Кіндік әке-шешенің бала өміріндегі рөлі

Автор:
30.10.2025
6506
Кіндік әке-шешенің бала өміріндегі рөлі - e-history.kz

Сурет: ЖИ

Қазақ халқының салт-дәстүрінде әрбір жоралғының терең мағынасы, әр ырымының өзіндік философиясы бар. Солардың бірі әрі ең киелісі – кіндік шеше мен кіндік әке ұғымы. Бұл дәстүрдің тамыры тереңде. Олар – сәбидің дүниеге келу сәтінен бастап оның өмір жолына рухани бағыт беретін, аналық мейірім мен әкелік қамқорлықтың бейнесі.

Кіндік шеше кім және оның маңызы неде?

Ежелгі қазақ түсінігінде кіндік шеше – баланың екінші анасы, өмірге жаңа келген сәбидің алғашқы қамқоршысы, рухани жолбасшысы саналған. Ол – нәресте дүниеге келген сәтте оның кіндігін кесіп, жарық дүниемен байланысын ашатын, ананың жанына демеу болып, баланың алғашқы тынысын естіп, алғашқы жылауын қарсы алатын қасиетті тұлға. Қазақ ұғымында кіндік шеше баланың өміріндегі ең киелі адамдардың бірі. Өйткені жаңа туған сәбидің денесін алғаш ұстап, оның нәзік тәнін жылы алақанымен бауырына басқан адамның бойындағы жақсы қасиет, мейірім мен нұр сәби жүрегіне сіңеді деп сенген. «Бала кіндік шешесіне тартады» деген халық даналығы да осы сенімнен туындаған. Бұл жерде әңгіме тек сыртқы ұқсастықта емес, рухани сабақтастықта. Сәбидің мінезі, жүріс-тұрысы, адамгершілігі, ақыл-парасаты, еңбекқорлығы, тіпті тағдыр жолы да кіндік шешенің болмысымен байланысты деп есептелген. Халық түсінігінде кіндік шеше – баланың өмірлік бейнесін қалыптастыратын адам, ал кіндік кесу рәсімі – өмір мен тектіліктің, аналық мейірім мен киенің жалғасы. Кіндік шеше болу – екінің біріне бұйырмайтын абыройлы әрі жауапты міндет. Бұл мәртебе кез келген әйелге емес, ел ішінде беделі бар, ісі берекелі, сөзі дуалы, пейілі дарқан, мінезі кең, бала тәрбиесін білетін аналарға ғана бұйырған. Көпті көрген, өмірдің ыстығы мен суығын өткерген, елдің сыйлысы болған әйелге ғана жаңа өмірдің кіндігін кесу сеніп тапсырылған. Өйткені мұндай адам баланың бойына ізгілік пен адалдық дарытады деп сенген. Халық арасында кіндік шеше болуға ниет білдірген әйел жүкті келіншекке ерекше қамқорлық жасап, жерік асын тауып беріп, аналық жылуымен демеп жүрген. Бұл – кіндік ананың мейірім мен адамгершілікке толы алғашқы борышы. Кей ауылдарда ол арнайы «қарын той» жасап, бала туылмай тұрып-ақ кіндік шеше болатынын жария еткен. Бұл – рухани келісімнің, адам мен адамның арасындағы сенім мен тілек бірлігінің нышаны.

Кіндік шешенің міндеттері мен борышы

Қазақ халқы үшін кіндік шеше тек босану кезінде көмек көрсететін адам емес, бала мен ананың өміріндегі рухани байланыс орнатушы, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосушы тұлға болып саналған. Кіндік шешенің міндеті сәбидің дүниеге келген сәтінен басталып, баланың бой түзеп, азамат болған шағына дейін жалғасқан. Бұл – аналық қамқорлықтың, туыстық пен адамдық борыштың биік үлгісі. Кіндік шешенің борышы мен міндеттерін халық ежелден қатаң тәртіппен белгілеген. Ол міндеттер уақытша емес, өмірлік жауапкершілік болған.

Жүкті келінге қамқор болу: Кіндік шеше болуға бекінген әйел аяғы ауыр келінге ерекше көңіл бөлген. Жерік асын тауып беріп, үй шаруасында қолғабыс жасап, рухани демеу болған. Мұның астарында – аналық тәжірибемен бөлісу, өмірге келетін жаңа ұрпақтың амандығын тілеген ізгі ниет жатыр. Кіндік шеше жүкті келіннің көңілін көтеріп, қорқынышын сейілтіп, босану алдындағы күйзелісті жеңілдетуге тырысқан.

Толғақ кезінде жәрдемші әрі рухани тірек болу: Келіннің айы-күні жеткенде, кіндік шеше оның қасынан табылған. Қазақ әйелдері «ай толғақ», «апта толғақ» деп босану уақытын алдын ала есептеп, сол күнге дайындық жасаған. Кіндік шеше босанатын үйдің ішін тазалап, жылы көрпе төсеп, су мен орамал дайындаған. Толғақ қысқан сәтте келінді сабырландыру, демеу болу, жылы сөз айту – бәрі де кіндік шешенің борышы саналған. 

Кіндікті кесу және сәбиге алғашқы күтім жасау: Сәби дүниеге келген соң, кіндік шеше оның кіндігін таза, өткір құралмен кескен. Кіндік кескен соң ол сәбиді тұзды суға шомылдырып, «ит көйлек» кигізіп, үстіне күл себу арқылы баланы жын-шайтаннан, суықтан, көз тиюден қорғаған. Осыдан кейін анасына баланы «жарық дүние көрдің» деп ұсынған.

Ана мен балаға күтім жасау, қалжа дәстүрін орындау: Бала туған соң ана әлсіз күйде болады. Сол себепті кіндік шеше оның күтіміне ерекше мән берген. «Қалжа әкелу» дәстүрі де осыдан шыққан. Кіндік шеше жас анаға ет, сорпа пісіріп, күш-қуат беретін тағам апарған. Сондай-ақ «жарысқазан» рәсімінде де ол міндетті түрде өз қазанын қайнатып, жас босанған ананы қуанышқа бөлеген.

Баланың алғашқы тәрбиесіне атсалысу: Кіндік шеше баланың қырқынан шыққанша күн сайын келіп, шомылдыру, киіндіру, уқалау, бесікке салу секілді рәсімдерге қатысқан. Ол жас анаға баланы қалай дұрыс ұстау, емізу, ұйықтату керегін үйретіп, өзінің тәжірибесін бөліскен. Баланың қырқынан шығарылуы мен бесікке салу тойында кіндік шешеге құрметті орын берілген.

Кіндік баласының өміріндегі барлық қуанышқа қатысу: Кіндік шеше – баланың өмірлік серігі. Ол тек сәбилік кезеңде емес, баланың әр белесінде бірге болған. Тұсаукесер, сүндет той, тілашар, үйлену немесе ұзату тойларының бәрінде кіндік шеше қадірлі қонақ ретінде шақырылып, арнайы сыйлық пен құрметке ие болған. 

Кіндік әке – отбасылар арасындағы достықтың дәнекері

Қазақ дәстүрінде кіндік шеше ұғымымен қатар кіндік әке ұғымы да ерекше орын алған. Бұл дәстүр екі отбасының арасындағы сыйластық пен рухани байланысты нығайтудың көрінісі болған. Кіндік әке тек атақ үшін емес, жаңа өмірге келген балаға рухани тірек, үлгі болар тұлға ретінде қарастырылған. Кіндік әке – баланың өмір жолындағы ер азаматтық өнеге мен парасаттың бейнесі. Ол сәбиді туған күнінен бастап қамқорлығына алып, ержеткенге дейін ақылшы, бағыт беруші рөлін атқарған. Әдетте, кіндік әке өз кіндік баласына ерекше көңіл бөліп, оның өміріндегі қуаныш пен қиындықтың бәріне ортақтасқан. Қазақ «баланың мінезі кіндік шешеге, жігері кіндік әкеге тартады» деген. Бұл – кіндік әкенің де бала өмірінде зор ықпалы бар екенін аңғартады. Кіндік әке көбіне парасатты, ақылды, беделді, сөзі өтімді, отбасылы, ел ішінде сыйлы азаматтардың арасынан таңдалған. Себебі, ер азаматтың адалдығы мен адамгершілігі, табандылығы мен батылдығы баланың бойына да дариды деп сенген. Сондықтан да бұл міндетті кез келген ер адам атқара алмаған, кіндік әке болу – рухани борыш әрі абыройлы жауапкершілік болып есептелген. Кіндік әке мәртебесіне ие болған ер адам өз кіндік баласына рухани ұстаз, өмірлік тәлімгер, қамқор әке болуды парызы санаған. Ол баланың адамдық қасиетін қалыптастыруға, ер жеткенде дұрыс жол таңдауына көмектескен. Әсіресе ер балаға намыс, батылдық, жауапкершілік, отансүйгіштік секілді қасиеттерді дарытқан.

Кіндік шеше мен кіндік әке – қазақ отбасылық мәдениетінің тұғырлы тірегі. Олар баланың өмірінде мейірім мен ізгіліктің дәнін сеуіп, ұлт рухын ұрпақ бойына сіңіреді. Бұл ұғымдар тек босану рәсіміне ғана емес, өмір бойы жалғасатын рухани туыстыққа негізделген. Кіндік ата-ананың баламен байланысы – уақыт пен қашықтыққа бағынбайтын, мейірім мен ізгілікке құрылған киелі байланыс. Қазақ халқының әрбір салты мен жоралғысы – терең философия мен өмір даналығына сүйенген. Кіндік шеше мен кіндік әке дәстүрі де сол өмірлік даналықтың көрінісі. Ол ұлттың адамға деген құрметін, өмірге деген жауапкершілігін және ұрпақ тәрбиесіне деген даналығын паш етеді.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз