Президент: «Ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды»

08.09.2025
5043
Президент: «Ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды» - e-history.kz

Сурет: nu.edu.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды» деген сөзі қазіргі Қазақстан үшін стратегиялық бағытты айқындайды. XXI ғасырдың басты капиталы – табиғи ресурс ғана емес, білім мен ғылымға негізделген сапалы адами капитал екені анық. Бұл үрдісті әлемдегі дамыған мемлекеттердің тәжірибесі де айқын көрсетіп отыр.

Әлем тәжірибесі көрсеткендей, білім беру жүйесі, ғылыми зерттеу және инновациялық өндіріс бір-бірінен бөлек дамыса, нәтиже шықпайды. 

Президент бұл жайлы «Ғылым саласында әлі де мемлекеттің үлесі басым. Бірақ бюджет қаржысының қайтарымы әлі де шамалы болып тұр. Жаңа патенттер, технологиялар мен өндірістер сияқты көзге көрінетін нақты нәтиже жеткілікті емес. Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына берген жөн. Министрлік және Ғылым академиясы бірлесіп, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарын үйлестіру ісімен белсенді түрде айналысуы керек.  Жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беруге болады», - деді. 

АҚШ пен Еуропаның жетекші елдері ғылымды экономикамен ұштастыру арқылы дамудың жаңа деңгейіне көтерілді.Кембридж бен Оксфорд университеттері ғылым мен өндірістің интеграциясының үлгісі саналады. Жапония мен Оңтүстік Корея ғылыми зерттеулерге миллиардтаған доллар бөліп, нәтижесінде жаңа технологияларды жаһандық нарыққа шығарып отыр. Қытай соңғы жиырма жылда ғылымға басымдық беріп, жасанды интеллект, цифрлық технология, биотехнология саласында әлемдік көшбасшылардың қатарына қосылды. Бұл мысалдар Қазақстанға да айқын бағдар береді.

Қазақстанның ғылыми және зияткерлік әлеуетін арттырудағы маңызды құралдардың бірі – Болашақ бағдарламасы. Бұл бағдарлама 1993 жылдан бастап жүзеге асырылып, мыңдаған жас қазақстандыққа шетелдің үздік университеттерінде білім алуға жол ашты. 2025 жылы Болашақ бағдарламасы бойынша 645 грант бөлінді, оның ішінде 411-і магистратураға, 41-і докторантура мен резидентураға, 193-і тағылымдамаға арналған. Бағдарлама түлектері бүгінде мемлекеттік басқару, ғылым, білім және инновация салаларында еңбек етіп, елдің адами капиталын күшейтіп отыр. Дегенмен, президент білікті ғалымдарды елге тартып, ғылым саласын әлі де жетілдіру қажет екендігін айтты. 

Президент дарынды зерттеушлерді қолдау үшін арнайы шаралар қажет екенін атап өтті. 

«Сонымен қатар Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс. Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн. Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек. Себебі бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек», - деді. 

Ғылымның дамуы – адам капиталына байланысты. Жас ғалымдарға гранттар беру, ғылыми жобаларды ұзақмерзімді қолдау, халықаралық зерттеу орталықтарымен серіктестік орнату – ғылымның беделін арттырады.

Президенттің сөзіне сүйенсек, ғылымды басқаруда бірнеше нақты қадамдар болашақты айшықтайды. Біріншіден, инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына беру – басқару ісін жүйелеуге мүмкіндік береді. Министрлік пен Ғылым академиясы ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарын үйлестіріп, олардың өзара байланысын күшейтуі ғылым үдерісін дамытады. Екіншіден, жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беру арқылы жаңа идеялардың тезірек жүзеге асуына жол ашылады. Үшіншіден, дарынды зерттеушілерді қолдау үшін гранттар мен жеңілдіктер қарастыру, білікті мамандарды елге қайтарудың тиімді тетігіне айналады. 

Қазақстан ғылымын дамыту – елдің болашағына салынған ең тиімді инвестицияның тетігі. Ғылым, білім және инновацияның өзара байланысы нығайған жағдайда ғана еліміз білім экономикасына толыққанды қадам басып, жаһандық ғылыми-инновациялық кеңістікте өз орнын таба алады.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз