2025 жылдың 14 қарашасы күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультеті, Қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик, қоғам қайраткері Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың 85 жылдық мерейтойына арналған «Фольклортану мен әдебиеттану ғылымы: өзекті мәселелер және жаңа парадигмалар» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шара Қазақ әдебиеті кафедрасының «Көрнекті әдебиеттанушылар» галереясына академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың портретін ілу рәсімінен басталды. Бұл ғалымның қазақ руханияты мен ғылымына сіңірген өлшеусіз еңбегіне көрсетілген ерекше құрметтің белгісі.

Конференция жұмысына Қазақстан мен шетелдің фольклортану, тіл білімі және әдебиеттану салаларындағы жетекші мамандар қатысты. Түркия, Өзбекстан, Ресей Федерациясының Татарстан республикасынан келген белгілі ғалымдардың қатысуы шараның халықаралық дәрежесін айқындай түсті.
Пленарлық отырысты филология ғылымдарының кандидаты, факультет деканы Серікзат Мақсұтұлы Дүйсенғазы жүргізді. Алқалы жиынның ашылуында Басқарма төрағасы-ректор, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың мерейтой иесіне арналған құттықтау хаты оқылды. Құттықтау сөзді университет проректоры Ардақ Бисембаев жеткізіп, ғалымның ғылымдағы жаңашылдығын, әдіснамалық мектеп қалыптастырудағы рөлін, фольклортану мен әдебиет теориясына қосқан үлесін айрықша атап өтті.

Ерлан Бәтташұлы өз сөзінде Сейіт Асқарұлының ЕҰУ тарихымен тығыз байланысты қызметтік кезеңдеріне тоқталып, оның 1997-2001 жылдары «Еуразия» ғылыми орталығы мен Шығыстану факультетін қалыптастырудағы еңбегін, 2012-2019 жылдары Қазақ әдебиеті кафедрасына басшылық ете жүріп университеттің ғылыми әлеуетін көтеруге қосқан үлесін ерекше бағалады. Сонымен бірге ұстаздық жолында 27 кандидаттық, 13 докторлық, 3 PhD диссертация қорғауға жетекшілік еткенін атап өтті. Академиктің қазақ фольклоры мен әдебиеттануындағы тұтас ғылыми бағыттарды жаңаша пайымдап, жаңа парадигмалар ұсынған жаңашыл ғалым екені баса айтылды.
Сонымен қатар конференцияға арнайы жолданған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековтің құттықтау хаттары оқылды.
Ғалымның замандастары, әріптестері мен шәкірттері де алаңға шығып, өзінің жылы лебіздерін білдірді. Татарстан ғылым академиясының академигі Хатип Миннегулов, Қазан федералды университетінің профессоры Флёра Сайфуллина және басқа да белгілі ғалымдар Сейіт Асқарұлының түркі дүниесіндегі фольклортану ғылымын жаңа деңгейге көтерген тұлға екенін ерекше атап өтті. Олардың жүрекжарды пікірлері конференцияның рухани салмағын арттыра түсті.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі құттықтау сөз барысында Сейіт Қасқабасовтың ғылымдағы зерттеу ерекшелігіне тоқтала отырып, ғалымның тұлғалық қасиетін әр қырынан айшықтай түсті.
«Сейіт Асқарұлы – төрт құбыласы түгел тұлға деуге болады. Біріншіден, оның алғашқы қыры – терең ғұлама ғалым болуы, әлемдік деңгейде мойындалған ірі тұлғаға айналуы. Атасын Мұхтар Әуезовтің өзінен алып, тақырыбын бекіткен Сейіт Асқарұлы шын мәнінде әлемдік фольклористикада атын қалдырған ірі ғалым.
Екіншіден, ол кісі артында керемет мектеп қалдырды. Бұл әрбір ғалымға нәсіп бола бермейтін үлкен бақыт. Осындағы барлық шәкірттерді, әсіресе филология мен гуманитарлық саладағы, президиумда отырған кісілерді Сейіт ағаның балалары деуге болса, ал қалғандары – оның немерелері болып саналады. Ал Сейіт ағаның өзі Мұхтар Әуезовтің рухани баласы болып есептеледі. Абай бастаған, Шәкәрім мен Мұхтар Әуезов сынды алыптардың кіндік қаны тамған туған жерде дүниеге келген Сейіт аға да сол алыптар керуеніне қосылған тұлға.
Үшінші қыры – Сейіт ағаның керемет ұйымдастырушы болуы. Бүгінгі күні көп айтылатын «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жасалған жүз томдық еңбек – тек қазақ халқының қазынасына ғана емес, күллі түркі әлемінің баға жетпес мұрасына айналған үлкен еңбек. Бұл халқымыздың, ұлтымыздың адамзат алдындағы рухани мұраға қосқан зор үлесі деп бағалауға болады. Сонымен қатар, Сейіт ағаның жинақтаған он томдық еңбегі де ТМД мемлекеттерінің ішінде өз әдеби мұрасын дәл осындай толыққанды жинаған бірден-бір үлгі болып табылады. Ертегіден тақырып шыға ма деп таң қалғандар болғанда, біздің қиял-ғажайып ертегілерімізді басқа ғылымдармен сабақтастырып, оны мифологиямен байланыстыра отырып, «қазақта миф болмаған» деген пікірлерге тойтарыс берді. Қазақ мифтерінің грек, рим мифтерінен де терең екендігін дәлелдеп шықты. Сейіт аға ұлттық санамыздың қалыптасуына айрықша үлес қосты, оны қасиетті кітаптармен салыстыра отырып зерттеді.
Төртінші қыры – Өзбекәлі Жәнібековтің жанында жүріп, Алаш арыстарын ақтауға қосқан үлкен үлесі (бұл жөнінде Сауытбек ағамыз тереңірек айтады деп ойлаймын). Сондықтан Сейіт аға – тәуелсіздіктің іргесін бекіткен, сол тұстағы арайлы азаттық кезеңінде еліміздің еңсесін тіктеуге ерен еңбек еткен қайраткер тұлға ретінде бағалауға болады», - деді.
Ғалымның ғылымға арнаған ғұмыры жайлы атап өтер болсақ, ол ҚР ҰҒА академигі, ұлттық фольклортану мен әдебиеттану ғылымын жаңа деңгейге көтерген көрнекті ғалым. 1969 жылы кандидаттық, 1989 жылы докторлық диссертация қорғап, қазақ халық прозасының жанрлық табиғатын терең зерттеді. Әдебиет және өнер институтын ұзақ жылдар басқарды, түрлі ғылыми және мемлекеттік құрылымдарда жауапты қызмет атқарды. 1990 жылдары Алаш арыстарын ақтау ісіне жетекшілік жасап, ұлттық аттестациялық жүйені қалыптастыруға үлес қосты. «Қазақ ертегісі», «Қазақтың халық прозасы», «Абай және фольклор» сияқты еңбектері отандық фольклортанудың ғылыми бағдарын айқындады. Сондай-ақ «Қазақ әдебиеті тарихы» мен «Әдеби жәдігерлер» секілді ірі жобалардың жүзеге асуына бастамашы болды.

Ғалым еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ҚР Мемлекеттік сыйлығы мен «Құрмет», «Парасат» ордендеріне ие болды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай ғалымның ғылыми мұрасы, ғұмырлық ұстанымы жайлы:
«Өзінің ұстанымында да, ғылыми ілімінде де белгілі бір мақсат пен нәтиже болуға тиіс. Осы тұрғыдан қарағанда қазақ ғалымдарының ішінде, әсіресе әдебиет теориясы саласында — ғылымды жүйелеу, мәтіндеу, тақырып қою және сол қойылған мәселелерді шешу тәсілдері жөнінде — білімі терең ғана емес, ойын нақтылы жүйелеп, сатылап, орнына қойып, шәкірттеріне түсінікті етіп жеткізе алатын екі ғалым болды. Оның бірі – марқұм Зәки Ахметов. Ал мен білетін екінші ғалым – Сейіт Қасқабасов.
Сейіт ағай қандай тақырып қойылса да, оның шешілу жолдарын, талдау әдіс-тәсілдерін нақты көрсетіп беретін. Ең соңында, қорытындыны дайын күйде бермей, оны өзің шығаруың керектігін айтатын. Өйткені ғылыми қорытындыға шәкірттің өзі келуі – нағыз үйретудің бірден-бір жолы. Осындай ұстанымдағы ғалым-ұстаздың еңбегі ғана нәтижелі болмақ. Сейіт марқұм – нәтижелі ғылымның иесі еді, және оның нақты, терең ізі ғылымда айқын қалды деп есептеймін», - деді.
Пленарлық мәжілісте фольклортану мен әдебиеттану саласының жетекші өкілдері баяндама жасады. Атап айтқанда, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ф.ғ.д., профессор Сауытбек Абдрахманов, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Кенжехан Матыжанов, ҚР ҰҒА академигі, профессор Бауыржан Омаров, ҚР ҰҒА академигі, профессор Дихан Қамзабекұлы, профессор, PhD Метин Екижи, ҚР ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиев, доцент, PhD Фазиль Оздамар, ф.ғ.д., профессор Галина Власова, ф.ғ.д., профессор Абат Пангереев, ф.ғ.д., профессор Жанат Аймұхамбет, ф.ғ.д., профессор Алмасбек Әбсадықов мазмұны терең, ғылыми құндылығы жоғары баяндамалар жасады.
Ғалымның шәкірті ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Кенжехан Матыжанов ұстазы жайынан әдебиеттанудағы ғылыми мұраларын саралай отырып, оның қазақ халық прозасының жанрлық құрылымын айшықтағаны жайлы:
«Енді Сейіт Асқарұлының жалпы қазақ әдебиеттану ғылымына, қазақ фольклортану ғылымына әкелген үлкен-үлкен жаңалықтары бар. Сейіт Асқарұлы бірінші рет ғылыми ойлауды әкелді. Біз осы уақытқа дейінгі әдебиеттану ғылымының көпшілігінде көркемдік ойлау тұрғысынан қарап, кез келген шығарманың көркемдік мәселесіне ғана көңіл аударатынбыз. Ал бұл кісі ғылыми ойлауды, ғылыми жүйелерді және ғылыми көзқарастарды қалыптастырды.
Осы тұрғыдан келгенде Қасқабасовтың қазақ фольклортану ғылымына әкелген жаңалығы және оны қалыптастырып, үлкен өреге көтерген еңбегін ерекше атап айтуымыз керек. Содан кейін барып «Қазақ халық прозасы» деген еңбегін жазды. Біз сол уақытқа дейін, Сейіт Асқарұлының «Қазақ халық прозасы» шыққанға дейін, қазақ халық прозасының екі-ақ жанрын білетінбіз: біреуі – ертегілер, біреуі – аңыздар. Аңыздық прозаның барлығын «аңыздар» деп қана түсіндіретінбіз. Болды, басқа ештеңе жоқ деп ойлайтынбыз.
Ал ол кісі қазақ аңыздық прозасының өзіне оншақты жанр әкелді. Хикаят, әпсана, әпсана-хикаят деген жанрлық түрлерді, сондай-ақ мифтік жанрларды ғылыми айналымға енгізді. Осы жанрлық түрлердің өзіндік ерекшеліктері қандай екендігін қазақ фольклортану ғылымына бірінші болып әкеліп, ашып көрсеткен және оны желілі түрде дәлелдеп берген – Сейіт Асқарұлы Қасқабасов», - деді.
Іс-шара аясында ғалымның шәкірті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, философия докторы (PhD) Әлімбаев Аслан Есімханұлмен пікірлескенімізде, ол Сейіт Қасқабасовтың ғылыми мектебі жайлы:
«Ағайдың ғылыми мектебі – ауқымды. Жиырма беске жуық, отызға тарта ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарын даярлаған. Ағай фольклористика және әдебиеттану бағыттары бойынша көптеген ғылыми-зерттеу еңбектер жазды. Жалпы төрт жүзге жуық ғылыми еңбегі бар, оның ішінде жиырма екі еңбегі тікелей ағайдың өзінің авторлығымен шыққан екен. Сонымен қатар мемлекеттік деңгейдегі «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Бабалар сөзі» атты жүз томдық классикалық әдеби жәдігерлер жинағы, сондай-ақ жиырма томдық еңбектер – ағайдың тек қана ғылыммен айналысқан емес, ғылымды ұйымдастырушы үлкен тұлға екенін көрсетеді. Фольклор саласында да, әдебиеттану саласында да, жалпы қоғамдық ғылымдарда, тәуелсіз Қазақстанның жоғары білім мен ғылымын ұйымдастыру ісінде – ағай ірі өкілдердің бірі деп білеміз. Ағайдың тақырып берудегі, шәкіртпен жұмыс жасаудағы ерекшелігі – негізгі нәтижеге жеткенше жолын өзі көрсетпей, бағытты меңзеумен ғана шектелетін. Қорытындыны өзі біліп тұрса да, шәкірттің өздігінен жетуін қалайтын. Тақырып таңдауда да өте ұтымды тақырыптар ұсынатын. Мысалы, менің тақырыбым – «Толық адам және ізгілікті қоғам», «Консервис және доктрина», «Мәңгілік ел: адам, қоғам, мемлекет». Бұл ағайдың шәкіртіне деген ықыласы, қаталдығы және ғылымға деген адалдығының белгісі деп білеміз. Ағайдың бір есте қалған сөзі бар: «Мақала жазғанда әр сөзіңе абай бол, әр сөзіңе жауап беретін уақыт келеді». Сол сөздердің мағынасын ғылым жолында жүргендіктен қазір түсініп жүрміз», - деді.

Конференция аясында «Академик Сейіт Қасқабасов және қазіргі фольклористика міндеттері», «Сейіт Қасқабасов мұрасы және мемлекетшілдік мұрат», «Сейіт Қасқабасов зерттеулері және пәнаралық ықпалдастық» секциялары жұмыс істеп, ғалым еңбектерінің бүгінгі фольклортану, филология және гуманитарлық білім беру жүйесіндегі маңызы жан-жақты талқыланды. Сейіт Қасқабасов негізін салған ғылыми мектеп өкілдерінің жаңа парадигмалар аясындағы зерттеу бағыттары да арнайы қарастырылды.
Жиын соңында конференцияның қорытынды қаулысы қабылданып, онда Астана қаласындағы бір мектепке немесе көшеге академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың есімін беру жөнінде ұсыныс білдірілді. Сонымен қатар университет қабырғасында ғалымның ұзақ жылдық еңбегін құрметтеу мақсатында «Академик Сейіт Қасқабасов» атындағы аудитория ашу мәселесі көтерілді.
Суреттер ЕҰУ сайтынан алынды