Алаш қайраткері Имам Әлімбекұлының есімі ұлықталды

07.10.2025
5975
Алаш қайраткері Имам Әлімбекұлының есімі ұлықталды - e-history.kz

«Қазақ» газетінде жарияланған Алаш партиясының бағдарламасындағы басты 10 мәселенің бірі – оқу-ағарту, яғни ғылым-білімді үйрету болды. Содан болар XX ғасырдың басында қазақ зиялылары білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Оқу-ағарту, мектептер ашу, тәрбие мәселесіне Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Біләл Сүлейұлы, Әлімхан Ермекұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Қоңырқожа Қожықұлы сынды т.б. қайраткерлер мақалалар, әліппе, оқу-құралдары мен оқулықтар арнады. Солардың қатарында халқының ұлттық санасын оятып, білім беруді насихаттап, мектеп ашқан Имам Әлімбекұлы да болды. Алаш қайраткері 1924-1928 жылдары Қарқаралы ауданының  Бесоба, Қызылту, Милыбұлақ және  Қу, Ақтоғай аудандарының ауылдарына мектеп салғызу жұмыстарын қолға алған. 

Биыл «Алаш» қозғалысының көрнекті өкілі, ағартушы, публицист, педагог-ұстаз Имам Әлімбекұлының туғанына 140 жыл толып отыр. Осынау тарихи дата қарсаңында туған жері Қарқаралы ауданы Бесоба ауылының орта мектебінде алаш арысына музей бұрышы ашылды.

Осыдан бірер жыл Қарқаралыға барған сапарымда сол уақыттағы аудан әкімі Ерлан Бейсенбайұлымен кездескенімде Алаш ардақтысының туған ауылында өзі тұрғызған мектептің барын естіген болатынмын. Сол уақытта алашшыл азамат сол мектептің ішінен Имам Әлімбекұлының өміріне қатысты музей ашылса, ауылдық жастар үшін жақсы болар еді деп еді. Сабақты ине сәтімен дегендей, қыркүйектің төрті күні игі бастаманы Алаш арысының ұрпақтары Гүлдана Мейрамқызы мен Гүлнар Баянқызы жүзеге асырып, Бесоба орта мектебінен музей бұрышын ашты. Имам Әлімбектің ұрпағы, кәсіпкер Асқар Әлімбек қаражатын көтерді. 

Музей бұрышының ашылу салтанатына Қарағанды облысынан, Қарқаралы ауданы мен жергілікті ауылдық округ басшылығы мен тұрғындар, музей қызметкерлері, мектеп оқушылары, сондай-ақ ел ордасы Астанадан арнайы келген қонақтар қатысты. Саналы ғұмырын ұлтының өсіп-өркендеуіне арнаған қайраткердің рухына тағзым жасалып, ұрпақтары атынан ас беріліп, құран бағышталды. Музей бұрыштың лентасын осы жолдардың авторы және Имам Әлімбекұлының ұрпағы, жиені Сәуле Машаева кесті. 

Имамғали Әлімбекұлы кім?

Тағылымды шараның алғашқы сөзі осы жолдардың авторына берілді. Бізде өз кезегімізде Имам Әлімбекұлының өмірі мен шығармашылығына тоқтала келіп, оның «Сарыарқа», «Қазақ» газеттеріндегі публицистикалық мақаларына тоқталып өттік. Имамның туған бауыры Имамғали Әлімбекұлы туралы деректерді айтып, оның ғылым жолына түсіп, жастай қайтқанын айттық. Көпшілігі бұл жаңалығымызды алғаш естігенін айтты. Бұған дейін Имамғали туралы аталары да айтпапты. Көбісі аталарының немере туысқаны деп ойлаған. Алдағы уақытта Имамғали Әлімбекұлының тағдыры мен тағылымына қатысты деректердің маңызына мән беретінімізді айтып өттік. Алаш арыстарының есімін, рухани мұраларын жаңғыртуда үлкен үлес қосып келе жатқан «Qyr balasy» қоғамдық қорының жұмысы жайында да сөз қозғадық. Музей бұрышына «Qyr balasy» ҚҚ-ның «Алаш сериясымен» жарық көрген кітаптарын табыс еттік.

Имам Әлімбекұлының туған жиені, теміржол саласының қызметкері Сауле Машаева сөз алды: «Нағашыларымыз жақтан ағатайымызды (Мейрам Имамұлы - автор) көп көрдік. Ал әжеміз Қатипа (Имамның жұбайы - автор) бар болғаны жиырма тоғыз жасында жесір қалған екен. Ол кездің қандай ауыр уақыт болғанын өздеріңіз білесіздер. Сондықтан әжеміз атамыз туралы көп нәрсе жазып қалдырмаған. Мүмкін, өткенді еске алғысы келмеген шығар. Бәлкім ол үшін тым ауыр болған болар. Сондықтан бізге көп әңгіме айтпайтын. Атамызды халық жауы деп ұстап алып кеткенде шешем тоғыз жаста ғана болған екен. Анам әжемнің жасаған тамағын апарып, терезеге қағылған тақтай арасынан сығалап көріп жүріпті. Сонда атамыз байқап: «Әлкенжан-ай, мені осы көргенің көрген ғой, енді көресің бе, көрмейсің бе?» деп қатты қамығыпты. Тергеу жұмыстары біткен соң, атамды Қарқаралыға әкетіпті. Атамыздың одан кейінгі хабарын бірге ұсталған жігіттерден естіп тұрыпты. Содан көрмеген... Кейіннен атамыз туралы газет-журналдан оқып, мектеп ашқанын білдік. Биыл Иман атамның туғанына 140 жыл. 20 жыл бұрын 2005 жылы осы Бесоба ауылына келгенімде, атамызға ескерткіш ашылып, үлкен ас берілді. Сол күн де есімде қалыпты. Атамыз туралы жақсы естеліктер айтылып еді. Бүгін сол қуаныш екі еселенгендей болды. Атамыздың рухының тірі екенін сезіндім. Атамыздың музей бұрышын ашуға көп ізденген сүйікті сіңлілерім Дана мен Гүлнарға алғысымды білдіремін. Атамыздың есімің жаңғыртуда ол кісілер көп қажырлы жұмыстар атқарып жүр». 

Музейдің ашылу салтанатында сөз алған Имам Әлімбекұлының аталас туысы, «Сарыарқа» телеарнасының ардагер журналисі Гүлнар Баянқызы ұстаздар күні қарсаңына тұспа-тұс келген тағылымды шараға алыстан ат терлетіп келген құрметті қонақтар мен мектеп ұжымына алғысын білдіріп, бұл музейдің құру жолындағы қиындықтарын айтып өтті. 

«Сіздерді осы залда көргеніме өте қуаныштымын. Бұл – біз үшін ерекше толқынысты сәт. Өткен жолы жәдігерлерді жинап, бәрін орын- орнына үйлестіріп қойған кезде көз жасымызды тыя алмадық. Данадан «Неге жыладың?» деп сұрасам, ол: «Атам үшін жылап тұрмын. Ол мұндай қуанышты көрмей кетті ғой», - деді. Ал мен Имам атамыздың туған еліне қайта оралғанына қуандым. Ол кісінің үлкен тұлға екенін білетіндер бар, бірақ өкінішке қарай, есімі елге әлі кеңінен таныс емес. Сондықтан бұл күн біз үшін ерекше мәнге ие», – деді ұрпағы Гүлнар Бұхарбаева.

Атамыздың музейі ашылса ғой…

Алаш қайраткері Имам Әлімбекұлының өмірін зерттеуге, есімін қайта жаңғыртуға Гүлнар Баянқызы мен оның туыстары көп күш жұмсаған. Сол қажырлы ізденістердің нәтижесінде музей ашып, «Қайта оралған есім» атты Имам Әлімбекұлының өмірі жайындағы кітапшаны шығарды. 

«Менің арманым – атамызға арнап бір музей ашу еді. Өткен жылы ашқымыз келді, бірақ қолымыздағы материалдар тек Алашқа дейінгі кезеңмен шектелді. Биыл Дана Семейге барып, архивтен көптеген құжат тапты. Сол сәттен бастап ізденісіміз тереңдей түсті. «Айқап», «Сарыарқа», «Қазақ» газеттерінің ескі нөмірлерін ақтарып, бұрын тек ауызша айтылып жүрген естеліктерге нақты құжаттық дәлелдер таптық», – дейді журналист.

Көне чемоданнан табылған тарих

Журналист Гүлнар Бұхарбаева Имам Әлімбекұлы туралы алғашқы мәліметтерді 1990 жылдары естігенін де айтып өтті.

«Атамның үлкен ұлы Мейрам атаның қамқорлығын көрдік. Ол кісінің жұбайы Ақсия деген апамыз да елге танымал болатын. Кейінгі өмірінің соңғы жылдарында жиырма жылдай көзі көрмей қалды. Бірақ үнемі радио тыңдайтын. Үйінде кішкентай ғана радио тұратын. Сол радионы таңертеңнен кешке дейін тыңдап отыратын. Бір келгенінде ол кісі: «Міржақыпты ақтады, Ахметті ақтады, Әлімхан Ермековті де ақтады. Біздің атамыз әлі ақталған жоқ», – дегенде, құлағым елең ете қалды. Осындай ұлы адамдардың аты аталғанда: «Олардың қатарында жүрген бұл кісі кім?» – деп ойладым. Ол кісінің бір ескі чемоданы бар екен. Тозығы жеткен, шеттері мүжілген ағаш чемодан. Соның ішінен сарғайған қағаздарды алып шықты. Онда Мағжанмен бірге Петропавлда жұмыс істегенін растайтын құжаттар, Мейрам атамның Мәскеуге жазған хаттары болды. Сол кезден бастап мен зерттей бастадым. Кейін «Алаштың туын көтерген» деген мақалам «Егемен Қазақстанда» жарық көрді. Сол мақаладан кейін Қостанай мен Семей өңірінен көзкөргендер естеліктерін жолдап, біз көп дерек жинадық. Сонда ғана Имам Әлімбекұлының Сәкенмен, Мағжанмен, Ахмет Байтұрсынұлымен қатар жүргенін білдік», – деп еске алады ол.

Музейдің ашылу салтанатында музей ісінің маманы, зерттеуші Дана Мейрамқызы өзінің атасы Имам Әлімбекұлы жайлы сыр бөлісіп, ұлт тарихындағы қайраткерлік істерін айтып өтті. Отбасылық естеліктер арқылы бір дәуірдің қасіретін және Алаш ұрпағының рухани беріктігін айқын көрсететін тағылымды естелікпен бөлісті. 

«Менің атам Мейрам ешқашан өз әкесі туралы айтпайтын. Ол 1981 жылы Совет дәуірінде дүниеден қайтты. Біз ештеңе білмедік. Атам: «бірдеңе болып, бізге зияны тиіп кетер» қорқып мүлдем айтпаған. Тек өмірінің соңында ғана: «Дана, аттың атын қайта тірілту керек» деді. «Мен таңырқап, таңданып қандай атты, кімді айтып тұр» деп көпке дейін ойладым. Көп жыл өтті. Мен әрқашан атамды мұңды күйінде есіме аламын: бөлмеде отырды, газет оқитын. Бірақ бала болсам да, оның көп қасірет шеккенін сезетінмін. Сол кезде мен әлі түсінбеген едім, бірақ кейін ұқтым – бұл үнсіздіктің артында тұтас бір ұлттың жарасы жатқандығын», – дейді ол.

Дана Мейрамқызының айтуынша, тәуелсіздік жылдары басталған ақтау үдерісі отбасылық жадыны қайта жаңғыртуға мүмкіндік берген. 

«Сол кезде біз түсіндік. Бұл  тек менің атамның ғана емес, бар қазақ халқының тарихы екен. Репрессия жылдары жоғалған есімдерді қайтару біздің де парызымыз екенін ұқтым... Кейін елде ақтау науқандары басталып, Қазақстан тәуелсіздік алған кезде, біздің бүкіл отбасының азап көргені белгілі болды. Олардың қатарында атам – Мейрам, оның қарындасы тәтем Әлимаш, анам Сауле, ағам Өркен (Имам атаның кенже ұлы - автор) қатты азап шегіпті.  Атам – үлкен ұл ретінде бәрінен де ауыр өткерді.  Сөйтсем, ол лагерьде де отырған екен. Мен мұны жақында ғана білдім: Әкем лагерьде болған. Бірақ ол бұл туралы үйде ешқашан тіс жармаған. Сондықтан ұрпақтары ретінде Гүлнар екеуміз көп ізденіп, архивтерде отырып, газет-журналдағы мақалаларын жинастырып, бүгінгі музейді ашып отырмыз. Бұл музей Имам Әлімбекұлының өмірінен ғана емес, Алаштың тарихынан да сыр шертетін тарих шежіресі» деді ұрпағы.  

Бесоба орта мектебінен ашылған музей бұрышы Имам Әлімбекұлының  өмірі мен қайраткерлік қызметінің хронологиясы көрсетілген үш үлкен стендтен тұрады. Біріншісі – Алаш тарихына, екіншісі – Имам Әлімбекұлының «Алаш» қозғалысы қызметіне, үшіншісі – Имам Әлімбекұлының педагогикалық-публицистикалық еңбектеріне арналған. Мұражай ортасына Имам Әлімбекұлының бейнесі үлкейтіліп орын тепкен. Қайраткердің өмірі мен қызметіне қатысты, шығармашылығы туралы әр жылдары түскен суреттері де осы жерден табылады.

«Бұл тек деректер мен құжаттар ғана емес. Біз архивтермен жұмыс істеп, әр фотоның, әр қағаздың артындағы тағдырды ашуға тырыстық. Музейде шынайы заттар болуы керек. Мен әлі күнге дейін 1930-1950 жылдардағы жәдігерлерді, ескі суреттерді, кітаптарды тіпті пионер галстугін сақтап келем. Өйткені тарих – тірі куәгерлер арқылы ғана сезіледі» – дейді Дана Мейрамқызы. 

Түстен кейін Имам Әлімбекұлы тұлғасын ұлықтауға арналған іс-шаралар жалғасын тауып, «Алаш қайраткері – Имам Әлімбекұлы» атты концерттік бағдарламаға ұласты.  Артынан құран оқылып, ас берілді. 

Алаштың ардақтысы – Имам Әлімбекұлы

Өнегелі өмір жолы жоғарыда атап өткен іс-шараға негіз болған «Алаш» қайраткері Имам Әлімбекұлы 1885 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қызылту (Бесоба) ауылында (бұрынғы Семей облысының Қарқаралы уезі, Ақсары болысында) дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты Имамағзұм.  Әкесі Әлімбек өз еліне беделді, сыйлы азамат болған. Белгілі журналист Ришат Кәреновтың дерегінде, Әлімбек ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлынан сабақ алған. Қазақтың ұлы ойшылдары Абай, Шәкәрім, Мұса Шормандармен араласқан. 

Имам жастайынан оқуға зерек болып, ауыз әдебиетінің жыр-дастандарына қанық болып өскен. Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебін тәмамдап, кейін Семей мұғалімдер семинариясында білім алады. Осы тұстан бастап Имам Әлімбекұлының ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметі қалыптаса бастайды. Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы,  Жақып Ақбайұлы, Әбікей Сәтбайұлдарымен жақын араласып, идеялас, ниеттес жақын аға-достарға айналады. Кейбірімен қызметтес болады. 

