Уақыт көшін тоқтату мүмкін емес. Дегенмен өткен дәуірдің ізі қалған сарғайған парақтар, көне қолжазбалар мен тарихи фотосуреттер – ұлттың рухани қазынасы, ұрпаққа жеткен баға жетпес мұра. Әрбір кітап пен құжатта халықтың тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен ой-пікірі сақталған. Бұл жәдігерлер өткеннің куәсі ғана емес, болашаққа жол сілтейтін айна іспетті. Алайда қағаздың ғұмыры шектеулі. Уақыт өте тозып, жазуы өшіп, мазмұны ұмыт болу қаупі бар. Сондықтан осындай мұраларды дер кезінде жинап, ғылыми тұрғыдан зерттеп, сақтап қалу – келешекке аманаттар асыл міндет. Осы мақсатта Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі «Көне кітаптар мен қолжазбалар, фотосуреттерді жинау» атты кешенді жобаны қолға алып отыр. Жаңа бастама – ұмыт қалған тарихты түгендеп, ата-бабадан қалған асыл қазынаны болашаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам.
1836 жылы негізі қаланған Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі – еліміздегі ең байырғы мәдени ошақтардың бірі. Қазіргі таңда оның қорында 120 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Мұнда археологиялық олжалар, этнографиялық бұйымдар, сирек кездесетін кітаптар, құнды құжаттар мен суреттер жинақталған. Өңірдің әр кезеңін қамтитын бұл қор Батыс Қазақстан тарихын ғана емес, тұтас қазақ халқының мәдени-рухани дамуын бейнелейді. Музей жыл сайын ондаған көрме ұйымдастырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Енді басталған жаңа жоба – сол жұмыстың жалғасы әрі тың бетбұрыс.
Музей директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, басталған жоба көне кітаптар мен қолжазбаларды, тарихи фотосуреттерді жинақтап, ғылыми айналымға енгізуге бағытталған.
«Қазақстан тарихында бірнеше әліпби ауысқаны белгілі. Сол себепті бүгінгі ұрпақ ата-бабамыздың жазып қалдырған мұраларын өздігінен оқи алмай отыр. Біздің мақсатымыз – сол құнды дүниелерді жинап, мазмұнын зерттеп, болашаққа жеткізу», – дейді ол.
Жобаның ерекшелігі – тұрғындар әкелген жәдігерлер арнайы сараптамадан өткізіліп, ресми түрде музей қорына қабылданады. Содан кейін олар экспозициялар мен тақырыптық көрмелерде көпшілік назарына ұсынылып, ғылыми ортаға таныстырылады. Құндылығы жоғары дүниелер жеке жинақтар немесе топтамалар түрінде жарық көруі де мүмкін. Ал иелері түпнұсқадан айырылғысы келмесе, музей қызметкерлері жәдігердің электронды көшірмесін жасап, түпнұсқасын өздеріне қайтарады.
Жобаның алғашқы қадамдары сәтті басталды. Музейге тапсырылған алғашқы құнды жәдігерлердің ішінде Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, ақын әрі ойшыл Ғұмар Қарашқа қатысты құжаттар бар. Бұл материалдарды кезінде ақынның туған немересі Надежда Бұрханқызы арнайы сенім артып, музей директоры Жантас Сафуллинге табыс еткен. Жинақ ішінде ақынның қолжазбаларына, шығармашылық мұрасына, өмір жолына қатысты көптеген деректер топтастырылған. Сол мұралар белгілі журналист әрі өлкетанушы Қазбек Құттымұратұлының қатысуымен жүйеленіп, алғаш рет Ғұмар Қараштың үш томдық шығармалар жинағын жарыққа шығаруға негіз болды. Бұл оқиға – жаңа жобаның маңызын айқын көрсететін мысал. Бір кездері жеке адамның қолында сақталып келген асыл дүниелер бүгінде ғылыми айналымға еніп, көпшілік игілігіне айналып отыр. Мұндай мысалдар алдағы уақытта да аз болмайды. Жоба аясында жеке адамдардың қолында сақталып келген тарихи құндылығы жоғары хаттар, күнделіктер, сирек кітаптар мен көне фотосуреттер музей қорына қабылданбақ. Бұл – бір жағынан жеке мұраларды сақтап қалудың, екінші жағынан оларды ғылыми айналымға енгізудің жолы. Әсіресе, Жеңістің 80 жылдығына орай қолға алынған жұмыс ерекше мәнге ие. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдан даласынан жауынгерлер жазған хаттар да жинақталып жатыр. Олар – сол кезеңнің шынайы куәсі, сарбаздардың жүрек сөзін, елге деген сағынышын жеткізген рухани аманат. Осындай құжаттар кейінгі ұрпаққа тарихтың тірі даусындай жетпек.
Жобаның ең басты маңызы – көне жазбалар мен суреттерді шаң басқан сөрелерде ұмыт қалдырмай, ғылыми орта мен қоғам игілігіне айналдыруында. Мұндай мұралар – тек өткеннің куәсі ғана емес, болашаққа сабақ беретін асыл дереккөз. Олар халықтың тарихи жадын сақтап қана қоймай, жас ұрпақты өткенге құрметпен қарауға, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге баулиды. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қолға алған бұл игі бастама – тарихты түгендеудің, ұлт руханиятын ұлықтаудың бір жарқын үлгісі. Көненің көзі – болашақтың қазынасы. Сол қазына елдің игілігіне айналуы үшін әрбір азамат ата-бабасынан қалған жәдігерді қасиетті музей төріне аманаттап, келер ұрпаққа қалдырар ортақ іске үлес қосқаны абзал. Сол үшін сіз де ұлт тарихын түгендеуге ат салысыңыз. Көне кітаптар мен қолжазбаларды, тарихи құжаттар мен фотосуреттерді музейге табыстап, келер ұрпаққа өшпес мұра қалдыруға қол ұшын тигізіңіз.