Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйекте өткен жолдауында елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды ұсынды. Жаңа құрылымды вице-премьер деңгейіндегі маман басқаруы тиіс. Бұл бастама - Қазақстанның жаһандық технологиялық бәсекеге тікелей араласуға ниетінің айғағы.
Мемлекет басшысы Жолдауында жасанды интеллектің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстан бірнеше жылдың ішінде цифрлы ел болу керектігіне тоқталды.
«Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертіп жатыр. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент Жолдауында жаңа министрлікті вице-премьер деңгейіндегі маман басқаруы керектігін айтты:
«Қазіргі құзырлы министрлік негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек», - деді Мемлекет басшысы.

Жаңа министрлік ашылатын болса, Қазақстан тарихында жасанды интеллектке арналған тұңғыш дербес министрлік болмақ. Елдің цифрлық саясаты енді тек инфрақұрылым мен интернетке ғана емес, жасанды интеллектті дамытудың ұлттық стратегиясына сүйенеді.
Әлемдік тәжірибелерден сабақ
Қазақстан бұл қадамымен жалғыз емес. 2017 жылы Біріккен араб әмірліктері әлемде алғаш болып Жасанды интелект министрін тағайындады. Соның нәтижесінде Falcon атты ірі тілдік модель шығарылып, арнайы университет ашылды. Франция 2024 жылы Жасанды интелект министрін бекітіп, ЖИ қауіпсіздігі мен бағалау институтын іске қосты. 2025 жылы Канада мемлекеті де арнайы Жасанды интелект министрлігін құрды. Бұл шешім арқылы ел цифрлық инновациялар мен этиканы тікелей үкімет деңгейінде үйлестіруді көздеп отыр. Азияның дамушы мемлекеті Тайваньда цифрлық істер министрлігін құрып, ЖИ-ды демократиялық процестерге бейімдеуде. Испания мемлекеттік хатшылық деңгейінде ЖИ саясатын жүргізсе, Сауд Арабиясы SDAIA атты супер-орган арқылы ұлттық ЖИ стратегиясын іске асыруда.
Қазақстан үшін маңызы
Жоғарыдағы елдердің Жасанды интелект министрлігін құру арқылы әртүрлі бағытта қызмет рөлін жетілдіргенін байқауға болады. Яғни олар ЖИ енгізу арқылы өндіріс, қаржы, денсаулық сақтау салаларының тиімділігін арттырып, экономиканың өсімін дамытқан. Одан бөлек қауіпсіздік мәселесі де маңызды қызмет болып табылады. Ғылым мен білім, халыққа қызмет бағыттары дамып, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, өз тіліндегі ЖИ шешімдерін дамыту мәселелері реттелгені анық.
Осы орайда белгілі IT-маман, ЖИ сарапшысы Аршат Ораздан жаңа министрліктің құрылуы еліміз үшін қандай маңызды бағыттарды реттей алады деген сауал қойған болатынбыз.
«ЖИ министрлігінің құрылуы біріншіден мемлекеттік қызметтерді жеңілдетіп, азаматтарға жылдам әрі ыңғайлы етуі мүмкін. Екіншіден, білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы сияқты салаларға жаңа технологиялар енгізіліп, тиімділік артады. Үшіншіден, отандық IT саласына серпін беріп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бірақ қауіпсіздік мәселесі маңызды - жеке деректерді қорғау, кибершабуылдардың алдын алу басты міндет болуы тиіс. Егер осы жағы ескерілмесе, халық сенімі азаяды. Сондықтан технологиялық даму мен ақпараттық қауіпсіздік қатар жүруі қажет» - дейді Аршат Ораз.
Қазақстанның жаңа қадамы – технологиялық тәуелсіздікке ұмтылыстың нақты көрінісі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ЖИ министрлігі тек цифрландыруды емес, экономиканың барлық саласын түрлендіретін қозғаушы күшке айнала алады.
Ал енді ең басты сұрақ: біз жаңа министрлікті құрғанда, ол елді ЖИ дәуіріне жетелейтін локомотивке айнала ма, әлде қағаз жүзінде қалатын құрылым бола ма? Шешімі алдағы құрылатын министрліктің жұмыс қарқынына байланысты.