Бүгін ұлт ұстазы, Алаш қайраткері, қазақтың білгір ұлы ғалымы – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ол бар саналы ғұмырын ұлт еркіндігі, ел тарихы, әдебиеті, мәдениеті, тұтас ғылым жолына арнап, ұлтқа қызмет етудің айрықша үлгісін көрсетті. Ахмет Байтұрсынұлы тек қазақ емес, тұтас түркі жұрты ұлықтаған ұлы тұлға.
Ұстаздық жол
Ахмет Байтұрсынұлы 1882-1884 жылдары әуелі өз шаңырағында сауаты бар кісілерден әріп танып, кейін іргедегі ауыл мектебінде бастауыш білім алады. Осы алғашқы орта оның дүниетанымын қалыптастырып, ауызша дәстүр мен жазба мәдениеттің дәнекерін сезінуге мүмкіндік берді.
1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі кластық орыс-қазақ училищесінде оқуы Ахметті екітілді білім кеңістігіне енгізді: бір жағынан – орысша пәндік-рационал бағдарлама, екінші жағынан – қазақы тілдік-мәдени ірге. Бұл құрама орта кейінгі тілтанымдық еңбектеріне тән жүйелілік пен дәлдікке негіз қалады. 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте (семинарияда) алған кәсіби даярлық Ахметтің педагогикалық ой-тәжірибесін тереңдетті. Ол әдістеме, тәрбие, пәндік оқыту талаптарын меңгеріп қана қоймай, отарлық оқу жүйесінің ішкі қайшылықтарын – оқу құралдарының тапшылығы, ана тіліндегі сапалы білімнің жетімсіздігі, жергілікті қажеттілікке бейімделмеген мазмұн мәселелерін өз көзімен көрді.
1895 жылдың 1 маусымынан бастап мұғалімдікке кіріскен Ахмет Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқыта жүріп, ауыл мектебінің нақты жағдайына лайық әдістерді қалыптастырды: оқу материалының түсініктілігін бірінші орынға қою, тілдік-қатысымға сүйену, тәрбие мен білімді ұштастыру. Мұндай тәжірибе оны өмір мен тіршіліктің күрделі түйіндеріне белсене араласуға итермеледі. Әлеуметтік әділеттілікке ұмтылысынан ол жуандар мен бай-болыстардың озбырлығына қарсы азаматтық ұстаным білдіріп, білім арқылы теңдікке жеткізетін жолды таңдады. Дегенмен, ол қазақтың білімсіздігіне, надандығына ғана қылған қарсылық емес, тұтас отаршыл үкіметке жасаған ішкі қарсылығы еді. Отаршыл үкіметтің Ахмет әулетіне жасаған қиянаты, әке шарасыздығы, тағдыр қияметі, бала көз жасы оны саналы түрде ұлттық күрес жолына әкелді.
Күреспен өткен ғұмыр
Ахмет Байтұрсынұлының саяси қызметке белсене араласуы ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыстар өрлеуімен тұспа-тұс келді. Әсіресе 1905 жыл оның қоғамдық-саяси көзқарастарының айқындалу кезеңі болды. Сол жылы Қоянды жәрмеңкесінде қазақ халқының мұң-мұқтажын паш еткен тарихи құжат – Қарқаралы петициясы қабылданды. Бұл петицияға 14 500 адам қол қойып, халықтың саяси ерік-жігерін білдірді. Құжаттың мазмұнын әзірлеушілердің бірі әрі негізгі авторларының қатарында Ахмет Байтұрсынұлы тұрғаны мәлім.
Қарқаралы петициясында көтерілген мәселелер қазақ қоғамының ең өзекті мүдделерін қамтыды. Біріншіден, жергілікті басқару мен сот жүйесіне қазақ халқының дәстүрі мен сұранысына сай өзгерістер енгізу талап етілді. Екіншіден, білім беру ісін ұлттық негізде дамыту, қазақ балаларының ана тілінде оқуына жағдай жасау мәселесі көтерілді. Үшіншіден, ар-ождан және дін бостандығы, еркін сенім ұстану құқығы талап етілді. Сонымен қатар, цензурасыз баспасөз ашуға, ұлттық газеттер мен баспахана ұйымдастыруға рұқсат беру туралы талаптар да қойылды. Тағы бір маңызды мәселе – патша өкіметінің бекіткен «Дала ережесін» қазақ халқының мүддесіне сай жаңа заңдармен алмастыру қажеттігі нақты айтылды. Бұдан бөлек, қазақ даласына орыс шаруаларын жаппай көшіру саясатын дереу тоқтату жайы талап ретінде қойылды. Бұл тармақ патша үкіметінің отаршылдық көші-қон саясатына ашық қарсылық еді.
Міне, осы Қарқаралы петициясы Байтұрсынұлының саяси қайраткер ретінде толық қалыптасқанын айғақтайды. Ол халықтың құқығын заңды жолмен қорғауды, білім мен баспасөз арқылы ұлттық сананы оятуды көздеді. Алайда мұндай қадамдары патша өкіметінің назарынан тыс қалмады. 1905 жылдан кейін Ахмет Байтұрсынұлы тұрақты түрде жандармдық бақылауға алынды. Ақыры, 1909 жылдың 1 шілдесінде ол тұтқындалып, тергеуге тартылды. Сот шешімі бойынша Ахмет Байтұрсынұлы қазақ облыстарында тұру құқығынан айырылып, елден тыс аймаққа жер аударылуы тиіс деп белгіленді. Осы шешімге сәйкес, 1910 жылдың 9 наурызында ол Орынбор қаласына қоныс аударуға мәжбүр болды. Бұл қалада ол 1917 жылдың соңына дейін тұрақтап, әрі қарайғы қоғамдық-саяси қызметінің жаңа кезеңін бастады. Дәл осы Орынборда Ахметтің ағартушылық және баспасөз саласындағы ең ірі еңбектері жүзеге асып, ұлтты ұйыстырушы тұлға ретіндегі рөлі айқындалды.
Орынбор қазақ зиялылары үшін саяси күрестің орталығына айналды. Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілігімен 1913 жылы Орынборда «Қазақ» газеті жарық көрді. Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып, қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік, мәдени мәселелерін көтерді. Ол ұлттық сананы оятуға, Алаш қозғалысының идеяларын таратуға үлкен ықпал етті. Газеттің таралу тиражы бастапқыда 3 мың болса, кейбір деректерде 1913-1918 жылдар аралығында 8 мыңға дейін жеткен. «Қазақ» газетінің таралымы қазақ даласынан бөлек, Қазан, Уфа, Мәскеу, Томск, Петербургтегі қазақтармен қатар Қытай мен Түркия елдеріне дейін жеткен. «Қазақ» газетінің тұрақты айдарлары болған. Олар: «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабарлар», «Басқармадан», «Өлең-жыр» және кей кездері жарияланатын «Оқшау сөз» айдарлары арқылы халыққа ақпарат жеткізіп отырған. Сонымен қатар үкімет тарапынан бұйрық-жарлықтар, Мемлекеттік Дума мен Мемлекеттік кеңес жұмысы, қазақтың тарихы мен тұрмыс жайы, экономия, сауда, кәсіп, ауыл шаруашылығы мал шаруашылығы, халық ағарту, мектеп, медресе, тіл және әдебиет мәселелері, тазалық, денсаулық жайы бағытындағы ғылыми-танымдық мақалалар үздіксіз жарияланып тұрған. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Әбубәкір Алдияр, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қараш, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Жаһанша Сейдалин, Ғабдолғазиз Мұсағали, Мұхаметжан Тынышбай, Мұстафа Шоқай бастаған азаматтар «Қазақ» газеті арқылы өз үндерін халыққа жеткізіп, автономия жайы мен жер дауын даулай білді.

Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси қызметі 1917 жылғы аласапыран кезеңде жаңа белеске көтерілді. Революциялық өзгерістер ықпалымен өткен Жалпықазақ съездері мен Қазақ комитеттерінің жұмысына тікелей қатысып, олардың бағыт-бағдарын айқындауға белсене араласты. «Қазақ» газеті арқылы ол ұлттың саяси санасына теориялық бағдар беріп отырды. Байтұрсынұлы Алаш партиясының бағдарламасын даярлаған бастамашыл шағын топтың ішінде болды. Дегенмен, Міржақып Дулатұлымен бірге қазақ қоғамындағы руаралық тартыстарды ескеріп, Алаш Орда үкіметінің тікелей құрамына енбей қалғанымен, ұлттық мемлекеттік идеяны қалыптастыру ісіндегі жетекші қайраткерлер қатарынан тыс қалған жоқ. Мұны замандастары да толық мойындап, екінші Жалпықазақ съезінде арнайы құрылған Оқу-ағарту комиссиясының төрағасы етіп сайлады.
1919 жылға дейін ол Алашорда үкіметінің Торғай бөлімінде қызмет атқарып, ел ісіне белсенді араласты. Кеңес билігі орнаған соң, жаңа өкіметтің жариялаған кешірімі нәтижесінде Байтұрсынұлы да ресми қызметке тартылды. 1919 жылы Қазревком құрамына кіріп, Қазақстанның аумақтық тұтастығын айқындау ісінде ерекше еңбек етті. Сол тұстағы маңызды қадамдарының бірі – Бүкілресейлік ОАК-тің Қостанай уезін Челябинск губерниясына қосу туралы шешіміне ашық қарсылық білдіруі еді. Оның жазған саяси наразылығы арқасында Қостанай қайтадан Қазақстан құрамына енгізілді.

1918 жыл. Семей қаласы.
1920 жылы тамызда құрылған Қазақ АКСР-інің алғашқы үкіметіне мүше болып кіріп, 1920–1921 жылдары Халық ағарту комиссары қызметін атқарды. Одан кейін де ғылым мен білім саласын дамытуға көп күш салды: 1922 жылы Академиялық орталыққа жетекшілік етті, 1922–1925 жылдары ғылыми-әдеби комиссия мен Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болды. Мемлекеттік қызметті қатар атқара жүріп, Байтұрсынұлы ұстаздық ісінен қол үзген жоқ. 1921–1925 жылдары Орынбордағы, 1926–1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институтында қазақ тілі, әдебиеті мен мәдениет тарихынан дәріс оқыды. Ал 1928 жылы Алматыда ашылған Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына шақырылып, профессорлық қызмет атқарды.
Ғылыми майдангер
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін оқыту, үйрету және дамытуға арналған еңбектері ұлттық ғылым тарихында баға жетпес мұра болып табылады. Оның «Оқу құралы», «Тіл – құрал», «Методика мәселелері», «Баяншы», «Тіл – жұмсар» сияқты еңбектері бүгінгі жаңартылған білім мазмұнын оқыту барысында да маңызын жоғалтпай, әдістемелік негіз ретінде кеңінен пайдалануға болады. Бұл еңбектерде ғалым қазақ тілінің барлық саласын – фонетика, морфология, синтаксисті – тұтас бірлікте қарастырып, ұлттық тіл ғылымының жүйелі іргетасын қалады. Оның көзқарасы бойынша, алдымен грамматикалық ілімді жинақтап, содан кейін грамматикалық құрылымды талдап-зерделеу қажет деген қағида тіл үйретудің басты ұстанымы болды.
Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі қазақ әдебиеттану ғылымының бастауында тұрған теориялық зерттеу болып табылады. Бұл еңбекте әдеби жанрлардың табиғаты, көркемдік әдіс-тәсілдері, поэтикалық заңдылықтары айқындалып, ұлттық әдебиеттің ғылыми негізде жіктелуі жүзеге асты. Ғалымның «Әліпби» және «Жаңа емле» реформалары сауат ашуды жеңілдетіп қана қоймай, қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл беруге бағытталды. Бұл қадам қазақ жазу мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілуіне себеп болды.

Екінші қатарда солдан оңға қарай Әміре Қашаубайұлы, Елдес Омарұлы, Фархад Рагимоғлы. Баку қаласы, 1926 жыл
1923 жылы Мұхтар Әуезов Ахметтің юбелейіне арнаған «Ақаңның 50 жылдық тойы (юбилейі)» атты мақаласында «Басынан кешкен толқынды күндер сақал шашына ерте күннен-ақ ақ кіргізіп, бетіне әжім түсірсе де, әзірше дені сау, жас күнінен көңілі сүйген қызметі болғандықтан, Орынбордағы қазақ институтының һәм басқа қазақ баласы оқыған мектептердің оқытушысы болып жүр. Мектептен босаған уақытта қазақ мектептеріне керекті кітаптар жазады.
Бұрынғы оқушыларға белгілі «Тіл құралы», «Оқу құралдарынан» басқа, соңғы жылдарда «Әліппе астарын» һәм қазақша жазған, бұл соңғы кітабы осы күнде Орынборда басылып жатыр. Жаңадан алған хабарға қарағанда, былтырдан жазып жүрген «Мәдениет тарихы» деген кітабын осы күнде бітіріпті. Жақында ол да басылып шықса керек. Ақаң соңғы жылдардағы уақытының бәрін қазақтың мектебіне сарп қылып, істеген ісі де, жазған жазуы да жалғыз соған арналған. Сондықтан бұрынғы уақыттағы жас буынның әлсіз ойын тербеткен, жүрекке жылы, тәтті өлеңдерін соңғы жылдарда есіте алмай жүрміз» - деп, ғалымның ғұмырының бір сәтінен сыр шертеді

Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» және «Маса» жинақтары да ағартушылық бағыттағы ғылыми-танымдық еңбектер ретінде ерекше орын алады. Бұл шығармаларда ол халықты оқу-білімге, ғылымға үндеумен қатар, әлеуметтік мәселелерге де сын көзбен қарады. Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының бастауында ғалымның ағартушылық бағытта жазған «Қырық мысал», «Маса» еңбектері тұр. Сонымен бірге, ол халық ауыз әдебиетін, фольклорды жинап-зерттеу ісіне атсалысып, «23 жоқтау» сияқты құнды материалдарды жариялады.
Байтұрсынұлы тек теориялық еңбектермен шектелмей, практикалық әдістемелік құралдар жасаған ірі ғалым-ағартушы болды. Оның ғылыми еңбектері – тіл білімі, әдебиеттану және әдістеме салаларының дамуына негіз болған әмбебап зерттеулер жиынтығы. Сондықтан да бүгінгі білім беру жүйесінде Ахмет мұраларын қайта қарастыру, жаңаша бағалау – ұлттық ғылымды дамытудың өзекті бағыттарының бірі болып табылады.
Соңғы сәуле
1929 жылдың 2 маусымында Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қозғалысының 43 қайраткерімен бірге Алматы қаласында тұтқындалып, көп ұзамай Мәскеудегі атақты Бутырка түрмесіне жөнелтілді. Бұл оқиға кеңестік қуғын-сүргіннің алғашқы толқынының бірі ретінде қазақ зиялыларының тағдырын күрт өзгерткен кезең еді. КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) «үштігінің» 1930 жылғы 4 сәуірдегі қаулысы бойынша Ахмет Байтұрсынұлына ең ауыр жаза – ату үкімі шығарылды. Алайда кейіннен бұл шешім бірнеше мәрте қайта қаралып, түрлі өзгерістер енгізілді.
1933 жылдың мамыр айында ғалымның денсаулығы күрт нашарлауына байланысты, оған Батыс Сібірге жер аударылған отбасымен – жұбайы Бәдрисафа мен қызы Шолпанның қасында қалуға рұқсат берілді. Бұл жеңілдік толық бостандық емес, айдаудағы өмірдің азапты жалғасы ғана болатын. 1934 жылы белгілі жазушы М. Горькийдің зайыбы Е.П. Пашкованың араласуымен Ахмет Байтұрсынұлы мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралды. Алайда ол мұнда тұрақты қызметке алынбай, әртүрлі мекемелерде қысқа мерзімдік жұмыстар атқаруға ғана мүмкіндік алды.
1937 жылдың күзінде сталиндік қуғын-сүргіннің ең ауыр кезеңі басталғанда, Ахмет Байтұрсынұлы екінші рет тұтқынға алынды. 8 қазанда қолға түсіп, небәрі екі ай өткен соң, 8 желтоқсанда «халық жауы» деген жалған айыппен ату жазасына кесілді. Сөйтіп, қазақ халқының рухани көсемі, ұлттық ғылым мен мәдениеттің негізін қалаған қайраткер саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналды.
Ахмет атылды дегенде ел қалай қабылдады? Қабырғасы қайыспаған қазақ болды ма? Әрине бұл аумалы-төкпелі кезеңдегі қазақтың қорқынышты түсін, қайғы-қасіретін, ауыртпашылығы мен зар-мұңын елестетудің өзі де ауыр, әрі жүрекке салмақ салады. Күнде қазақтың қаймақтары атылып, халықтың рухы сөніп, жүрегі қозғалып, жаны ауырғаны анық. Алаш қайраткері Файзолла Сатыбалдыұлы «Ахмет қайтыс болды дегенде» атты өлеңінде:
«Шынымен бұл дүниеден өткенің бе,
Қайырылмай алды-артыңа кеткенің бе?
Ахмет опат болды дегенді естіп,
Егіліп жылай бердім, тек дедім де!
Айрықша артық көрген ғазиз досым,
Жоқ еді қысқада – кек, ұзында – өшің.
Алаштың қамын жеген азаматы ең,
Сүйреген алға қарай Қазақ көшін», - деп жырлайды. Расымен, жоқтауы айтылмаған ғалымның артындағы ұлы көш үнсіз егіліп жылағаны анық.
Бұл қайғылы тағдыр – XX ғасырдың 20–30-жылдарындағы тоталитарлық жүйенің ұлттық интеллигенцияға жасаған қысымының айқын көрінісі. Байтұрсынұлының өмір жолы мен соңғы қайғылы қазасы ұлт тарихындағы аса қасіретті кезеңді көрсетіп қана қоймай, оның халық алдындағы өлмес еңбегін одан сайын жаңғырта түседі.
Суреттер ашық дереккөздерден алынды