Ұстаздық жолын Қарқаралыда бастап, Ахмет Байтұрсынұлымен бірге балаларға сабақ берді. Кейін 1914 жылы Ахмет Байтұрсынұлының шақыруымен Орынборға аттанып, «Қазақ» газетінің жұмысына араласады. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Орынборда өткен тұңғыш қазақ съезіне» қатысып, жалпы қазақ съезін шақыратын бюро мүшелігіне сайланды. 

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 12 сәуіріндегі №225 санына: «Қазақ халқының тұңғыш сиезі» атты мақаласын жариялады. Мақалада тұңғыш сиез ақпараты қамтылған. Сол жылы Семейге оралып, «Сарыарқа» газетінің жауапты шығарушысы болды. Бұл басылым сол кезеңдегі ұлттық сананы оятқан рухани мінбер еді. Газет бетінде ол елдік, тіл, оқу-ағарту, жер мәселелерін көтеріп, тәуелсіздік идеясын насихаттады. 

1918 жылы Алашорда үкіметі Семейге келген шақта Имам Әлімбекұлы саяси істердің бел ортасында жүрді. Ақ пен қызыл тартысы кезінде ол өз өмірін қатерге тіге отырып, талай азаматты ажалдан құтқарды. Кейін кеңес билігі орнаған соң туған өлкесіне оралып, ұстаздық пен баспасөз жұмысын жалғастырды. ХХ ғасырдың 30 жылдарында Алаш қайраткерлері «халық жауы» ретінде айыпталып, қамауға түсе бастады. Солардың қатарында – Имам Әлімбекұлы да болды. Ол «Халық жауы» деген жаламен Беломор-Балтық лагеріне айдалды. 1933 жылы мерзімінен бұрын босап шыққанымен, 1937 жылы қайта тұтқындалып, сол жылы қыркүйекте ату жазасына кесілді. Имам Әлімбекұлының есімі 1990 жылы 15 наурызда ақталды.

Имам Әлімбекұлы – туған халқының азаттық мұраты үшін, «Алаш» идеясының тұғыры үшін шаһид кеткен боздақ. Саяси қайраткер. Ол Семейдегі «Алаш» атты әскерін құрысқан, полк құрамында болған. Семей облыстық қазақ комитеті төралқасының орынбасары болған. Оның өмірі мен шығармашылығы, қайраткерлік істері әлі де толық зерттелген жоқ. 2005 жылы алаш арысының ұрпақтары Гүлнар Бұхарбаева мен Дана Әлімбекованың құрастыруымен «Қайта оралған есім» атты шағын кітапша жарық көрді. Бұл еңбек Имам Әлімбектің өмір тарихын зерттеудегі тұңғыш еңбектің бірі. Онда алаш қайраткерінің өмір тарихы туралы мақалалар, ұрпақтары мен көз көргендердің естелігі қамтылды. Оған дейін алаштың асылы туралы бірді-екілі зерттеу еңбектер мен мақалалар болды. Имам Әлімбекұлының өмірі мен қайраткерлік істері жайында  журналист, экономист Ришат Кәренов, журналист, ақын Жәнібек Әлиман,  арыстың жақын туысы Мақат Рахманұлы қалам тербеді.  

Түйін. Имам Әлімбекұлының есімі – бір дәуірдің үнсіздігін бұзған, ұлттың рухани жаңғыруының нышанына айналған есім. Оның тағдыры – ағартушының, ұстаздың, азат ойдың тағдыры. Кеңес заманы үнін өшірсе де, ұрпақтары оның үні мен мұратын қайта тірілтті. Бесоба мен Қызылту – жай ғана ауыл емес, тарихтың тынысы сезілетін киелі мекен. Осы жерден шыққан Имамның рухы енді ұрпақтарының еңбегімен бірге мәңгі жасай бермек. Ол өмірін арнаған ағартушылық пен елдік идея – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның іргетасына айналды. Имам Әлімбекұлының өмір жолы бізге бір нәрсені анық ұқтырады: уақыт ұмытпайды, ұрпақ  қайта жаңғыртады.

Фотосуреттер авторы: Даулет Абдрахманов

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз