Шорға шайқасы: аңыз бен ақиқат

26.09.2025
6030
Шорға шайқасы: аңыз бен ақиқат - e-history.kz

Бүгін Астана қаласында орналасқан ҚР Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейінде «Шорға шайқасы: Аңыз бен ақиқат» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл басқосу – тек тарихшылар мен ғалымдардың емес, жалпы қоғамның да назарын аудартқан ерекше мәдени-ғылыми шараға айналды. 

Қазақ халқының тарихында елдің тәуелсіздігі мен азаттығы жолында орын алған ұлы шайқастардың орны бөлек. Солардың бірі 80 күнге созылған Шорға шайқасы. Бұл қанды қақтығыс елдің тағдырын айқындаған, ерлік пен елдіктің үлгісіне айналған тарихи оқиғалардың бірі саналады. 1754 жылғы Шорға шайқасы қазақ пен жоңғар арасындағы соңғы ірі қақтығыстардың бірі. Бұл шайқасқа Орта жүздің қалың қолы қатысып, Арғын, Найман, Керей, Уақ руларының батырлары ерекше көзге түсті. Жауға қарсы қол бастағандардың қатарында Абылай ханның сардарлары, сондай-ақ аты аңызға айналған Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Дәулетбай, Жанатай секілді батырлар болғаны жөнінде деректер кездеседі. Шайқас барысында қазақ қолы жеңіске жетіп, жоңғардың Тарбағатайға ену жолы кесілді. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл тарихи оқиғаның мән-маңызы терең. 

Конференция модераторы ҚР Парламенті депутаты Ерлан Сайыров тарихи жадты жаңғыртудың бүгінгі заман үшін маңызын, Шорға шайқасының бүгінгі тарихты қайта зерделеудегі алғышарттарын атап өтті. 

Алғашқы баяндаманы белгілі тарихшы, профессор, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл жасады. Ол XVIII ғасырдағы қазақ-қалмақ қақтығыстарының тарихи контекстіне тоқталып, бұл соғыстардың тек әскери ғана емес, саяси-мәдени мәнін де саралады. Одан кейін сөз алған өлкетанушы Камал Әбдірахман «Мамырсу – Қандыбақ қырғыны» жайында тың деректер ұсынды. Ал профессор Қанат Есеносов «Қалбатау шайқасы» туралы баяндап, оны Шорға оқиғаларымен тарихи сабақтастық тұрғысынан байланыстырды. Ғалым Шорға соғысының мән-маңызы жайлы: 

«1754 жылы Шорға шайқасы жайлы деректерді анықтау үшін Мәскеудегі архивтерде жұмыс жасап, 8 жыл зерттедік. Мәшһүр Жүсіп, Әлкей Марғұландар бұл шайқас жайлы айтқанымен соңғы Қазақ тарихының 5 томдығына енбей қалды. Бұл шайқасты зерттеу мақсатында Тарғабат терісейінде қазақ батырларының тауы, қазақ жүздерінің таңбалары бар. Шорға шайқасы – ұмыт қалдыруға болмайтын ұлы ерліктің көрінісі», деді. 

Мемлекет қайраткері Төлеубай Рахымбеков болса, Шорға шайқасына қатысқан батырлардың есімі берілген жер-су атауларына назар аударып, олардың географиялық картасын құру қажеттігін ұсынды. Бұл ой, расында да, тарихи топонимдерді сақтап қалудың маңызын айғақтайды.

Сондай-ақ, конференция барысында суретші Болатбек Мұхамадияров «80 күндік «Шорға шайқасына» арналған монумент ескерткіштің макетін таныстыру» атты баяндама жасап, әзірлеген «Шорға шайқасы» панорамалық макеті көпшілік назарына ұсынылды.

Оқи отырыңыз: Шаған және Шорға шайқастары

Бұл макет жай ғана көрнекілік емес, тарихты көзбен көруге мүмкіндік беретін ерекше туынды. Жастардың тарихи танымын арттыруда мұндай визуалды жобалардың рөлі зор екені анық.

Конференция аясында зерттеуші педагог, өлкетанушы  Айтқожин Қайрат Батханұлының «Шорға шайқасы: Аңыз бен ақиқат» атты еңбегінің тұсаукесері өтіп, ғылыми еңбек көпшілікке таратылды. Бұл еңбек тарихи деректерді жүйелеп қана қоймай, ел жадында көмескі тартып бара жатқан ұлы оқиғаны қайта жаңғыртуға, архивтік құжаттарды, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін, көне шежірелерді салыстыра зерттеп, Шорға шайқасының нақты хронологиясын, батырлардың ерлік істерін және оқиғаның ел тағдырындағы маңызын кеңінен ашып көрсетуге зор мүмкіндік береді. 

Жиын соңында Өскемен өңірінен келген делегация мүшелері арнайы сөз сөйлеп, Шорға шайқасының тарихи маңызын дәріптеу бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырудың алғышарттарын ұсынды. ҚР Парламенті депутаты Ермұрат Бапи Өскемен қаласынан Шорға шайқасы атауына көше беру туралы ұсыныс айтты. Сондай-ақ, делегация мүшелері ҚР Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейінде Шорға шайқасының тарихи маңызын айшықтайтын бұрыш ашуды ұсынды. 

Шорға шайқасы – өткеннің ұмытылмас тарихи оқиғасы ғана емес, бүгінгі тәуелсіз елдің де рухани тірегі. Қазақ батырларының бірлікпен жауға қарсы тұрған ерлігі – қазіргі Қазақстанның мемлекетшілдік саясатына, елдік мүддесін қорғауға, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге айқын үлгі. Сондықтан Шорға шайқасының тарихтағы орны – бірлік пен батырлықтың, азаттық пен елдіктің мәңгілік үлгісі. Бұл шайқасты ғылыми тұрғыдан зерделеу – өткеннен тағылым алып, болашақ ұрпаққа тәуелсіздік рухын дарытудың маңызды тетігі болып саналады. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз