Қазақтың кәсіби музыка өнерінде алғаш рет скрипка үнін нәзік те батыл қолдарымен тербеткен дарынды жан бар. Ол – Балым Серәліқызы Қожамқұлова. Әуезді сазды сахнада асқақтата орындап қана қоймай, шәкірт тәрбиелеу арқылы қазақ скрипка мектебінің іргетасын қалаған тұлға. Балым Қожамқұлова – педагог әрі ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы ретінде қазақ музыка мәдениетінде өшпес із қалдырған қайраткер. Ол сахнаның көркем әлемін де, аудиторияның қатаң тәртібін де, ғылыми ізденістің жауапкершілігін де қатар алып жүріп, қазақ өнерінің биіктеуіне бар ғұмырын арнады.
1937 жылы Алматы қаласында дүниеге келген Балым Серәліқызы Қожамқұлова өнер мен мәдениетке тұнып тұрған әулетте өсті. Әкесі – қазақ сахна өнерінің ірі тұлғасы, КСРО халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Серәлі Қожамқұлов. Өнерлі ортада өскен Балымның бойында сахна мәдениеті мен эстетикалық талғам бала күнінен қалыптасты. Үйде әрқашан өнер адамдары, шығармашылық ортаның өкілдері жиналатын. Осындай рухани орта жас қыздың жүрегіне өнерге деген ерекше ықылас пен үлкен жауапкершілік сезімін ұялатты.
1952 жылы Алматыдағы арнаулы жетіжылдық музыка мектебін аяқтап, кәсіби музыкант болуға алғашқы нақты қадамын жасады. Бұл мектепте ол скрипкаға деген махаббатын одан әрі тереңдетіп, алғашқы орындаушылық шеберлігін шыңдады. 1957 жылы Алматы музыкалық училищесін бітіріп шықты. Сол жылдары-ақ оның болашағынан үлкен үміт күттіретін дарын екені байқалды. Жоғары білім алу жолын Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясынан бастады. Мұнда бір жыл оқыған соң, білімін кеңейту мақсатында Мәскеуге аттанып, Одақтағы ең беделді оқу орындарының бірі саналатын Гнесиндер атындағы музыка-педагогикалық институтына қабылданды. 1958–1963 жылдары осы институтта әйгілі профессорлар И.А. Лесман мен М.И. Фихтенгольцтің класында білім алып, скрипка өнерінің қыр-сырын терең меңгерді. Мәскеудегі оқу жылдары Балым үшін үлкен мектеп болды. Ол тек кәсіби шеберлігін жетілдіріп қана қойған жоқ, сонымен қатар әлемдік деңгейдегі музыка мәдениетімен танысып, репертуарлық өрісін кеңейтті. Сол кездің өзінде ол қазақ музыкасын Мәскеудегі ұстаздарына таныстырып, ұлттық туындыларды халықаралық сахнада паш етуге талпынды. Жас музыканттың бойында туған халқының өнерін әлемге танытсам деген арман мен үлкен жауапкершілік сезімі қатар жүрді.
Білімін аяқтап, туған еліне оралған Балым Серәліқызы Қожамқұлова 1963 жылдан бастап ұстаздық жолға түсті. Алғашқы еңбек ордалары – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебі болды. Кейіннен ол дарынды балаларға арналған А.Жұбанов атындағы мамандандырылған музыка мектебінде де дәріс беріп, жас орындаушылардың кәсіби қалыптасуына зор үлес қосты. Консерватория қабырғасында Балым Қожамқұлова ұзақ жылдар бойы ішекті аспаптар кафедрасында, кейін оркестрлік аспаптар кафедрасында ұстаздық етті. 1980–1984 жылдары «Ішекті аспаптар» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарса, 2005–2008 жылдары «Оркестрлік аспаптар» кафедрасына жетекшілік етті. Бұл кезеңдерде ол оқу бағдарламаларын жетілдіріп, скрипка класын жаңа әдістемелік деңгейге көтерді.
Жарты ғасырдан астам уақытқа созылған ұстаздық ғұмырында ол ондаған дарынды музыкант тәрбиеледі. Оның шәкірттері бүгінде еліміздің жетекші оркестрлерінде, опера және балет театрларында, жоғары оқу орындары мен музыка мектептерінде еңбек етіп жүр. Қожамқұлованың шәкірттері тек Қазақстанда ғана емес, шетел сахналарында да танылып, халықаралық байқаулардың жүлделі орындарын иеленді. Арасында беделді театрлардың концертмейстерлері, консерватория мен өнер университетінің профессорлары, жас музыканттарға тәлім беріп жүрген ұстаздар бар.
Қазақ скрипка өнерінің тарихындағы айтулы жетістіктердің бірі – Балым Қожамқұлованың хрестоматиялары. Мәскеуде оқып жүрген жылдары ол қазақтың музыкалық мұралары кәсіби оқу бағдарламасына жүйелі түрде енгізілмей келе жатқанын анық сезінді. Ұстазы Михаил Фихтенгольцтің өтінішімен Ахмет Жұбановтың «Ариясын» қолжазба нота күйінде алып барған сәті Балым үшін шешуші кезең болды. Сол кезден бастап жас музыканттың ойында қазақ шығармаларын скрипка класына лайықтап жинақтау идеясы туды. Осы арман көп ұзамай жүзеге асты. Ол «Қазақтың скрипкалық музыкасының хрестоматиясы» атты үш бөлімнен тұратын іргелі жинақ құрастырып, оны кәсіби ортаға ұсынды. Бұл еңбектер Қазақстандағы барлық музыкалық оқу орындарында негізгі оқу құралына айналды. 2000 жылдары жарық көрген алғашқы нұсқасы кейін толықтырылып, 2020 жылы жаңа редакцияда қайта басылып шықты. Осылайша, қазақ скрипкашыларының бірыңғай репертуарлық базасы қалыптасты. Хрестоматия тек орындаушыларға ғана емес, педагогтарға да әдістемелік көмек болды.
Балым Қожамқұлова тек ұлттық музыкамен шектеліп қалмай, әлемдік классикаға да терең бойлады. Ол Иоганн Себастьян Бахтың сонаталары мен партитураларын оқыту әдістемесіне арналған ғылыми мақалалар жазып, скрипка класындағы репертуарды байытты. Бұл еңбектер студенттердің техникалық мүмкіндіктерін арттырумен қатар, музыкалық ой-өрісін кеңейтуге жол ашты. Сонымен қатар, ол «Я.И. Фудиман – Қазақстандағы альт мектебінің негізін қалаушы» атты зерттеуін жариялап, қазақ музыка біліміндегі тұлғатану бағытын дамытуға үлес қосты. Бұл еңбегі отандық альт мектебінің қалыптасу тарихын зерделеуге арналған алғашқы ғылыми зерттеулердің бірі саналады.
Ғылыми-әдістемелік ізденістерінде Қожамқұлова қазақ музыкасын әлемдік педагогикалық тәжірибемен ұштастыра білді. Оның еңбектері ұлттық репертуарды кәсіби арнаға бағыттап қана қоймай, қазақ скрипка өнерін халықаралық деңгейге көтеруге қызмет етті.
Өнер мен білім жолындағы қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Балым Серәліқызы Қожамқұлова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болып, мәдениет пен ғылымға қосқан үлесі үшін Ыбырай Алтынсарин медалімен марапатталды. Сондай-ақ ол «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері атанды. Бұл марапаттар оның педагог әрі ғалым ретінде сіңірген еңбегінің салмағын айқындайды.
Ұзақ жылдар бойы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры болған Балым Қожамқұлова еліміздің музыка білімін жаңа белеске көтерген ұстаз ретінде танылды. Ол тек кәсіби орындаушылық шеберлікті ғана емес, ұлттық өнерге деген құрмет пен жауапкершілікті шәкірттерінің бойына сіңірді. Оның есімі Қазақстандағы скрипка өнерінің даму тарихымен тығыз байланысты, ал артында қалған ғылыми еңбектері мен тәрбиелеген шәкірттері – қазақ музыка мәдениетінің баға жетпес мұрасы.
2021 жылдың 26 наурызында 84 жасында Балым Серәліқызы Қожамқұлова өмірден өтті. Оның қазасы қазақ музыка қауымына да, бүкіл мәдениет әлеміне де ауыр тиді. Оның жазған ғылыми еңбектері, құрастырған хрестоматиялары мен әдістемелік құралдары бүгінгі күні де скрипкашы ұрпақтың негізгі оқу құралы болып отыр. Ал ондаған жыл бойы тәрбиелеген шәкірттері еліміздің ғана емес, шетелдің сахналарында өнер көрсетіп, ұстаздық жолды жалғастыруда. Қожамқұлованың есімі қазақстандық скрипка мектебінің даму тарихында алтын әріппен жазылды. Бүгінде ол қалдырған мұра – ұлттық музыка мәдениетінің баға жетпес байлығы. Қазақ скрипка өнерінің кәсіби арнаға түсуі, репертуарлық қорының қалыптасуы мен педагогикалық жүйесінің орнығуы Балым Қожамқұлова есімімен тығыз байланысты. Оның ғұмыры – өнерге адалдықтың, ұстаздықтың және ұлт мәдениетіне шексіз қызмет етудің үлгісі.