«Тәңірдің жазасы»: Қазақ даласындағы метеорит іздері мен құпиялары

21.11.2025
5351
«Тәңірдің жазасы»: Қазақ даласындағы метеорит іздері мен құпиялары - e-history.kz

Қазақстанның кең байтақ даласы әсем табиғаты мен ғана емес, ғарыштық құпияларымен ерекшеленеді.  Елімізде осыдан миллиондаған жылдар бұрын жер бетіне құлаған метеориттердің салдарынан пайда болған алып кратерлер кездеседі.

Зерттеушілердің айтуынша, елімізде төрт үлкен кратердің іздері сақталған: олардың бірі Ақтөбе облысының жанында, ал қалғандары Балқаш көлі мен Арал теңізінің маңында орналасқан. Бұл кратерлер планетамыздың бетіне алғашқы метеориттердің құлаған жерлері болуы мүмкін. 

Бүгін біз Қазақстандағы кратерлердің саны, олардың ерекшеліктері және жергілікті халық арасында жүргізілген мистикалық аңыздар туралы сөз қозғаймыз. 

Басында айтып өткеніміздей, қазақ даласында ресми расталған метеорит кратерлерінің саны төртеу. Бұл құрылымдар Халықаралық Жер соққылары дерекқоры (Earth Impact Database) тізіміне енген және ғалымдардың ұзақ зерттеулері нәтижесінде анықталған. 

Кратерлердің ең танымалдары – Жаманшың, Шұнақ , Биғаш және Шилі құрылымы.

Жаманшың кратері Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында жатыр. Ақтөбе қаласынан 50 км қашықтықта.

Шұнақ кратері (Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облысына жақын): Балқаш көлінің маңындағы Шығыс Шұнақ және Батыс Шұнақ егіз кратерлері.

Биғаш кратері (Солтүстік-Шығыс Қазақстан): Арал теңізінен солтүстікке қарай орналасқан.

Шилі кратері (Батыс Қазақстан): Арал теңізінен 320 км қашықтықтағы шөпті далада жатыр.

Бұл төрт кратердің пайда болу уақыты миллиондаған жылдарға созылады. Ғалымдардың болжамы бойынша, Қазақстанның геологиялық құрылымы метеориттердің соққысын сақтауға қолайлы. Қатты жыныстар мен құрғақ климат эрозияны біршама баяулатады.

Жаманшың кратері

Әрбір кратердің өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, Жаманшың кратерінің диаметрі 14 шақырым, жасы шамамен кемі 900 000 жыл (плейстоцен дәуірі) делінеді. 

Бұл кратердің ерекшелігі – ішіндегі импактиттер мен тектиттер, яғни метеорит соққысынан пайда болған әйнек тәрізді заттар өте көп. Олардың арасында «ырғызит» аталатын күңгірт шыны тамшылары бар, құрамында никель мен титан сияқты ғарыштық элементтер кездеседі. 

Ал жарылыстың қуаты Хиросима бомбасының миллион есе күшті болған деп есептеледі. Кратердің тереңдігі бастапқыда 500 метрге жеткен, қазір эрозияға ұшырап, 250-300 метрлік биіктіктер қалған. Бұл жерде табиғи алмас кристалдары мен сирек минералдар табылған, сондықтан ол ғалымдар үшін «сынақ лабораториясы» болып есептеледі. 

Мұнда 1975 жылдан бастап ресейлік академик П.Флоренский бастаған экспедиция жұмыс істеген.

Қазір кратер «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына енген және республикалық маңызы бар табиғи ескерткіш саналады. 

Шұнақ кратері

Диаметрі 3,1 км, жасы 12 миллион жыл. Шығыс Шұнақ  - ең жақсы сақталған кратерлердің бірі, тереңдігі 400 метрге жетеді. Оның ерекшелігі – метеориттің үлкен бөлігінің (36-40 миллион тонна) құлауы нәтижесінде пайда болған сақиналық құрылымдар. Жарылыс жыныстарды қопсытып, ішкі белестер қалыптастырған. 

Батыс Шұнақ – осы метеориттің үзіндісінен пайда болған кіші кратер (8 км қашықтықта). Бұл жерде палеонтологиялық қалдықтар, соның ішінде ежелгі өсімдіктердің іздері бар.

Биғаш кратері

Биғаш кратері - диаметрі 8 км, жасы 5 миллион жыл (миоцен немесе плиоцен). Эрозия мен адами фактор салдарынан (егіс алқаптары) нашар сақталған, бірақ орталық көтерілуі (central uplift) типтік метеорит кратеріне тән. Ғарыштан көрініп тұратын «арақұйрық» пішімі бар.

Шилі кратері 

Шилі кратері - диаметрі шамамен 5-6 км, жасы нақты белгісіз, бірақ плейстоцен кезеңіне жатады. Шөпті далада орналасқан, орталық шыңы бар. Кратер формасы жағалауларында ғана сақталған, ал оңтүстік беткейлері күн сәулесінен жарқырап ерекшеленіп тұрады.

Тәңірдің жазасы

Жалпы ғылыми дәйектерге сүйенсек, жер бетіне күніне 30 тоннаға жуық метеорит жаңбыры түсіп отырады.  Олардың салмағы да әртүрлі, граммнан басталып бірнеше тоннаға дейін жетуі де бек мүмкін. Дені атмосфераға енген бойда жанып кетеді. Ежелгі адамдар аспаннан жауған тасты Тәңірінің жазалауы деп білген. Сондықтан мұндай жерлерді көбінесе құлшылық ету орындарына айналдырған.

Себебі, аспаннан жауған тастар қорқыныш пен құпия тудырған. Халық арасында «ғарыштық тас» құлаған соң, жер қалтырап, мұз дәуірі басталған деген сенім бар.

Мәселен, жергілікті халық Жаманшың кратері жатқан жерді «Жамантау» деп атайды, себебі кратер маңында өсімдіктер сирек өседі, жәндіктер мен аң-құстар жоламайды. Аңыз бойынша, мұнда адам да, жәндік те жерленбейтін «жаман» жер болған. Сондықтан "Жаманшың" аталған.

Бұрынғы заманда кен орындары ретінде пайдаланылған, ал жаугершілік жылдары бекініс, пана ретінде қолданылды. 1960-жылдары бұл жерде құпия әскери бөлімше орналасқан деген деректер бар. 

Шұнақ кратерінің құпиялары

 Шұнақ маңындағы Тайытқан-Шұнақ петроглифтері (тастағы суреттер) ежелгі адамдардың өмірін бейнелейді: аңшылық, мифтік жаратылыстар және аспандық символдар. Бұл суреттер кратердің пайда болуын «аспаннан түскен отты дөңгелек» деп сипаттайтын сияқты. Жергілікті аңыздарда Шұнақ – «ғарыштық жаратылыстың жолы» метеорит құлаған соң жер бетіндегі тіршілік өзгерген деп айтылады.

Бұл кратерлердің ортақ ерекшелігі – жоғары температура (1700°C-қа дейін) мен қысымнан жыныстардың балқып, әйнекке айналуы. Олар жер қыртысының өзгеруіне алып келген. Тіптен мұз дәуірінің басталуына әсер еткен болуы мүмкін делінеді. 

Қазақстандық ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, бұл кратерлерден табылған тектиттер (ыргизиттер) ғарыштық материалдың дәлелі болып отыр.

 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз