Қарағандыда Евней Бөкетовтің 100 жылдығы аталып өтті

26.09.2025
5408
Қарағандыда Евней Бөкетовтің 100 жылдығы аталып өтті - e-history.kz

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінде көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, біртуар тұлға, академик Евней Бөкетовтің туғанына 100 жыл толуына орай  «Е. А. Бөкетовтің ғылыми көкжиектері» тақырыбында халықаралық конференция өтті, деп жазады e-history.kz порталы. 

Евней Арыстанұлы Бөкетов тарихта металлург-ғалым, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қарағанды мемлекеттік университетінің тұңғыш ректоры, жазушы және аудармашы ретінде қалды. Сонымен қатар оның есімі университетке ғана емес, елді мекендердегі көшелерге де берілген. Ғалымның бай ғылыми және мәдени мұрасы бүгінгі ғылым мен қоғамға әлі де зор ықпал етіп келеді. Зерделі ғалымның құрметіне өткен шараға алдыңғы қатарлы ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен шетелдік қонақтар қатысып, Евней Бөкетов тұлғасының және оның еңбегінің халықаралық маңыздылығын атап өтті.

Жыл бойы Евней Арыстанұлының 100 жылдығына арналған түрлі шаралар ұйымдастырылды. Соның ішінде АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінде өткен Бөкетов күні ерекше орын алды. Ал Қарағандыдағы конференция осы ауқымды бағдарламаға қорытынды болды.

Конференция басталар алдында облыс әкімі мен қонақтар академик Бөкетовтың ескерткішіне гүл шоктарын қойды.

Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын конференция қатысушыларына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жеткізді. Президент форумның ашылуымен құттықтап, Евней Бөкетовтің 100 жылдығына арналған халықаралық жиында ғалымның есімін мәңгі есте қалдыруға және оның бай мұрасын сақтауға қатысты мазмұнды ойлар мен ұсыныстар айтылатынына сенім білдірді.

«Осы оқу орнының түлегі ретінде мұндай маңызды шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Шын мәнінде ауқымды ойлайтын тұлға негізін қалаған университеттің болашаққа сеніммен қарайтынын көру – ерекше сезім. Бұл мұраны сақтап, дамытуға атсалысыңыздар. Білімге деген құштарлықтарыңыз сарқылмасын, әрқашан жандарыңыздан қолдау көрсетіп, шабыт беретін жандар табылсын!» – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Форум жұмысына Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен ректорлары, сондай-ақ шетелдік қонақтар қатысты.

Ғалымның қызы Ақсұлу Бөкетова әкесін еске алып, естеліктерімен бөлісті:

«Евней Арыстанұлы Химия-металлургия институтын басқарған кезде жанынан бір топ үзеңгілестерін жинады. Оның көптеген шәкірттері ұзақ ғұмыр кешіп, ғылыми әлеуетін арттырды, бірақ бәрі оны ұмытпай, құрметпен еске алады. Таңғаларлығы, ол 1972 жылы таңдаған кадрлар әлі күнге дейін осы жерде еңбек етуде. Әкем тек ғалым ғана емес, мейірімді әке де болды. Өмірдің ең күрделі сәттерінде де әзіл-қалжыңынан айныған емес… Бүгінгі конференцияның әрбір қатысушысы өз идеяларын дамыту үшін қуатты серпін алсын деп тілеймін», – деді Ақсұлу Бөкетова. 

Конференция барысында академик туралы көптеген жылы сөздер айтылды.

«Ата-бабамыз әрдайым білім мен ғылым – қоғамның қозғаушы күші деп санаған. Осындай із қалдырған тұлға құрметке лайық. Оның ғылыми жаңалықтары мен өмірлік ұстанымы жастарды тәрбиелеуде, әсіресе есімі берілген университет студенттері үшін, үлкен үлгі болып қала бермек», – деді Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов.

Пленарлық отырыста Евней Бөкетовтің жеті томдық шығармалар жинағы мен естелік мерейтойлық монета таныстырылды. 

Конференцияда үш бағыт бойынша ғылыми баяндамалар оқылды: химия, металлургия және технология саласындағы зерттеулер; әдеби-публицистикалық мұра; Бөкетовтың гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдардағы қоғам қайраткері ретіндегі рөлі.

Қысқа-нұсқа: Евней Арыстанұлы  Бөкетов 1925 жылы 23 наурызда Солтүстік Қазақстан облысындағы Бағанаты ауылында туған. Қорған облысына қарасты Макушинск ауданында алғаш мектеп табалдырығын аттаған ол соғыс жылдары бастауыш және орталау мектептің мұғалімі болған. Одан кейін Қазақтың кенметаллургия институтының металлургия факультетін бітіріп, аспирантураға қалдырылады. Сонымен бірге Қазақ мемлекеттік баспасында редактор боп істеген. Сол жылдары ол ғылымизерттеу жұмыстарымен қатар, әдебиет сыны, көркем аударма саласында да еңбек еткен. 1954–1960 жж. Қазақтың кенметаллургия институтында ассистент, доцент, директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары, 1960–1972 жж. Қазақ КСР Ғылым академиясының Қарағанды химияметаллургия институтының директоры, 1972–1979 жж. Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры болды.  1966 жылдан техника ғылымдарының докторы, 1967 жылы профессор атағын алды. 1969 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.  1970 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланады. 

Евней Арыстанұлы бірнеше монографияның, көптеген көркем публицистиканың, «Шесть писем другу» («Жалын», 1989) атты кітаптың авторы. Көркем аударма саласында С. Есениннің «Анна Снегина», В.Маяковскийдің «Қандала», «Жақсы» аталатын шығармаларын және И.Василенконың «Артемка» повесін (1955), Э.Золяның «Әңгімелері мен мақалаларын», И.Вазовтың «Тепкіде» романын (1959) қазақшалаған.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз