ҚР Ұлттық архиві Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Архив-2025: архивтегі аманат» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Конференция 2020-2025 жылдар аралығында болған «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асырудың қорытынды кезеңіне арналған.
«Архив-2025» бағдарламасының нәтижелері «Архив-2025» бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті үйлестіру және әдістемелік жұмыстар жүргізді. Бағдарлама шеңберінде мемлекеттік органдармен, архивтермен, университеттермен, ғылыми-зерттеу институттарымен және ғылыми қауымдастықпен бірлесе отырып, ұлттық тарихты терең әрі жан-жақты зерделеуге мүмкіндік беретін ғылыми зерттеулер ұйымдастырылған. Бұл зерттеулер отандық және шетелдік архивтерден алынған құжаттар негізінде іске асқан. Бағдарлама аясында алыс-жақын шетелдердің архивтерінен Ресей Федерациясы, Түркия, Венгрия, Чехия, Қырғызстан, Германия, Үндістан, Египет, Катар, Иран, Англия, Әзірбайжан, Армения, Бельгия, Моңғолия, Польша, Беларусь, Грузия, Латвия және Тайвань елдерінен Қазақстан тарихына қатысты материалдар мен құнды құжаттар әкелінді. Қазіргі таңда бұл құжаттар Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 83-қорында сақтаулы тұр.

Конференция барысында «Архив-2025» жобасы аясында әкелінген құнды архив материалдарының көрмесі қойылды. Оның ішінде тарихи тұлғалардың суреттері мен қазақ халқының ежелгі карталары, сондай-ақ, Үндістан Ұлттық архивінен табылған «Қазақ көшіне қатысты қабылданған шешімдер, оларды Кашмирге қабылдау (Орта Азиядан көшкен 3000 қазақ мәселесі)» құжаттарының көшірмесі қойылған. XX ғасырдың басында ашаршылық қазақты үш мәрте айналып соқты. Кеңес Одағының ресми деректеріне сүйенсек, 1930-1933 жылдар аралығында 3 млннан астам қазақ аштықтан көз жұмған. 1млн-нан астам адам көрші елдерге босып кеткендердің қатарына жатады. Тарихи деректер бойынша, Қытай империясынан қысым көрген қазақтар Тибет асып, Үндістанға өтуді көздейді, Гималай асып, оба мен ыс ауруларын бастан өткізіп, 1941 жылы 3000 қазақ Үндістанға жетеді. Анықталған аталмыш құжатта, «Қараша айының соңына қарай Кашмирге татар шапқыншылығынан кейін болмаған ерекше керуен, моңғол халқының көші келді. Мұсылмандар ,ерлер,әйелдер мен балалар, олар ішінара діни және саяси себептерге байланысты, сонымен қатар экономикалық ыңғайлылықты іздеп Үндістанға келді. Олар Кашмирге 4000 жылқыларымен, 3000 түйе және 20000 қоймен жетті» деген нақты деректер келтірілген. Сонымен қатар құжатта, 1948 жылы 14 ақпанда Калькуттадағы Қытай Республикасының Бас консулдығы, «Кашмирге 1941 жылы Шыңжаң провинциясынан 3000 қытайлық қазақтар келді, олар Үндістанның ауа-райына бейімделмегендіктен аурулардан және басқа да себептерден қайтыс болды. 1943 жылы шамамен 500 қазақ Бхопал штатындағы босқындар лагеріне орналастырылды» деп мәлімдеген құнды деректер де кездеседі. Осындай құнды құжаттар көрмеге қойылған, бұл қазақ халқының өткен тарихын тереңдетіп, ғалымдарға тарихи сараптаманы дұрыс жүргізуге мүмкіндік береді.

Шара барысында модератор, Ұлттық архив директоры Нұрланова Сағила Есімсейіқызы бұл қорытынды конференцияның өзгеше форматта, ЖИ сүйемелдеуімен өтетінін жеткізді. «Архив-2025» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер талқыланып, бейнероликтер мен көрме материалдары ұсынылады.

Қазақстандағы архив қорларының маңыздылығы мен архив ғимараттарының қайта жөндеуден өтіп, ізденушілерге үздіксіз қызмет етіп жатқаны жайлы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі архив құжаттама және кітап ісі комитетінің басқарма басшысы Бабаев Ибрайым Әлімханұлы былайша атап өтті:
«Қазақстандағы архивтердің барлығы 236 архив болса, соның 92,6 пайызы барлық архив қоймалары толған. Сол материалды-техникалық базасын жаңарту, архив қоймаларын салу, оның ішінде лаборатория ашу, серверлер ашу, құжаттарды цифрландыру бойынша мыңнан астам техникалар сатып алынды. Барлық облыстарда жер учаскелері бөлінді. Аудандық архивтер апатты жағдайдағы архив қоймалары толған архивтердің бәрін жаңарту, жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол жерде жобалау-сметалық құжаттары әзірленді. Мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң нәтижесін алып, қазіргі таңда пайдалануға 200 мың, 500 мың , 700 мың сақтау бірліктеріне қол жетімді жаңа архивтер салынып жатыр. Одан кейінгі біздегі осы Қазақстан тарихына қатысты құжаттардың барлығын отандық және шетелдік архивтердің ғылыми орталықтардан, музейлерден, кітапханалардан зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы 5 жылдың ішінде қазіргі таңда 7 мыңнан астам құжат келді. Отанға оралған жәдігерлердің барлығы Ұлттық архив қоймасына тапсырылды. Ол тек тапсырыс сақтауда ғана емес, оның барлығы ғылыми айналымға енгізілді. Ғылыми еңбектер, жөнсілтерлер, мақалалар, ғылыми еңбектердің бәрі жарияланып, халық назарына ұсынылды. Қазіргі таңда ол құжаттардың барлығы қолжетімді», - дейді.
Конференция жұмысына республикалық және облыстық архивтердің басшылары, архив саласының мамандары, тарихшы-ғалымдар, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шетелдегі архивтерді әкелуге қатысқан ғалымдар, ғылыми қызметкерлер мен архив қызметкерлері министрлік тарабынан марапатталды.

Шетелден әкелген құжаттардың ғылыми айналымға енуі мен оның зерттеушілерге қолжетімділігі, сондай-ақ Ұлттық архив қызметкерлерінің аталған архив құжаттарын саралап, жариялау, ғылыми негіздеуі жайлы Жариялау-баспа бөлімінің қызметкері Жолдасова Ләззат Қибадоллақызы:
«Ұлттық архивтің жариялау және баспа бөлімі архив қорларындағы құжаттар негізінде түрлі ғылыми-танымдық еңбектер дайындаумен айналысады. Негізгі мақсат архив қоймаларында сақталған тарихи мұраларды көпшілік қауымға қолжетімді етіп, ғылыми айналымға енгізу. Бөлім жұмысының басты бағыттарының бірі – архив құжаттарының негізінде кітаптар құрастыру. Соның айғағы ретінде соңғы жылдары жарық көріп келе жатқан «Отанына оралған құжаттық қазына» атты көптомдық басылымды айтуға болады. Бұл жоба аясында шетел архивтерінен әкелінген Қазақстан тарихына қатысты сирек карталар, ресми құжаттар мен фотоматериалдар топтастырылған. Қазіргі таңда аталмыш еңбектің төрт томы жарық көрді, алдағы уақытта жоба өз жалғасын табады. Аталған басылымдар «Архив–2025» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама шетел архивтерінен Қазақстанға қатысты құнды материалдарды іздестіру, жинақтау және ғылыми айналымға енгізуді көздейді. Осы бағытта архив қызметкерлері Германия, Чехия, Ресей (Мәскеу), Қырғызстан (Бішкек) сияқты елдердің архивтерінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, отандық қорды толықтырды. Сондай-ақ, архив қызметінің маңызды жобаларының бірі – «Архивтегі Аманат» атты жинақ. Бұл еңбек бұған дейін жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы мен қазіргі «Архив–2025» бастамасының логикалық жалғасы болып табылады. Мысалы, жинақта Мұстафа Шоқайдың Францияда түсірілген сирек фотосуреттері мен картографиялық материалдары қамтылған. Бұлар бұған дейін жеке жарияланғанымен, алғаш рет жүйеленіп, бір кітап ретінде фото-шежіре форматында ұсынылды. Сонымен қатар, Ұлттық архивтің «Қазақстан архивтері» атты тұрақты ғылыми журналы бар. Бұл басылым тоқсан сайын, яғни жылына төрт рет жарық көреді. Журнал беттерінде архив қызметкерлерінің, тарихшылар мен ғалымдардың зерттеу мақалалары, сондай-ақ шетел архивтерінен әкелінген жаңа деректер мен материалдар жарияланады», – деп атап өтті.

Іс-шара соңында «Архив-2025: архивтегі аманат» республикалық ғылыми-практикалық конференциясының қарары қабылданды. Мемлекет тарихы бойынша құжаттық дереккөздерді анықтау, оларды цифрландыру, мемлекеттік архивтердің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша 2020 - 2025 жылдарға арналған «Архив - 2025» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспарын орындаудың өзекті мәселелерін талқылай отырып, конференцияға қатысушылар Ұлттық архив қорын таяу және алыс шет елдердің архив мекемелерінде анықталған бірегей тарихи құжаттармен толықтыруда, архив ісінің заңнамалық және нормативтік құқықтық базасын жетілдіруде, салаға цифрлық технологияларды енгізудегі оң серпінді ерекше атап өтті. Сонымен қатар, «Архивист күні» кәсіби мерекесі және «Архив саласының үздігі» ведомстволық наградасы заңмен бекітілді. Сондай-ақ, архив ғимараттарын салу бойынша үлгілік жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Өңірлерде мемлекеттік архивтердің үлгілік ғимараттарының құрылысы басталды. Жаңа ақпараттық технологияларды игеру және оларды кеңінен қолдану бүгінде Мемлекет басшысының жолдауы шеңберінде мемлекеттік архивтер жұмысының қажетті шарттарының бірі болып табылады.
Конференцияға қатысушылар сұрақтардың өзектілігіне орай, келесіні ұсынды:
Уәкілетті және жергілікті атқарушы органдарға, мемлекеттік архивтерге:
– Электрондық құжаттар массивтерін, оның ішінде отандық және халықаралық стандарттардың талаптарын сақтау жөніндегі қазіргі кезеңнің болмысын ескере отырып, архив ісі және құжаттаманы басқарудың заңнамалық, нормативтік - құқықтық және әдістемелік базасын одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыру;
– Өңірлерде мемлекеттік архивтердің үлгілік ғимараттарын салуға және архив мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржы бөлуді шешу;
–Цифрлық форматта құжаттармен жұмыс істеудегі негізгі тәсілдердің ортақтығын қамтамасыз ету;
–Отандық және шетелдік архив мекемелерінде архившілердің семинарларын, конференцияларын және тағылымдамаларын ұйымдастыру арқылы тәжірибе алмасуға ықпал ету;
–Ақпараттық жүйелермен жұмыс істейтін архившілердің біліктілігін арттыру бойынша оқыту курстарын, семинар-практикумдарды өткізуді қамтамасыз ету;
–Осы конференцияның материалдарын Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің Интернет-ресурсында жариялау.
Сурет: ҚР Ұлттық архив баспасөзінен алынды