Тұғырыл мен Шыңғысхан тағдырын жаңа қырынан суреттеген «Құлабыз» романы жайлы

12.11.2025
5620
Тұғырыл мен Шыңғысхан тағдырын жаңа қырынан суреттеген «Құлабыз» романы жайлы - e-history.kz

Жақында ғана жарық көрген этнограф әрі жазушы Байахмет Жұмабайұлының «Құлабыз» романы — түркі дәуірінен тамыр тартқан ұлы даланың тарихи жадын көркемдікпен жаңғыртқан шығарма. Онда Тұғырыл хан мен Шыңғысханның, олардың ата-бабалары мен ұрпақтарының тағдыры аңыз бен ақиқаттың түйіскен тұсында суреттеледі. Әдебиеттанушы, ақын Мырзағали Тоқтаубай бұл туындының өзге тарихи романдардан ерекшелігін атап, автордың тарихи шындық пен көркемдік тепе-теңдігін сақтаудағы шеберлігін талдайды. Төменде мақаланың толық нұсқасын оқырманға ұсынамыз. 

Мен жақында жазушы, этнограф Байахмет Жұмабайұлының «Құлабыз» атты тарихи романын оқып шықтым. Шығарма көптің қолына да тиіп үлгірді. Романды оқығандар әсіресе, әдебиетші қауым бұл туралы не ой түйіп жатқанын білмеймін, бірақ, мен де бір оқырман ретінде романның басқа тарихи романдарға ұқсамайтын ерекше тұстарына өз ойымды білдіре кетсем деп ойлаймын. Әдетте біз ұқсас тақырыпқа жазылған шығармаларды оқысақ, шығарманың ортақ жағын емес, қайта даралық жақтарын көбірек ой елегінен өткіземіз. Үйткені, оның басқа үзеңгілес шығармалардан өзгешелігі де тақырыпты қалай пайдаланғанынан байқалмай ма?

«Құлабыз» романында Тұғырыл хан мен Шыңғысханның және олардың ата - бабаларының, ұрпақтарының тағдыры талқыға түседі. Ол кезде өздері жасаған сахараның қожасы болу кім - кімнің де арманы еді ғой? Роман осы төңірегіндегі аласапыран жағдайды, атап айтқанда: жаулап алу соғысын, ру - тайпалар арасындағы қақтығысты және шонжарлар арасындағы текетіресті баяндайды.

Шыңғысхан тіпті Тұғырылхан туралы ауызша таралып, аңызға айналған әңгімелер, тарихи материалдар жеткілікті. Бұл тарихи материалдар нақтылықтан көрі, «мүмкіндікке» көбірек иек сүйейді. Қалай дегенмен де осы тарихи деректерден пайдаланып тарихи роман жазатын жазушыларға қойылатын талап көп, соның бірі тарихта болған шындықтан алшақтап кетпеу. Шыңғысхан туралы да соны айту керек. Шыңғысханның өмірі тиек болатын романдар қанша ма? Шыңғысхан сөз болады екен, оның қанаттануына бірден-бір себепші болған Тұғырыл да сөз болмай қоймайды. Ал енді олардың ұрпақтарының тағдыры онан да күрделі. Егер автор бұның бәрін жіпке тізгендей, болмаса әр нұсқаларын қалдырмай төбелеп баяндай берсе, роман қоқсық үйіндісіне айналар еді. Бірақ, «Құлабызда» автор олай істемеді, қайта дәстүрлі роман жазушылары сияқты материалдарды сараптап алумен қоймай, шығарманың күрделілікке бой ұрып кетпеуін қадағалаған. Ол үшін алдымен, жазушы романға көп материалдардың ішінен өзі солай болуы бек «мүмкін» деп қараған материалдарды басты орынға қоя білген. Әрине, бұны тек материалдардың үймесі етпей, автор өз сезімін сіңдіріп, көркемдік деңгейге көтеруге тырысқан. Енді бірі, автор шығарманың күрделілігінен сақтанып, әр мазмұнға жеке-жеке тақырыпшалар қойып, оқырманға жеңіл жетуін қадағалаған. Оқырман шығарманы оқып отырғанда, әр тақырып бір-бір шешімі бар әңгіме сияқты сезіледі, іс жүзінде, бұл бөлектер үлкен бір жүлгенің толықтырушысы немесе тұтас композициялық құрылымның кірпіштеріне айналып, тұтас шығарманың тұлғасын құраған. Соңғы бірі, шығармадағы суреттеулер ханды да, батырды да әлемді аласапыран еткен керемет күш иесіне айналдырып жібермейді. Қайта (ішінара аңыздық үлгілерді қоспағанда) қарапайым адамның табиғатына жуық, әрекеттері реалдыққа үйлесімді етіп суреттелген. Автордың бұл түйінді ұстай білуінің өзі шығарманың оқырман көкейінен тереңірек орын алуына ұмтылысынан болар.

Бәқәң шығармасын бұрынғы дәстүрлі тарихи романдардан өзгешерек ету үшін, кейіпкерлер туралы, аңызға айналған деректер туралы тың материалдарға сүйнуді мақсат еткен. Бұған және өзінің осы деректерге, «бұл олай емес, былай болуы мүмкін» деп қараған көзқарастары мен ой жоралғыларын ортаға салып батылырақ қимыл жасаған. Айтар болсақ мынадай:

Бірінші, автор айтулы тұлғалар: Тұғырыл хан және Шыңғысхан туралы, әсіресе, олардың есімдері туралы басқаша дерек немесе болжам айтады. Мәселен: Тұғырылдың есімі Байбұға болса, Шыңғысханның есімі Темучин болатын. Тарихи шығармаларда, зерттеулерде Байбұға Тұғырыл немесе Уаңхан аталады да, Темучин Шыңғысхан аталады. Алайда жазушы Байахмет Жұмабайұлының «Құлабыз» романында Байбұға Тұғырылхан емес, Тұғырхан болып, Темучин Шыңғысхан емес қайта Шыңқұзхан болып шығармада бастан-аяқ баяндалады. Олардың бұлай аталуының себебі романда өзінше дәлелденген, деректер мен дәйектер арқылы ашаланып, нақтыланып көрсетілген. Романда автор Байбұғаның қалай Тұғыр аталғанын былай сипаттайды: «Ежелгі хандықты қайта жаңғыртып, халқын бақытты етуге серт еткен Байбұғаны төбелеріне көтерген <қыран құстың тұғырына қонғаны, көк бөрінің апанына оралған> сияқты, еліміз тұғырлы болу үшін, Байбұғаны <Тұғыр> атайтынын білдіріскен жұрт бұдан былайғы жерде Байбұға есімін қалдырып, <Ел Тұғыры> атайтын болып келісті. Сөйтіп Тұғырға бұл елдің бақыты мен болашағын тапсырып үлгірді» (182 бет).

Екіншіден, шығармадағы баяндалған кей уақиғалар немесе деректер бұрыннан айтылатын тарихи сарыннан бөлектеу келіп отырған. Атап айтқанда, бұрыннан келе жатқан тарихи деректер мен аңыздарда Жошы ханды аңшылықта жүрген кезінде ақсақ құлан теуіп өлтірген болып келеді. Алайда, Бәкеңның «Құлабызында» бұл айтылымға күмән келтіріліп, басқа түрлі дерек айтылады яғни Жошыны Шыңғысханның тоқалы Құлан ханым қастап өлтіреді. Роман бойынша айтқанда, Шыңғысханның әйелдері өз балаларын мұрагер ету үшін бір-бірінің балаларына қастық сайлайды. Бөрте Құланның тақ мұрагері етемін деген ұлын өлтірсе, Құлан Жошыны аң аулап, саят жасап жүрген жерінен өлтіртеді. Осы арқылы автор тарихи деректерде кемшіл тұстардың барлығын дәлелдегісі келеді. Немесе қаһарлы ханға Жошының өлімін жеткізушілер «Жошыны ақсақ құлан теуіп өлтірді» деп бұрмалап жеткізген деген ұстанымын айтпақшы болады.

Байахмат Жұмабайұлының бұл шығармасында тағы басқа оқырманды ойға салатын мазмұндар жетерлік. Осылардың ішінен көрнекілері ретінде – соғыс қимылдары мен әдістерін,  әйелдер тағдырын, дін мәселелерін, ру-тайпалардың шығу тегі мен шежіресін атауға болады. Әрине, шығармада «Құлабыздар» есептелетін Шыңғысхан мен Тұғырылхан бар болады екен, олардың өмірін соғыссыз елестету мүмкін емес. Одан кейінгі олардың ұрпақтары да сол бақ талас пен тақ таластың ортасында өмір кешті. Бұлардан бұрынғы ру-тайпаларға иелік етушілердің мақсаты да, өз ойлағанына жеткен соң тұтас сахараға қол созу болған-ды. Өйткені, олар ондай арманға талпынбаса, күндердің бірінде басқа бір күшті тайпаның құлқынына жұтылып кететінін білетін еді. Ал ондайға келгенде билеушілердің санасында адамгершілік, обалшылық дейтін ұғым болмайтын. Өз кезегіне келгенде Шыңғысхан да солай істеді. Ол Тұғырылды өкіл әке ретінде пайдаланып, сол арқылы өз дұшпандарының көзін жойды немесе әлсіретті. Ол әбден күшіне келіп алған соң, сахараның қожасы болғысы келді. Осылайша өкіл әкесін жер қаптырып, оның барлық нәрселерін өзіне қаратып алды. Осылардың барлығы соғыссыз, айласыз, соғыс әдістерінсіз қолға келмейтіні анық. Романда бұдан басқа соғыс барысындағы қақтығыстар, аңдысулар мен айла-шарғылар Шыңғысхан мен Жамуха арасында да болды. Тіпті, Шыңғысханның ұрпақтарының билікке таласып, қан төгіс жасағанын ескерсек те жеткілікті. Құбылай мен Хайдудың бастарынан кешкендері бұның айғағы. Алайда автор осылардың барлығын әсірелеп, реал аймақтан шығарып жібермейді. Тек оқырманға жететіндей етіп, қарапайым да, әдемі суреттейді. 

Шығармада әйелдердің тағдыры да қағыс қалмайды. Кейбір тарихи шығармаларда, кей тарихи аңыздарда хан-патшалардың, билеушілердің әйелдері  қожайынының жеке меншігі характерін алады. Мысалы: егер бір патша және бір патшаның басын алып жатса, оның сұлу ханымын немесе ханшасын өзіне әйел етеді. Қазақ батырларының арасында да «қыз олжалау» бар болғанын білеміз. Ал әйелдер қауымы оны үнсіз қабылдауға міндетті. Ал бұл шығарма да менің көзіме түскені, автордың әйелдердің жарына адалдығын, әйелдік намысын қорғау жолындағы әрекетін, олардың да ішкі жан дүниесінде тартыстар болатынын да қағыс қалдырмай суреттеуі. Шығармада Таян ханның ханымы Гурбасу Шыңғысханнан намысы тапталғаннан кейін батылдықпен өз басын өлімге байлайды. Бұл автордың әйелдердің зорлықты қаламайтын, адал және намысын өзінен биік қоятын образын сомдаудан да қағыс қалмағанын көрсетеді. Бұдан сырт Бөртенің ақылдылығы мен даналығы; Амбағайдың қызы Сораның батылдығы қатарлыларды сөз етуге болады.

Қазіргі Қазақ қоғамында Шыңғысхан «Қазақ», «Қазақ емес» дейтін талас тартыстар көбейді, бұл тартыстар Түркі тектес ұлттар арасында да қатты жүріліп жатыр. Тіпті кей ру-тайпалар өздеріне меншіктеудің де түрлі тірлігін істеп жанталасуда. Бірақ, Бақаң бұл шығармасының басынан аяғына дейін ұлт туралы бір дерек келтірмейді. Шығармада әрекет еткен Шыңғысхан, Тұғырылхан қатарлы тұлғаларды қамтыған кейіпкерлердің ешқайсысы да белгілі бір ұлтқа телінбейді. Қайта олар белгілі бір ұлт деңгейіне көтеріле қоймаған тайпалар немесе тайпалар одағының «құлабызы» ретінде сипатталады. Өйткені, осы мезгілде орта Азиядан тартып сонау бүгінгі Моңғол даласына дейінгі ұланғайыр жалпақ далада көшпенді өмір кешіп жатқан ру-тайпалар әлі де болса ұлт деңгейіне көтеріле қоймаған еді. Автор осыны жінтіктей дәлелдегісі келді ме екен, тарихи деректерден, аңыздардан пайдаланып, сол дала халқының шығу тегі туралы, ру-тайпалардың шығу тегі туралы өз дәйектемелерін шығарманың желісіне кіргізеді. Шығарманың басына ала Амбағай мен Марғұздың кеңесі арқылы Түркі тайпаларының арғы тегі туралы айтылса, одан бері кей тарихи аңыздар арқылы Татар, Қият, Қоңырат сияқты тайпалардың шығу тегінен дерек береді.

Бұдан тыс дін тақырыбы да қағыс қалмайды, бұл кезеңде діннің, сенімнің ролы да жоғары болатын. Осы мезгілде тайпаларда көне тотемдік сенім де болды, сонымен бірге сол халықтар арасына батыс жақтан христиан, оңтүстік жағынан буддалық сенімдер де дендеп тұрған кез еді. Дегенмен ру-тайпалар арасында таралып жүрген діндер тек танымдық деңгейде болса да, тайпалар ара қақтығыстарда бұл сенімдердің ролы да күшті болатын. Бұның бір мысалын, шығармадағы ағайынды - інілі Таян мен Бұйрықтың бір - бірімен ат кекілін кесісуін алуға да болады. Таян Несториан дініне, ал інісі Бұйрық Мәни дініне сенеді. Сонымен «екеу ара қақтығыс ұлғайып, ақыры өзара бір - бірінен бөлініп» кетеді. 

«Құлабыз» тарихи реалистік көркем шығарма болса да, онда  аңыздар, түстер, аяндар қолданысқа түскен, сонымен бірге этнографиялық дүниелер мен архаизмдер де бар. Шығармадағы аңыздар, түстер және аяндар тұтас романдағы ойды реттеп, айқындап беру үшін қызмет еткен, әрі шығарманың толықтырушы деталына айналып отырған. Мысалы: Темучиннің жынмен алысуының өзі оның бейнесін аша түседі. Бұл аңыз дық бейне болса да, оқырманды түсінен оянғандай сезімге апарады. Тағы сол сияқты Қайысханның үңгірден жер табуы да сондай, аңызда былай делінеді: «Бір жолы Алтынбек ханның ұлы Қайсылхан бір үңгірге кез болады. Үңгірді найзасымен шұқылап аузын кеңейтсе, тым терең екен. Не де болса үңгірмен ары жүрсе - аржағынан кең жазира елді мекенді көреді. Қайсылхан ендігі жерде үңгірді кеңіттіріп осынау қамауда жатқан елді құрсаудан шығарады». Және де нақтай түсу үшін Құршақұстың аңға шыққандағы атының аяғына ағаш тамырларының оралып алып, оны Құршақұстың қылышпен шауып атының аяғын босатып алуын айтсақ та болады. Бұл бір аңыз құдды ертегі мен шынның арасында өң мен түстей болып көрінгенімен, шындығында Құршақұстың характирін ашуға көмек береді. Шығармадағы осы сияқты аңыздардың өзі біраз ойдың тиегін ағытады.

«Құлабызға» көптеген этнографиялық дүниелер енгізілген. Бұл  салт-сана, әдет-ғұрып, мақал-мәтел сияқты дүниелер сол дәуірдегі әрбір ру-тайпалардың нақтылы өмір салтынан дерек береді. Оқырманды өткенге ой жүгіртіп, «ия, сондай екен ғой» дейтін таным-түсінікке жетелейді. Салтқа Құрсанның Құршақұсқа тұз ұстап ант еткенін айтуға да болады.

Романда қолданылатын сөз, сөйлеу мәнері, бейнеленілетін тұрмыс суреттері сол кездегі тарихи кезеңмен үйлесім табуы керек. Архаизмдер мен диалектерді қолдану тым шектен шығып кетсе де болмайды. Роман ескірген сөздер, атаулар мен терминдерді пайдаланғанда бұл талаптарды орындады деп ойлаймыз Дегенмен ескірген, архаизмге айналған сөздер немесе атаулар арқылы автор шығармаға сол байырғы заманның бояуын беріп отырған. Мысалы: «көртөбе», «ертул», «бәзімшілдер», «желбуаз көрік», «желтеңгір көрік» сияқты сөздер мұның айғағы.

Романда автор кейіпкерлердің күрделі образдарын да жасай білген. Соның ең басында тұратыны Шыңғысханның өзі. Оның ең алғашқы мақсаты өз әулетін, өз руын сақтап қалу болатын. Ол сол үшін өкіл бала болып Тұғырылды паналайды, сонда жетіледі. Сүйтіп оның арман - мақсаттары көбейе береді: Тұырылдың күшінен пайдаланып өз жауларын жер жастандырады, күшейген соң, Тұғырылдың өзін жояды да, елін өзіне қаратып, бағынбағандарын тоз топалаң етеді. Үйткені оның алдында әке-балалық қарым-қатынас емес, қайта тұтас сахараның билеушісіне айналу мақсаты тұр еді. Бірақ көптеген жазушылар Шыңғысханның бұл опасыздығын ерлікке балап, оны ақтап алғысы келеді. Ал бұл шығарманың авторы Шыңғысханды жақтап та, даттап та ой білдірмей реалдық жақта тұрғысы келеді. Бүкіл шығармада Байахмет Жұмабайұлының ұстанған позициясы да осы сияқты. Ол болмысты өз қалпында жеткізуге, белгілі руға немесе тайпаға, белгілі кейіпкерге жақтас болмай өзін қалыс ұстауға бекінгенін де байқау қиын емес. 

Шығармадағы қарапайым да күрделі кейіпкердің және бірі Қарашора, онда батырлық та, уәдеге беріктік те, адамгершілік те бар; Оған қоса айлакерлік және сатқындық та бар; Ханмен теңесе алатын алғырлық, ақылдылық та бар; қай тайпаға қызмет етсе де, серт еткен аманатты сәтті орындай біледі. Ол Марғананың басы алынғанда сабырлық сақтайды, артық әрекет жасау жараспайтынын сезіне біледі, бұнысы сұңғылалық деуге келеді.

Біз жоғарыда Байахмет Жұмабайұлының «Құлабыз» атты тарихи романының өзіміз басқа тарихи романдардан өзгешелеу - ау деп қараған тұстарына аздап тоқталуды мақсат тұтқан едік. Солай бола тұра қазірше байқаған кейбір кемшілік тұстарын атап өту де дұрыс болар деп ойлаймын. Мәселен: әр дәуірдің өзіндік тіл ерекшеліктері бар бола тұрса да, сонау 12, 13 ғасырлардағы уақиғаларды баяндау барысында, әсіресе, диалогтарда «мәдениет», «ғылым-білім», «өркендеу», сияқты осы дәуірдің сөздері мен атауларының қолданылып кетуі бар. Және бір айта кететін жәйт, романның кей бөлектерінде ру-тайпалардың аттары көп тізбектеліп кетіп отырады. Бұндай тізбектеуде автор білімділігін көрсету үшін емес, ескі, ежелгі тарихтың бетін ашып, жүлгесін көрсету үшін әдейі қолданған да болуы мүмкін. Бірақ, бұл тарих емес, көркем шығарма болғандықтан ондай әдістің керегі болмас еді. Оқырман көркем шығармадан ләззат алады, ондағы тарихты зерттеп отырмайды ғой? Бұндай жағдайлар оқырманның оқуына біраз ауырлық келтіре ме деп ойлаймыз. Бұдан сырт, романның желісін бұзып, құрлысын қиратып кетпесе де, тарихи тұлғалардың жасы жақтағы парқы тым қатты ескерілмеген сияқты сезіледі. Мәселен, Тұғырыл үйленгенде Темучинге құда түсіп жатады, іс жүзінде олар әкелі - балалы адамдар. Мүмкін бұл Тұғырылдың кейінгі әйелдеріне үйленуін айтпақшы болғандағы ағаттықтар ма, ол жағын автор айта жатар. Дегенмен роман өзінің тың тұспалдарын батылдықпен ортаға салған, шынайылыққа неғұрлым ұмтылыс жасаған, дәстүрлі тарихи романдық міндетін жақсы орындаған шығарма дегіміз келеді.

                   Мырзағали Тоқтаубай  

ақын , әдебиеттанушы

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз