Амангелді ауылы: тарих тұнған топырақ

04.09.2025
5338
Амангелді ауылы: тарих тұнған топырақ - e-history.kz

Амангелді ауданы – Қостанай облысының Торғай үстірті аймағында орналасқан, тарихы терең әрі маңызы зор өңір. Ауданды алғаш 1928 жылы «Батпаққара» атауымен құрса, кейін атақты халық батыры Амангелді Имановтың құрметіне 1936 жылы қазіргі атауына өзгертті. 

 Қанды Батпаққара қасіреті 

Бұл өлкенің Батпаққара атауының өзіндік себебі бар, яғни, жаңбыр маусымында қалың батпақ адам табанына жабысып, жүрісін қиындатады. Ел шаруасын күйзелтіп, жер суланып, батпақтана түседі. Сондықтан, «Батпаққара» атауы кең де қалың батпақты жер дегенді білдіреді. Бұл атау жер бедеріне байланысты қойылған. Торғай өңіріндегі Батпаққара үстіртінің ойлы-қырлы, кей жері батпақты, сулы-нулы болғанын халық солай атап кеткен. 

«Батпаққара» атауы қазақ тарихында қанды әріптермен жазылған. 1929 жылғы Батпаққара көтерілісі – қазақ халқының Кеңес өкіметінің жүргізген күштеп ұжымдастыру, мал-мүлкін тәркілеу және дәстүрлі шаруашылықты күйрету саясатына қарсы бағытталған ірі халықтық қозғалыстардың бірі болды. Ол Қостанай облысының қазіргі Амангелді ауданында басталып, Торғай даласына кең тарады. Негізінен, малға тіршілік еткен ауыл тұрғындарына тәркілеу мен салықтың ауыртпалығы, дәстүрлі тұрмыс-салтын бұзу, биліктің әділетсіз әрекеттері төзгісіз болып, қарулы қарсылыққа ұласқан. Көтеріліс барысында жергілікті халық кеңестік билік өкілдеріне қарсы ашық күрес жүргізіп, әділеттілік орнатуды талап етті. Дегенмен кеңес өкіметі оны аяусыз басып-жаншып, қатысушыларды қуғындап, талайын соттап, айдап жіберді. Нақтырақ айтсақ, Профессор Т. Омарбеков аталған еңбегінде өкімет орындарының көтеріліске қатынасқан 530 адамды түгелдей қылмыстылар ретінде жауапқа тартып, ОГПУ-дың үштігінің шешімімен олардың 115-і ату жазасына, 170-і 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімде еңбекпен түзету лагеріне жіберіліп, 28-і Қазақстаннан тыс жерлерге 3 жыл мерзімге жер аударылғандығы, ал 17 адамға байланысты шартты түрде соттау кесімі қабылданғандығы жөнінде жазды. Атылып кеткен 115 адамның 104-і жайлы деректер анықталған. Ал қалған 11-і жайлы толықтай деректер әзірге  табыла қоймаған. Бұл оқиға халықтың отарлық және тоталитарлық қысымға қарсы қайсар рухын айқын көрсетіп, тарихта ізін қалдырды.

Тарихи тұлғалар мекені

Амангелді ауданы – қазақ халқының тарихында айрықша орны бар қасиетті өлке. Бұл өңірден елдің тәуелсіздігі мен бостандығы жолында күрескен батырлар мен қоғам қайраткерлері шыққан. Солардың ішінде есімі халқымыздың жүрегіне мәңгілік жазылған тұлға – Амангелді Үдербайұлы Иманов (18731-919).

Амангелді Иманов ескерткіші

Амангелді батыр XIX ғасырдың соңында Торғай даласында дүниеге келді. Оның балалық шағы халықтың ауыр тұрмысымен, патшалық отаршыл саясаттың қысымымен тұспа-тұс келді. Әкесі ерте қайтыс болып, жетімдіктің тауқыметін тартқан Амангелді жас кезінен-ақ әділетсіздікке қарсы шығып, қарапайым халықтың қамқоршысы бола білді.

1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс тұсында Амангелді Иманов халық жасақтарының қолбасшысы ретінде тарих сахнасына шықты. Ол мыңдаған сарбазды ұйымдастырып, патша өкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы қарулы күресті бастап, әділет жолындағы күрестің символына айналды. Оның әскери шеберлігі, халықты соңына ерте білу қабілеті Торғай даласында ғана емес, бүкіл қазақ даласында танылды.

Амангелді батырдың өмір жолы – күрес пен қайсарлықтың айғағы. Ол тек қарулы қолбасшы ғана емес, сонымен бірге халықтың рухани жетекшісі, әділдік пен теңдік үшін жанын қиған тұлға болды. 1919 жылы аласапыран кезеңде қайғылы қаза тапқанымен, оның ерлігі ел жадынан өшкен жоқ.

Амангелді батырдың есімі осы өңірден шыққан тағы бір тарихи тұлға – Кейкі батыр (Нұрмағамбет Көкембайұлы, 1871-1923) атымен тығыз байланысты. Кейкі батыр да Торғай даласының перзенті, өз дәуірінің жаужүрек сарбазы ретінде танылды. Ол жасынан мергендігімен, батылдығымен ел арасында ерекше беделге ие болды.

Кейкі батыр кесенесі, Тасты ауылы

1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Кейкі батыр Амангелді Иманов бастаған сарбаздардың сенімді серігі, халық жасағының батыр қолбасшыларының бірі болды. Ол әсіресе ұрыс даласында мергендігімен көзге түсіп, қарсыластың талайын жойған. Сондықтан ел арасында «Кейкі мерген» деген атаққа ие болды. Амангелді мен Кейкі батырлардың серіктестігі – халық бірлігінің айқын көрінісі еді. Екеуі де отарлық саясатқа қарсы күресте қатар шығып, елдің тәуелсіздігі үшін жанын пида етті. Халық олардың ерлігін аңызға айналдырды. Амангелді қаза тапқаннан кейін де Кейкі батыр қарулы күресті тоқтатпай, біраз уақыт азаттық жолындағы күресін жалғастырды. Алайда Кеңес билігінің қуғын-сүргіні оны да айналып өтпеді. 1923 жылы сатқындықтың салдарынан Кейкі батыр қаза тапты. Оның басы кесіліп, Ресейге жөнелтілуі – халықтың жүрегіне өшпес жара салған оқиға болды. Тек тәуелсіздік жылдары ғана Кейкі батырдың бас сүйегі елге әкелініп, туған жерінде қайта жерленді.

Алаш қайраткерлері Ахметсапа Жүсіпұлы мен Файзолла Сатыбалдыұлы да Батпаққара өңірінде туып, Торғай өңіріндегі Алаш ісіне белсенді араласқан. Ахметсапа Жүсіпұлы – ХХ ғасырдың басындағы ұлттың азаттық қозғалысына белсене араласқан, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі. Ол Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін бар ғұмырын елінің тәуелсіздігі мен бостандығы жолына арнады. Ахметсапа Жүсіпұлының есімі ең алдымен Алаш қозғалысы аясындағы қоғамдық-саяси қызметімен белгілі. Ол қазақ қоғамын отарлық езгіден азат ету, ұлттық мемлекеттік құрылым құру ісінде ел ішіндегі көзі ашық, беделді азаматтардың алдыңғы қатарында болды. Торғай аймағындағы саяси оқиғаларда, Алаш Орда ұйымының жұмыстарына қатысып, халыққа рухани дем беріп, ұлттық мүддені қорғауға күш салды.

Сатыбалды Ишан кесенесі

Алаш қайраткерлерінің басты мақсаты – қазақ қоғамын өркениетті елдердің қатарына қосу, оқу-ағартуды дамыту, әділетті басқару жүйесін орнату болса, Ахметсапа Жүсіпұлы да осы идеяларды қолдап, іс жүзінде жүзеге асыруға ұмтылды. Ол 1931 жылы Алаш қайраткерлерінің алғашқы толқыны ретінде Жүсіпбек Аймауытұлымен бірге ату жазасына кесілген. Сондай-ақ, оның серігі Файзолла Сатыбалдыұлы (1889–1939) – қоғам және мемлекет қайраткері, ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының бірегей өкілі, Алаш қозғалысының қайраткері атанды. Сатыбалды әулиенің әулетінде туған Фазолла білімді, көзі ашық азамат ретінде ерте жастан ел ісіне араласып, ұлттық мүддені қорғауға кірісті. 1917 жылғы саяси дүрбелең кезінде Файзолла Сатыбалдыұлы Алаш партиясының қызметіне белсене араласып, қазақ қоғамының болашағы үшін жауапты шешімдер қабылдауда аймақтық деңгейде үлкен рөл атқарды. Ол оқу-ағарту ісін дамытуға, халықты саяси сауаттандыруға, әділетті басқару жүйесін орнатуға күш салды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Файзолла Сатыбалдыұлы түрлі мемлекеттік қызметтерде болды. Ол Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениет пен білім беру саласына үлес қосты. Дегенмен, оның Алаш қозғалысына қатысы, ұлттық мүддені қорғаудағы белсенділігі сталиндік қуғын-сүргін жылдарында қылмыс ретінде бағаланды. 1937–1938 жылдардағы зұлмат кезеңде ол да «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқындалып, қуғын-сүргінге ұшырады. Дегенмен, бұл өлке тарихи тұлғаларға толы, қасіретті тарихи оқиғалардың басым бөлігі осы өлкеде болғандықтан тарихи тұлғалардың да толқын-толқынымен шығуы заңды. 

Жанданған аудан лебі

Батпаққа ауылының атауы 1938 жылы Амангелді батырдың құрметіне орай Амангелді деп өзгертілді. Амангелді ауданы Торғай үстіртінің оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Шекаралас аумақтары: солтүстігінде Жангелдин, шығысында Науырзым аудандары, оңтүстігінде Арқалық қаласы мен Ұлытау облысы, батысында Ақмола облысы. Жер бедері негізінен ойлы-қырлы, қырқалы-үстіртті болып келеді. Өзен жүйесіне Торғай, Жыланшық, Жалдама, Сарыөзен және Қараторғай жатады. Сонымен қатар шағын көлдер мен маусымдық жылғалар бар. Өсімдік жамылғысы негізінен бетеге, жусан, көде сияқты шөлейт дала өсімдіктерінен тұрады. Жануарлар дүниесінде киік, қасқыр, қарсақ, қоян, түрлі құс түрлері таралған. Амангелді ауданының жалпы аумағы 22,6 мың шаршы шақырымды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша аудан Қостанай облысының ең кең жер көлеміне ие өңірлерінің бірі саналады. Географиялық тұрғыдан алғанда, аудан кең жазиралы дала аймағында орналасқан, рельефі негізінен жазық болып келеді, кейбір жерлерінде қыраттар мен жота-төбелер ұшырасады. Жер бедерінің осындай ерекшелігі мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай туғызады.

Аудан аумағында өзен-көлдер аз болғанымен, шағын бұлақтар мен жер асты сулары тіршілік көзі ретінде маңызды рөл атқарады. 2019 жылғы ресми мәліметтерге сәйкес, ауданның тұрғындар саны 16 475 адамды құрайды. Халықтың этникалық құрамында қазақтар басым, олардың үлесі 98,48 пайызға жетеді. Сонымен бірге, орыстар – 1,52 пайызды, украиндар – 0,18 пайызды, немістер – 0,17 пайызды құрайды. Қалған 0,23 пайызын басқа ұлт өкілдері – татарлар, өзбектер, қырғыздар және өзге этностар қамтиды.

Ауылдың сыртқы көрінісі

Амангелді ауданының әкімшілік-аумақтық құрылымы 30 елді мекеннен тұрады. Бұл елді мекендер 10 ауылдық округке біріктірілген. Олар: Ақсай ауылдық округі, Амангелді ауылдық округі, Амантоғай ауылдық округі, Байғабыл ауылдық округі, Қабырға ауылдық округі, Қарасу ауылдық округі, Құмкешу ауылдық округі, Тасты ауылдық округі, Үрпек ауылдық округі және Үштоғай ауылдық округі. Амангелді ауылдық округінің құрамына Амангелді, Ақкісі, Есір, Кемер және Қоғалыкөл ауылдары кіреді. Амангелді ауданында ауыл шаруашылығы жерінің жалпы көлемі 2689,6 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 244,0 мың гектар егістік алқаптар болса, мұнда негізінен бидай, арпа, сұлы сияқты дәнді дақылдар, сонымен қатар мал азығына қажетті шөп түрлері өсіріледі. 95,2 мың гектар жер шабындық ретінде пайдаланылып, қысқы мал азығын дайындауға арналады. Ең ауқымды бөлігі – 2339,4 мың гектар жер жайылымдыққа берілген, бұл аудан экономикасының негізгі саласы болып саналатын мал шаруашылығын өркендетуге зор мүмкіндік береді.

Аудан тұрғындарының басым бөлігі дәстүрлі түрде мал шаруашылығымен айналысады. Кең алқаптағы жайылымдар ірі қара, қой, жылқы және түйе өсіруге қолайлы. Сонымен қатар, егістік пен шабындық жерлердің тиімді пайдаланылуы ауыл халқының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады. 

Амангелді ауданының әлеуметтік-мәдени тарихы елдің қоғамдық дамуымен тікелей байланысты. 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде ауданнан 3 мыңнан астам азамат майданға аттанып, соғыста ерлік көрсетті. Бұл кезең аудан тарихындағы ең күрделі әрі жауапты кезеңдердің бірі болып саналады.

Соғыстан кейінгі жылдары еңбек адамдарының ерен еңбегі нәтижесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жедел қарқын алды. 1948 жылы ауданнан шыққан 14 еңбеккерге «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл дерек жергілікті халықтың еңбекке деген жоғары жауапкершілігін және ауданның республика деңгейіндегі үлесін айқын көрсетеді.

Мәдениет саласында да елеулі жаңалықтар орын алды. 1960 жылы М.Қапышев атындағы Халық театры мен Т.Елтебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрі құрылды. Бұл өнер ұжымдары жергілікті тұрғындардың мәдени сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, ауданның рухани дамуына да ықпал етті.

Тарихи жадты сақтау бағытында 1969 жылы халық батыры Амангелді Имановтың мемориалдық музейі ашылды. Бұл музей қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының тарихын насихаттайтын, ғылыми-зерттеу және тәрбиелік маңызы зор мәдени орталыққа айналды.

Одан кейінгі кезеңде ауданның мәдени-ағартушылық әлеуетін арттыру мақсатында 1977 жылы Т.Елтебаев атындағы аудандық музыка мектебі ашылды. Аталған оқу орны өнерлі жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасап, аудан мәдениетінің өркендеуіне үлес қосты.

Тарихи тұлғалар тақтасы

Бүгінде аудан әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тұрақты дамып келеді. Мемлекет басшысының ауылды өркендету жөніндегі бастамалары Амангелді ауданында да жүзеге асуда. Бұл аймақ бір жағынан ел тарихының айнасы болса, екінші жағынан ауыл шаруашылығына сүйенген қазіргі заманғы экономикасымен ерекшеленеді.

Бұл өңір қазақ халқының азаттық жолындағы күресімен де ерекшеленеді. 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Амангелді Иманов, ерлігі ел есінде қалған Кейкі батыр (Нұрмағамбет Көкембайұлы), сондай-ақ Алаш қозғалысының қайраткерлері Ахметсапа Жүсіпұлы мен Файзолла Сатыбалдыұлы – аудан тарихында ғана емес, бүкіл ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлғалар. 

Амангелді ауданы – қазақ халқының азаттық жолындағы күресін, ұлттық рух пен тарихи жадын сақтаған қасиетті мекен ғана емес, бүгінгі күні де елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отырған аймақ болып қала бермек.

Суреттер ашық дереккөздерден алынды 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз