Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы 25-қазан Республика күніне орай «Қолжазба – елдің рухани қазынасы» атты дөңгелек үстел өтті.
Қолжазбаның тарихи маңызы – оның өткен дәуірдің рухани, мәдени, әдеби және саяси өмірін танудағы басты дереккөз болуында. Қолжазбалар арқылы белгілі бір кезеңнің тілдік ерекшеліктерін, дүниетанымын, қоғамдық құрылымын, діни ұстанымдарын және көркемдік дәстүрлерін анықтауға болады. Олар ұлттың тарихи жады мен мәдени сабақтастығын сақтаудың ең сенімді құралы саналады. Бүгінгі күні қолжазбалардың маңызы одан әрі арта түсті. Себебі цифрландыру, мәтінтану және тарихи реконструкция әдістерінің дамуы арқасында көне қолжазбалар тек тарихшылар мен филологтар үшін емес, кең ғылыми қауым мен қоғам үшін де қолжетімді бола бастады. Қолжазбаларды зерттеу қазіргі заманғы ұлттық бірегейлікті сақтау, тіл мен мәдени мұраны жаңғырту, тарихи деректерді түпнұсқалық тұрғыдан қайта бағалау ісінде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, олар заманауи ғылыми айналымда мәдени дипломатияның, тарихи саясаттың және білім беру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды.

«Қолжазба – елдің рухани қазынасы» атты дөңгелек үстел барысында арнайы көрме ұйымдастырылды. Түркі халықтарының осындай аса құнды қолжазба қазыналары – Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік», Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы», Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметі», сондай-ақ әл-Фараби, Әлішер Науаи, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды ғұламалардың еңбектері көрмеге қойылған. Бұл көрме түркі өркениетінің бай жазба мұрасын таныту, ортақ рухани кеңістіктің сабақтастығын көрсету және жас ұрпақтың тарихи санасын жаңғырту мақсатында ұйымдастырылды. Экспозицияда түпнұсқа қолжазбалармен қатар, олардың факсимилелік нұсқалары мен цифрланған көшірмелері де көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шараның ашылуы барысында жалпы бүгінгі шараның мазмұны мен мақсатын Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры, PhD докторы, Жандос Болдыков былайша атап өтті:
«Еліміздің барлық аймақтарына ұйымдастырылған іссапарлар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі таңда үш жүзге жуық сирек кітап пен құнды қолжазбалар анықталып, ғылыми айналымға енгізілді. Бұл отандық ғылым мен мәдениет саласындағы зор жетістік, әрі елімізде алғаш рет кешенді түрде жүзеге асырылып отырған бірегей жұмыс болып табылады. Ұйымдастырылып отырған дөңгелек үстелдегі басты мақсаты – көрермендер мен ғылыми қауымға еліміздің қолжазбалық мұраларын таныстыру, сондай-ақ зерттеу, қалпына келтіру және сақтау бағытындағы жұмыстармен таныстыру болды. Бұл бағытта ғалымдар мен реставрация мамандары бірлесе еңбек етіп, табылған жәдігерлердің болашақта ғылыми айналымға енгізілуі мен ұзақ мерзімді сақталуын қамтамасыз етуде. Ғылыми экспедицияға еліміздің әр өңіріне – Көкшетау, Қарағанды, Павлодар, Түркістанға ғылыми мамандар барды. Әсіресе, Көкшетау қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы өз қорындағы ең құнды қолжазбалар мен сирек кітаптарды орталыққа табыстап, зор қолдау көрсетті. Сондай-ақ, мешіт қауымдастығының өкілдері мен жеке қор иелері бұрын ғылыми айналымға енбеген сирек қолжазбаларды тапсырды. Қазіргі таңда бұл мұралар арнайы ғылыми өңдеуден өтіп, каталогтандырылып, конференциялар мен зерттеу еңбектері арқылы ғылыми ортаға енгізілуде. Барлық жәдігерлер Ұлттық архив қорына тіркеліп, заңмен қорғалатын, арнайы температуралық режимде сақталатын жағдай жасалды», – деді.

Көкшетау қаласы, Мағжан Жұмабайұлы атындағы облыстық кітапхана директоры Қуаныш Оспанов бұл жайлы:
«Кейбір ескі қолжазбалар мен сирек кітаптар тілі жағынан күрделі болғандықтан, оларды оқып, толық мазмұнын түсіну көп жағдайда қиындық туғызады. Мұндай еңбектерді біз түрлі іс-шаралар мен көрмелер кезінде көпшілік назарына ұсынып, сыртқы мұқабасында оның атауы мен мазмұны туралы қысқаша мәлімет жазып қоямыз. Алайда қолжазбаның ішкі мазмұны мен ғылыми құндылығын көпшілік түсіне бермейді. Сондықтан біз бұл жәдігерлердің мәнін зерттеп, олардың тарихи және мәдени маңызын халыққа танытуды мақсат еткен Ұлттық Архив қызметкерлеріне ұсындық. Әр адам бұл мұраларға әртүрлі деңгейде жауапкершілікпен қарайтыны белгілі. Биыл орталық мамандары келгеннен кейін біздің қызметкерлер бұл еңбектердің маңызын терең түсіне бастады», – деді.
Іс-шара барысында экспедиция нәтижелерін таныстыру мақсатында арнайы дайындалған видеоролик көрсетілді. Онда еліміздің әр өңірінде жүргізілген археографиялық зерттеу сапарларының барысы, қолжазба мен сирек кітаптарды жинау сәттері, жергілікті тұрғындармен сұхбаттар және табылған мұралардың қысқаша мазмұны бейнеленді. Видеоматериалда экспедиция жұмысының ауқымы мен маңызы, сондай-ақ ғылыми қызметкерлердің ел руханиятына қосып жатқан үлесі көрерменге әсерлі түрде жеткізілді.

Павлодар облысының «Мәшһүр Жүсіп» облыстық орталық мешіт кітапханасының меңгерушісі, Шайкенова Назым Ғизатқызы ғылыми сапардың Кереку өңіріне жасалған нәтижесі жайлы:
«Мен облыстық кітапханада көп жыл қызмет етіп, зейнетке шыққаннан кейін Мәшһүр Жүсіп мешітінің кітапханасына шақырылдым. Біздің мешіт – ерекше сәулетпен салынған, көркі мен мазмұны үйлескен рухани орда. Алла қаласа, келесі жылы мешіттің ашылғанына жиырма бес жыл толады. Мешіттің қызметі тәуелсіздік алған жылдардан бастап-ақ халықтың рухани өмірімен тығыз байланыста болды. Сол кезде жұрт ата-бабасынан қалған көне кітаптар мен қолжазбаларды түрлі себептермен жасырып сақтап келген еді. Кейін ел арасында рухани серпіліс басталып, адамдар өз қорларындағы осы құнды діни және тарихи кітаптарды мешітке әкеліп тапсыра бастады. Уақыт өте келе осылайша жиналған кітаптар қоры едәуір көбейді. Біз сол мұраларды жинақтап, жүйелеп, арнайы кітап көрмелерін ұйымдастырып отырдық. Бұл көрмелер мешіт аясында ғана емес, түрлі мәдени және рухани іс-шараларда да көрсетіліп, көпшілікке қолжетімді болды. Мен өзім ұзақ жыл еңбек еткен облыстық кітапханамен де байланысымды үзбей, кейбір көрмелер мен музей іс-шараларына осы сирек кітаптардың үлгілерін апарып, жұртшылыққа таныстырып жүрмін. Бұл мен үшін бұрынғы қызметімнің жалғасы, ел игілігіне бағытталған рухани парыз іспетті іс», – деді.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметкері, шығыстанушы, Баймұханов Мұхаметқали «1914 жылы қадым жазуымен Абай өлеңдері көшірілген қолжазба» мақаласында құнды деректерді ұсынды. Ғалым 60 жылға жуық қолжазба мұрасын зерттегенін айта отырып, Абай өлеңдері жайлы байыпты баяндамасын оқыды:
«Қазіргі таңда біздің орталық аса маңызды әрі жауапты істермен айналысып келеді деп сеніммен айтуға болады. Бұл бағыттағы жұмыстардың мәні терең, себебі кезінде кеңес үкіметінің саясаты салдарынан халық қорқып, ата-бабасынан қалған көптеген жазба мұраларды жойып немесе жасырып жібергені белгілі. Соған қарамастан, қазақ халқының ерекше қасиеті – рухани құндылықты сақтау дәстүрі. Мысалы, мен Қарқаралы қаласында тұрған кезде, көптеген үйлерде ескі кітаптар мен қолжазбалар бар екенін көрдім. Олар ұқыппен сақталып, кейде жасырын түрде сақталып келген. Бұл халқымыздың мәдени жадының беріктігін дәлелдейтін ерекше құбылыс. Әрине, қаншама асыл мұра жоғалып кеткенімен, бүгінде олардың бір бөлігі қайта табылып, ғылыми айналымға еніп жатыр. Осы іске атсалысып жүрген әріптестеріме, әсіресе орталықтағы қыз-келіншектерге шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Бұл үлкен ғылыми әрі рухани еңбек. Мұндай мұралар ғасырлар бойы зерттелуге лайық. Өз тәжірибемнен мысал келтірсем: өткен жылы мен шағатай тілінде жазылған көне қолжазбаны қазақ тіліне аударып шықтым. Қолжазба шамамен бес жүз жыл бұрын жазылған, Борис Годунов есімді тұлғаға арналған еңбек екен. Онда Шыңғыс ханның тарихына қатысты маңызды мәліметтер кездеседі. Аударма нәтижесінде ол еңбек қазір кітап болып жарық көрді және жоғары деңгейде бағаланды. Сонымен қатар, менің қолыма 1912 жылы көшірілген Абай өлеңдерінің нұсқасы түсті. Бұл қолжазба жәдиттік кезеңге дейінгі хадим емлесімен, яғни қауырсын қаламмен, шағатай тіліне жақын жазу үлгісінде жазылған. Қолжазба сегіз жүз бетке жуық, оны толық аударып шықтым. Зерттеу барысында бұл еңбектің Абайдың түпнұсқалық шығармалары емес, сол дәуірде Абай поэзиясының ықпалымен жазылған өлеңдер екенін анықтадым. Қолжазбаның авторы Мәукебай Құйрықбайұлы есімді тұлға екені белгілі болды. Мәтіннің кей тұстары өшіп кеткендіктен, оқу мен аудару қиындық тудырды. Дегенмен, тілдік, мазмұндық талдау нәтижесінде шамамен 99-100 пайыз деңгейінде толық аударма дайындалды. Бұл жұмыс басшылықтың қолдауымен және әріптестердің қатысуымен жүзеге асты. Айта кетерлігі, өткен ғасырдың 1950 жылдарының соңында да Мұхтар Әуезовке «Абайдың бұрын белгісіз екі өлеңі табылды» деген хабар жеткен екен. Сонда Әуезов бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарап, «Абайға еліктеген ақындар көп, шатастыруға болмайды» деген ескерту жасаған. Сол сияқты, біз де бұл қолжазбаны зерттей келе, оның Абайдың өз шығармасы емес, Абай дәстүріндегі ақындардың туындысы деген қорытындыға келдік. Бұл халқымыздың әдеби дәстүрінің үзілмегенін, Абай мектебінің ықпалы кең тарағанын көрсететін аса құнды жазба мұра», –деді ғалым.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы, Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас сарапшысы, тарихшы-шығыстанушы Абсаликов Алмат Амантайұлы «Археографиялық экспедициялар барысында табылған құнды қолжазбалар» атты баяндамасында экспедицияның нәтижесін жариялады.

«2024-2025 жылдары қолжазбалар мен сирек кітаптар қоры едәуір толықты. Осы кезеңде Қазақстанның сегіз облысына археографиялық экспедициялар ұйымдастырылып, ғылыми ізденіс барысында қызметкерлеріміз көптеген сирек кітаптар мен қолжазбаларды жинақтады. Экспедиция нәтижесінде жеке тұлғалардың қорларынан, ауылдық жерлер мен мешіттерден, сондай-ақ жергілікті мұрағаттар мен кітапханалардан XVIII-XX ғасырларға жататын тарихи-мәдени және филологиялық тұрғыдан аса құнды мұралар анықталды. Жиналған деректер арасында араб, парсы, түркі, қазақ және шағатай тілдеріндегі қолжазбалар бар. Сонымен қатар Қазан, Орынбор, Ташкент, Бұхара, Ыстамбұл қалаларында басылып шыққан көне литографиялық және баспа кітаптар да кездеседі. Экспедиция барысында Павлодар, Көкшетау, Қарағанды, Семей, Тараз, Түркістан және Қызылорда өңірлерінде ауқымды жұмыс атқарылды. Мәселен, Павлодар облысынан – 71 кітап пен 4 қолжазба, Түркістаннан – 75 кітап, Көкшетаудан – 61 кітап пен 11 қолжазба, жалпы есеппен 275 кітап пен ондаған қолжазба жиналды. Кейін тағы да 99 кітап орталық қорына қосылып, барлығы 400-ден астам сирек еңбек жинақталды. Түркістан өңіріндегі Қарнақ ауылында экспедиция мүшелері ел арасынан аса құнды қолжазбалар тапты. Солардың бірі – белгілі араб тілі маманы, кеңес дәуірінде Египет, Йемен және Ливия елдерінде аудармашы болған Райымжан Мұзаффар есімді ғалымның жеке қорынан алынған сирек еңбек. Ол Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына түркі-араб сөздігі «Ахтар Кабир» атты еңбекті сыйға тартты. Бұл сөздік ғылыми тұрғыдан өте маңызды, тіл мен мәдениеттің тоғысын көрсететін мұра ретінде бағаланды. Сондай-ақ Түркістанда табылған тағы бір ерекше қолжазба – авторы белгісіз, бірақ мазмұны исламдық эсхатология тақырыбына арналған еңбек. Зерттеушілер оның жазылған уақытын шамамен VIII ғасырға жатқызады. Ал Тараз өңірінен табылған сандықтарда XVIII ғасырда жазылған бірқатар қолжазбалар сақталғаны белгілі болды. Барлық жиналған еңбектер мен қолжазбалар қазіргі уақытта Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорында жүйеленіп, олардың бір бөлігі арнайы көрмелерде көпшілік назарына ұсынылды. Бұл жұмыстар қазақ халқының рухани мұрасын сақтауға, зерттеуге және келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған үлкен ғылыми әрі мәдени бастама болып табылады», – деді.
Тарихшы-шығыстанушы Абсаликов Алмат Амантайұлы айтуынша, эспедиция барысында «Айн әл-Илм» қолжазбасы – Абу Хамид әл-Газалидің «Ихъя Улум әд-Дин» атты еңбегіне жазылған түсіндірмелердің қысқартылған нұсқасының табылғанын айтты. Бұл еібектің түсіндірме авторы: Молла Әли әл-Қари әл-Һарауи әл-Ханафи.

Бұл еңбек Молла Әли әл-Қари әл-Харавидің сирек және құнды шығармаларының бірі. Харави Хорасанның Герат қаласында дүниеге келген және ханафи мазһабының ғалымы болған. Ол жастайынан Құран кәрімді жаттап алған соң, заманының атақты қари және мухаддисі Махфуз болған. Құран Каримді жаттай алған соң, ол Герат қаласында білім алған және кейін Мекке мен Мәдинада Зайнуддиннен тәлім алған. Сондай-ақ, ол Нақшбандия тариқатындағы ғалымдар мен шейхтердің дәстүрлі ілімдерін де игерген. Нақшбандия сопылық тариқатындағы рухани тәрбиенің мәнін терең түсінген. Ол ислам құқық ілімін, хадис ілімін және тасаууф (тасаввуф) ілімін жетік меңгерген ғалым. Әли әл-Қари өз еңбектерінде этикалық, рухани және моральдық құндылықтарды сабақтастыра көрсеткен. Хадис ғылымына айрықша мән берген. Сондай-ақ, хадис жинақтарына жазған түсіндірмелерімен танымал болған. Жалпы оның шығармаларының саны 125-тен асады. Кейбірі бірнеше томнан тұрады.
Оның еңбектерінің қатарында «Мирқат әл-мафатиһ фи шәрх Мишкат әл-масабих», «Фатх баб әл-иная би-шарһ ан-Ниқая», (әл-Виқаяға түсіндірме) құнды. Ол хижра бойынша 1014 жылы ражаб айында, яғни 1605 жылдың қарашасында дүниеден озған. Жоғарыдағы аталған еңбектің сипаттамасы көрмеде былай берілген:
Қолжазба 1775 жылы жазылған; бұл жайлы колофонда айтылған.
Жазу тілі: араб, шағатай.
Мұқабасы: жұмсақ.
Кітаптың форматы: 12,5 х 21 см.
Беттер саны: 532 парақ (1064 бет).
Жазылған жылы: 1775 ж.
Қағазы: қоқандық.
Қалып түрі: насх.
Авторы: Әли Қари Харави.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау өңірлерінен көне қолжазбаларды өткізген тұлғалар және ЖОО студенттері қатысты.

Қолжазбалар – халықтың рухани жадын, мәдени, тарихи және ғылыми ой-санасының даму деңгейін айғақтайтын баға жетпес мұра. Әрбір қолжазба өз дәуірінің білім деңгейін, тілдік ерекшелігін, діни және философиялық дүниетанымын сақтап жеткізеді. Әсіресе, араб, парсы, шағатай және көне түркі тілдеріндегі еңбектер қазақ даласындағы ислам өркениетінің, ағартушылық пен ой мәдениетінің іргетасы іспетті. Осындай сирек қолжазбалардың табылуы мен зерттелуі ұлттың рухани мұрасын жаңғыртып, ғылыми айналымды байытады.
«Қолжазба – елдің рухани қазынасы» атты іс-шара жоғары ғылыми және ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Шара барысында елдің түкпір-түкпірінен жиналған сирек қолжазбалар мен көне кітаптар көрмеге қойылып, олардың тарихи және мәдени маңызы кеңінен таныстырылды. Экспедиция нәтижелері ғылыми тұрғыда баяндалып, реставрация, цифрландыру және ғылыми айналымға енгізу бағытындағы жұмыстар таныстырылды. Іс-шараның мазмұндылығы мен жүйелілігі ұлттық жазба мұралар саласында атқарылып жатқан еңбектің жоғары кәсіби деңгейін көрсетті.