«Аралозавр»: Бестөбе шатқалынан табылған алып кесіртке

21.10.2025
5075
«Аралозавр»: Бестөбе шатқалынан табылған алып кесіртке - e-history.kz

Бұған дейін Қызылорда облысындағы Шах-Шах шатқалынан алып жануардың сүйек қалдықтары табылғанын айтқан едік. 

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары табылған қалдықтардың Бор дәуіріндегі динозаврлардың сүйегі болуы мүмкін екенін айтады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің мәліметінше, бұған дейін де бұл маңнан дәл осындай жұмбақ қалдықтар табылған. 

«Палеонтологтардың зерттеу жұмыстары барысында гадрозавр отрядына кіретін Аралозавр 93-86 млн жыл бұрын өмір сүргені анықталады. Кейін бұл аймақ еуропалық палеонтолог-ғалымдардың қызығушылығын тудырып, әлемдік ғылыми журналдарға мақалалар жарияланады», - делінген музейдің ақпаратында.

Облыстық мұражай мен Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері аудан территориясындағы Шах-Шах шатқалына барлау экспедициясын ұйымдастырған. Экспедиция барысында Шах-Шах шатқалынан Бор дәуірінде өмір сүрген тіршілік иелерінің сүйектерінің қалдықтары табылған. Алдағы уақытта палеонтологиялық бұйымдар арнайы мамандар тарапынан мұқият зерттеліп, нәтижесі жұртшылыққа жария етілмек.

Кешенде алғаш рет 1959 жылы орыс палеонтологы А.Рождественскийдің жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бозтөбе свитасында орналасқан шатқалдан Мезозой эрасының Бор кезеңінде өмір сүрген динозаврлардың сүйектерінің қалдықтары табылады.

1968 жылы бұл өңірден тағы бір алып жануардың сүйек қалдықтары табылады. Зерделеу барысында табылған алып кесірткенің бұған дейін ғылымға белгісіз динозавр түрі екені анықталады. Ұзамай бас сүйегі ғана табылған динозавр «Аралозавр» деген атаумен ғылыми айналымға енгені белгілі. 

Енді сол 1968 жылы табылған Аралозаврдың (Aralosaurus) тарихына тоқталсақ. Бұл өз кезегінде Мезозой эрасының Бор кезеңіндегі (шамамен 83-85 миллион жыл бұрын) Орталық Азияның экологиясын зерделеуге мүмкіндік берген үлкен жаңалық болған еді.

Жалпы қазақ даласы – тек кең байтақ жазықтар мен таулардың елі ғана емес, сондай-ақ жердің ежелгі тарихының қоймасы. Мұнда, құмды шөлдер мен өзен аңғарларының астында, миллиондаған жылдар бұрын өмір сүрген алып жаратылыстардың іздері жасырын жатыр. 

Бестөбе шатқалынан табылған алып кесіртке

1968 жылы КСРО-ның палеонтологы Анатолий Рождественский Қазақстанның Қызылорда облысы, Арал теңізінің солтүстік-шығысындағы Бозтөбе (Bostobe) шатқалы маңындағы Шах-Шах шатқалынан сенсациялық жаңалық тапты. Бұл – Мезозой эрасының Бор кезеңіне (Сантондық және Кампандық кезеңдердің шекарасы) жататын динозаврдың сүйектері еді.

Табылған қалдықтардың ішінде негізінен бас сүйегінің артқы жартысы (төменгі жақсүйегі жоқ) және кейбір дене сүйектері (мысалы, иық сүйегі, жамбас сүйектері, аяқ сүйектері) болды. Бұл археологиялық олжа өз уақытында айрықша жаңалық болды. Себебі, басында айтып өткеніміздей, бұл бұған дейін ғылымға белгісіз динозавр түрі еді. Сол себепті ғалымдар оны «Аралозавр» (Aralosaurus tuberiferus) деп атады. Яғни Аралдан табылған бұл олжа «Арал теңізінің алып кесірткесі» деген атаумен ғылыми айналымға енді. 

Аралозавр – гадрозаврлар тұқымдасына (Hadrosauridae) жататын шөпқоректі динозавр. Оның ұзындығы шамамен 8-10 метр, биіктігі 3-4 метр болған деп есептеледі. Бас сүйегінің ерекшелігі – мұрын бөлігіндегі қуысты өсінділер, ол дыбыс шығаруға немесе жұптасу рәсімдерінде қолданылған болуы мүмкін. Табылған сүйектердің фрагменттеріне қарағанда, бұл динозавр өз заманындағы ең алғашқы ламбеозавриндердің (Lambeosaurinae) бірі болған.

Бозтөбе құрылымы (Bostobe Formation) – құмдауыттар мен саз балшықтардан тұратын айрықша қабат. Яғни ол өзен-эстуарийлік орта есебінен қалыптасқан болып есептеледі. Бұл қабаттан Аралозаврдан басқа көптеген ежелгі балықтар түрі, бақа-құрбақалар, теңіз жыландары, крокодилдер және басқа динозаврлардың қалдықтары да табылған.

Расы керек бұл жаңалық Қазақстандағы динозавр зерттеулерінің бастамасы болды. Рождественскийдің айтуы бойынша, Шах-Шах шатқалы – Орталық Азиядағы ең бай фаунаға ие орындардың бірі. Мұнда теңіз жыланынан бастап, птерозаврларға дейінгі 6 түрдің,  50-ден астам омыртқалы жануар түрі анықталған. Солардың бірі осы  - Аралозавр.

Соңғы 60 жыл ішінде өңірден кемінде 15 динозавр түрінің қалдықтары табылған. Бұл табыстар негізінен Бор кезеңіне (Креда) жатады. Арасында Юр кезеңіне қатысты түрлері бар.

Солардың ішіндегі ең маңыздысы  - Арстанозавр (Arstanosaurus akkurganensis). Ол 1982 жылы Қызылорда облысының Аққұрған өңірінен табылған. Бұл да гадрозавр яғни шөпқоректі динозавр түріне жатады. Сүйектері Бозтөбе құрылымынан шықты, ұзындығы 7-8 метр болған. Ол Аралозаврдың жақын туысы болуы мүмкін.

Жаксартозавр (Jaxartosaurus aralensis) - 1930-жылдары Оңтүстік Қазақстан, Сырдария өзені маңынан табылған. Бұл да гадрозавр тұқымына жатады, басындағы өсіндісі дыбыс шығаруға арналған. Ұзындығы 10 метрге жуық, салмағы 3-4 тонна болған. Сырдария қалыптамасынан (Dzhusaly Formation) табылған бұл олжа Қазақстандағы ең алғашқы динозавр қалдықтарының бірі.

Батырозавр (Batyrosaurus rozhdestvenskyi) – бұл да Шах-Шах шатқалы маңынан табылған (Бозтөбе қалыптамасы). Бұл – гадрозаврлардың ерте түрі, ұзындығы 6-7 метр. Аралозаврмен бір дәуірде өмір сүрген.

Сондай-ақ қазақ даласынан терапод (етқоректілер) түрлерінің қалдықтары (тістері мен сүйектері) табылды. Бұл қазақ даласында ежелгі дәуірлерде тираннозаврлар (Tyrannosauridae), орнитоломимидтер (Ornithomimidae), дромеозаврлар (Dromaeosauridae) және тіпті Велосираптор (Velociraptor) сияқты түрлердің өмір сүргенін көрсетеді.  

Мысалы, Жеркіндік қалыптамасынан (Zhirkindek Formation) тираннозавр тәрізді динозаврдың аяқ сүйектері шықты. Бұл - Қазақстандағы табылған ең жылдам динозаврлардың іздері.

Сауроподтар мен анкилозаврлар да табылды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстанның Қазығұрт пен Әлімтау тауларынан сауроподтардың (ұзын мойынды алыптар) омыртқалары табылған. Сол секілді Арал маңынан анкилозаврлардың сауытты терісі мен құйрық бөліктері табылған.

Шығыс Қазақстанның Тайжүзген өзенінен динозавр жұмыртқалары табылған, бірақ толық сүйектер табыла қойған жоқ. Қостанай облысының Құсмұрын көлінен мозазаур (Mosasaurus) – теңіз кесіркесінің қалдықтары шықты. Ал, Қаратау тауларынан юра кезеңіне жататын Батрахогнат – птерозавр түрлерінің сүйектері табылған.

Бұл табыстардың көбі 1950-1980 жылдары КСРО экспедициялары кезінде анықталып, ғылымға енгізілді. Соңғы жылдары Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Валентина Әлиясова бастаған қазақ ғалымдары да осы салаға қызығушылық танытып, зерттеулер жүргізіп жатыр. 

Рас, Қазақстандағы палеонтологиялық кешендер саны шектеулі. Бірақ соғана қарамастан табылған ежелгі жуануар қалдықтары кезінде қазақ даласының (Бор кезеңі) ылғалды,  ормандар, өзендер мен көлдерге толы жер болғанын дәләлдейді. 

Мәселен Аралозавр сияқты гадрозаврлар шөптер мен жапырақтармен қоректеніп, топтасып өмір сүрген. Оларға негізінен етқоректі тераподтар ғана қауіп төндірген. 

Сондай-ақ бұл экожүйеде балықтар, бақа-құрбақалар, түрлі жылан-құрттар мен сан алуан құстар өмір сүрді.  Шах-Шах шатқалы осының дәлелі.

Дегенмен, 66 миллион жыл бұрын климат өзгеруі мен вулкандық белсенділік бұл өңірге де әсерін тигізді. Соның салдарынан динозаврлар жойылып кетті. Қазақстан аумағынан табылған түрлі палеонтологиялық қалдықтар  Азия мен Еуропа фаунасының бай болғанын, динозаврлар үшін еш алаңсыз өмір ортасы болғанын дәлелдейді. Зерттеушілер Аралозаврдың ұрпақтары Испания мен Францияға дейін тараған болуы мүмкін екенін айтады.

Яғни қазақ даласынан табылған динозавр сүйектері – біздің Жеріміздің бай тарихының куәсі. Аралозаврдың бас сүйегі арқылы біз ежелгі өмірдің құпияларын ашамыз, ал басқа табыстар Қазақстанды динозавр зерттеулерінің орталығына айналдырып отыр. 

Аралозаврдың анатомиясы:

Аралозавр (Aralosaurus tuberiferus) – Мезозой эрасының Бор кезеңінде (шамамен 83-85 миллион жыл бұрын) өмір сүрген гадрозавридтер тұқымдасына жататын шөпқоректі динозавр. Оның анатомиясы 1968 жылы Қазақстанның Бозтөбе шатқалынан табылған бас сүйегі мен кейбір сүйектерінің фрагменттері негізінде зерттелген. 

Аралозавр ғылымға бас сүйегінің артқы бөлігінің ерекшелігімен белгілі болған. Бұл сүйек фрагменті ламбеозавриндер (Lambeosaurinae) субтұқымдасына тән бірқатар ерекшеліктерді көрсетеді. 

Мұрын өсіндісі

Аралозаврдың бас сүйегінде мұрын қуысының үстінде өсінді бар, ол дыбыс шығаруға немесе түрлерді ажыратуға арналған болуы мүмкін. Бұл өсінді қазіргі гадрозаврлардың (мысалы, Parasaurolophus) күрделі құбырлы өсінділерінен гөрі қарапайым, бірақ функционалдығы ұқсас. Мұндай өсінділер дыбысты күшейтіп, топтағы коммуникацияны жеңілдеткен немесе түрлер арасындағы визуалды сигнал ретінде қызмет еткен.

Аралозавр, басқа гадрозаврлар сияқты, күрделі тіс құрылымына ие болған. Оның жақ сүйектерінде жүздеген ұсақ тістер бір-біріне тығыз орналасып, өсімдіктерді тиімді шайнауға мүмкіндік берген. Бозтөбеден табылған төменгі жақ сүйегі болмаса да, басқа гадрозаврлардың аналогтарына сүйене отырып, Аралозаврдың тістері өсімдіктерді ұсақтауға бейімделген деген қорытынды жасалған.

Ми қуысы және сезім мүшелері

Бас сүйегінің құрылысына қарағанда, Аралозаврдың миы орташа дамыған, көру және иіс сезу қабілеттері жақсы болған. Ламбеозавриндердің бас сүйегіндегі қуыс құрылымдар иіс сезу рецепторларымен байланысты болған, бұл олардың қоршаған ортаны талдауда және жыртқыштардан қорғануда тиімді болғанын көрсетеді.

Дене құрылысы және қозғалысы

Аралозаврдың дене сүйектері (иық, жамбас, аяқ сүйектері) толық сақталмағанымен, табылған фрагменттер оның гадрозавридтерге тән анатомиялық белгілерін анықтауға мүмкіндік береді.

Қаңқа құрылымы

Аралозавр екі аяқты және төрт аяқты қозғалысқа бейімделген. Оның алдыңғы аяқтары артқы аяқтарына қарағанда қысқа, бірақ жеткілікті мықты болған, бұл оның қажет кезде төрт аяқпен жүруіне мүмкіндік берген. Аяқ сүйектерінің пропорциялары оның орташа жылдамдықпен қозғалғанын, бірақ спринтте тираннозаврлар сияқты жыртқыштардан қашуға қабілеті шектеулі болғанын көрсетеді.

Құйрық және тепе-теңдік

Аралозаврдың гадрозаврларға тән ұзын әрі қатты құйрығы болған. Құйрығы жүру және жүгіру кезінде тепе-теңдікті сақтауға қызмет еткен. Құйрықтағы сіңірлер мен бұлшықеттері мықты дамыған, бұл оған серпімді қозғалыс берген.

Дене өлшемі

Аралозаврдың ұзындығы шамамен 8-10 метр, биіктігі 3-4 метр, салмағы 2-4 тонна болған деп есептеледі. Яғни Орталық Азиядағы орташа өлшемді гадрозаврлардың бірі болған.

Қоректену және ас қорыту жүйесі

Аралозавр – шөпқоректі динозавр, оның ас қорыту жүйесі өсімдіктерді тиімді өңдеуге бейімделген. Бозтөбе қалыптамасынан табылған өсімдік қалдықтарына сүйене отырып, Аралозавр папоротниктер, қылқан жапырақты өсімдіктер және алғашқы гүлді өсімдіктермен қоректенген деген қорытынды жасалған. Оның тіс батареясы қатты өсімдіктерді ұсақтауға және шайнауға мүмкіндік берген.

Гадрозаврлардың ас қорыту жүйесі қазіргі ірі сүтқоректілерге (мысалы, сиырларға) ұқсас болған. Аралозаврдың ішегінде өсімдіктерді ферменттеу процесі жүрген, бұл оған төмен калориялы өсімдіктерден қажетті энергияны алуға көмектескен.

Аралозавр топпен өмір сүрген, бұл оның жыртқыштардан (мысалы, тираннозаврлар немесе дромеозаврлар) қорғану стратегиясы болған. Оның мұрын өсіндісі арқылы шығарған дыбыстары топты ұйымдастыруға және қауіпті ескертуге қызмет еткен.

Аралозавр – ламбеозавриндердің ерте өкілі. Оның бас сүйегі құрылысы Солтүстік Америка мен Еуропадағы кейінгі гадрозаврларға (мысалы, Corythosaurus) өте ұқсас. Бұл Аралозаврдың Азия мен басқа континенттер арасындағы эволюциялық көпір болғанын көрсетеді.

Бозтөбе құрылымы өзен-эстуарийлік орта болған. Яғни Аралозаврдың негізгі қорегі -  өзен жағасындағы өсімдіктер болған. Толықа анатомиясы сулы-батпақты жерлерде қозғалуға бейімделген, бірақ толық су жануары емес еді.

Аралозавр қазақ даласынан табылған басқа да ежелгі шөпқоректілермен ұқсастығы көп. Мәлесен Қазақстаннан табылған тағы бір гадрозавр - Жаксартозаврмен  (Jaxartosaurus) тіс батареясы мен дене құрылысы ұқсас Тек оның мұрын өсіндісі ғана Аралозаврға қарағанда күрделірек болған.

Бозтөбе қалыптамасынан табылған Арстанозаврмен де (Arstanosaurus) ұқсастығы бар. Тек көлемі жағынан ғана үлкен болған. Арстанозаврдың сүйектері аз зерттелген, бірақ анатомиялық ұқсастықтары Аралозаврмен туыстығын көрсетеді.

Аралозаврдың бас сүйегі Солтүстік Американы мекен еткен кейбір түрлерімен салыстырылады, бірақ оның өсіндісі қарапайым. Бұл оның эволюциялық дамудың ерте кезеңіне жататынын білдіреді.

Тағы бір айта кетерлігі, Аралозаврдың анатомиясы әлі толық сипатталмаған. Себебі табылған сүйектер фрагменттер толық емес. Толық қаңқа болмағандықтан, оның дене пропорциялары мен қозғалыс механикасы туралы болжамдар басқа гадрозаврларға сүйеніп жасалған. 

Қазақ даласында өмір сүрген динозавр түрлері:

Зауроподтар (ұзын мойынды алыптар) Қазақстанда сирек, негізінен тістері арқылы белгілі. Олардың ішінде Антарктозавр (Antarctosaurus) сияқты түрлер бар. Мекендеу ортасы мен өмір салты

Шөпқоректі динозаврлар (Аралозавр, Батырозавр) шөп пен жапырақтармен қоректеніп, топпен өмір сүрген. Бұл тарбозавр, велоцираптор секілді етқоректі түрлерден сақтануға мүмкіндік берген. Сонымен қатар елімізде тираннозавр, орнитомимид, диплодок, архозавр, гадрозавр, трицепратопс, стиракозавр, титанозавр, траходонт және стегозавр секілді алыптар өмір сүрген. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз