Ұлы Отан соғысы жылдарында от пен оқтың ортасына өз еркімен аттанған қазақ қыздары аз болмады. Олар майдан даласында ерлермен иық тіресіп, асқан ерлік пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Солардың бірі – есімі көпке беймәлім, бірақ ерлігі елге өнеге болуға әбден лайық Мәдина Ысқақова. Ол 17 жасында ғана мектеп партасынан тұрып, туған елінің тыныштығын қорғау үшін майданға сұранып барған. Жастығына қарамастан, қайсар мінезі мен отаншыл рухының арқасында аты аңызға айналған үш мәрте Кеңес Одағының Батыры Иван Кожедубтың жеке авиамеханигі атанады.
1924 жылы Ақмола облысының Сандықтау ауданында, қарапайым ауыл отбасында дүниеге келген Мәдина Ысқақова жастайынан еңбекқорлық пен жауапкершілікті бойына сіңіріп өскен. Әкесі ерте дүние салған соң, анасына қолқанат болып, бауырларына қамқорлық танытады. Балалық шағы соғыс алдындағы ауыр жылдарға тұспа-тұс келген қыз ер мінезді, намысшыл болып ержетеді. Мектепте озат оқушы, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан Мәдина әсіресе ұшқыш болуды армандайтын.
1941 жылы соғыс өрті тұтанғанда ол Көкшетаудағы №3 қазақ орта мектебінің тоғызыншы сыныбында оқып жүрген болатын. Әкесінен айырылып, ағалары майданға аттанған соң, үйдің үлкені ретінде ауыр тұрмыстың бар салмағын көтерсе де, ел басына күн туған сәтте Мәдина қарап қала алмады. Әскерге өз еркімен бару туралы шешім қабылдап, Көкшетау қаласындағы әскери комиссариатқа қайта-қайта барып, өтініш жазады. Комиссариат қызметкерлері «жасың жетпеген, соғыс сенің ісің емес» деп бас тартқанымен, Мәдина алған бетінен қайтпайды. Қаршадай қыздың табандылығы мен патриоттық сезімі ақыры жеңіп, ол төлқұжатына жасын үлкейтіп көрсетіп, 17 жасында майданға өз еркімен аттануға рұқсат алады. Сол сәттен бастап оның тағдыры аспанмен, ұшақтармен және майдан даласының қайнаған тіршілігімен тығыз байланысып кетті. Нәзік денесіне қарамастан, жүрегінде нағыз жауынгердің рухы бар Мәдина Отан алдындағы парызын адал атқаруға ант етеді.
1942 жылы Мәдина Ысқақова арманына бір қадам жақындап, Кемерово қаласындағы авиация училищесіне қабылданады. Сол кездегі соғыс жағдайында бұл оқу орнына түсу де, оны аяқтау да оңай іс емес еді. Мәдина ұшақ құрылымын, мотордың жұмыс істеу жүйесін, аэродинамика мен техникалық қауіпсіздік негіздерін тиянақты меңгеріп, бар ынта-жігерін оқуға арнайды. Әдетте екі жылға арналған оқу бағдарламасын ол небары алты айда үздік нәтижемен тәмамдайды. Мұндай көрсеткіш сол уақыттағы әскери мектеп тарихында сирек кездесетін оқиға болатын. Бастапқыда ол ұшқыш болуды армандағанымен, командирлер оның бойындағы техникалық қабілет пен ұқыптылықты байқап, ұшақ механигі мамандығын ұсынды. Мәдина үшін бұл жаңа бағыт болғанымен, ол өз міндетін ерлерден кем орындамайтынын дәлелдеуді мақсат тұтты. Осылайша, жас қыз Кеңес армиясының 240-шы жойғыш авиациялық полкіне жолдама алады. Сол жерде ол тағдыры бүкіл әлемге әйгілі ұшқыш, үш мәрте Кеңес Одағының Батыры Иван Кожедубпен тоғысады.
Кожедуб Мәдинаны алғаш көргенде-ақ оның жауапкершілігі мен еңбекқорлығын аңғарып, жеке авиамеханигі етіп тағайындайды. Сөйтіп, нәзік қазақ қызы мен даңқты ұшқыштың тағдыры бір майданда тоғысып, екеуінің есімдері тарихқа бірге жазылды. Мәдина ұшақтың әр бұрандасы мен тетігін өз қолымен тексеріп, Кожедубтың әрбір ұрыстан аман оралуына тікелей үлес қосқан. Кожедуб Мәдинаны өз ортасында ерекше жылы ықыласпен «Мэри Пикфорд» деп атап кеткен. Бұл ат сол кездегі Голливудтың танымал актрисасы Мэри Пикфордтың құрметіне қойылған еді. Себебі нәзік жүзді, сымбатты, бірақ сонымен қатар ширақ та ұқыпты қазақ қызы талдырмаш пішіні мен мейірімге толы көзқарасымен сол актрисаны еске салатын. Алайда Мәдинаның басты ерекшелігі оның сыртқы сұлулығында емес, темірдей тәртіп пен қажырлы еңбегінде еді.
Аспан әлемінің алып батырларының бірі саналатын Иван Кожедуб 330 рет әуеге көтеріліп, жаудың 62 ұшағын атып түсірген. Сол әрбір ұшу, әрбір ұрыс Мәдинаның қолынан өткен ұшақпен жүзеге асты. Ол ұшақтың моторынан бастап қару-жарақ жүйесіне дейін түгел қарап, ақаусыз күйде ұрысқа дайындайтын. Әсіресе, ұшақтың оттегі жүйесі мен қару тетіктерінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету оның тікелей міндеті болатын. Бір болмашы қате немесе ұсақ ақау ұшқыштың өміріне қауіп төндіретінін жақсы түсінген Мәдина әр бұранда мен шегеге дейін жіті бақылап, Кожедубтың ұшағын мінсіз күйде ұрыс алаңына шығарып отырды. Сол жылдары майданда ұшақтардың тағдыры көбіне механиктердің шеберлігіне байланысты болды. Мәдинаның ұқыптылығы мен жауапкершілігі арқасында Кожедуб ешқашан ұрыс кезінде техникалық ақауға тап болған емес.
Мәдинаның батырлығы тек техникалық шеберлігімен, еңбекқорлығымен ғана емес, нағыз жауынгерлік ерлігімен де көрінді. Ол майдан даласында екі мәрте ауыр жарақат алған. Бірде аэродромды жау ұшақтары бомбалаған кезде снаряд сынығы басына тиіп, ауыр жараланады. Дәрігерлер оның өмірін әрең сақтап қалады. Ал екінші рет ұрыс кезінде тізесінен оқ тиіп, бірнеше ай госпитальде емделуге мәжбүр болады. Бірақ нәзік қыз соғыс өрті мен ауыр жарақатқа мойыған жоқ. “Мен госпитальде жата алмаймын, ұшақ мені күтеді” деп, жарасы жазылмай жатып қайта сапқа оралады. Оның ержүректілігі мен табандылығы командирлер мен майдандастарының ерекше құрметіне бөленген.
Мәдина Ысқақованың батырлығы елеусіз қалмады. Ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» және бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталды. Алайда ол ешқашан марапат үшін еңбек еткен емес, бар мақсаты елін қорғау, бейбіт өмірді жақындату еді. Соғыстың соңғы айларында ол Еуропаның аспанында шайқасып, Украина, Молдова, Венгрия және Чехословакияны азат етуге қатысады. 1945 жылдың мамыр айында Мәдина Жеңіс күнін Прага қаласында қарсы алды. Кейін ол Мәскеуде өткен тарихи Жеңіс парадына Екінші Украина майданының құрамында қатысып, Қызыл алаңмен өткен мыңдаған жауынгердің қатарында абыроймен сап түзеді.
Соғыстан кейін Мәдина туған жеріне оралып, Көкшетау облысының Айыртау ауданы Бірлестік ауылында еңбек етті. Ауыл шаруашылығына белсене араласып, ұзақ жылдар бойы сауыншы болып жұмыс істеді. Еңбектегі тиянақтылығы мен адалдығы үшін ауылдастары оны «Балбармақ сауыншы» деп атап кеткен. Ол соғыстағы ерлік жолын бейбіт еңбекте жалғастырып, қарапайым жұмысы арқылы елінің өркендеуіне өз үлесін қосты. Батыр қыздың тағдырында ерлікпен қатар, өкініш пен өмірдің қатал сынағы да қатар жүрді. Соғыстан кейін елге жеңіс қуанышы емес, ауыр тұрмыс пен жоқшылық келді. Майданнан оралған Мәдина елдегі қиын-қыстау кезеңде отбасын асырау үшін бар күшін салып еңбек етті. Сол ауыр жылдары Сталиннің өз қолымен сыйлаған тапаншасын бір қап бидайға айырбастауға мәжбүр болған. Бұл оның жанын жаралағанымен, отбасы амандығы мен аналық борышы бәрінен қымбат еді. Өкінішке қарай, Мәдинаның ерлігі мен еңбегі ұзақ жылдар бойы елеусіз қалды. Майдан даласында Кожедубтың ұшағын ұрысқа дайындап, өз өмірін қатерге тіккен қазақ қызының аты тарих беттерінде сирек аталды. Тек тәуелсіздік жылдары ғана оның есімі қайта жаңғырып, тарихшылар мен жергілікті зиялылар батыр қыздың ерлігін зерттей бастады.
Мәдина Ысқақова – есімі көпшілікке кеңінен мәлім болмаса да, ерлігі ел жадынан өшпеуге тиіс тұлға. Оның тағдыры – қазақ әйелдерінің қайсар рухының, төзім мен адалдықтың айғағы. Нәзік жүректі бола тұра, ол найзағайдай мінез танытып, туған жерінің амандығы үшін майданға өз еркімен аттанды. Сол арқылы ол ерлермен қатар ұрыс даласында шыңдалып, ұлт намысын қорғаған ұлы аналардың бейнесіне айналды. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ Мәдина Ысқақова сынды батыр аналарымыздың ерлігін ұмытпай, олардың есімін ардақтау – қасиетті парыз. Себебі ел өз батырын ұлықтағанда ғана ұлт рухы асқақтайды, ал тарихы – мәңгілік өмір сүреді.