«Пушкиннен Шолоховқа дейін: уақыт үндестігі» көрмесі ашылды

Автор:
15.10.2025
5825
«Пушкиннен Шолоховқа дейін: уақыт үндестігі» көрмесі ашылды - e-history.kz

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры негізінде дайындалған «Пушкиннен Шолоховқа дейін: уақыт үндестігі» атты жылжымалы көрменің салтанатты ашылуы өтті. Бұл – қос ұлттың әдеби және рухани байланысын бейнелейтін, уақыт пен кеңістіктен биік тұрған мәдени оқиға. Көрме арқылы орыс әдебиетінің қос алыбы Александр Пушкин мен Михаил Шолоховтың қазақ даласымен тоғысқан тағдыры мен шығармашылық байланысы кеңінен таныстырылды. Экспозицияда XIX–XX ғасырлардағы мұрағаттық деректер, сирек фотосуреттер, қолжазбалар мен басылымдар, сондай-ақ ақын мен жазушының тұрмысында қолданған заттары қойылды. Бұл жәдігерлер арқылы көрермен сол дәуірдің рухын сезініп, ұлттар арасындағы әдеби көпірдің қалай орнағанына куә бола алады. 

Көрменің мазмұны мен идеясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет пен рухани сабақтастықты дамыту жөніндегі көзқарасымен үндес. Президент өз сөздерінде халықтар арасындағы өзара түсіністік пен мәдени байланыстарды тереңдетудің маңызын үнемі атап өтеді. Бұл – қазіргі жаһандану дәуірінде елдің рухани қауіпсіздігін сақтаудың, ұлттар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтудың басты жолы. Бүгінгі көрме осы ұстанымды нақты іспен жүзеге асырып отыр. Өйткені мұнда тек Пушкин мен Шолоховтың шығармашылық мұрасы ғана емес, екі халықтың ортақ тарихы мен мәдениетке деген құрметі, рухани үндестігі көрініс тапқан. Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дмитрий Останькович те Мемлекет басшысының осы ұстанымын негізге ала отырып, көрменің маңызын атап өтті: 

«Бұл тек мәдени шара емес, бұл – дәуірлерді, ұлттар мен тағдырларды тоғыстырған рухани көпір. Пушкин мен Шолохов шығармашылығы – адамзаттық құндылықтардың алтын өзегі. Бүгін ашылған көрме – мәдениет арқылы достық пен сенімді нығайтудың айқын үлгісі», – деді.

Пушкиннің 1833 жылы Орал өңіріне жасаған сапары – орыс әдебиетінің тарихындағы ең шынайы әрі тағдырлы беттердің бірі. Ол қазақ даласына тек зерттеуші ретінде емес, рухани ізденіс үстіндегі ақын ретінде келген. Ақжайықтың кең даласы, халықтың қонақжай мінезі мен ерлікке толы шежіресі оны терең ойға жетеледі. Сол сапардың әсерінен ақынның “Капитан қызы” мен “Пугачев тарихы” сияқты мәңгілік шығармалары дүниеге келді. Бұл туындыларда Орал өңірінің табиғаты ғана емес, қазақ халқының болмысы, еркіндікке ұмтылған рухы көрініс тапқан. Демек, Пушкиннің шығармашылық әлеміне қазақ топырағының әсері аз болған жоқ – ол қазақ даласының дауысын, оның еркіндік пен намысқа толы жүрегін өз поэзиясына сіңіре білді.

Ал Михаил Шолохов үшін Қазақстан – тек тарихи байланыс нүктесі емес, соғыс жылдарындағы өмірінің бір бөлігіне айналған қасиетті мекен. Ұлы Отан соғысы кезінде жазушының отбасы осы өңірде тұрған, дәл осы жерде ол “Адам тағдыры” мен “Тынық Дон” шығармаларының бөлімдерін жазып, кейіпкерлерінің тағдырын халықтың шынайы тұрмысымен байланыстырды. Қазақ жеріндегі кеңдік пен адам жанының беріктігі оның туындыларына ерекше тыныс берді. Сондықтан да қазақ даласы Шолохов үшін шабыт пен шынайылықтың бастауы ғана емес, екінші Отаны іспетті еді. Оның шығармаларында кездесетін мейірім мен адамгершілік сарыны – осы жердің кең пейілінен нәр алған рухани сабақтастықтың көрінісі. Көрмеге келген қонақтар алдында сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев те осы ойды ақындай түсті. Ол өз сөзінде: 

«Бұл көрме – тек өткенді еске алу емес, ұлттар арасындағы рухани сабақтастықтың көрінісі. Ақжайық топырағы талай ұлы тұлғалардың ізі қалған қасиетті өлке. Пушкин мен Шолоховтың рухы да осы кең даламен үндесіп жатыр. Мұндай шаралар жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, достық пен мәдениетке деген құрметті арттырады», – деп атап өтті.

Батыс Қазақстан өңірінен жеткізілген жүзден астам жәдігер – екі халықтың ортақ рухани тарихының үнсіз куәгері. Әрбір экспонатта – өткен дәуірдің ізі, мәдениеттің тынысы, адам мен жер арасындағы мәңгілік байланыс жатыр. Пушкин мен Шолоховқа қатысты құжаттар, фотосуреттер, тұрмыстық заттар мен сирек басылымдар сол кезеңнің атмосферасын тірілтіп, көрерменді XIX–XX ғасырлардағы шығармашылық әлемге жетелейді. Бұл – жай ғана көрме емес, халықтар арасындағы достықтың, әдеби сабақтастықтың нақты дәлелі. Әдебиет пен мәдениет тоғысқан тұста ұлттардың жүрегі де тоғысады. 

Мұндай шаралар ұлттар арасындағы мәдени көпірді нығайтып, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді. Осылайша, Ұлттық музей төрінде Тынық Дон мен Орал өзенін жалғаған мәнді көпір қайта бой көтерді. Бұл көпірдің арғы жағында халықтар достығы, ортақ тарих пен мәңгілік әдебиет тұр. Пушкин мен Шолохов мұрасы – уақыт пен кеңістіктен биік шығармашылық әлемнің белгісі. Бүгінгі көрме сол мәңгілік мұраны жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңірді. Бір ай бойы Астанада өтетін экспозиция кейін Алматы қаласында жалғасын тауып, әдебиет пен мәдениеттің алтын жібін одан әрі сабақтамақ.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз