19 қазан күні Париждегі әйгілі Лувр мұражайында болған ұрлық әлемдік ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналды. Бұл оқиға туралы бұған дейінгі материалда кеңінен баяндалған болатын. Ал осы жолы біз сол деректің негізінде өнер тарихында тіркелген басқа да әйгілі музей ұрлықтарына тоқталуды жөн көрдік.
Мона Лизаның жоғалуы (Франция, 1911 жыл)
1911 жылдың тамыз айында дәл осы Лувр мұражайынан Леонардо да Винчидің әйгілі “Мона Лиза” картинасы да жоғалып кеткен еді. Таңертеңгі тексеріс кезінде күзетшілер туындының орнында жоқ екенін байқап, дереу дабыл көтереді. Тергеу барысында ұрлықты музейдің бұрынғы қызметкері италиялық Винченцо Перуджа жасаған болып шығады. Ол өз елінің перзенті ретінде “Мона Лизаны” Италияға қайтаруды парыз санаған. Перуджа түнде музей ішінде қалып, таңертең суретті қабырғадан шешіп, шыны мен жақтауын алып тастап, кенепті шапанының астына жасырған күйі есіктен сабырмен шығып кеткен. Париж полициясы екі жыл бойы іздеу жұмыстарын жүргізіп, тек 1913 жылы Флоренцияда Перуджа картинаны сатуға тырысқан кезде оны қолға түсіреді. Сурет сол жылы Луврға қайта әкелініп, орнына қойылды. Бұл оқиғадан кейін “Мона Лизан” әлемдегі ең танымал және ең қатаң қорғалатын өнер туындысына айналды.

Майя қазынасының жоғалуы (Мексика, 1985 жыл)
1985 жылы Рождество мерекесі қарсаңында Мехикодағы Ұлттық антропология музейінен 124 құнды артефакт ұрланды. Бұл Мексика тарихындағы ең ірі мәдени қылмыстардың бірі болды. Ең қызығы бұл әрекетті кәсіби ұрылар емес, екі студент жігіт жүзеге асырған. Олар бірнеше ай бойы музейге келуші ретінде кіріп, күзет пен қауіпсіздік жүйесінің барлық әлсіз тұсын зерттеген. Түнгі уақытта желдеткіш жүйесі арқылы ішке кіріп, экспозиция залдарын мұқият аралаған. Сол түні олар майя билеушісінің нефрит жерлеу маскасын, алтын мен обсидианнан жасалған әшекейлерді және ежелгі Теотиуакан мен Ацтек өркениеттеріне тиесілі жәдігерлерді алып кеткен. Кейін олардың кейбірі ғана табылды. Ал негізгі бөлігі із-түзсіз жоғалып кеткен. Тергеу барысында ұрылардың есірткі бизнесімен байланысы екендері, тіпті кей жәдігерлерді кокаинге айырбастамақ болғаны анықталды. Бұл оқиғадан кейін Мексика үкіметі музей қауіпсіздігін толық қайта қарап, елдегі барлық мәдени нысандарға жаңа бақылау жүйесін енгізді.

Ван Гог мұражайындағы түнгі операция (Нидерланды, 2002 жыл)
2002 жылдың желтоқсан айында Амстердамдағы Ван Гог мұражайында түнгі уақытта аса шебер ұйымдастырылған ұрлық жасалды. Таңғы сағат 3 шамасында екі адам ғимараттың шатырына баспалдақ арқылы көтеріліп, дабыл жүйесін айналып өтіп, ішке кірген. Бар-жоғы он бес минуттың ішінде олар Ван Гогтың екі бірегей картинасын ұрлап үлгерген. Олардың жалпы құны сол кезде 32 миллион доллар деп бағаланған. Ұрылар оқиға орнынан із қалдырмай қашып үлгерген. Голландиялық полиция арнайы операция жүргізіп, екі күдіктіні 2004 жылы ұстады. Ал картиналар ұрланғаннан кейін тек 14 жыл өткен соң табылып, 2016 жылы қайтадан музей қорына жеткізілді.

Мунк музейіндегі ұрлық (Норвегия, 2004 жыл)
2004 жылдың тамызында Ослодағы Мунк музейінде көрермендер залды аралап жүрген сәтте, екі бетперделі адам ішке баса кіріп, Эдвард Мунктың “Айқай” және “Мадонна” картиналарын қабырғадан жұлып алып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, қылмыскерлер қолдарында қару болған. Олар күзетшілерге қоқан-лоқы көрсетіп, картиналарды көлікке тиеп, оқиға орнынан қашып кеткен. Сол сәтте дабыл іске қосылғанымен, ұрыларды тоқтату мүмкін болмады. Екі жылға созылған тергеуден кейін, 2006 жылы екі туынды да табылды. Суреттер зақымданып, бояу қабаты бүлінген еді. Оларды қалпына келтіруге бірнеше ай жұмсалды. Ал қылмыскерлер ұсталып, ұзақ мерзімге сотталды.

Дрездендегі “Жасыл күмбез” ұрлығы (Германия, 2019 жыл)
2019 жылдың қараша айында Германияның Дрезден қаласында орналасқан әйгілі “Grünes Gewölbe” (Жасыл күмбез) зергерлік мұражайында ХХІ ғасырдағы ең ауқымды мәдени ұрлықтардың бірі жасалды. Таңғы сағат бес шамасында белгісіз адамдар электр трансформаторын өртеп, бүкіл ауданның жарығын сөндіріп тастайды. Сол сәтті пайдаланып, олар музейдің терезе торын кесіп, ішке кірген. Қылмыскерлер алмаз, изумруд, рубинмен әшекейленген тәждер мен ордендерді алып кеткен. Сарапшылар ұрланған бұйымдардың жалпы құнын 1 миллиард еуроға бағалады. Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталды. 2022 жылы олардың бір бөлігі сот үкімімен түрмеге жабылды, алайда зергерлік бұйымдардың көп бөлігі табылмаған күйі қалды. Ұрлықтан кейін музей ұзақ уақытқа жабылып, қауіпсіздік жүйесі толық жаңартылды.

Алматыдағы жаңа музейдегі вандализм (Қазақстан, 2025 жыл)
2025 жылдың 12 қыркүйегінде Алматыда заманауи өнер кеңістігі “Almaty Museum of Arts” ресми түрде ашылды. Жаңа музей алғашқы күннен-ақ қала тұрғындары мен қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырып, небәрі үш күннің ішінде 14 мыңнан астам адамды қабылдады. Көрмеде заманауи инсталляциялар, бейнелеу өнері, фотография және цифрлық арт туындылар қойылған болатын. Алайда көп ұзамай жағымсыз оқиғалар да орын алды. Бірнеше күннен кейін әлеуметтік желілерде вандализм әрекеттері туралы хабар тарады. Кейбір келушілер қабырғаларға жазулар қалдырып, арт-нысандарға зақым келтірген. Бірқатар экспонаттардың беті сызылып, инсталляция элементтері сынған. Музей әкімшілігі барлығы жиырмадан астам осындай оқиғаны анықтады. Қалпына келтіру жұмыстары дереу басталып, материалдық шығын миллиондаған теңгеге бағаланды.

Әлем музейлерінде болған ұрлықтар адамзаттың мәдени мұраға деген қатынасын айқын көрсетеді. Әрбір картина, әрбір жәдігер – өткеннің ізі мен ұлттың рухани жадын сақтайтын тарихи мұра. Оларға зиян келтіру – мәдениетке ғана емес, адамдық сананың өзіне жасалған соққы. Мәдени мұраны сақтау – тек күзет пен қауіпсіздік жүйесінің емес, ең алдымен қоғамның санасы мен мәдени деңгейінің көрсеткіші. Өнер кеңістігіне келген әр адам оны тамашалаумен қатар, қорғауға да жауапты.