Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары қазақ халқының құнды мұраларының бірі – «Едіге би» жырының ең көне қолжазбасын цифрлы форматқа көшіріп, факсимиле нұсқасын жарыққа шығарғандарын сүйіншіледі. «Едіге би» жырына арналған қолжазба шамамен XV ғасырда жазылған. Авторы белгісіз. Аталған жырдың алғашқы нұсқаларын XIX ғасырдың басында қазақ ғалымы, шығыстанушы және фольклорист Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы көшіріп жазып, сол арқылы бұрын жоғалып кеткен нұсқаларды қайта қалпына келтірген болатын.
Кейіннен бұл нұсқаны Шоқан Уәлиханов толықтырады. Осылайша қайтадан өңделген қолжазбаны 1842 жылы Ахмет есімді адам қайта көшірілген.
«Едіге би» жыры түркі тілдеріне тән емес көне тіркестер мен сөзқолданыстарымен ерекшеленеді, бұл оның көне дәуірлерден қалған поэма екенін айғақтайды. Бұл жайтқа белгілі түркітанушы ғалым П.М. Мелиоранский өз еңбектерінде ерекше тоқталған.
Поэма Едігенің дүниеге келуімен басталып, Тоқтамыстың ұлы Қадырбердінің қолынан қаза табуымен аяқталады. Аңыз бойынша, Едіге қасиетті Ұлытаудың биік шыңдарының бірінде жерленген. Қазір бұл шың Едігенің атымен аталады.
Айта кетейік, бұл жыр алғаш рет 1905 жылы Санкт-Петербургте профессор П.М. Мелиоранскийдің редакциясымен «Едіге мен Тоқтамыш туралы аңыз» деген атпен жарық көрген.

«Едіге батыр» жыры
«Едіге батыр» эпосы – Алтын Орда дәуірінің әдебиеті мен тарихының аса құнды мұрасы, түркі халықтарының ортақ рухани байлығы. Бұл шығарма тарихи оқиғалар мен эпикалық биіктіктің үйлесімімен ерекшеленеді, ондағы Едіге, Тоқтамыс хан, Ақсақ Темір, Нұраддин сияқты белгілі тұлғалардың өмірі сөз болады.
Эпос әрине көп нұсқалы. Қазіргі таңда оншақты нұсқасы бар делінеді. Бұл өз кезегінде жырдың халық арасында өте маңызды екенін көрсетеді. Яғни шығарма тілі көркем, композициясы шебер халық жүрегінде мәңгі сақталатын эпос екенін көрсетеді.
Эпостың тарихи негіздері
«Едіге батыр» эпосының басты ерекшелігі – оның тарихи шындыққа негізделуі. Көптеген қаһармандық эпостар қиялдан туғанымен, «Едіге» Алтын Орда дәуіріндегі ірі оқиғалардың ізі бар. Тоқтамыс ханның он сегіз жылдық билігі, Едігенің он жеті жыл бойы билік тізгінін ұстауы, Ақсақ Темірдің әлемдік жиһангер ретіндегі рөлі – эпостың тарихи тереңдігін айғақтайды. Бұл тұлғалардың өзара қарым-қатынасы эпоста эпикалық деңгейде бейнеленген.
Алайда, советтік идеология Алтын Орда тарихына теріс көзқарасы эпостың толық зерттелуіне кедергі келтірді. Совет дәуіріндегі тарих оқулықтары ақиқатқа қайшы, бұрмаланған деректерге сүйеніп, Алтын Орданың шын бейнесін жасырып келді.
Эпостың зерттелу тарихы
«Едіге батыр» эпосы ХІV-ХV ғасырларда қалыптасқанымен, оның ғылыми зерттелуі кеш қолға алынды. Жырды алғаш 1820 жылы Г.И.Спасский «Сибирский вестник» журналында қара сөз түрінде жариялады. Журналда Сібір, Қазақстан және Орта Азия халықтарының этнографиясы, фольклоры мен тарихына қатысты материалдар шығып тұрған.
Кейіннен 1842 жылы А.Ходьзко жазып алған ноғай нұсқасы Лондонда ағылшын тілінде жарық көрді.
Басындай айтып өткеніміздей, эпостың зерттелуінде Шоқан Уәлихановтың еңбегі ерекше. 1841 жылы әкелі-балалы Шыңғыс пен Шоқан Уәлихановтар жазып алған нұсқа түркі халықтары арасындағы ең көне әрі көркем нұсқа ретінде мойындалған. Шоқан эпосты орыс тіліне аударып, елу беттік тарихи-филологиялық зерттеу жазып, оны дүниежүзі ғалымдарына таныстырды. Оның нұсқасы эпостың құндылығын арттырып, әлемдік ғылым назарына шығарды.
Сондай-ақ, 1927 жылы Қаныш Сәтбаев Шоқан нұсқасын 3000 дана таралыммен бастырып, эпостың идеялық және көркемдік құндылығына тоқталды. 1934 жылы Сейфулла Сейфуллин, 1939 жылы Сәбит Мұқанов жырды қайта басып, оның тарихи және көркемдік ерекшеліктерін талдады.
С.Сейфуллин 1932 жылы «Қазақ әдебиеті» деген монография жазады. Сонда «Едіге» жырына да тоқталып өтеді. Жырдың басты кейіпкерлерінің тарихта болған адамдар екендігін көрсете отырып, олардың арасындағы тартыстың себебін ашуға ұмтылады. Шығарманың көркемдік ерекшелігіне де зейін аударып: «Едігенің әңгімесі – қара сөз аралас, жырмен айтылған әңгімелі жыр, оқиғаның жырлары толық емес, қысқа айтылған, әр кездегі шыққан жырлардан құралған тәрізді», – дей келіп, «...әңгіменің тілі бай, сөз жүйелері әдемі құралған. Жырлары кәліптінгі тізбектелген, жүгірген, екпінді жыр өлшеуімен құрылған. Жырды оқығанда, – қиялыңа ескіліктегі шапқыншылық-жаугерлік дәуірлердің шабысқан екпіні сезілгендей болып отырады», – деп қайырады өлең сөздің көркемдік қадір-қасиетін терең сезінетін ақын. Ойын дәлелдеу үшін нақтылы үзінділер береді.
С.Мұқанов 1939 жылы «Батырлар» деген кітапты құрастырып, оның ішіне «Едіге» жырының Ш.Уәлиханов нұсқасын енгізіп жібереді. Кітапқа жазған алғы сөзінде эпикалық шығармаларға тән ортақ белгілерді көрсетеді. Қазақ эпосының тарихи негіздерін ашуға көңіл бөледі. «Едіге, Шора, Қобыланды, Қамбар, Ер Көкшелер тарихта анық болған, біразының оқиғасы, күресі айқын адамдар», – деп атап көрсеткен.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Едіге Мағауин ескі араб әрпімен жазылған жырды қайта оқып, текстологиялық талдау жасады, түсінігі күрделі жерлеріне түсініктеме беріп, Шоқан нұсқасын халықпен қайта табыстырды.
КСРО ыдырағаннан кейін «Едіге» эпосы жан-жақты зерттеле бастады. 2007 жылы қарақалпақ нұсқасы неміс ғалымы Карл Райхлдің аудармасымен неміс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Райхл жырдың барлық ұлттық нұсқаларын жинап, жыршылардың орындауын видео және аудио түрде жазып алды. Ал 2012 жылы ноғай нұсқасын Давид Хант ағылшын тіліне аударып, эпосты «әлем мәдениетінің асыл қазынасы» деп бағалады.
2020 жылы Шоқан Уәлиханов нұсқасы түрік тіліне аударылып, Түркияда баспа бетін көрді. Аударманың редакциясын Бекежан Ахан, Галив Сайлов және Али Асылан басқарды. Али Асылан эпостың түркі халықтарына ортақ мұра екенін, Едігенің әлемдік деңгейдегі тұлға ретіндегі маңызын және шығарманың көркемдік құндылығын ерекше атап өтті. Бұл аударма «Түрік әлемінің мәдени қазынасы» жобасы аясында жүзеге асты және түркі халықтарының бірлігін нығайтуға үлес қосты.