дінінің үгіттеушісі болғандығын шығарманы оқи бастағаннан-ақ аңғаруға болады. Бұл жөнінде Р.Бердібаев былай дейді: «Түркістан топырағында туған кемеңгер ақын дін, шариғат білімдерін терең үйренгені дастанның әрбір шумағынан-ақ байқалады. Құран сөздері мен пайғамбар хадистерінде тұнып тұрған поэзия бар екенін әліппе оқытқандай үйреткен Ахмет Йүгнекиді дін насихатшысы десе болады. Дастан тұнып тұрған ислам қағидалары болғандықтан оның діни мазмұны басымырақ. Бұл әдеби мұра Қарахан дәуірінде түркі тайпаларының арасында ислам діні мемлекеттің идеологиясына айналған тұста жазылған. 
«Ақиқат сыйы» шығармасының алғашқы сөзі «Бисмил-лахир рахман иррахим» деп Алла-Тағаланы мадақтау мен оған сансыз шүкіршілік айтумен басталады.  YII ғасырда түскен кітап Құранның алғашқы сүресі Фатиха «Бисмил-лахир рахман ир-рахим» сөзімен басталатыны баршаға белгілі. Бұл сөз – Құранның кілті. Сондықтан да мұсылман дінінің ғажайыбын, құндылығын түсінген әр көркем сөз шебері өз еңбектерінде рахымды да мейірімді Алланың атымен бастауды жөн санайды. X-XII ғасырлардан бастап, Алтын Орда кезеңіндегі ақындар мен шайырлардың сондай-ақ көркем сөз шеберлерінің осындай үрдіспен шығармаларын бастауы күні бүгінге дейін жалғасуда. Жүсіп Баласағұни да өз шығармасын Алланың атымен, құдіретіне бас ие отырып бастаған: «Бисмиллахи-р-рахмани-р-рахим! Әзиз, уә, күллі ұлылықтың иесі, жер мен көкті жаратқан, тірі жанның бәріне ризық берген құдіреті күшті тәңірге ырзамыз. Әрі ол атақ-даңққа бөлене берсін», - деп әр тарауында жаратушыға сансыз шүкіршілік айтып, жалбарынып отырған. 

Ал, Махмұт Қашқари «Диуани лұғат-ит-түрк» еңбегінде тура Құрандағыдай «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын» деп сөз бастаған. Өзінің алғы сөзінен бұрын Алланың сөзін қойып, медет тілеп, шүкіршілік айтқан. Міне, шығармаларын осындай үлгімен бастау дәстүрі Алтын Орда тұсында жазылған Хорезмидің «Мұхаббат-намасы», Құтыбтың «Хұсрау-Шырыны», Сейф Сараидың «Гүлстан би-т-түркиі» және тағы басқа да көркем әдебиет мұраларынан осы үрдісті кездестіре аламыз. 

Сондай-ақ Қарахандықтар мен Алтын Орда мемлекеті тұсындағы ақындар арасында шығармаларын белгілі бір адамдарға арнау кең таралған. Бұл жөнінде «Оғыз-наме», «Мұхаббатнама» дастандарын алғаш оқырмандармен таныстырған Ә. Дербісәлин, М. Жармұхамедұлы, Ө. Күмісбаев: «XI-XIII ғасырларда туған белгілі жазба ескерткіштердің, аты мәлім көптеген ақындардың, шайырлардың негізгі туындыларын маңайындағы билеушілеріне бағыштап арнаған», - деп сол замандағы туындылардың басым бөлігі патша, бек, әмірші, мемлекет қайраткеріне арнап жазылғанын ерекше атап өткен. Ақындар халыққа даналық сөздер, үлгі-насихаттар айта отырып, басшылардың да негізгі ойларын, мәселелерін сол шығармалары арқылы жеткізуге тырысады. Елін басқарып, бір орталыққа бағындырып, мемлекетін өсіріп-өркендетуде әмірші, патшаларға ақыл-кеңес берушілер осындай ойшыл-ғұламалар, ақындар болған. Өз заманында олардың атқарған міндеттері өте маңызды еді. Халықтың арасында жүріп, мұң-мұқтажымен жақсы таныс болғандықтан шешімін таппаған мәселелерде ақындар мен шайырлардан ақыл сұрап, олармен кеңесіп отыратын болған. Бұл уақыт өте келе ақындар лауазым иелеріне өздері өлең шығарып тарту ету дәстүрін қалыптастырған. 

Өткен ғасырларда шайырлар, кей ақындар хан, әмірші, патша атына атап көптеген мадақтар жазып, сыйлықтар алған. Сол тартуларын күнкөріс көзі етіп алғандары да болған: «Билеуші жомарт мырза атағымен танымал сарайларда кейде бірнеше жүздеген ақындар жиналды, олардың әрқайсысы өмірінің соңына дейін жететін сыйлық алу үшін әмірге арнап мадақ оқуға тырысатын. Осылайша «ақындардың патшасы» деген ерекше қызмет пайда болды. Бұл патшаның міндеті – әмірдің «жарқын жанарының» алдында өлең оқығысы келетін ақындарды тексеру болатын. Бұл жағдай әсіресе арабтарда ислам діні қалыптасқанға дейінгі тұста жиі кездесті. Сарай ақындары атауына ие болған Аш-Шанфара, Имрул Қаис, Әмір ибн Кулсум, Антара тағы басқалары өз заманында басшыларын мадақтап, оларға өлеңдерін, дастандарын ұсынып, сыйға берген. 
Арап, парсы поэзиясы арқылы қалыптасқан бұл дәстүр түркі даласына да тез сіңісіп, орта ғасырда өмір сүрген ақындар арасында белгілі бір дәстүрге айналды. Олар халық пен әміршінің арасын жалғастырушы көпір рөлін атқарып отырған. Бірде әміршіні мақтаса, бірде халық жағында болып мұң-мұқтаждарын жырына арқау еткен. 

Түркі әдебиетінде ерекше орын алатын көптеген туындалардың сақталып қалуына әміршілердің де өзіндік ықпалы болғаны анық. Олар көркем сөз шеберлерінің арнаған шығармаларын түпнұсқа қалпында болмаса да өздері жасаған көшірмелерінің болашаққа жетуіне себепкер болды. Оқуды, білім мен ғылым жолын асыл қазына санаған патша мен бектер тарихи мұра етіп атақты дастандардың сақталуына үлкен назар аударған. Сондай-ақ өз аттарының тарихта қалдыруға мүмкіндік болатындығын да ойлауы мүмкін. Әдебиет жанашырларының, ақындардың және дастанды сақтап көшірушілер мен көшіртушілердің қазіргі таңда тарихи зерттеу нысанына айналып отырған асыл мұраларымызға еткен еңбегі үлкен. 

Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» дастаны халықты рухани тазалыққа шақырып, ислам діні талаптарымен өркениетке жетуді үндейді. Халыққа ислам дінін түсіндіру, адамгершілік мәселелерін насихаттау мақсатында жазылған шығарма жайлы өзбек ғалымдарының тұжырымы мынадай: «Унинг достони хам туркий элатларга исломий одоб қойдолари, маьнавий-ахлоқий камолот сирларидан таьлим беришга мужаллаган». Иүгінеки адамның кері кетіп, бейбастыққа салынып, өткінші дүниенің қызығына арбалып, басты құндылықты ұмытқанын зарлана отырып жырлайды. Мұндай бейбастықтан аулақ болып, тазалыққа ұмтылу керектігіне, мәңгілік дүниені иеленуге үгіттейді.
Құрандағы: «Әр адамның мақсаты – Алланы тану» деген өлең тармағын басшылыққа алып, осының құпиясын өзі іздейді. Ахмет Йүгінеки «адамның өмірдегі мақсаты не?» – деген сұраққа, - Алланы тану деп жауап берген. Ол – білім. Өз еңбегінің алғашқы сөздерін оқы, біл, үйрен деген үлгіде бастаған. Автор оқу-білім арқылы Алланы тануға шақырады, сол арқылы бақытқа жетуге болатынын баяндайды. Осы тұста Алла-Тағаланың Жәбірейіл періште арқылы Мұхаммед (с.а.ғ) пайғамбарға жеткізген алғашқы сөзі де: «Оқы! Алланың атымен оқы!» деп басталатыны бәрімізге мәлім. Осы үлгімен Ахмет Йүгінеки де өз еңбегінің алғашқы бөлімдерінде білімнің артықшылығын жеткізе отырып бастаған. Бұл заман оқығандардың заманы екенін түсінген Ахмет Йүгінеки білімнің артықшылығы мен надандықтың кемшіл тұсы туралы мынадай тұжырым келтірген: 
                            Білімсіз надан – құны жоқ бақыр. 
                            Білімді мен білімсіз қашан тең болып еді.
                            Білімді әйел – ер, надан еркек – әйел.
                            Сүйекке – май, адамға – білім керек. 
                            Ердің көркі – ақыл, сүйектің көркі – май.
                            Білімсіз кісінің жайы майы жоқ сүйек сияқты. 
                            Майы жоқ сүйекке кім қол ұсынады. 

Ақын үшін білім жолы – бақытқа жеткізетін жол. Адам бойындағы жақсы-жаман әрекеттердің барлығын біліммен байланыстырып, білімсіз құны жоқ бос қуыс болғанша, білім алып бағалы да құнды динарға айналудың артықтығын сөз еткен. Сондай-ақ білімді адам майлы сүйек секілді, сол маймен ғана тамақтың дәмі келетінін ескеріп, майсыз, етсіз сүйектің құнсыз болатындығын ескертеді. Тағам секілді адамның да өміріне дәм беруші білім екенін ашып айтады. 

Білім алған ер халыққа белгілі болатындығын, білімсіздің тірісінде көрде жатқан өлік сияқты екендігін, білімді адамның өзі өлгенмен аты өлмей мәңгіге сақталатынын, наданның тірі дегені болмаса аты – өлік екендігін жеткізген. «Білімнің аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген шешендік сөзіміздің түп-төркіні Ахмет Йүгінекидің дастанынан бастау алып отыр. 
Осындай бүгінгі күніміздің рухани асыл мұрасы болып жүрген «Білімді бірді жығар, білімсыз мыңды жығар», - деген шешендік сөзімізді де автор өз дастанында көне заманның өзінде-ақ айтып кеткен:
Білімнің арқасында ғылым жоғары көтеріледі,
Білімі жоқ адам төмен құлдырайды…

Автор білімнен асқан пайдалы дүниенің болмайтынына көзі жете отырып, білімдінің әрдайым көкке жоғарылап, өз шыңына жететінін, ал білімсіздің іші қуыс бос болғандықтан күн өткен сайын төмен қарай құлдырайтынын баса айтып өткен. Жалқаулыққа бой алдырмай, білім арқылы бойымызға қанат бітіріп, жоғарыға қанат жайудың қажеттігін айтып үндейді. 
                            Білім ал, салғыртсынбай үйрен, Алланың елшісі:
                            «Білім кімде болса – соны ізде», - деді.

Осы тарауында автор білімге ұмтылу жолында екі дүниенің кілтін тауып, оның кәусар бұлағынан сусындай алушылар ғана батыл қадамдар жасайды дейді. Білім адамның рухани дүниесін байытып, үлкен жетісітіктерге ұлылыққа жетелейтіндігін баса айтқан. «Надандықты жуса да тазармайтын лас нәрсе» деп көрсетіп, одан бойымызды алыс сақтауды үндейді. 

Дастанның оқу-білімге арналған бөлімдері адам өміріндегі білімнің, ғылымның маңыздылығын ерекше атап өтеді. Өмірдегі сәтсіз, өкінішті, келеңсіз жағдайлардың барлығы да білімсіздіктің жемісі деп біледі. 

Білімді кісінің әр істің жөнін білетіндігін, не істесе де, біліп істейтінін, кейін өкінбейтіндей әрекет жасайтынын айтады. Қандай іс істесе де, білімсіздің еншісі өкініш болып, оған одан басқа енші болмайтынын жеткізген. Білімді керек сөзін айтып, керексізін көміп, жасырады және білімсіз не айтса да ұқпай-түсінбей айтып ақырында оның өз тілі, өз басын жейді деген.

Адам өміріне білімнің тигізер әсері соншалық, дастанда білімсіздің істері кері кетіп құлдырай беретіндігін, ол түпсіз құздан құлап бара жатқан адамды суырып, аман алып қалатын жалғыз қуат – білім екендігін айтып қалдырған. Сонау қараңғылықты жарық қылатын шамшырақ – ақыл деп, оның нұр шашатын жарық сәулесі – білім деп көрсеткен. 

Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың бір хадисінде: «Бесіктен бейітке дейін білім іздеңдер» (Әбу Дардани (р.а.) Тирмизи),  деген өнегелі сөзі мен «Білімді Қытайдан болса да үйрен», - деген пайғамбарымыздың хадисін берік ұғып, адамзатты рухани байлыққа, кемелденуге үндейді. 
Көне дәуір ақынының осы ұстанымдарын өзінен кейінгі ақындар мен жыраулардан да көп кездестіреміз. Ұлы ағартушы ғалым Ыбырай Алтынсариннің шығармалар жинағы да Иүгінеки сынды ағартушылық мақсатта жазылған өлеңдерімен басталады. Ы. Алтынсарин білімділік пен надандықтың жақсы және жаман жақтарын Ахмет Йүгнеки секілді нақты мысалдарымен жеткізе білген. Оқырманның көз алдына жағымды-жағымсыз қылықтарын елестететіндей етіп, нанымды суреттеулер арқылы жеткізген. «Кел балалар оқылық», «Сөз басы» деген өлеңдерінде ақын оқудың артықшылығы мен білімсіздіктің осал жақтарын ерекше сипаттап жеткізген:
                            Оқымаған жүреді,
                            Қараңғыны қармалап...
                            Оқысаңыз балалар,
                            Шамнан шырақ жағылар.
                            Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар.

Ыбырай Алтынсарин халық түсінігіндегі, қолданысындағы теңеулерді, ауыз әдебиетіндегі сөздерді мол қолдану арқылы білімді мен білімсіздің қадір-қасиетін ерекше жеткізген. Сондай-ақ білім туралы өлеңдерінде параллелизм-егіздеу әдісін қолдану арқылы оқырманына үлкен әсерлі құнды өлеңдер қалдырған. Осы егіздеу әдісі А.Иүгнекидің де дастанына біршама кездеседі. Бұл сонау тамыры терең, көне түркі әдебиетінен бастау алған әдістің өзінен кейінгі позияға да үлкен нәр беріп отырғандығының дәлелі. 
Ахмет Йүгінеки өз дастанында білімсіздің өресі қаншалықты төмен болатынын «Білімі болмағандықтан бір қауым халық, өз қолынан пұт жасап, «Құдайым – бұл»,-деді», -деген жолдарынан надандықтың ащы, сүйкімсіз бетпердесін ашып көрсеткен. Білімнің таусылмайтын кен, сарқылмайтын байлық екендігін ұғындыруды мақсат етті. 
                            Малы жоққа – білім түгесілмейтін мал,
                            Қаржысы жоққа – білім таусылмайтын қаржы.

Ахмет Йүгнекидің білімнің пайдасы мен надандықтың зияны туралы, айтқан өсиет сөздері өзінен алты ғасыр кейін өмір сүрген Абайдың өлеңдерімен үндесетіндігін атйып өте аламыз. Ұлы ақын Абай көне дәуір ақыны Ахмет Йүгнеки секілді өз замандастары мен болашақ ұрпағын оқу-білімге шақырып, ақылды адамдарды жоғары бағалайды. Абай болашық жастардан үлкен үміт күткен, жас кезінде бос уақыт өткізіп, желік қумай, білімге ұмтылу керек екенін түсіндіруге тырысады. Білікті мен білімсізді қатар алып салыстыру әдісі осы екі ақынның да өлең жолдарынан кездеседі. Атап өтсек, А. Йүгнеки:
                            Білімді керек сөзді ғана айтады
                            Керексіз сөзді көміп жасырады.
                            Білімсіз не айтса да білмей айтады,
                            Өз тілі өзінің басын жұтады...
десе, Абай:
                            Оқыған білер әр сөзді
                            Надандай болмас аң көзді,
                            Надан жөндіге жөн келмей, 
                            Білер қайдағы шәргезді.
                            Надан қуанар, арсаңдар,
                            Таңырқап тұра қалсаңдар, 
                            Татымды ештеме болмас, 
                            Адамсып босқа талтаңдар…

Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» дастаны мен Абай Құнанбайұлының шығармалары арасындағы көркемдеік дәстүр жалғастығы біршама тақырыптарды жырлауда айқын көрінеді. Осы жөнінде ғалым Алма Қыраубаева: «Шындығында Ахмет Әдиб Жүйнекидің «Ақиқат сыйы» кітабында айтылған ой-пікірлер кейінгі қазақ ақындарына дәстүр болған. Кейінгі қазақ әдебиетін қалыптастыруға жол салған Абай, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Шәкәрім пәлсафасының іргетасы болып есептелінді», - деп ойын тұжырымдаған. Осы тұста аңғаратынымыз әр түрлі ғасырда өмір сүрген алып ақындардың өмір сүрген ортасы, тұрмыстық хал-ахуалы екі түрлі болса да міндет мақсаттары бір бағытта болған. Дидактикалық, адамгершілік, мәселелерді өз шығармаларына негіз етіп алған қос ақын халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап заман талабына сай өлеңдер жазды. Өз жүректеріндегі қайғы-күрсіністері мен асыл мұраттарын көркем тілде өлеңдерімен жеткізе білді. 

Ахмет Йүгінеки адам бойындағы жақсы қасиеттерді мадақ тұтып ардақтайды, қоғамның, адамдардың бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болуы үшін әдепсіздік, дөрекілік, екіжүзділік, арсыздық, надандық және тағы басқа дұрыс емес, теріс мінез-құлықтардан құтылудың маңыздылығын түсіндіруге тырысып, соған баса назар аударады. Ақынның адамгершілік қасиеттері жайында айтқан үгіт-насихаттары Қарахан дәуіріндегі әдебиеттің маңызды бір бөлігі болып саналады.

Ақынның дастанда қарастырған тағы бір көтерген мәселесі – тілге сақ болу, дұрыс ойланып сөйлей білу сондай-ақ өсек-өтіріктен сақтану болып саналады. «Тіліңізді тыйыңыз, сонда тісіңіз сынбайды, жөнсіз шыққан тілден тісіңіз қағылар» деп тілдің қауіпті де пайдалы қару екендігін ескертіп, бір бөлім арнаған. «Тілді тыю – әдептілік пен тәртіптіліктің шарты»; «Оқ жарасы жазылады, бірақ тіл жарасы жазылмайды» деген арнайы бөлімдерінде тілдің қасиеті мен қауіптілігіне тоқталған. 
                            «Білімдінің не айтатынын тыңдап көріңіз!
                            Әдептіліктің басы – аузын бағу.
                            Ойланып сөйлеген жанның сөзі – сөздің асылы,
                            Көп шатып мыжыңдау тілді алдырмайтын жаудай» - деп, тілдің дос та дұшпан да бола алатындығына тоқталып отыр. 
                            Адамға не келсе де тілінен келеді, 
                            Тілінен біреу жақсы, біреу жаман болады
                            Тыңда, илан бұл сөзге: (бағзы біреулер) күн сайын ерте тұрып, тілге жүгініп, құлшылық етеді»-деп сөздің сиын қашырмай, ойланып байыппен сөйлеу қажеттігін айтап өтеді. Жақсылық та жаманадық та тілден туындайтынын ескерте отырып, автор Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың хадисін сөзінің айғағы ретінде өз өлең жолдарына қосқан:
                            Тіліңді бақ. Аз сөйле. 
                            Тіліңді бақсаң, өзің аман боласың. 

Пайғамбар: «Адамның бетін отқа күйдіретін, тіл» - деді.  Тіліңді тарт. Оттан өзіңді сақта. 
Адам баласының бойында болатын жағымсыз қасиеттері мен зиянды әркеттерінің өтемі де ауыр болатынын айқын айта білген. Тіл мен сөз бостандығының қауіптілігін айта келе, тілдің жүгенсіздігі бір күні басқа жететінін, тілін тартпаған кісіні ақылды санауға да болмайтынын, тіл мен сөздің бостандығы талай басты жегендігін айтады. Тіл арқылы өзгелерді өшіктіріп алудан сақтан дейді. 
                            Егер екі нәрсе адамға бас қосса,
                            Ол адамға жақсылық жолы кесілгені,
                            Бірі – керексіз сөзді айта салса,
                            Екіншісі – ол кісінің сөзі жалған болса,
                            Сөзі жалған адамнан тез қаш.
                            Өз өміріңді шыншылдықпен өткіз,
Тіл мен жақтың көркі – шын сөз, - деп адамның ең қауіпті де пайдалы қаруын тек шынайы, орынды сөз айтқанда ғана ұтымды, жарасымды етіп қолдана алатындығын айтып өткен. 

«Шын сөйлеп әңгімеңді тартымды етіңіз, шын сөз бал сияқты, жалған сөз  – жуа». Бал татыған аузыңды жуа жеп ашытпа» - деп өте орынды, түсінікті мысалмен өз ойын жеткізе білген. Ахмет Йүгенекидің осындай ұтымды ой-пікірлері қазіргі таңда да қолданысты, өз бағасын жоғалтпаған, дәстүр жалғастығымен сабақтасып, бүгінгінің құнды нақыл сөздерінің қатарынан көрініс беріп жүр. Атап өтер болсақ:
                            Тілде тиек жоқ, ауызда иек жоқ,
                            Тілмен тікен де алады;
                            Тіл ерді қабірге салар
                            Нарды қазанға салар;
                            Тілге шешен, іске мешел;
                            Тілді ноқталасаң, басың сақталады; 
                            Өткір тіл – дарын, ұзын тіл – жауың; 
                            Он пәленің тоғызы – тілден.
Осындай бағыттағы нақыл сөздер мен, ұтымды пікірлер қашанда халқымыздың сарқылмас қазына екендігі анық. Ақын жасырын істі, жанашырым деп өзгеге айтудан сақтан дейді. «Досым деп, иланып сыр айтпа сақтан. Досың қаншама иланарлық шын болса да. Шырақ сырың өзіңде сақталып тұрмаса, досыңда сақтала ма? Мұны жақсылап ойла» деп өз ішіңе сыймаған сыр, өзгенің ішіне қалай сыйсын деген тұжырыммен ойын аяқтайды. 

Осы бағыттағы өлең жырлар, қоғамның тұрмыс-тіршілігі мен әр құбылысына ерекше мән беріп, өзіндік айқын көзқарасы мен пайымдауы бар Жүсіп Баласағұнның да «Құтадғу Білік» дастанының жетінші тарауын «Тіл өнерінің қасиет сыйпаты мен, пайда зиянына арнаған: 
                            Тіл қадірлі етіп ерге бақ қонар, 
                            Қор қылатын да тіл, кететұғын бас болар;
                            Көп сөйлеуден артық пайда көрмедім,
                            Және сөйлеп, және ештеңе өнбеді;
                            Біліп айтқан сөз ғана білікті саналады,
                            Біліксіз сөз басыңды жетіп табалайды.
                            Көп сөйлемей аз айт бір-ер түйірін, 
                            Бір сөзбен ғана шеш күмән сөздің түйінін.
Екі ғұламаның да айтар ойы бір. Өз қадіріңді кетірмей, сөзді бағып, бастың кесіліп, тістің сынып қалмауын қадағалау керек дейді. Тілдің адамға тигізетін жақсылығы мен жамандығын анықтап, көркем сөздермен жеткізеді. Осындай өлең жолдарынан біз орта ғасырдың өзінде-ақ оқымысты ғалымдардың тіл өнеріне үлкен мән бергенін аңғарамыз. Мына жылғанда байлық жинап, ішіп-жеуден баз кешіп, құдай жолында жүргендерге күнадан арылудың жолы, сондай-ақ құдай жолын таппай, теріс жолда жүргендерді де дұрыс бағытқа салатын осы тіл дейді. Дұрыс қолданбаса түзу жолдан адастыратын да тіл дейді. Орта ғасырда құнды болған бұл пікірлер қазірде адамзаттың барлығына қажетті құнды білім көзі деп айта аламыз. 

Ахмет Йүгнекидің дидактикалық тақырыпта жырлап көтерген кезекті бір мәселесі жомарттың қайырымдылығы және сараңның қассыздығы туралы. Ақын жомарттың елі үшін сыйлы, мақтаулы болатынын, сол әрекеті бар айыбын жуып-шайуына сеп болатынын, абырой-атағы мен ажар-көркін арттыратынын айта отырып, осы жолда сараңдық пен тәкаппарлықтан аулақ болуды ескертеді. Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) келтірген: «Алла кішіпейілдінің абыройын асырады, тәкаппардың құнын қашырады» - деген өнегелі сөздерін келтіре отырып, тәкаппарлықтан айырылып, кішіпейілділікі берік ұстау керектігін жырлады. 
                            Тәкаппар киімін кисеңіз, тез тастаңыз!
                            Халыққа көкірек керіп, тіл түйреме!
                            Ұлықсынба, абайлаңыз, ұлық бір құдай,
                            «Ұлықтық менікі. Сіз иеленбеңіз», - деген [ол].
                            Егер мақтанушы: «Менің тегім асыл», - десе,
                            Мен оның жауабын кесіп айтамын.
                            Бұл халық бір ата, бір анадан өрбіген,
                            Өте байқап қараса,
                            Бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ.

Адамдар бейнесі жағынан бірдей: атасы – Адам, анасы – Хауа тақырыбын өлеңдерімен ашып жеткізді. Көп ойлама, уайым-қайғың көбейеді, одан да еңбек ет деп үндеді. Өмірлік мал жиғың келсе, алдымен бөрікті киіп жүре аларлық бас керек дейді. Ашкөздіктің соңы өкініш, қайғы, қасірет, дүниқорлық – адамға тек бос бейнет дейді. Дүниеқор дүние байлығын теріп тоймайтынын, иесі қартайса да ашкөздік қартаймайтынын, оның тек қана топырақ астына кіріп көміліп жатқанда ғана қоятынын, қанша жиса да шаршамайтын ашкөздіктің емі табылмағандығын өз өлең-жырларымен ашына отырып жеткізді. Ақынның дидактикалық бағытта жырлаған үгіт-насихаттары мен өлеңдері дәстүр жалғастығымен алға ілесіп, бүгінгінің де өзекті мәселелеріне айналып отыр.

 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз