Сал-серілер мінген жылқылар

03.09.2025
5707
Сал-серілер мінген жылқылар - e-history.kz

Қазақ халқы жылқыны «төрт түліктің төресі» деп қастерлеген. Ежелгі сақтар мен арийлер кезеңінен бастап жылқы көшпелі халықтардың өмірінде маңызды рөл атқарды. 

Грек тарихшысы Геродот сақтардың аттарына мыстан сауыт кигізіп, жүгендерін алтынмен әшекейлегенін жазған. Қазақ батырлары мен хандары да өздерінің тұлпарларын ерекше күтіп, оларға мәнді есімдер берген. Тұлпарлардың атаулары олардың түсіне, қасиетіне немесе батырдың қиялына байланысты қойылған. Мысалы, «Қобыландының Тайбурылы», «Алпамыстың Байшұбары», «Қабанбайдың Қубасы» сияқты тұлпарлар халық жадында мәңгі сақталған. Бұл туралы қазақ батырлары мен хандар мінген тұлпарлар туралы мақалада тереңірек тоқталған едік. Бүгін қазақтың сал-серілері мінген жылқылар туралы ізденіп көрген едік.   

Ақан серінің Құлагері 

Ақан сері (Ақжігіт Корамсаұлы, 1843–1913) – қазақтың атақты серісі, ақын, әнші және композиторы, ал оның Құлагер атты тұлпары – қазақ мәдениетіндегі ең танымал жүйрік аттардың бірі. Құлагердің тарихы мен Ақан серіге деген адалдығы халық арасында аңызға айналып, Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы арқылы әдебиетте мәңгілікке сақталған. 

Ақан сері – Көкшетау өңірінде (қазіргі Ақмола облысы) туып-өскен, өнерімен және батылдығымен елге танылған тұлға. Ол өз заманында серілік дәстүрдің жарқын өкілі болған, яғни аңшылық, атбегілік және өнерді қатар алып жүрген. Ақанның өмірінде жылқыға деген махаббаты ерекше болды, ал Құлагер – оның ең сүйікті және атақты тұлпары.

Құлагер – Ақан серінің өз қолымен өсіріп, баптаған жүйрік ат. Оның аты «құла» (құла түсті, яғни ашық сары немесе қоңыр түсті) және «гер» (батыр, ер) сөздерінен шыққан, яғни «Құла батыр» деген мағына береді. Құлагердің нақты шығу тегі туралы деректер аз, бірақ халық аңыздары мен жазбаларға сүйенсек, ол қазақы тұқымды, ерекше төзімді және ұшқыр жылқы болған. Ақан сері оны бала кезінен бағып, бәйгеге дайындаған.

Құлагер – қазақтың жүйрік аттарына тән барлық қасиеттерді бойына жинаған тұлпар. Құлагер ұзақ қашықтықтағы бәйгелерде теңдессіз болған. Ол 25-50 версттік (1 верст ≈ 1,067 км) бәйгелерде жеңіске жетіп, Ақан серінің абыройын асқақтатқан.

Құлагер қатал дала жағдайларына бейімделген, ұзақ жолда шаршамайтын ат болған.

Аңыздарға сүйенсек, Құлагер құла түсті, дене бітімі жинақы, аяғы ұзын, танауы кең болған. Ілияс Жансүгіров поэмасында оның «жібектей жалы желбіреп, дөңгеленген сауыры жарқыраған» сұлулығы суреттеледі.

Құлагер Ақан серіге жан серігі болған, оның иесіне деген адалдығы халық арасында аңызға айналған.

Құлагердің өлімі

Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы (1936) мен халық аңыздарына сүйенсек оқиға былай болған: Ақан сері Көкшетау өңіріндегі Байдалы бидің тойында бәйгеге қатысады. Құлагер бәйгеде алдына шығып, жеңіске жетеді, бірақ бұл жеңіс қызғаныш пен кек тудырады.

Байдалының адамдары немесе басқа бәсекелестер Ақанның атағын түсіру үшін Құлагерді қасақана өлтіреді. Кейбір деректерде Құлагердің уланғаны немесе пышақталғаны туралы айтылады. Бұл оқиға Ақан серіні терең күйзеліске түсіріп, оның өміріндегі ең ауыр жоғалтулардың бірі болады.

Халық арасында Құлагердің өлімі Ақан серінің шығармашылығына әсер етіп, оның «Құлагер» әнін шығаруына себеп болғаны айтылады. Бұл әнде Ақан өзінің сүйікті тұлпарына деген сағынышын және қайғысын білдіреді.

Құлагер – тек Ақан серінің серігі ғана емес, қазақ халқының рухани және мәдени мұрасының символы. Ол қазақтың «жылқы – ер қанаты» философиясын бейнелейді және бостандық, адалдық, батылдық сияқты құндылықтарды білдіреді. 

Біржан сал мінген Ақсеркеш 

Біржан сал – қазақтың атақты ақын, әнші және композиторы, Көкшетау өңіріндегі серілердің бірі. Халық аңыздарында Біржан салдың Ақсеркеш, Сұржорға атты жүйрік аттары болғаны айтылады.

Ақан серімен замандас болған Біржанның Ақсеркесі жайлы нақты жазбаша деректер аз, бірақ ауызша әңгімелерде оның жүйріктігі мен серіге адалдығы туралы айтылады. Мысалы, Көкшетау өңіріндегі бәйгелерде Ақсерке үнемі бәйгенің алдында келіп, Біржан салдың абыройын асқақтатқан.

Біржан сал Қожағұлұлының шығармашылығында жүйрік аттар маңызды орын алады, өйткені сал-серілік дәстүрде жүйрік ат – жігіттің серігі, мәртебесі мен өнерпаздығының символы болған. 

Біржан сал өзінің «Телқоңыр», «Сұржорға», «Бурылтай», «Ақсеркеш» сияқты ән-өлеңдерінде жүйрік аттарының сұлулығын, жылдамдығын және бәйгедегі жетістіктерін жырлаған. Мысалы, «Телқоңыр» әнінде ол өз атының жүйріктігін 

Мінсе берік, шапса жүйрік қазан атым, 

Құлақ сал «Телқоңырға» жамағатым деп мадақтайды:

 Сол секілді Біржан салдың «Сұржорға» әнінде сұр түсті жорға атының сымбаттылығы мен жүрісінің әсемдігі суреттеледі:

Мамекең Айтбай десем күлімдейді, 

Сұр жорға астымдағы сүрінбейді. 

Жаяу Мұса және оның сәйгүлігі

Жаяу Мұса (Мұса Байжанұлы, 1835–1929) – атақты ақын, композитор және сал-сері. Ол ұзақ жолдарды жүріп, халық арасында өнерімен танылған. Жаяу Мұсаның мінген жылқылары туралы нақты деректер аз болғанымен, оның сәйгүліктері алыс сапарларға төзімді, жүйрік болған. Оның өлеңдерінде жылқыға деген құрмет жиі кездеседі, әсіресе «Ақ сиса» әнінде жылқының сымбаттылығы сипатталады. Жаяу Мұсаның жылқылары оның көшпелі өміріне бейім, шыдамды әрі жүйрік болған.

Үкілі Ыбырайдың жүйріктері

Үкілі Ыбырай (Ыбырай Сандыбайұлы, 1860–1930) – әйгілі әнші, композитор және сал-сері. Соңғы кездері ол өзі мінген жылқылардың арасында Сарыала атты жүйрікті ерекше жақсы көргені туралы дерек айтылып жүр. Сарыала бәйгелерде жеңіске жетіп, Үкілі Ыбырайдың абыройын арттырған.  Сарыаланың сұлулығы мен шапшаңдығы серінің өнеріне сай болған. 

Сал-серілер мінген тұлпарлар бәйгелерде, аңшылықта және ұзақ сапарларда ерекше шыдамдылық көрсеткен. Олардың көбі Адай, Жетісу немесе арғымақ тұқымдарынан шыққан делінеді.

Сал-серілердің серілік болмысына сай, олардың жылқылары да сымбатты, «шырақтай жанған томағакөз», «жал-құйрығы желбіреген» болған. Сондай-ақ, тұлпарлардаң әрқашан да иесіне адал серік болғаны айтылады. Мысалы, Құлагердің Ақан серіге деген адалдығы аңызға айналған.

Сал-серілердің тұлпарлары олардың өлеңдерінде, жырларында және халық аңыздарында сақталған. 

Сал-серілердің өмір салты жылқымен тығыз байланысты болды. Олар жылқыны тек көлік ретінде ғана емес, рухани серік, өнер мен батырлықтың символы ретінде бағалаған. Жылқыға арналған өлеңдер, күйлер мен аңыздар сал-серілер шығармашылығының маңызды бөлігі болды. Мысалы, Ақан серінің «Құлагер» күйі мен Біржан салдың «Ақ серке» әні жылқыға деген құрметтің көрінісі.Сал-серілер тұлпарларын ерекше күтіммен ұстаған.

 Оларды «жібек жібімен тарап», «жарма азық беріп», бәйгеге дайындаған. Жылқының сұлулығы мен жүйріктігі серінің мәртебесін арттырған, ал бәйгедегі жеңіс – оның абыройының шыңы болған.

Яғни бұл деректерден қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде жылқының орны ерекше болғанын байқауға болады. Жылқы – тек көлік немесе шаруашылық құралы ғана емес, сонымен қатар руханяттың, батырлықтың, тектілік пен еркіндіктің символы саналады.

«Жылқы – малдың патшасы», «Ер қанаты – ат» деген мақалдар қазақтың жылқыға деген құрметін айқын көрсетеді. Жылқыны қолға үйрету – адамзат тарихындағы ұлы жетістіктердің бірі. Ғалымдардың деректері бойынша, жылқыны алғаш қолға үйреткендердің бірі – қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген көшпелі халықтар. Археологиялық қазбалар, әсіресе Ботай мәдениеті (б.з.д. 4000-3000 жж.), қазақ даласында жылқының ерте қолға үйретілгенін дәлелдеп берді. 2004 жылы Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты мен Кембриджский университетінің бірлескен зертеулері қазақ жылқыларында алғашқы жабайы жылқылардың гені сақталғанын анықтап отыр. Академик И.Н. Нечаев та өз еңбектерінде «Жер жүзіндегі жылқылардың ішінде қазақ жылқыларында ғана алғашқы жабайы жылқы тұқымының гені бар», – деп жазып кеткен.

Қазақ жылқысы ұзақ уақыт бойы табиғи сұрыптаудан өткені белгілі. Осы уақыт аралығында ол қазақ даласының қатал климатына бейімделген. Олар аптап ыстық пен қақаған аязға төзімді, жем-шөп талғамайды және ұзақ қашықтыққа шыдамды болып келеді. Қазақ халқы жылқыны мақсатына қарай қазанат, жабы, арғымақ, тұлпар, сәйгүлік деп бөлген. 

Қазанат – ауыр жүк тасуға, алыс жолға төзімді жылқылар.

Жабы – ет пен сүт өндіру үшін өсірілетін, шаруашылықта кеңінен қолданылатын жылқылар. Суыққа төзімді, етті болып келеді. 

Сонымен қатар қазақ жылқылары рулық және жерлік ерекшеліктеріне қарай адай, шекті, найман, алтай, жетісу, іле, сауран жылқылары деп те жіктеліп жатады. Әрі олар да өзіндік ерекшеліктерімен дараланады. Мысалы, адай жылқысы ұзақ қашықтыққа шабуға төзімділігімен әйгілі болса, жетісу жылқылары сымбаттылығымен ерекшеленді.

Адай жылқысы Батыс Қазақстанда, әсіресе Маңғыстау мен Торғай өңірінде өсіріледі. Тым алыс қашықтыққа (150 км-ге дейін) шабуға төзімділігімен әйгілі. XIX ғасырда орыс ғалымдары Адай жылқысын «қазақ жылқыларының ең ірі тұқымдарының бірі» деп бағалаған. Соңғы жылдары Адай жылқылары халықаралық жарыстарда алтын медальдар алып, әлемдік аренада Қазақстанның атын шығарып жүр.

Қостанай жылқысы 1951 жылы жеке қолтұқым ретінде құжат алған. Жергілікті шаруалар бұл жылқы түрін биелерді асыл тұқымды қалмақ және орлов жылқыларымен будандастыру арқылы шығарды.

Сол секілді Батыс Қазақстанда шығарылған көшім және мұғалжар деп аталатын қолтұқымдар бар. Көшім жылқысы жергілікті биелерді асыл тұқымды айғырлармен жұптастыру арқылы алынды, ал мұғалжар жылқысы соңғы жылдары дамытылды.

Бәйгеге қосылатын жүйрік жылқылар ерекше күтімге алынған. Қазақтың жүйрік жылқыларды анықтаудың өзіндік өлшемдері бар. Атбегілер жылқының ішкі және сыртқы сипаттарына қарап-ақ оның жүйріктігін бағалаған. Профессор Айбын Төрехановтың «Жылқы – қазақтың жаны» мақаласында жүйрік жылқылардың сипаттары былайша сипатталады:

Ішкі сипаттар: 

 Жүрек: Жүйріктің көзі қарақызыл немесе күрең түсті болады, бұл оның батылдығын көрсетеді.

Өкпе: Танауы кең, шапқан сайын желбіршегі кеңейетін жылқылар еркін тыныстайды.

Бауыр : Бауыры кіші, тілі ұзын әрі жұқа болса, жылқы жүйрік болады.

Көкбауыр : Көкбауыры кішкентай жылқылар да жүйрік саналады.

Сыртқы сипаттар: 

Маңдайы кең, иегі сүйір, қабақ сүйегі шығыңқы.

Жон арқасы жалпақ, төрт тұяғы дөңгелек, жіліншігі ұзын.

Құлағы мен тілі басқа жылқылардан ұзынша болады.

Құпия сипаттар:

Жүйріктің қунақтығы (ширақтығы) оның жерге аунауынан байқалады. Аунағаннан кейін селкініп, шаң-тозаңнан тазаланатын жылқы жүйрік саналады.

Қазақ жылқысының қалыптасуына түркіменнің ақалтекесі мен араб жылқылары да әсер етті. Абылай ханның кезінде қалмақтармен соғыс кезінде әр түтіннен арғымақтан бір бие, бір айғыр салық ретінде жиналып, «Ханның інжу-маржаны» деп аталған үйір құрылды. Зерттеушілердің айтуынша, бұл арғымақтардың таза қандылығын сақтауға бағытталған шара болған. 

Қазақтың ауыз әдебиетінде және тарихында жүйрік жылқылар батырлардың ерлігімен қатар аталады. Тұлпарлар – тек жылдамдығымен ғана емес, адалдығы, ақылдылығы және рухымен де ерекше болды. Олардың сипаты «шырақтай жанған томағакөз», «салпы ерін», «от орнындай тұяқты» деген теңеулермен суреттеледі. 

Қорыта айтқанда қазақ жылқысы – ұлттың рухани және материалдық мұрасы. Арғымақтар, тұлпарлар мен сәйгүліктер батырлардың ерлігін толықтырып, қазақтың тарихын байытты. Байшұбар, Тайбурыл, Құлагер, Қубас сияқты аңызға айналған тұлпарлар халық жадында мәңгі сақталады. Адай, жабы, қостанай сияқты қолтұқымдар қазақ жылқысының әмбебаптығын және қазақ даласының қатал жағдайларына бейімділігін көрсетеді. Жылқы шаруашылығын дамыту және ониң тарихын зерттеу – ұлттық болмысымызды сақтаудың маңызды бөлігі.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз