Талғат Молдабайұлы: Көшпелі тайпалардың бір тудың астына жиналып, Түрік аталуына ғұндар себепші болды

17.10.2025
6526
Талғат Молдабайұлы: Көшпелі тайпалардың бір тудың астына жиналып,  Түрік аталуына ғұндар себепші болды - e-history.kz

Жақында түркология саласында іргелі зерттеулерімен көзге түсіп жүрген PhD доктор, түрколог-ғалым Талғат Молдабай мырзамен жолығудың сәті түсіп, сұқбат алған едік. Әңгіме барысында Жалпы дала көшпелілері қолданған жазу түрлері, оның тарлу аймағы, өзіндік ерекшелігі туралы біршама ақпараттар алған едік. Назарларыңызға сол сұқбаттың кезекті бөлімін ұсынуды жөн көріп отырмыз.

- Талғат мырза, кезінде дала көшпенділерінің өзіндік төл жазуы (бітіг жазуы) Сібір рунасы, Енисей рунасы секілді түрлі атаулармен хатқа түсіп, ұзақ уақыт бойы өзгеге телініп келді ғой. Сондай біресе қазақтың біресе қазақтың арғы жазуы деп жүрген көне жазба ескерткіштерің бірі  - Алтын көл жазуы. Бұл жазу нақты кімге тиесілі өзі? 

- Ұлан-ғайыр мына далада үстемдік етіп, патшалық құрған дала көшпенділерінің қол жеткізген ұлы жетістіктерінің бірі – жазу мәдениеті екені даусыз. Әрі оның тарихы тым ертеден – сонау тас дәуірінен бастау алады. Көне түрік бітіг жазуының таралу ареалы тек Моңғолиядағы Орхон аймағы мен Ресейдегі Таулы Алтай және Енисей аймақтарымен шектелмейді, Еуразия құрлығының үлкен бір бөлігін алып жатыр. Шығыс Еуропадан бастау алып, Орталық Азия, Моңғолия, Оңтүстік Сібір, Шығыс Түркістан (ҚХР), Таулы Алтай және Ферғана аймақтарын қамтиды. 

- Уақыт өте келе түрік бітіг жазуы тарих сахнасынан біртіндеп ығыстырыла бастады. Орнынаманихей жазуы жазуына негізделген ұйғыр жазуы келді. Уақыт өте келе оның қолданыс аясы кеңейді. Оның көптеген себептері бар. Жазу тарихында жазудың шығуына сұраныс тудыратын негізгі факторлар ретінде сауда-саттық, орталықтанған билік жүйесі (салық мәселесі) және дін деп есептеледі. 

Мәселен, Жібек жолы бойында үлкен қалалар құрыла бастады. Қала мәдениеті дамып, қолөнер мен сауда гүлденді. Бұл өрлеу дәуірі 840 жылы Қырғыздардың орталық Моңғолия жеріндегі Ұйғыр қанатын құлатуымен аяқталды. Яғни осындай тарихи оқиғаларға байланысты түрік бітіг жазуының орнына манихей жазуы келе бастады. Түрік қағандығын құлатқан Енисей қырғыздары мен Ұйғыр қағандығы біпаз уақыттан кейін манихей жазуын және осы жазу негізінде өз тілдеріне бейімделген ұйғыр жазуын қолдана бастады.

Қолөнер мен сауда саттық дамыды, әдебиет, дін, өнерге деген қызығушылық артты. Сауда саттық ел кірісінің маңызды бөлігін құрағандықтан көптеген керуен сарайлар салынып, сауда-саттыққа деген қолдау артты. Орталық Азиядағы сауда жолдарында соғдылардың ықпалының артуы соғдылардың Ұйғыр қағанатындағы рөлін арттырды, олар билік орындарына қызметке алына бастады. 

Соғдылардың ұстанған діні Ұйғыр қағанатында қолдау тауып тез тарала бастады. Басқа елдерде қысым көрген манихей діні өкілдері осы Ұйғыр қағанатынан пана тапты. Дін миссионерлерінің ықпалымен көптеген ұйғыр ақсүйектері манихей дініне өте бастады. Биліктен қолдау тапқан манихей діні 692 жылы таққа отырған Бөгү қаған тарапынан ресми діні ретінде мойындалды. Манихей жазуымен ұйғыр тілінде діни мәтіндер аударыла бастады. Манихей жазуына деген сұраныс күн өткен сайын артып соңында билік тарапынан ресми түре манихей жазуы ұйғыр тілінің фонологиялық ерекшелігіне бейімделіп «Ұйғыр жазуы» деген атаумен қолданыла бастады.

Бұл жерде айта кетерлік бір мәселе бар. Түрік біті жазуы - сол дәуірде ұланғайыр даланы мекен еткен көшпелі халықтардың ортақ мұрасы. Мен «Қазақ жазу мәдениетінің бастаулары» атты ғылыми зерттеуімде Еуразия құрлығын мекендеген, көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан түрлі тайпаларды қазіргі таңда біз дала көшпелілері ретінде біріктіріп атап өттім. Себебі, бұлардың шаруашылығы, тілі, діні, мәдениеті бірбірлеріне ұқсас, бірақ түрлі кезеңдерде түрлі саяси бірліктер құрып, бірде бірігіп, бірде бөлініп, тіптен түрлі діндер қабылдап бір-бірлерінен алыстағанмен, олардың ортақ бір біріктіретін қасиеті ол шаруашылығы еді. Осыған байланысты  түрлі тайпаларды ортақ «Дала көшпелілері» деп келтірген дұрыс деп ойлаймын.

Сіз айтып отырған Алтын көл жазуы да сол дала көшпенділерінің ортақ жазуы. Кейбір стильдік ерекшеліктерге қарамастан, ұйғыр жазуы немесе Енисей жазу деп атап жүрген жазба ескерткіштерде көне түрік бітіг жазуының және түрік тілінің элементтері қолданған.

- Енисей қырғыздары пайдаланған бұл жазу түрінің қолдану аясы қандай болды? 

 - Қолданылу ареалы Оңтүстік Сібір, Енисей өзені бойы, Моңғолия, Шығыс Түркістан (ҚХР), Еділ өзені алабы, Транскавказия, Азербайжан, Грузия және Осман империясын қамтыды. Қазіргі таңда Манжу, қалмақ, бурият, ойрат этностарының ұлттық жазуы ретінде қарастырылып жүрген жазу жүйесінің осы ұйғыр жазуынан бастау алғандығын ұмытпауымыз керек.

Жалпы айтқанда, Қырғыз халқы Орталық Азияның көне халықтарының бірі. Дала көшпелілерінің бір бөлшегі. Түрік қағанатының негізін қалаған билеуші тайпа өзін түрік деп атап өзіне қосылған шаруашылығы бір, тарихы бір, тілі бір халықтарды жалпы түрік аталуына себепші болды. Мысалы ретінде оғыздарды, татарларды, қырғыздарды айта аламыз. Бұлардың барлығы сол кездегі тайпа атауы еді. Нақты түрде осыларды бір саяси атау астына бірлестіре білген ғұндар мен түріктер болды. Тарихтағы осы қырғыздардың тікелей ұрпақтары Хакастар, Алтайлықтар, Қырғыздар болса да жалпы кейінгі түрік халықтарының кез келгенінің құрамында қырғыздардың ізі бар деп білу керекпіз. 

Қырғыз дәуірінің түрік тілі мен мәдениеті тұрғысынан маңыздылығы – тарихи құндылығы жоғары Енисей жазба ескерткіштерінің бой көтеруі. Бұл жазбалардың екі жүзден астамы саяси тарих, мифологиялық әңгімелер, наным-сенім жүйелері және билеушілердің өмірі, соның ішінде түрік-қырғыз соғыстары туралы мол мағлұмат береді. Кейбір стильдік ерекшеліктерге қарамастан, көне түрік бітіг жазуын және түрік тілін қолданды. 

- Алтын көл ескерткіш жазуы қалай табылды? 

- Абаканнан оңтүстігіндегі Юдино (қазіргі Бондарево) ауылынан шығысқа қарай 10 км жерден Алтын көл атты кішкентай көлдің маңынан табылған. 1878 жылы Е.Т.Корчаков деген бір ауыл адамы екі мәтін қашалған жазу табады. Құлап топырақ басып қалған мәтінтастардың шеттері ғана шығып тұрған еді. Қоңырқай түсті құмдауыт тас. Мәтінтастардың бірі эрозияға ұшыраған екіншісі ортасына бөлініп қалған екен. 1881 жылы Н.М. Мартьянов Минусинск музейіне әкеліп орналастырады. Тіркеу номері ММ, инв № 27. Мәтінтастың біріншісінің өлшемі: биіктігі - 1,38 м, ені - 0,35-0,43 м, қалыңдығы - 0,19 м. Тасқа 9 жол мәтін қашалған. Мәтінтастың бас жағы доғал. Белгілі түркітанушылар В.В.Радлов, Х.Н.Орхун, С.Е.Малов, И.А.Батманов, С.Г.Кляшторный және т.б. ғалымдар зерттеген.

- Мәтінде не жазылған? 

- Мәтіндегі жазулар реті былай: 

 

1.

yerdeki : Barıs Tegime : erdemligime : Böküm :

Жердегі Барыс тектім, ердемдігім (данам), Құдайым:

2.

Atsar alıp : ertіŋizin оtsur küč : ertіŋizin İnlig Börüt : O Öke Barıs : adırılmayı : it : o :

Атсар (ат құлағында ойнайтын) алып едіңіз, отсур (отпен ойнайтын) күш едіңіз Кіші Қасқыр (Инлиг Бөрүт), О ұлы Барыс, айырылуға қарсы бол!

3.

Оqumuz Umay : Begimiz : biz uya : alıp : er : özin : altı qılmadıŋ : özlük at özün : üč qılmadıŋ ayı ite : izinčüme : közünčüme : adırılma sečilen mü : iyü erdemimin

Тайпамыз, Ұмай бегіміз. Біз ұйқыдағы алып ер өзін алты қыла алмадың. Жүйрік ат өзін үш қыла алмадың. Аю итке (ит-құсқа), ізімнен келгенге, көзінен айырмайтыннан (бақылаушы) айырылма, таңдалған ба ? Же данам.

4.

Er erim ičin : inim ečim : uyurun : üčün : beŋgümün : tike berti :

Ерлердің ері үшін, інім әкем жатқаны үшін мәңгі тасымды тікті

5.

Törinilgü : ertimiz : bizіni : eriklig : adırtı yıta

Төрт інілі едік, бізді еркімізден тыс айырды не шара

6.

Altun Suŋa yıš : keyiki : artγıl tašγıl аtdаčı Öke Barısım : adırılu bardı : yıta

Алтын Сұңа орманы, киігі артып, тасып жатушы еді, мерген Ұлы Барыс (елінен) айырылып барды не шара

7.

On ay : ilitdi : ögüme : kelirti : ilimke : erdem üčün : m...

Он айда жеткізді, анама апарды. Еліме даналық үшін м...

8.

İlim : ökünčüŋe : qalan : yaγıqa : qıymatın : tegipen : adırldım : yıta :

Елім өкінішке орай қалған жауға қыймай тиіп (шабуылдап) айырылдым не шара

9.

İniŋizke : ičiŋizke : inig ne yüki : ilin : tüšürüŋüz :

Інілеріңіздің мойнындағы, ішіңіздегі аздаған жүкті түсірдіңіз. 

Алтын Көл жазуының маңыздылығы Түрік қағандығының Қырғыз халқын өздеріне бағындырған кездегі Қырғыз билеушісі Барс бектің өліміне арнап қойылған мәтінтас болуымен маңызды. Күлтегін мәтінінде: Әкем қағанмен бірігіп Түргеш көтерлісін басуға шыққанда мен Тардуш халқына шад едім. Түргеш халқы түрік тектім еді, қателесіп қарсы шықты, қағаны сонда өлді. Сол жорықта біз Қырғыз елін құрап, сіңілімді қалыңдыққа беріп Барс бекті қырғыз халқының басына біз отырғыздық. Қателесті қағаны өлді ...» деп баяндайды. 

Бұл жазбалар біздің жоғарыда баяндаған сөздеріміздің дәлелі іспетті. Қырғыз халқының түріктерге бағынышты болғандығының және үнемі көтерліс жасап қағанаттан бөлінуді көздегендігінің дерегі. Жалпы тарихта түрік тайпаларының барлығы дерлік кемелденіп, күшейген уақытта өз тәуелсіздігіне ұмтылып, үнемі бөлініп отырды. Бұл дала көшпелілерінің еркін мінезінің көрінісі болса керек. 

– Енисей қырғыздарының түрік тарихындағы орны қандай еді? 

- Археологияда Таштық мәдениетін Енисей қырғыздарының арғы бабалары болуы мүмкін деп қарастырады. Шынында, Енисей қырғыздарының тағар және таштық дәуіріндегі прототүріктерді өздерінің ата-бабалары санағаны, ал хакастардың (енисей қырғыздарының ұрпақтары) соңғы кездерге дейін тағар/таштық жерлеу орындарын қастерлеп, тағзым етіп, оларға зиярат еткенде шарап құйып құрмет көрсететіндігін білеміз.

Қазіргі Хакасия мен Тәңірі таулары арасында жартылай көшпелі түрде өмір сүрген және Ұйғыр қағанаты ыдырағаннан кейін Моңғолияда үстемдік құрған түрік тарихындағы сабақтастық тұрғысынан ең маңызды тайпалардың бірі қырғыздар жазба деректерде алғаш рет Ғұн дәуірінде кездеседі. Оларды Ғұн тайпалық конфедерациясына Мөде (Моду) Шанью қосты және біздің дәуіріміздің 60-шы жылдарына дейін бейбіт түрде Ғұн империясының вассалы ретінде өмір сүріп келді. Бір қызығы қытай деректерінде Қытайға қосылмау үшін батыста дербес мемлекет құруды көздеген Цзычжи (Чичи) шаньюй Жетісу аймағында қырғыздармен бетбе-бет келіп, оларды талқандады деп хабарлайды. Осы мәліметтерге сүйене отырып, қырғыздар ерте ортағасырдан бастап Минусинск ойпатынан оңтүстік-батысқа қарай Алтай, Тарбағатай, Тәңірі тауларына дейінгі Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен қазіргі Қырғызстанға дейін қоныстанды деген қорытынды жасауға болады.  Қытай деректеріндегі көктүріктердің шығу тегі туралы аңыздардың қатарында қырғыздар мекендеген Абакан аймағы мен Енисей өзені алабы аталуы көңіл аударарлық мәселе. Осы аңызда қырғыздардың ақ үйрекке айналған ежелгі түріктердің атасы Ни-ших-тоудың ұлынан тарады деп есептейді. Ал тарихта Түрік қағаны Мұқан қаған қырғыздарды бағындырып, өз билігіне қаратады. Дегенмен кейбір ғалымдар таштық мәдениетіндегі табылған адамдардың антрапологиялық ерекшеліктеріне байланысты, қытай деректеріндегі физиономиялық сипаттамаларға сүйене отырып, қырғыздарды үнді-еуропалық тектерге жатқызады және оларды шын мәнінде түркі емес, бүгінде беймәлім палео-сібір тілінде сөйлеген, кейін Түрік қағанаты дәуірінде түріктеніп кеткен деп есептейді. Дегенмен, біз бұл мәселлердің жалпы ерте ғасырларда осы аймақтарда өмір сүрген сақтар, қыпшақтардың да антрапологиялық тұрғыда үнді-еуропалықтарға жақын болғандығын білеміз. 

Түрік қағанаты 627 жылы климаттық дағдарысқа байланысты берекесі кетіп, көптеген тайпалардың көтеріліске шығуы нәтижесінде әбден әлсіреді. Осы жағдайды бақылап отырған Таң императоры 630 жылы Ли Цзин атты генерал бастаған үлкен әскер жіберіп Ил (Ел) қағанды қоршауға алып қолға түсіреді және Бірінші Түрік қағандығының күйреуіне жол ашады. Нәтижесінде орталық биліктен шығып қалған қырғыздар Сыр Тардуштарға бағынады. Құтлұқ қаған мен Тұйұқұқ (Тоныкөк) Түрік қағанатын қайта құрған кезде Білге қаған, Күлтегін жазбаларында, қырғыздардың Алтын Көл жазбасында да баяндалған Қырғызға жорығы басталады. Осы соғыстарда (711 жылы) Қырғыз қағаны Барсбек Инанч Алп Білге қаған өліп, қырғыздар Түрік қағандығына бағынады. Кейіннен Екінші Түрік қағандығы ыдырағаннан кейін қырғыздар оның мұрагері Ұйғыр қағанатына бағынды. 840 жылы Қытаймен ынтымақтаса отырып, Ұйғыр қағандығына шабуылдап, қағандықты тарих сахнасынан ысырды. Осылайша өз империясын құрған қырғыздар Моңғол даласына да билік жүргізе бастады. 

- Дегенмен тарихқа үлкен өзгеріс алып келген қырғыздар Моңғол даласында біржолата қалып қоюды көздемеген сияқты ғой...

 - Расында да қырғыздар ешқашан Моңғол даласын тарихи түрде жалғасып келе жатқан көшпелі империялардың орталығы ретінде емес бағыну аймағы ретінде ғана қабылдады. Негізгі орталықтары Енисей бойындағы өз жұрты болып қала берді. Бұл талай жылдан бері түрік халықтарының мәдени, саяси орталығы болып келген жердің моңғол тайпаларының үстемдігіне өтуіне әкеп соқты. Мажар тарихшысы Иштван Васарийдің сөзімен айтқанда, «Түрік өркениеттің үлкен құлдырауына» әкелді. Расымен де Қырғыздардың Ұйғыр қағанатын талқандағаннан кейін Орхон ойпатынан айырылды, Орхон мәдениетін жойды және Ежелгі Түрік қағандарының жерін моңғолдарға (кидан) беріп қойды.

Дегенмен, бұл жағдайдың себебі болуы керек. Америкалық тарихшы Мишел Дромпптың пайымдауы бойынша қырғыздардың Моңғолияда күшті қағандық құра алмауының негізгі себептерінің бірі ретінде олардың экономикасының жайылымдық көшпенділікке ғана емес, сонымен қатар егіншілік пен мал шаруашылығының қосындысына тәуелді болуымен байланыстырады. Хакасия аймағындағы егіншілікке дағдыланған қырғыздар толығымен мал шаруашылығына көшуді талап ететін географиялық жағдайлары бар Орхон алқабына көшуге құлықсыз болды деп есептейді. Мишел Дромпптың пікірінше, қырғыздар 924 жылы кидандардан жеңілгенге дейін Моңғолияда ұлы хандық құрмады. Моңғолия территориясы оған бағынышты аймақ ғана еді, орталығы ешқашан Моңғолия болмады, бұл кейбір тарихшылардың қате пікірі деп санайды. Қырғыздар дала көшпелілері қалыптастырған Орхон дәстүрін бұзып, Моңғолияға қоныстанбады, керісінше Енисей өзені бойындағы өз орталықтарын аталмыш аймақты бақылауға тырысты. Бұл, біздің ойымызша, Алтай-Саян тауларының солтүстігіндегі Минусинск ойпатының суару каналдарын қазып, қалалар іргетасын қалаған, артына өнер мен мәдениет туындыларын қалдырған, саудамен айналысқан қырғыз түріктері үшін маңыздылығының дәлелі ретінде қарастыруға болады. 

- Әңгімеңізге рахмет! 

 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз